«АДИДАС» деген бізден қалған…

1328
0
Бөлісу:

«Адидас» спорт костюмі мен кроссовкасының Кеңес Одағын қалай жайлап алғанын, қалай бүкілхалықтық модаға айналғанын бүгінде көп адамдар біле бермейді. Тоқсаныншы жылдарда қазақтың ұлттық киіміне айналып кете жаздағанынан да бейхабар. «Адидас» спорттық аяқ киімін КСРО халқына алғаш 1980 жылы Олимпиада да «сыйға» тартты.

Кеңестік олимпиадалық құ­раманы киіндіру мәселесін қа­раған КОКП ОК 1972 жылы осы спорт фирмасының киіміне тоқталды. Осылайша, үш жолағы бар спорттық бәтеңке Кеңес Ода­ғында мода ғана емес, жұрт жаппай табынатын дефицит затқа айналды. Кеңес халқы Аdidas маркасын 1970 жылдары КСРО-да экранға шығып тұратын шығыс германиялық «Бізбен бірге жаса, біз сияқты жаса, бізден жақсы жаса!» деп аталатын теле­бағ­дарламадан ғана көретін. Оны қатты жарнамалаған бастан-аяқ үш жолақты киім киген олим­пиада жеңімпаздары болды. Қарапайым халық үшін «адик» қолайлы спорттық киім емес, үлкен мәртебе болып саналды. Ауғанстан жерінде кеңестік де­сантшылар армиялық бәтең­келерін «Адидасқа» ауыстырды. КСРО ыдыраған жылдары қы­тайдан келетін «Адидасты» қолы жеткендер қастерлеп тойға киетін болған. Тіпті «солдаттың шине­ліне қытайлар екі-үш «Адидас костюмін» береді екен» деген әңгімелер болған. Кроссовка болса, ең әдемі аяқ киім мәрте­бе­сіне ие болды, оны бір киер киім ретінде театрға, ресторанға киіп баратын. Сөйтіп, «іріп-ші­ріген» капиталистер 1980 жылғы Олим­пиада ойындары қарсаңын­да ком­мунистерді «Адидас» фир­масының өнімдерімен бастан-аяқ киіндірді.
«Адидас» компаниясының рес­ми тарихы туралы бір-екі дерек келтіре кетуге болады. Алғаш Аdidas фирмасының негізгі өнімдері спорт костюмін­дегі үш жолақ және кроссовкадағы «үш жапырақ» лейблі 1949 жылы пайда болған. Алайда ол кезде бұл дизайн финляндиялық спорт киімдерін өндіретін Karhu ком­паниясына тиесілі болған. «Ади­дас» компаниясының иесі Адольф Дасслер 1951 жылы «үшжолақты» Karhu компаниясынан 1600 евроға (қазіргі бағаммен есепте­генде) сатып алып, спорт костюм­дерін безендіретін «үш жолақты» фирманың брендіне айналдырды. 1960 жылдарда бұл элемент «Адидас» компаниясы шығаратын спорттық киімдердің басты ди­зайны ретінде бүкіл әлемге та­нымал болды.
Шындығына келгенде, жет­пісінші, сексенші жылдарда КСРО-да үстіге киетін киім де, тұтынатын бұйымдар да қат болды. Сексенінші жылдарға дейін халық кроссовканың не екенін де білмейтін. Сыртқа шы­ғып көрмеген спортшылар шетел­дік әріптестерінің қандай фор­мамен шығатынан хабарсыз болды. Олардың жаттығу кезінде киетіні кеңестік кинокомедия­лардың кейіпкері «Балбестің» бұтында жүретін тізесі шығып кеткен трико, аяғында резинкадан жасалған, тұмсығы клоунның бәтен­кесі сияқты шодырайған, тобығында домалақ резина жапсырылған кеды болды. Резина аяқ киім ұзақ киіс беретін бол­ғандықтан, оның қанша жусаң да кетпейтін сасық иісіне де ешкім көңіл аудармайтын. Кедаға қолы жетпегендер беті ашық шәркей­мен жүгіре беретін. Тек кейбір кезде халықаралық деңгейдегі кәсіби спортшыларға чехтардың төрт жолағы бар «Ботас» кроссов­касын беретін. Қытайдың түсі аппақ кроссовкасына қолы жет­кендер өздерін бақытты сезінетін. Спорттық киімдердің дефицитіне қарамастан кеңестік спортшылар жақсы көрсеткіштерге қол жет­кізіп, рекордтар жасап жүрді. Тек сексенінші жылдарда елде «Ади­дас» фирмасының киімдері, джинсы, сағыз, пепси-кола мен соса-соla пайда бола бастағанда ғана КСРО халқы «батыс өр­кениетін» алғаш сезінді.
Бірақ бұл тауарларға деген де­фицит, ажиотаж Қытаймен шекара ашылғанша бәсеңдеген жоқ. Спорттық киімдерді шыға­ратын Германия 250 млн халқы бар КСРО-ның «Адидасқа» деген сұранысын қанағаттандыра алмады. Кеңес Одағы жер-жерден фабрикалар ашып «Адидаспен ауырған» жастарды киіндірмек болып талпынды, бірақ одан түк шық­пады. «Адик» жастар арасын­да батыстық өмірдің символы болып саналды, оны кигендер өздерін сол әлемге қатысы бардай сезінді. Мұндайлардың қатарына бірінші кезекте спортшылар болды, бұлар бұлшық еттерін өсіріп, кейіннен рэкет-қарақшыға айналды. Сексенінші жылдардың басында спорттық костюмдер модаға айналып, жастар арасында өзінің заңын енгізе бастады. Бұрын ұзын шашпен жүретіндер, енді самай-желкесін тақырлап алғызатын болды. Жігіттердің қол­тығында барсеткалар пайда болды. Бұлар клубқа, ресторанға да, іскерлік кездесулерге де, тіпті төбелеске де спорттық киімдер­мен баратын.
Кеңес Одағында алғаш рет «Адидас» маркасымен спорттық киімдерді 1979 жылы Мәскеудің «Спорт» спорттық бұйымдар тәжірибелік комбинатында жасай бастады. Содан кейін Тбилиси, Ереван және Киев қалаларында фабрикалар ашты. Сол жылдары КСРО-да дайындалған «Адидас» маркалы кроссовканың алғашқы және жалғыз моделі қара-көк түсті, үш ақ жолағы бар, табаны сарғыш каучуктен жасалды. Бірақ немістің аяқ киіміне деген сұ­раныс арта түспесе, кеміген жоқ. Фирманың «Адидас» крос­сов­касын сыртқа шығып тұратын артистер, теңізшілер, дип­ломат­тар шағын партиялармен әкеліп, базарда 200 сомнан (инженердің 1,5 айлық жалақысы) сатты. Елдің бәрі киіп жүрген «Адидасқа» қол жеткізіп, «бақыттылардың» бірі болу үшін жұмысшы жастар тамақтарынан үнемдеп ақша жинады, қарызға батты. Кеңестік түсінік бойынша бұл аяқ киімді барлық жерге – қонаққа да, жұмыс­қа да, дискотекаға да киіп баруға болатын. Оны костюм, галстукпен, джинсымен, юбкамен де, тіпті қыздар той көйлегімен де киіп алатын. Тесіліп, жыртылып қалғанша «адикті» үстерінен тастамайтын кербездер болған. Өйткені ол фирманың тауары, демек ол тозбайды, өмірлік, ескірсе де бағасын жоғалтпайды де­ген түсінік қалыптасқан.
– Бір кездерде «барахолка» Қаскелеңде болатын. Сол базар­дан саудаласып 190 сомға «Ади­дас» кроссовкасын сатып алдым. Соны мен неше жыл бойы аяғым­нан шешпей кидім, бірақ қатты күтіммен қарадым. Жауынды күндері немесе футбол ойнағанда желімі ашылып кетеді деп ки­мейтінмін. Мектепке дене­шы­нық­тыру сабағына апармайтын­мын. Жалпы, «Адидас» деген жазуы бар кез келген киімді спорт ойындарына ешкім кимейтін, тек көшеге сәнденіп шығу үшін кие­тін. Әбден тозығы жеткен крос­сов­каның өзін лақтырып таста­май­тынбыз, оның табанын кесіп алып басқа аяқ киімге жапсы­ратынбыз. Ал фирмалық лейбл басқа киімдерге көшетін, – деп есіне алады алматылық Сергей Захаров.
Кеңестік «Адидастар» елдің барлық өңірлеріндегі астыртын цехтарда жасалып жатты. Сонда да сұраныс қатты болды, тіпті бір-екі адам киіп тастаған кроссов­килердің өзі базарларға шығары­латын. Оларды да арзан бағамен алып кететін. «Адидас» фирма­сының белгісі «үш жапырақты» пысықтар қолдан жасап, қыз­ған үтікпен шалбарларға, сүлгілер мен сөмкелерге, майкалар мен футболкаларға жапсырып қымбат бағаға сатты. Мұндай қолдан жа­салған «адиктер» Кавказ жақтан көп келетін. Ондағы фирмалық лейблдерге кейде «Адибас» не­месе «Абибас» деп қате жазы­латын, бірақ оған да қарап жатқан ешкім жоқ, бағасын сәл түсірсе, сатып алып кететін. Әдетте, ондай кроссовкалар жауынды күні бір рет киіп шыққанан кейін желімі суға еріп, табаны ашылып қалып жататын. Соның бәрін біле тұра кезекке тұрып, үлкен «блат» арқылы сатып алатын қарапайым халықтың аңқаулығына, аңғал­дығына күлуге де болмайды. Өйт­кені ТМД елдері қазіргі кезде де тура сондай жағдайда, тек басқа заттарға қызығамыз. Қолдары жеткендер өздерін жұрт қатарлы өмір сүріп жатырмыз деп есептеді, ал армандарына жете алмағандар «Адидасымен» қосып «әлемді бұзып жатқан» бүкіл Батысты жамандады, қарғап-сіледі. Сол кездерде ел арасында «Адидасқа» ұйқастырылған неше түрлі мақал­дар шықты. Мысалы, «Сегодня носит «Адидас», а завтра родину продаст» деген сөз сол заманда шыққан. Мәскеуде өткен Олим­пиады – 80 спорттық ойында­ры­нан кейін «Адидас» фирмасының киімдері мүлде жоғалып кетті. Фирмасының таза өнімдерін қымбат бағаға сатып алудың өзі қиын болды, ол үшін тамыр-таныстарды, делдалдарды ортаға салып, «блат» табу керек еді. Таза фирмалық «Адидасты» киетін­дерге қаратып айтылатын «блат­ной» деген сөз де осы кездерде шықты.
«Адидас» фирмасының өнім­дері 90-жылдардың басында ба­зарларды қайта жаулап алды. Бұрынғы КСРО елдерінің алып-сатарлары Түркия мен Қытайдан таси бастады. «Адидас» фирма­сының үш жапырақты белгісі жапсырылған спорт костюмдері мен кроссовкаларда енді еңбек­теген баладан еңкейген кәрілерге дейін киетін болды. Бұл киімдерді түріктер мен қытайлар арзан материалдардан дайындап, пост­кеңестік кеңістікті контрафакт тауарлармен қарық қылды. Тоқсаныншы жылдары ТМД елдерінде мода болған «Адидас» компаниясының өнімдерін, тері күртелерді сатып, түрік, қытай қолшеберлері біршама байып алды.

Қайыржан ТӨРЕЖАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*