Сот талабы сақталса

Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов Жоғарғы сот органының кезекті жалпы отырысын өткізді. Отырыс жұмысы онлайн режимде интернеттен тікелей таратылды. Күн тәртібіне сәйкес, онда Жоғарғы соттың «Сот шешімі туралы» нормативтік қаулысына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар талқыланды.
Жиын жұмысына Жоғарғы сот судьялары, ғылыми-консультативтік кеңес мүшелері, сондай-ақ Конституциялық кеңестің, Бас прокуратураның, Әділет және Ішкі істер министрліктерінің, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Мемлекеттік кірістер комитетінің, салалық және кәсіпкерлік қауымдастықтардың өкілдері қатысты.
Жоғарғы сот судьясы Айгүл Сапарова нормативтік қаулы жобасын таныстырды. «Сот шешімі келіп түскен талап арыздың жауабын қамтып қана қоймай, оған қойылатын талаптарды сақтай отырып жасалғаны өте маңызды. Қазір, өкінішке қарай, біз әр сот шешімі туралы олай айта алмаймыз» – деп атап өтті ол. Жоғарғы сот іске асырып жатқан «Сапалы нәтиже» жобасы аясында бірінші сатыдағы соттардың 300 шешімінің әрбір үшеуі ұсынылған талаптарға – не формасы бойынша, не мазмұны бойынша сәйкес келмейтіні анықталған. Судьяның айтуынша, сот актілері түсініксіз, тараптарды сендіре алмайды, әрі іс үшін маңызы жоқ артық ақпараттан, дауға қатысы жоқ заң үзінділерін қайталаулар мен дәйексөздерден тұрады.
Бұл ретте қабылданған шешімнің уәждерін дұрыс көрсетудің маңыздылығына және сот актісінің құрылымына қойылатын талаптардың сақталуына баса назар аударылды. Жаңа нормативтік қаулы (НҚ) сот актісін компьютерде дайындау кезінде бірыңғай қаріппен жүргізу, оның көлемі, баяндаудың өзге де сипаттамалары туралы талаптарды қамтиды. Ол арқылы «Электрондық құжат және электрондық цифрлы қолтаңба туралы» заңының сақталуы қамтамасыз етіледі.
Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының төрағасы Арман Жүкенов өз сөзінде НҚ бірінші сатыдағы соттар үшін дұрыс, сауатты әрі логикалық сараланған сот актісін жазуда бағыт-бағдар болады деп санайтынын жеткізді. «НҚ-ның ұсынылып отырған редакциясы соттарға түпкілікті шешімдерді құрастыру кезінде көрсетілген әдістемені пайдалануға мүмкіндік береді. Осындай сот актісі, сөзсіз, процеске қатысушыларының және жоғарғы сатыдағы судьялардың қабылдауына және түсінуіне оңай болады. Шешімді құрастырудың жаңартылған форматы азаматтардың сотқа сенім деңгейін арттыруға қосымша негіз болады» деді А.Жүкенов.
Жалпы отырысқа қатысушылар НҚ жобасын талқылап, оған ұсыныстар мен ескертулер енгізді. Құжат редакциялық жұмыстардан кейін жалпы отырыста түпкілікті бекітіледі.
Айхан ШӘРІП