Орталық Азия бірлік пен достықтан қуаттанбақ

1083
0
Бөлісу:

Астанада Орталық Азия мемлекеттері басшыларының тарихи саммиті – консультативтік жұмыс кездесуі өтті. Бұл жиынның тарихи оқиға ретінде бағалану себебі, өңірдегі мемлекеттер жетекшілері он жылдан бері алғаш рет бас қосып отыр. Ең бастысы, енді бұл кездесулер ұдайы ұйымдастырылмақ және жыл сайын Ұлыстың ұлы күні тұсында өткізіледі. Демек, болашақта ол тарихқа «Орталық Азия лидерлерінің Наурыз кездесуі» ретінде енуі ғажап емес. 

Елбасы айтқандай, ХХІ ғасыр – бірлік пен достықтың қуатымен озатын ғасыр. Бұл байламды қуаттап, Астанаға Қыр­ғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан президенті Шавхат Мирзиеев, сондай-ақ Түркі­менстан Меджлисінің төрайымы Акджа Нұрбердыева келді. Кез­десуді ашқан Елбасы оларға қошемет білдірді.

– Туындайтын барлық мәселелерді біз бірлесіп шеше аламыз. Кездесуіміздің бә­рімізге ортақ Наурыз мейрамы қарсаңында өтуінің символдық мәні бар. Қазақстан көршілерімен, әсіресе тарихы, мәдениеті, дүниетанымы, дүниені сезінуі ортақ Орта­лық Азия елдерімен тығыз экономикалық ынтымақтастық орнатуға әрдайым ұмты­лыс танытады, – деген Нұрсұлтан Назарбаев ОА елдерінің әлеуетін бірік­тірудің, ішкі өңірлік сауданы арттыру­дың, өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің және халқы­мыздың жақында­суының маңыздылығын атап өтті.
Қазақстан лидері соңғы уақытта ОА елдері арасында саяси ынтымақтастықта елеулі прогреске қол жеткізілгенін баса айтты. Мемлекет басшылары арасындағы байланыстар жанданған. Бір жыл ішінде, былтырғы наурыздан бері өңірдегі барлық президенттер бір-бірімен кездесулер өткізіп шықты. Нұрсұлтан Назарбаев ОА елдерінің Қазақстанмен қарым-қаты­насты дамыту мәселесіне назар аударды.
– 2017 жылы сіздердің елдеріңіздің әрқайсысына жіберілген Қазақстан экс­порты 35 пайызға дейін жетті. Үкіметаралық комиссиялардың оты­рыстары өткізілуде. Шекараларда жаңа бекеттер ашылуда. Паспорт тексеру тәртібі жеңілдетілуде. Жаңа жолдар мен көпірлер салынуда. Шекараларға қатысты келісімдер жасалуда. Көлік қатынасы орнатылуда. Жаңа әуе рейстері ашылып, жүрдек пойыздар жөнелтілуде, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы өңірдің жетекші державалары – Ресей және Қытаймен байланыстарды одан әрі нығайту қажеттігін атап өтті.
Өз кезегінде Қырғыз президенті С.Жээнбеков өңірімізде өзара тиімді ынтымақтастық орнатудың маңызды екенін мәлімдеді. Тәжікстан президенті Э.Рахмон ОА-ның көлік-транзит әлеуетін дамыту, су және энергетика ресурстарын тиімді пайдалану, мәдениет саласындағы өзара іс-қимыл және өңірлік қауіпсіздікті нығайту мә­селелеріне тоқталды.
Өзбекстан президенті Ш.Мирзиеев сауда-экономикалық ынтымақтастықты және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақ­тылықты қамтамасыз ету саласында мемлекетаралық ықпалдастықты дамытудың маңызды­лығына салмақ салды. Түркіменстан Меджлисінің төрайымы А.Нұрбердыева Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің кездесу қатысушыла­рына арналған үндеуін оқып берді.
Президенттердің ақордадағы келіс­сөздері аяқталған соң, Н.Назарбаев бес ел журналистері алдына шығып, кездесудің қорытындыларын жария етті.
– Орталық Азия мемлекеттері басшы­ларының консультативтік жұмыс кездесуі толық өзара түсіністік пен игі тату көршілік ауанында табысты өтті. Біз өңірлік және халықаралық күн тәртібінде тұрған ең кө­кейкесті мәселелер бойынша егжей-тег­жейлі және конструктивті пікір алмастық, – деді Елбасы.
Ол Қазақстанның өңірдегі барлық мемлекеттердің Қауіпсіздік кеңестерінің аппараттары арасында бесжақты ұдайы консультациялар өткізу тетігін тағайын­дауды ұсынғанын мәлім етті.
– Бұл өңірлік қауіпсіздіктің аса ма­ңызды мәселелері бойынша тұрақты диа­логты ұстап тұруға, келісілген ұста­нымдар түзуге мүмкіндік береді. Бұл жерде басты бағыт – бес ел арасындағы шекараларда делимитациялау мен де­маркациялау жұ­мыстарын аяқтау. Осыған байланысты делегация басшы­лары өңіріміздегі қауіп­сіздік пен тұрақ­тылықты нығайту үшін аталған үдерісті жеделдету қажеттігін рас­тады, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев ОА елдері арасын­дағы сауда-экономикалық өзара әрекет­тестік мәселелеріне жеке тоқталды. Бұл ретте ол өңірдің үдемелі дамып келе жатқа­нын атап өтіп, ары қарайғы өсім үшін үлкен әлеует барлығын нұсқады.
– БҰҰ дерегі бойынша, соңғы он жылда ОА елдері ЖІӨ-нің орташа өсімі 6,2 пайызды құрады. Яғни, орташа әлемдік 2,6 пайыздық өсімнен айтарлықтай асып түседі. Өңір мемлекеттерінің сыртқы саудасының өсуі де байқалуда, ОА елдерінің өзара тауар ай­налымы он жылда екі есеге, яғни 1,6 мил­лиардтан 3,1 миллиард долларға дейін ұлғайды, – деген Мемлекет басшысы өзара сауданың артуы аймақ елдері халықтарының өмір деңгейінің де жоғарылауына септес­кенін мәлім етті.
Осы орайда Президент кездесу кезінде өңірлік экономиканың орнықты дамуын қамтамасыз ету бойынша қаралған нақты шараларды атады.
– Біріншіден, елдеріміз арасындағы өзара сатып алатын тауарлардың аталым-номенклатурасын кеңейту қажет. Экспорт­тық-импорттық опера­ция­ларымыз бойын­ша деректерді өзара статистикалық салыс­тыру нәтижесінде, бұл бағытта зор мүмкіндіктеріміздің барлығын көрдік. Мысалы, Қазақстан жеміс-жидекті алыс шетелден әкеледі, ал Өзбек­стан мен Тәжікстанда олар қазірдің өзінде пісіп тұр. Олар да бізде барды қиядан тасиды. Атап айтқанда, Тәжікстан ГРЭС салуға қажетті металды Еуропадан жет­кізуде. Біздің Қараған­дыдағы металлур­гиялық комбинат арматурадан бастап, метал бұйымдарының кез келгенін өндіреді, – деген Елбасы жағдай енді өзгеретінін, ал оны қолдамай­тын, шетелдік өндірушілердің мүдделерін ілгерілететін шенеуніктерге қарсы шара қолданылатынын ескертті.
Екіншіден, инвестициялық ынты­мақ­тастық және елдеріміздің инвес­торларын өзара қорғау үшін қажетті жағдайларды жақсарту бойынша жүйелі жұмыс атқа­рылатын болды.
Бұдан бөлек Н.Назарбаев трансше­каралық су ресурстарын пайдалану түйт­кілдерін «құқықтық ұстанымдардың ор­тақ­тығы, өзара құрмет және барлық та­­рап­­тардың мүдделерін сақтау» негізінде шешудің маңыздылығына назар аудартты. «Бұл мәселеде бұдан былай саяси сау­даласу болмайтынына келістік. Гидроқұрылыстар да, суды ағызу да, электр қуатын беру де өза­ра келісім негізінде жүзеге асуға тиіс», – деді ол.
Мемлекет басшысы кездесу кезінде өңірдегі экономикалық ынтымақтастықты ілгерілету үшін вице-премьерлер дең­гейіндегі бесжақты Жұмыс комиссиясын құру туралы ұсыныс та қаралғаны туралы құлағдар етті.
– Үдемелі түрде даму үшін қаржы­ландырудың ішкі өңірлік көздерін де құру керек, – деді Президент.
Сондай-ақ Н.Назарбаев мәдени-гу­манитарлық байланыстар өңірлік өзара ықпалдастықты күшейтудің маңызды факторы болып табылатынын атап өтті.
– Біз бұл бағыттағы ынтымақтас­ты­ғымызды ары қарай өрістетуге уағ­даластық. Ғылым және білім беру саласындағы өзара іс-қимылды өркендету үшін Қазақстан өңір елдерінің студенттерін өзінде оқытуға дайын. Спорт және туризм салаларында ортақ спорттық іс-шаралар мен жарыстар өткізуді жандандырып, Орталықазиялық аралас туристік бағдарын әзірлей алар едік, – деді Елбасы.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*