Қазақ фотоөнерінің шежіресі

1315
0
Бөлісу:

ҚазҰУ-дың Журналистика факультетінде «Қазақ университеті» баспасынан «Қазақ фотошежірешілері: тарих, дерек, өнер» атты фотоэнциклопедиясының тұсаукесері өтті. Тың туынды қоғам санасын фото арқылы мемлекеттік мүддеге, ұлттық мұратқа, эстетикалық талаптарға жұмылдыра білген қайраткерлердің шығармашылығы және ұлттық фотоөнер тарихын жан-жақты баяндайды.

Кітапты құрастырушы Асылхан Әбдірайымұлы бұл басы­лымды жа­рыққа шығаруға атса­лысқан ҚазҰУ ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтановқа риза­шылығын білдірді.


Шарада Журналистика факуль­тетінің деканы Сағатбек Медеу­бекұлы: «Ақыл кіргеннен бастап өзінің көргенін, білгенін тасқа таң­балау арқылы кейінгі ұрпаққа қал­дыруды мұрат еткен фотоше­берлердің еңбегі ұшан-теңіз. Әр­қайсымыздың қолымызда мүм­кіндік бар бүгінгі кезде фотоөнер тіпті қиындаған секілді болып тұ­рады. Бірақ оны кәсіби шеберлікпен көріп, оны бағалау, қажетті сәттерді қалт жібер­мей, түсіріп алу және оны мил­лиондардың мүлкіне айналдыру – екінің бірінің қолынан келе бер­мей­ді. Көрінгеннің бәрін түсіре беру – фотоөнеріне жатпайды. Фотоап­параттың көзімен, ұлтқа қажет, ұр­паққа қажет, тарихқа қажет дүниелерді түсіріп, тарихқа таңбалау – шын­дығында шеберлердің ісі. Осындай үлкен істі бір кездері біздің универ­ситеттің Журналистика факультеті жанынан құрылған «Фотопубли­цистер» клубы қолға алған еді. Ол кейіннен «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігіне айналды. Оның басында жүрген ұстаздарыңыз – Асылхан Әбдірайымұлы. Осыған дейін де қазақ фотөнеріне қатысты еңбек шыққан. Бүгін екінші шыға­рылымы бұрынғыға кірмеген 21 фотографтың еңбегімен толық­ты. Бұл кітаптың ішінде Қа­зақстан тарихына деген ең таңдаулы, ең әсерлі, ең ықпалды санаға да, се­зімге де әсер ететін бейнелер тү­сірілген», – деп қазақ фотоөнерінің кешегісі мен бүгініне тоқталды.

Ахмет Байтұрсынұлынан жеткен бір сурет

Көрнекті ғалым Сағатбек Ме­деубекұлының алғысөзінен кейін хронодокументалист, фотожурна­лист Мұрат Мәмбетов, филология ғы­лымдарының докторы, профес­сор Кәкен Қамзин және «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, фотожурналист Асылхан Әбді­райым­дар кітаптың тұсауын кесті.
Салтанатты сәттен кейін Жур­налистика факультетінің профес­соры Кәкен Қамзин: «Біз өзіміз де сезбей қаламыз… Өйткені өзіміз тарихты жасап жатырмыз… Бұл – кәдімгі тарихтың, өркениеттің қа­дамы. Өркениет пен мәдениетті осындай жаңа әдіспен ұстап қалу, болашаққа жеткізу, бүгінгі күннің игілігіне айналдыру – фотошежіре­шілердің дүниесін есейтті. Расында, бүгін тұсауы кесілген фотоэн­циклопедия – біз үшін құнды еңбек. Мұны кейін ұрпақтарымыз іздеп жүріп оқиды. Өйткені мұнда деректі дүние мен образ қауышқан. Еңбекте мәдениет пен өркениет, тарих және журна­листика қатар келеді. Міне, біз бүгін үйретіп жүр­ген конвергенция құбы­лысының өзі осында жатыр. Сон­дықтан Асыл­хан бауырымызға құтты бол­сын айтамыз!» – деп ақ тілегін білдірді.
– Көп жылдан бері көмескі қал­ған бір өнер болса, ол – фо­тоөнер жанры. Қалған өнер сала­сындағы жанрлардың барлығында жанашыры бар. Оны марапаттайтын адамдары да бар, ал фотосурет түсі­ретіндерді аса қолдай қоятын адам жоқ болатын. Бұл өнердің де жерде жатпайтындығын, елдің игілігіне айналатынын кезі келеді екен. Асылхан деген азамат, көп жылдан көміліп жатқан сол бір дүниені тірілтіп, жандырып, елдің игілігіне ұсына білді, – дейді ардагер фотожурналист Нұрманбет Қизатұлы.

Жазушы Хамза Абдуллин мен Мағжан Жұмабаевтың жары Зылиха Құрманбайқызы.
Фото: Советбек Мағзұмов
Журналистика факультетінің оқытушысы, филология ғылым­дарының кандидаты, доцент Қо­сылған Әбжанов мырзаның да бұл саладан алыстығы жоқ. Бітірген ма­мандығы да осы сала бойынша. Суретті көрген сәтте таниды. Жиында Қосылған Әбжанов: «Ки­ноның өзі фотографиядан бас­талған. Кейде кәсіби кинофильмнің өзі фото­графияға тәуелді болып қалатын кездері де болады. Сол тұрғыдан алғанда, кітаптың ішіндегі тарихи тұлғалар туралы кино жаса­латын болса, іздеген көріністі кітаптан табамыз. Бұл – кітаптың бір ғана құндылығы. Екіншіден, кітапта берілген әр фотографиядан суретті оқуға бола­ды. Әрбір адамның ішкі дүниесін ашатындай сурет болуы керек. Су­реттегі кейіпкердің көзқа­расынан-ақ, ойын, не айтайын деп отырған сөзін анық білетіндей кадр – мықты дүниеге айналады. Кітаптан сондай сәттер көп кездесті. Соны­сымен де құнды», – деп өз пікірін білдірді.


Шарада ардагер ұстаз Қожа­бер­ген Ахметов, «Қазақ универ­ситеті» баспасының қызметкері Сәуле Серікбаева сөз алып, кітап туралы, қазақ фотоөнеріне тоқ­талып, оның майталмандарына алғыс білдірді.
– Ұлтымыздың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының фотография өнерімен айналысқандығын бүгін­гілер біле бермеуі мүмкін. Қазақ фотоөнері тарихы үшін Мұхаметжан Тынышпаевтың ұлы Ескендірдің фотографиямен айналысуына себеп болғандығы да тың дерек. Демек Алаш зиялыларының да заманауи технологиялық жаңалыққа іңкәр көңілмен қарап, ұлт ұрпақтарының да бұл өнерді игергендігін мұрат еткен­дігі – алаштанушылар үшін көңіл ау­дарарлық ақиқат, – дейді фотоэн­циклопедия құрасты­рушы Асылхан Әбдірайымұлы.


Зиялы қауымының да Ахаң бас­таған дәстүрді жалғастырғанын білеміз. Мысалы, Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов түсірген фото­лар, негізінен өз заманының тарихи тұлғаларын бейнелейді.
Әдетте қарапайым халық фотоға қарағанмен, оны кімнің түсіргеніне мән бере бермейді. Сол себепті, фотографтардың есімі қалтарыста қалып қояды. Ел көзіне көп елен­бесе де еңбегі тарихта тайға таңба басқандай айқын қалған фотограф­тар туралы деректер де аса маңызды. Қасымбек Нұрбекұлы, Жақсылық Тұрлыбеков, Мұрат Мәмбетов, Берсінбек Сәрсенов, Талғатбек Аса­нов, Шүкір Шахай, Болат Омарә­лиев, Амангелді Мутигуллин, т.б. көп­теген фотоөнер майталман­да­рын осы альбомнан тануға болады.
Айта кетерлігі, қазақ фотоөнері­нің шежірелі фотоэнциклопе­дия­сына газетіміздің фотожурна­листері, бірнеше фотобайқаулардың жүлде­герлері болған Советбек Мағ­зұмов пен Айтжан Мұрзановтар да енді. Қос әріптесімізді құттықтай отырып, шығармашылық табыс тілейміз!

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*