Сот талабы сақталса

987
0
Бөлісу:

Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов Жоғарғы сот органының кезекті жалпы отырысын өткізді. Отырыс жұмысы онлайн режимде интернеттен тікелей таратылды. Күн тәртібіне сәйкес, онда Жоғарғы соттың «Сот шешімі туралы» нормативтік қаулысына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар талқыланды.

Жиын жұмысына Жоғарғы сот судьялары, ғылыми-консуль­т­а­­тив­тік кеңес мүшелері, сондай-ақ Консти­туциялық кеңестің, Бас про­кура­ту­раның, Әділет және Ішкі істер министр­ліктерінің, Мем­ле­кет­тік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Мемлекеттік кіріс­тер комитетінің, сала­лық және кәсіпкерлік қауым­дас­тық­тардың өкілдері қатысты.
Жоғарғы сот судьясы Айгүл Сапарова нормативтік қаулы жоба­сын таныстырды. «Сот шешімі келіп түскен талап арыздың жауа­бын қамтып қана қоймай, оған қойы­ла­тын талаптарды сақ­тай отырып жасалғаны өте маңыз­ды. Қазір, өкінішке қарай, біз әр сот шешімі туралы олай айта алмаймыз» – деп атап өтті ол. Жоғарғы сот іске асырып жатқан «Сапалы нәтиже» жобасы аясында бірінші сатыдағы соттардың 300 шешімінің әрбір үшеуі ұсынылған талаптарға – не формасы бойынша, не мазмұны бойынша сәйкес келмейтіні анықталған. Судьяның айтуын­ша, сот актілері түсініксіз, тарап­тарды сендіре алмайды, әрі іс үшін маңызы жоқ артық ақпараттан, дауға қатысы жоқ заң үзінділерін қайталаулар мен дәйексөздерден тұрады.
Бұл ретте қабылданған шешім­­нің уәждерін дұрыс көр­се­тудің маңыз­ды­лығына және сот акті­сінің құрылы­мына қойы­ла­тын талаптардың сақта­луына баса назар аударылды. Жаңа нормативтік қаулы (НҚ) сот актісін компьютерде дайындау кезінде бірыңғай қаріп­пен жүргізу, оның көлемі, баян­дау­дың өзге де сипаттамалары туралы талаптарды қамтиды. Ол арқылы «Электрондық құжат және электрондық цифрлы қол­таң­ба туралы» заңының сақталуы қамта­масыз етіледі.
Астана қаласы Сарыарқа ау­дандық сотының төрағасы Арман Жүкенов өз сөзінде НҚ бірінші сатыдағы соттар үшін дұрыс, сауатты әрі логикалық сара­ланған сот актісін жазуда бағыт-бағдар болады деп санай­ты­­нын жеткізді. «НҚ-ның ұсы­ны­лып отырған редакциясы соттарға түпкілікті шешімдерді құрастыру кезінде көрсетілген әдістемені пайдалануға мүмкіндік береді. Осындай сот актісі, сөзсіз, процеске қатысушыларының және жоғарғы сатыдағы судьялардың қабылдауына және түсінуіне оңай болады. Шешімді құрастырудың жаңартылған форматы азаматтар­дың сотқа сенім деңгейін артты­руға қосымша негіз болады» деді А.Жүкенов.
Жалпы отырысқа қатысу­шы­лар НҚ жобасын талқылап, оған ұсы­ныс­тар мен ескертулер енгізді. Құжат редакциялық жұмыстардан кейін жалпы отырыста түпкілікті бекітіледі.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*