«Ақылды технология» ауылға да барады

1783
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауында «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі» деп аталатын арнайы тармақ бар. Үшінші басымдық ретінде көрсетілген. Президент ғылым мен технологияның бүгінгі жетістіктерін ауыл шаруашылығы саласына пайдаланудың маңызды екендігін меңзеп, тиісті құрылымдарға тапсырма берген. Өйткені қазіргі ғылыми жаңалықтар мен техноло­гияның дамуына дер кезінде ілесіп отырмасаң – ұтылғаның. Сөйте тұра, Жер шарын мекен қылған адам баласының саны артқан сайын оған қажетті азық-түлік өндіретін саланың өнімдеріне сұраныс та молая түсері сөзсіз. Себебі, адам тамақ жемей қоймайды. Ғылым мен технология дайын тамақ бола алмас, бірақ арзан, сапалы азық-түлік өнімдерін даярлауға қолғабыс жасары сөзсіз. Азық-түліктің барлығы дерлік ауыл шаруашылығы саласының өнімдері екені тағы бар. Демек, Қазақстанның келешектегі табысының көбі осы саладан түспек. Ғылым мен технологияның жетістіктеріне ілесіп отырудың маңызы да – осында.
Президенттің Жолдауында Қазақ­стан­ның аграрлық саясаты еңбек өнімділігін арт­тыруға әрі өнім экспортын молайтуға ба­ғытталуы қажет екендігі айтылған. Яғ­ни, ұлан-ғайыр алқапқа дәнді себе салып, одан кейінгісін Құдайға тапсыратын, жаң­быр жаумаса, тасаттық беретін көне түсі­нік бүгінгі агроөнеркәсіп кешеніне жарам­сыз болып тұр. Алқаптан орылған дәннің дас­тарқанға нан болып қойылуына дейінгі про­цесті технология бақылайтын заман қа­зір. Сондықтан ғылым мен техно­ло­гия­ның осы жаңалықтарына ілесуіміз қажет. Пре­зиденттің «Біз егін егіп, дәнді дақыл­дар­ды өсіруді үйрендік. Оны мақтан тұта­мыз. Алайда қазір ол жеткіліксіз. Шикі­зат­ты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік на­рықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шы­ғуымыз қажет» дегені содан. Әрі алдағы 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі ең­бек өнімділігін және өңделген ауыл шаруа­шы­лығы өнімінің экспортын, кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырғаны да сала­ны бәсекеге қабілетті қылу мақсатын көз­деу­ден туындаса керек. Ауыл шаруа­шы­лығы саласының бәсекеге қабілетті болуы тағы да сол заманауи технологияны игеруімізге бай­­ланысты болып тұр. Сөз басында айт­қа­нымыздай ескі тәсілмен мал өсіріп, егін еге­мін деу бүгінгінің амалы емес. Демек, «ақыл­ды технологияларды» агроөнеркәсіп ке­шеніне молынан енгізу табыстың кілті бол­са керек. Өзгелердің тәжірибесі соны көр­сетеді.

Адамзат саны өсіп келеді,  азық керек

Иә, жаһанда адамзат баласының саны өсіп келеді. Білетіндер, 1800 жылы Жер бе­тін­де 1 млрд адам болса, 1927 жылы ол 2 мил­лиардқа жеткен деседі. Ал 2017 жыл­дың аяғында адам баласының жалпы саны 7,6 млрд болған екен. Тоқсан жылда 5,6 мил­­­лиардқа өсіпті. Енді осыншама адам­ға ішер ас-су, киер киім қажет. Әсі­ре­се, азық-түлік­пен қамтамасыз ету маңыз­ды. Рас, мұхиттан балық аулап, егін егіп, мал өсіру арқылы адамзатты ішер ас­пен қам­та­масыз етуге болады. Бірақ азық-түлік өн­дірі­сіндегі көне тәсілдер, бұрынғы көзқа­рас іске жарамайды. Салаға за­манауи тех­­­­но­логияны енгізіп, шағын аумақтан мол өнім алудың қажет екендігін «өнер-бі­лім бар жұрттар» жақсы түйсініп отыр. Өйт­кені жаһан халқын азық-түлікпен қам­­­тамасыз ету алдағы уақытта сауданың ең үлкені болатынға ұқсайды. Одан бөлек ауыл шаруашылығы экономиканың өзге са­лаларының дамуына ықпал ететін маңыз­ды салаға айналып келе жатыр. Но­бель сыйлығының иегері Риккардо Вален­тин жаһандағы азық-түлік қауіпсіздігі мә­се­лесінің тікелей энергетикаға қатысты екен­дігін айтқаны бар. Бүгінде ауыл шаруа­шылығы адамзат баласы тұтынатын су­дың 80 пайызын, энергияның 30 пайы­зын пайдаланады екен. Сөйте тұра, өн­ді­ріл­ген азық-түліктің 40 пайызы тұтыну­шыға жеткенше бүлініп үлгеретін көрінеді. Демек, ауыл шаруашылығына жаңа тех­нология ауадай қажет болатыны осыдан-ау шамасы. Яғни, азық-түлік өндірісі, со­ның ішінде ауыл шаруашылығы саласы энер­гетика саласының түрленуіне де, циф­рлы технологияның дамуына да ықпал етіп жатыр. Оның үстіне, егіс алқаптары­ның тозғаны, адам санының өскені, су тап­шылығының жиі байқалуы салаға жаңа көз­қарасты қалыптастырса керек.
2016 жылы Германияда Deutsche Landwirtschafts-Gesellschaft (Неміс ауыл шаруа­шылығы қоғамы) деген ұйымның жабық отырысы өткені бар. Онда 2030 жылға қа­рай Германияның ауыл шаруашылығы са­ласында қандай өзгерістер болатыны тал­қыға түсіп, саланы дамытудың 10 тезисі жа­салған екен. Сонымен қатар 2030 жылы әлемде ауыл шаруашылығы саласына қа­тысты қандай өзгерістер болатыны да ай­тылған. Сол жиында жасалған болжамға сенсек, 2030 жылға қарай әлем халқының саны 8,5 млрд болады екен. БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы-ның есебі бойынша сол жылдары әлемде ас­тыққа деген сұраныс жылына 2,7 млрд тон­на, шошқа етіне – 131 млн тонна, құс етіне – 132 млн тонна, сүт пен сүт өнім­деріне – 884 млн тонна болмақ екен. Ал 2030 жылға қарай жер бетінде адам басына шақ­қанда ет жеу көрсеткіші жылына
52 келі болатын көрінеді. Бұл көрсеткіш 2000 жы­лы 37 келі болса, 2015 жылы 43 келі еді. Сөй­те тұра, ауыл шаруашылығы жер­ле­р­і­нің көлемі 2030 жылға қарай адам ба­сы­на шақ­қанда 2 мың шаршы метр ша­масында бол­мақ. Бұл 2015 жылға қарағанда 200 шар­шы метрге аз. Сол жылы жер бе­тін­дегі әр адамға шаққанда ауыл шаруа­шы­лығы жер­лерінің көлемі 2,2 мың шар­шы метр бо­лыпты. Яғни, адам саны өсіп, егіс ал­қа­бы мен жайылым көлемі азайып келеді де­ген сөз. Міне, дәл осындай жағдайда за­­манауи технологияларды ауыл шаруа­шы­­лығына молынан енгізіп, саланы цифрландыру, мол өнім алу өзекті болып тұр. Оның үстіне, Қазақстанның үлкен егіс ал­қап­тары, мал жайылымдары бар. Түс­тіктің бақша дақылдарын өсіруге қолайлы кли­маты тағы бар. Әрі қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін көрші-қолаң мен шалғайдағы шетелдіктер экологиялық таза өнім ретіне жоғары бағалап жатады. Бір ғана шығыстағы Қытайға ғана азық-түлік өнімдерін сатып-ақ күн көруге бо­ла­ды. Күн көру емес, кәдімгідей пайдаға ке­не­лу мүмкіндігі бар. Бірақ сөз басында айт­қанымыздай, алқапқа дәнді себе са­лып, қалғанын Жаратқанның құзырына қал­­дыратын түсініктен арылмасақ, пай­даға кенеле қоюымыз екіталай. Қазақ­стан­да қоңыр күздің жаңбырына, тіпті қа­рашаның қарына ұрынып, жиналмай қал­ған егіс алқаптары жиі кездесіп жатады. Элеваторға жетпей, ашық қырманда қала­тын астық та болады. Мал өсіргенімен түрлі дерт жұқтырған сиырлар, ұсақ мал кез­десіп қалатыны тағы бар. Әрине, мұн­дай олқылықтар уақыт өте жойылар, тек ол үшін салаға қатысты көзқарас түбегейлі өз­геруі керек. Президенттің «Ақылды тех­нологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қар­қынды дамыту мүмкіндігі» деуінің се­бе­бі де содан болса керек. Ақылды тех­но­логиялар мен Президенттің «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» мақаласында ай­тылған прагматизм қосылса, саладан тәуір табыс табуға болатын сияқты.

Өзге жұрт екі есе мол өнім алып жүр

Негізі қазақ даласы ауыл шаруашы­лығына өте қолайлы деседі білетіндер. Егістігіміз де, жайылымдарымыз да бар. Тек еңбек ету мен салаға өзгеше, ғылыми көзқарас керек. Ұлан ғайыр даламыз күні бүгінге дейін бізді астықсыз қалдырып көрген емес. Әйтеуір, жыл сайын өзімізге жететін, тіпті өзгеге де сататындай көлемде астық жинап жатамыз. Мәселен, 2017 жылы біз бункерлік салмақта 22,1 млн тонна астық жинасақ, 2016 жылы бұл көрсеткіш 23,1 млн тонна болыпты. 2016 жылы орташа өнімділік гектарына 15,2 центнерден болса, 2017 жылы әр гектардан 14,4 центнер астық жинадық. Міне, дәл осы тұста салаға заманауи технологиялар мен цифрландыру игіліктерінің жетпей жатқаны байқалып қалады. Әйтпесе, өнімділік ала-құла болмас еді. Мәселен, табиғаты мен ауа райының шарттары бізге қатты ұқсайтын Канада 1961 жылдан бері астық жинауда әр гектарынан алатын өнім көлемін төмендетіп көрмепті. 1961 жылы әр гектарынан 9,85 центнерден жинаса, бүгінде өнімді 35-40 центнерден кем алмайды. Біздің өнімділік деңгеймізден екі жарым есе көп.
Енді мал шаруашылығына қарай ойысайық. Ауыл шаруашылығы министр­лігінің деректеріне қарағанда, 2018 жылдың қаңтар айындағы есеп бойынша біздің елде сиыр саны 6 млн 745 мың, қой 16 млн 18 мың, жылқы 2 млн 395 мың, түйе 188 мың 400 болыпты. Ал үй құстарының жалпы саны 40 млн 102 мыңнан асыпты. Жаман көр­сеткіш емес. Бірақ бір ғана қойдың саны 1984 жылы 36 млн 500 мың, жылқы 1928 жылғы 3 млн 600 мың, түйе 1 млн 42 мың болған деңгейге әлі жеткен жоқ. Демек, 2030 жылға қарай әлемдегі азық-түлік нарығына шығара қояр бәсекеге қабілетті тауарымыз аз болайын деп тұр. Біздің елде шетелдерге жылына 60 мың тонна ет экспорттау туралы жоспар бол­ғанымен, әзірге ол орындалған жоқ. Де­генмен 2017 жылы елде 1 млн 17 мың тонна ет өндіріліпті, сиыр сүті 5 млн 459 мың тонна болған екен. Сонымен қатар 5 млрд 459 млн данадан астам жұмыртқа өндіріппіз. Бұл көрсеткіштер Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласы керемет дамып жатқанын білдірмейді. «Қытайға азық-түлік сатамыз» дейміз, сол Қытай елі 2026 жылға қарай жылына 100 млн тонна сиыр етін импорттайтыны туралы болжам бар. Көршіге қажет 100 млн тонна мен біз әлі шетелге шығара алмай жүрген 60 мың тон­наны салыстырып көрейік. Айырмашылық жер мен көктей ә?! Тіпті 2017 жылы өн­дірген барлығы 1 млн тонна етті де салыс­тырып көрсеңіз, өзгелердің көлемді сұра­нысының 1 пайызын да қамтамасыз етуге шамамыз болмай тұрғанын байқайсыз. Демек, Президент Жолдауында айтылған агро­өнеркәсіптік секторды цифрландыру, «ақылды технологияларды» енгізу осы бәсекеге төтеп беру үшін қажет болса керек. Әрі азды-көпті пайда табуға тиіспіз.

Саланы қалай цифрландырамыз сонда?

Канададағы астық өндірісі мен Қы­тайдың етке деген сұранысын мысал еткені­міз үшін, бәлкім, «аттыға еріп жаяу­дың таңы айыры­лыпты» дерсіз, бірақ ауыл­шаруашылығы саласын цифрландыру арқылы біз өнім көлемін арттырамыз әрі көрші-қолаңға біраз тауар сатамыз. Ал табыс кілті ғылымда жатыр. Ғылым демек­ші, Президент өз Жолдауында ауыл шаруа­шылығын цифрландыруға қатысты біраз мысал келтіргені бар. «Мысалы, егін егу мен астық жинаудың оңтайлы уа­қытын болжамдаудың, «ақылды суарудың», ми­не­ралды тыңайтқыш себудің, зиянкес­термен және арамшөппен күресудің интеллек­туалды жүйелері арқылы өнімділікті бір­неше есе арттыруға болады. Жүргізушісі жоқ техника адами факторды азайтып, егінші­ліктің өзіндік құнын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді»-деген еді Мемлекет басшысы. Тура осы жағдай біз мысал етіп отырған Канадада қалыптасқан. Оларда пилотсыз комбайндар, егіс алқаптарын ғарыштан бақылау, «дәл егіншілік» сынды жаңа тәсілдер кеңінен қолданылады. Енді осы, «дәл егіншілік» жайлы айтайық. Бұл тәсіл тікелей ғылым мен интеллектуалды жүйелердің нәти­жесінде, пайдаға кенелтіп отыр. С.Сей­фул­лин атындағы Қазақ агротех­никалық университеті техникалық факуль­тетінің деканы Саяхат Оразұлының айтуына қарағанда, «дәл егіншілік» алқаптан мол өнім алудың тиімді тәсіліне айналыпты. Дамыған елдер өткен ғасырдың сексенінші жылдарына дейін егіс алқаптарына тыңайтқыштарды аямай сеуіпті, бірақ нәтиже тым қатты өзгере қоймаған соң, зерттеулер басталса керек. Сөйтіп, «дәл егіншілік» басталған көрінеді.

Саяхат Нукешев, техника ғылымдары­ның докторы, профессор:
«Дәл егіншілікке қатысты зерттеулер 1985 жылдан басталды. Бұрын батыс елдері 1 гектар жерге 700-800 келі тыңайтқыш себетін. КСРО кезінде біз әр гектарға шамамен 29 келі тыңайтқыш сеуіп жүрдік. Тыңайытқыш көп енгізгеннен кейін топырақ бойына химиялық элементтерді көп жинап алады. Сөйте тұра, көңілден шығатындай өнім бермейді. Сондықтан «дәл егіншілік» зерт­теулері басталды. Яғни, әр алқаптың топырағының ерекшеліктері, тыңайтқыш­тарды сіңіру қабілеті және өзге де факторлар зерттелді. Бұл зерттеулер 1990-2000 жылдар аралығында көп жүр­гізілді. Нәтижесінде, бүгін дамыған елдер ауыл шаруашылығына «дәл егіншілік» тәсілін енгізіп отыр. Енді осы «дәл егіншілікті» түсіндіріп көрейік. Ғылымда «Егін алқабы­ның ең қарапайым бөлігі» деген бар. КСРО- да 300-400 гектар жер «бір қарапайым бөлшек» болып есептелетін. Бізде де сол күйі қалды. Агроном осы ал­қапқа себілетін тыңайт­қыштың мөлшерін белгілейді. Сөйтіп, тұтас алқапқа бір нор­мамен себеді. «Дәл егінші­лікте» 0,5-5 гектар алқапты есепке алады. Алаптың ең кішкентай бөлшегінде тыңайт­қыштық таралу ерекшелігін ескереді. Алқаптың кей жеріне тыңайтқыш аз себілсе, енді бір жеріне молырақ енгізіледі. Біз болсақ топырақтың әртүрлігін ескермей келгенбіз. Біз бәріне бірдей тыңайтқыш себе бергенбіз. Сөйтіп, топы­рақ­тың құнарсыз жері құнарсыздана береді де, түрлі элементтерге бай жері байи береді. «Ақылды технология» әр жерді ескеріп, қажет элементтерді ғана береді. Тұқымды да солай себеді. Трактордың тұқым сепкіші бір рет сеуіп кеткен жерге ешқашан қайта себілмейді. Ескі тәсілмен егін егентіндер кейде бір жерге уыстап дән сеуіп кетеді. Артығымен себілген дән ысырап. Тек егін шаруа­­шылығындағы «ақылды технологиялар» дән егудің өзінен 25-30 пайыз үнем жасайды».
Қазіргі кезде Қазақстан ауыл шаруа­шы­лығы саласына цифрлық техноло­гияларды енгізіп те жатыр. Айталық ветери­нарлық және фитосанитария қауіпсіздік, астық қолхаттары, ауылшаруашылығы техникасының есебі толығымен автомат­тандырылған. Элеватор­лардағы астықтың сақталу жайын да, ондағы орындар туралы да, астықтың сорты мен егілген орны ту­ралы ақпараттарды да қазір толық бақылап отыруға болады. Асылтұ­қымды малдың есебі де автоматтандырылған. Яғни, «алқаптағы түйір дән дастарқанға жеткенге» дейін бақылау бар. Ауыл шаруа­шылығы министрлігі саланы цифрландыруды екі бағытта қолға алып жатыр. Бірінші бағыт – біз айтқан автоматтандырылған жүйелер мен субцидиялау, жемқорлықты азайту, су және биологиялық ресурстарды тиімді пайдалану, электронды сауда сияқты бағыттарды қамтиды. Екінші бағыт, «дәл егіншілік» пен SMART-фермалар жасақ­тауға бағытталған. «Дәл егіншілік» элемент­тері ретінде алқаптардың электронды карталарын жасау, нақты метеодеректерді дер кезінде беріп отыру, алқаптарға түрлі сенсорлар мен ақпарат беруші құрылғылар орнату, ғарыштық мониторинг жасау сынды түрлі тәсілдер қолданбаққа бе­кініппіз. Әзірге елде Солтүстік Қазақстан облысындағы «Атамекен Агро» АҚ «дәл егіншілікке» көше бастапты. Олардың техникаларында тіпті жанар-жағармайды тұтыну деңгейін көрсетіп тұратын арнайы құрылғылар да бар екен. Бұл өз кезегінде отын ұрлау көлемін азайтыпты. Сөйтіп, әлгі компания тек орынды жұмсалған жанар-жағармайдан 1 млн теңге үнемдеген екен. Ал SMART-фермаларды жасақтау арқылы төрт түлікке мониторинг жасауға, табындарды басқаруға, жылыжайларды автономды басқаруға, онлайн-режимде шығыстарды есепке алуға және талдауға мүмкіндік жасалса керек. Әрине, біздегі SMART-фермалар Голландия мен Германия, АҚШ пен Канададағыдай бола қоймас, бірақ «болмасаң да ұқсап бақ» деп жүрміз. Дамыған елдерде қазір өсімдіктің жапырағына орнатылған құрылғылар оған не қажет екенін компьютерлерге жіберіп тұрады, сөйтіп су болса су, жылу болса жылу, тыңайтқыш беріліп, өсімдікті баладай мәпелейді. Сиыр жеген жемін қалай қортып жатқанын да бақылайды өзге жұрт. Соған сәйкес беретін сүтінің мөлшері мен құрамына алдын ала баға да беріп жатыр. «Ақылды техноло­гиялардың» ауыл шаруашылығы саласына кеңінен енгені сонша, қазір оларға таңдану да қиын, тек тамсану керек. Біз, әрине дамыған елдерге бұл мәселеде ілесе алған жоқпыз, бірақ азды-көпті бастамалар бар. Оның өзі төменнен емес, жоғарыдан басталған дүниелер. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниевтің қаңтар айының соңында Үкіметте жасаған баяндамасында министрліктің фермер­лерді цифр­ландыруға тарту тәсілі та­ныстырылған. Ол былай: «Фермерлерді агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыруға тарту мақсатында фер­мерлер 3 топқа бөлінетін болады: Бірінші топ – «цифр­ландыру пионерлері». Бұлар – қажетті инфрақұрылымы бар, өз өндірісін цифрландыруға қазір-ақ кірісіп кетуге дайын фермерлер. Екінші топ – техникалық тұр­ғыдан жоғары деңгейде жарақтан­дырылған, жоғары технологиялы жабдық енгізуші фермерлер. Цифр­ландыруға батыл қадам жасау үшін оларды қолдау және ынталандыру қажет. Үшінші топ – бұлар – әзірге техникалық жарақталу деңгейі төмен, технологиялық тәртіпті сақтауға әзірге дайын емес фермерлер. Бұл топпен кешенді түрде жұмыс істеу керек. Қалай жұмыс істейтінін және қаншалықты пайдалы екендігін көруі үшін әрбір топқа озық шаруашылықтар мысалында ре­ференстік (этолондық) модельдер құры­латын болады. Әрбір модель үшін чек-парақ әзірленеді, оны әрбір фермер орындаған сайын саланың ауқымды цифлануына бірте-бірте тартыла береді. Тиісінше, әрбір топ үшін цифрлық технологиялар енгізуді мемлекеттік қолдау мен ынталандыру шараларының өз топтамасы әзірленетін болады».
Бұл Үкімет жақтағылардың жоспары. Ауылдағылар бұл жоспарды қалай қабыл­дайды, жүзеге асыруға технологиялық мүмкіндіктер жете ме, ол жағы тағы бар. Дегенмен, ел ішінде квадрокоптерлермен қой бағып, жылқы қарап жүргендер де кездескен. Мұндай қондырғылар арқылы теңіздей толқыған алқаптарды бақылап, фермерлерге дер кезінде ақпарат беруді кәсіп еткен азаматтарды да білеміз. Бірақ олар көп емес.

Түйін:

Президенттің биылғы Жолдауында ел экономикасын цифрландыру туралы көп мәселе айтылған. Тамаша бастама. Тек қоғамдық сананың да цифрлануы керек сияқты. Онлайн жүйемен билет алуға, сауда жасауға, біраз құжаттарды реттеп алуға болатын кезде вокзал дүкен кассаларын­дағы ұзын сонар кезекті, Халыққа қызмет көрсету орталығына мекенжай анықтамасын алуға келгендерді көргенде өзгеше ойға қаласыз. Шамасы әлі күнге кеңжолақты интернет жетпеген мыңдаған елдімекені бар, телеэкрандарынан интернеттегі күлкілі видеолар мен шоу көбірек көрсетілетін Қазақстан халқы үшін, цифрландыру тек смартфондарға ғана қатысты дүниедей көрінетін шығар. Іс жүзінде «ақылды технология» мен цифрландыру ұлттың бәсекеге қабілетін анықтайтын факторға айналып барады.

 

Амангелді ҚҰРМЕТ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*