Шуақты Наурыз мерекесіне орай Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бірлескен мәлімдемесі

1117
0
Бөлісу:

Біз, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түркіменстан, Өзбекстан Республикасы Президенттері Орталық Азия халықтарын бүкіл өңірімізге ортақ Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз.
2010 жылғы 23 ақпанда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының қарарымен бұл мейрам Наурыз – Халықаралық күні деп танылғанын және оны ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұралары тізіміне енгізгенін ерекше атап өтеміз.
Өзінің мыңжылдық тарихында Наурыз мейрамы табиғаттың және қоғамның қайта түлеуі мен жаңаруының, адамзат баласы­ның рухани тазаруы мен өзін-өзі дамы­туы­ның нышанына айналды. Осы шуақты да қас­терлі мереке амандықты, бірлікті, бауыр­ластық пен өзара қолдауды танытып, біздің елдерімізді біріктіретін барлық мәдени-тарихи құндылықтарды дәріптейді. Бұл – ортақ ата-бабамыздан қалған ұлы мұра. Біз оны сақтауымыз және дамытуы­мыз қажет.
Наурызды тойлау кезеңі барлық заманда адами және отбасылық қарым-қатынас­тар­дың, достық пен тату көршілік байла­ныс­тардың нығаюымен, көршілер арасындағы ерек­ше қонақжайлылықтың көрініс табуы­мен қатар келген. Бұл ортақ тарих, мәде­ниет, дәстүр, тұрмыс арқылы біріккен елде­рі­міз үшін қазір де маңызды.
Осы мейрам қарсаңында бүкіл өңірі­міз­дің қауіпсіздігін, тұрақтылығы мен орнық­ты дамуын қамтамасыз ету мақсаты­мен өңірлік ынтымақтастыққа, өзара қолдау­ға, өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге ниет білдіруіміздің зор символдық мәні бар.
Өзара тиімді сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық, өңірлік транзит-көлік инфрақұрылымның кеңеюі, су-энергетикалық, азық-түлік әлеуеттерін ұтымды игеру, өндіріс және өңдеу сала­ла­рын дамыту, озық технологиялар мен инно­вация­ларды қолдану, цифрлы эконо­мика жолындағы ілгерілеу Орталық Азия елдері әл-ауқатының тұрақты түрде өсуін қамта­масыз етуге септігін тигізеді.
Біз халықтарымыздың арасындағы өзара құрмет, достық пен бауырластық қатынастарды сақтауға және нығайтуға деген тарихи жауапкершілікті сезіне оты­рып, мәдениет пен өнер, білім мен ғылым, туризм және спорт салаларындағы өзара ықпалдастықты тереңдетуге шақырамыз.
Көктемгі күн мен түннің теңелуі, рухани тазару мен жаңару мерекесінің қарсаңында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан халықтарына, сондай-ақ жер бетіндегі барша халықтарға бейбітшілік, молшылық және қуаныш тілеп, өсіп-өркендеулеріне ниеттестігімізді білдіреміз.
Наурыз мейрамы әр үйге амандық пен бақ-береке әкелсін!

Бөлісу:

Пікір жазу


*