ТАМЫРЫ ТЕРЕҢ БАЙЛАНЫС

1220
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы Қазақстандағы Өзбекстан жылының ашылу рәсіміне қатысты.

Нұрсұлтан Назарбаев құттықтау сөзінде Қазақстандағы Өзбекстан жылы­ның ашылу рәсімі ұлы Наурыз мейрамы қарсаңында өтуінің символдық мәні бар екеніне тоқталып, бұл іс-шара Орталық Азия елдері басшыларының алғашқы консультативтік жұмыс кездесуіне тұспа-тұс келгенін атап өтті.
Қазақстан Президенті Астана мен Ташкент сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты та­бысты дамытып келе жатқанын, сондай-ақ олардың халықаралық және өңірлік маңызды мәселелерді шешуге қатысты ұстанымдарының ортақ екенін айтты.
– Қазақстандағы Өзбекстан жылы екі халықтың шынайы бауырластығын танытады. Бұл байланыс тамырының тереңдігімен, ортақ тарихымен және бабаларымыздың бай рухани мұрала­рымен нығайып отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев бұл іс-шара Қазақстан – Өзбекстан арасындағы достық пен тату көршіліктің символы ретінде ғана емес, сонымен қатар бүкіл өңірдің серіктестігін нығайтуға және мәдени-өркениеттік тұрғыдан жақын­дасуына зор үлес қосатынын айтты.
– Орталық Азия – тарихы бай, өзіндік мәдени мұрасы бар адамзат өркениетінің көне бесігінің бірі. Біз ортақ құндылық­тарымыз бен бірегей дүниетанымымызды сақтап қалдық. Бұл мереке біздің бірлі­гімізді, рухани тұтастығымыз бен көп ғасырлық достығымызды одан әрі нығайтуға қызмет ете берсін, – деді Қазақстан Президенті.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев екі ел арасындағы саяси, экономикалық және мәдени қарым-қатынастарды нығайтуға және дамытуға қосқан зор үлесі үшін Шавкат Мирзиеевке І дәрежелі «Достық» орденін табыс етті.
Шавкат Мирзиеев өз еңбегінің жо­ғары бағаланып, Өзбекстан Республи­касының Қазақстан Республикасындағы жылын өткізу туралы бастама көтеріп, шешім қабылдағаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа зор ризашылық білдірді.
Өзбекстан президенті Қазақстанның бүкіл әлем мойындап отырған жүйелі саяси өзгерістері мен экономикалық реформаларын, көреген және терең ойластырылған жаһандық және өңірлік бастамаларын ерекше атап өтті.
– Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесіне табысты төрағалық етуі, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше-мемлекеттер басшылары кеңесінің тарихи отырысын, халықаралық EXPO – 2017 көрмесін, Ислам ынты­мақ­тастығы ұйымының Ғылым және техно­ло­гиялар жөніндегі бірінші саммитін және басқа да ірі халықаралық іс-шара­ларды жоғары деңгейде өткізуі – Қа­зақстанның халықаралық беделінің жоғары екенінің жарқын көрінісі. Бүгін біз Астанада көп жылдан бері алғаш рет Орталық Азия елдері басшыларының консультативтік кездесуін өткіздік, – деді Өзбекстан Республикасының президенті.
Шавкат Мирзиёев бүкіл өңірде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтап, өсіп-өркендету үшін Орталық Азия елдерінің интеграциялық ынты­мақтас­тығында Нұрсұлтан Назарбаевтың зор рөл атқарып отырғанын ерекше атап өтті.
– Өңірлеріміз арасындағы тығыз байланыстар, адамдар арасындағы ашық қарым-қатынас пен достық, мәдени байланыстардың жандануы халықтары­мызды жақындата түсуге мүмкіндік берді. Бұл әлемдік деңгейдегі көрнекті мемлекет және саясат қайраткері – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың зор ерік-жігерінің арқасында жүзеге асқанын ерекше атап өткім келеді, – деді Өзбекстан президенті.
Өзбекстан басшысы екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық саладағы қаты­настарды дамытудың маңызы зор екенін айтты.
– Осыған байланысты біздің елімізде қазақ халқының ұлы перзенті, ойшыл және гуманист ақын Абай Құнанбаевтың мұрасын насихаттап, терең зерттеу жөнінде Өзбекстан президентінің қау­лысы қабылданғанын хабарлаймын, – деді Шавкат Мирзиеев.
Іс-шара барысында Өзбекстан Республикасының белгілі шығарма­шылық өкілдері өнер көрсетіп, көрші елдің зергерлік және қолөнер бұйым­дарының көрмесін таныстыру рәсімі өткізілді.
Қазақстандағы Өзбекстан жылының салтанатты ашылу рәсіміне Кырғыз Республикасының президенті Сооронбай Жээнбеков пен Тәжікстан Республикасының президенті Эмомали Рахмон қатысты.

Бөлісу:

Пікір жазу


*