Бірегейліктің бастауы – бірлік

2112
0
Бөлісу:

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы «Мақсатқа жету үшін адамның санасы ісінен озып жүруі тиіс» деген оймен басталады.

ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы бөлімінде бәсекеге қабілеттілік, праг­ма­тизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, революциялық емес, эволюциялық даму және сананың ашық­тығы жайында айтылса, екінші бөлімі таяу жылдардағы міндеттерге арналған.
Адами құндылықтар қатаң сын-тегеуріндерге ұшырай бастаған заманда бұл мақаланың шығуы дертке – шипа, шөлдегенге – нәр, адасқанға бағдар болатындай қасиеті бар. Өйткені дамыған қоғамның негізгі іргетасы руханияттан қаланады.
Нарық заманында бәсекеге қабілетті болу – басты алғышарттардың бірі. Осы күнге дейін қара алтынымен, қазба байлықтарымен әлемге танылған Қазақ­станның алдында үлкен міндеттер айқын­далған: материалдық қана емес, сонымен қатар білім, зияткерлік, идея мен еңбектің қайнары болу. Неге? Өйткені жалғыз идеядан туған Google, Facebook және Alibaba Group сияқты алпауыт компа­ния­лардың бағасы бір елдің жылдар бойы өндірген шикізатынан анағұрлым қымбат болғанының куәсіміз. Сондықтан Цифрлы Қазақстан, үш тілде білім беру, тар­тымды, қызықтырарлық мәдениет біз­дің басты капиталымызға айналуы керек.
Мақаланың екінші бағыты – праг­матизм. Ондағы басты ой – ысырап­шыл­дықтан, «ас та, төк» деген қағидадан айы­рылып, үнемшілдікке шақырады. Әрине, қазақ – тойшыл халық. Дегенмен, дәстүр­дің де озығы мен тозығы бар. Абайша айт­қанда, «пайда ойлама, ар ойла» деген сөз бұл.
Үшінші бағыт – ұлттық бірегейлікті сақтау. Бірегейліктің қайнар көзі – бірлік.
Адам баласы, әдетте, өзіне жетіспей жатқан нәрсеге құштар болады, іздейді, тілейді. Қазақ болса, қашан да дұғасында «бірлік болсын» деп тілеп жатады. Өйткені қазақ үшін бірлік – ауадай қажет.
1819-1821 жылдары Сібір генерал-губернаторы болған М.Сперанский «Қазақ даласында сексеуіл деген ағаш бар: шап-саң – шабылмайды, кессең – кесіл­мей­ді. Бірақ ағашты бір-біріне ұрсаң – тас-талқан болады. Бірін-біріне ұру әдісін қазаққа қолдану керек» деген деседі. Өкінішке қарай, кей кезде осы әдісті сырт­тағы біреу емес, өзіміз өзімізге қолданып жатамыз. Рухани жаңғырудың бұл бағыты бірлікке, бауырмалдыққа бастайды. Сайып келгенде, бір жердің үстінде, бір аспанның астында өмір сүріп жатқан халық емеспіз бе?! Бұл жайында да Абай: «Біріңді – қазақ, бірің – дос көрме­сең, істің бәрі бос» деп ескертіп еді заманында.
Мақаланың төртінші бағыты білімнің салтанат құруына шақырады. Яғни, меритократия.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында пайда болған «Қазақтың оқығандары» атты саяси-әлеуметтік топқа үш мыңға жуық адам кірген екен. Үш мыңды жылға шаға­тын болсақ, бір жылда отыз қазақ қана білім алған деген сөз. Қазір ше? Қазақ­стан­ның ішін алмағанның өзінде, шартараптың қай нүктесін алсаң да, білім алып жатқан қазақ баласын көресің. Көресің де, қуанасың. Өйткені бүгінгі күннің басты инвестициясы – білім.
Бүгінгі күнге дейін Қазақстан «алдымен – экономика, кейін – саясат» деген қағи­дат­ты ұстанып келді. Осы тұрғыда «Бола­шақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» мақа­ла­сының шығуы әбден қисынды. Ақыр ая­ғында экономика мен саясат жаңғы­руы­ның шарықтау шыңы рухани жаңғыру болуы тиіс. Рухани жаңғыру бастал­ға­ны­ның бірінші белгісі – латын қарпіне көше бастағанымыз. Ол – біздің болаша­ғы­мыз. Болашақтан артық не бар бүгін біз үшін?

Арсен ТҰРҒАМБАЕВ,
«Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі фракциясы аппаратының консультанты

Бөлісу:

Пікір жазу


*