Корпорация көкжиегі

685
0
Бөлісу:

Сенатта «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар – өңірлік даму институты» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел өтті. Жиынды ашқан палатаның Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы А.Бейсенбаев «ӘКК-тер бизнесті қолдау және аймақтық дамудың өсу орталықтары ретінде экономикалық қарқынды ынталандыруда қажетті институттар ретінде қажет болып отырғанын» айтты.

Бұл ұйымдар аймақтағы кәсіпкерлердің бастамаларына қолдау білдіріп, өңірлердегі бизнестің іскерлік белсенділігін арт­тыруға тиіс. ӘКК жұмы­сы­ның тиімділігін арттыру – өңі­р­лерді дамытудағы негізгі басым­дықтардың бірі.
Сенатор Ә.Құртаев қаржының жетіспеушілігін, коммерциялық және коммерциялық емес мін­деттердің араласып кетуін, көпте­ген ӘКК-нің шығынға ұшы­рап жатқанын, жобалар ауқы­мы ая­сы­ның кеңдігі мен оң­тай­лы еместігі және осы корпорациялар қызметіндегі өзге де өзекті мәсе­ле­лерді атады.
Ұлттық экономика министрінің орынбасары С.Жұманғарин ӘКК қызметіндегі негізгі көрсеткіштерді жария етті. Оның айтуынша, бүгін­де облыстарда, Астана мен Алматы қала­ларында 16 ӘКК жұмыс істеу­де. Олардың 85 еншілес әрі тәуел­ді кәсіпорны бар, оларда 102 инвестициялық жобалар жүзеге асуда. 2016 жылдың қоры­тын­дысы бойынша барлық ӘКК-тердің жалпы кірісі 31,5 мил­лиард теңгені, шығыстары 31,8 миллиард теңгені құрады.
Инвестициялар және даму министрінің орынбасары А.Қабы­кенов Қазақстанның 8 аумағында (Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Алматы, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында) 23 индустриялды аймақтар жұмыс істейтінін айтты. 136 миллиард теңге (25,6 пайызы шетелдіктердің қатысуымен) салынған 127 жоба іске қосылды. 186 жоба жүзеге асу кезеңінде. 8 мың жұмыс орны ашылды. Өндіріс көлемі 160 миллиардтан астам теңгені құрады, 14 миллиардтан астам теңге салық түрінде қайтарылды. Бұл ретте барлық индустриялды аймақтардан инфрақұрылымның құрылысына арналған бюджет шы­ғындары 61 миллиардтан астам теңгені құрады. Сөйтіп, инфра­құрылымға салынған бюджеттің әр 1 теңгесіне жеке инвестицияның 2,2 теңгесі тартылды.
Сенат депутаттары ӘКК-тердің тиімді дамуына бөгет болып отырған өзекті мәселелерді шешу жолдарын талқылады. Заңнамалық және нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, қаржыландырудың қосым­ша көздерін табу, жер бөлу мерзімдерін қысқарту және басқа да мәселелер айтылды.

Бөлісу:

Пікір жазу


*