Екіжақты байланыстар беки түсті

1000
0
Бөлісу:

Индонезияда сапарда жүрген Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Елдің президенті Джоко Видодомен кездесуі спикер сапарының басты оқиғасы болды. 

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Сенат төрағасы Индонезия басшысына биылғы қазанда Қазақстанға ресми сапармен келуге шақыруын жеткізіп, Әлем және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI съезіне қатысуға шақыруды табыс етті. Қ.Тоқаев Астана­дағы дінаралық форум дін көшбасшы­ла­ры­мен қатар әлемдік деңгейдегі саясат­кер­лер де бір үстел басында бас қосатын үнқатысу алаңы ретінде мойындалғанын атап өтті. Съезд жұмысына БҰҰ Бас хатшысы, көптеген мемлекеттің басшы­лары, халықаралық ұйымдардың жетек­ші­лері қатысты.
Сенат басшысы жер жүзіндегі ірі мұсылман мемлекеті саналатын осы ел басшысының Астанадағы діни форумға қатысуы, ислам әлеміндегі Индонезия­ның маңызды рөлін ескере келгенде, «Діни қайраткерлер қауіпсіз әлем жолын­да» тақырыбына арналған бұл съездің табысты өтеріне ықпал ететінін атап өтті.
Қ.Тоқаев екіжақты қатынастардың келешегі туралы айта келіп, Қазақстан Оңтүстік-шығыс Азиядағы жетекші елдердің бірі – Индонезиямен жан-жақты әрі өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға ерекше маңыз беретініне назар аударды. Кейінгі жылдарда екі­жақ­ты қатынастардың барлық бағы­ты бойынша, атап айтқанда, сауда-эконо­ми­калық, аймақаралық ынтымақ­тас­тық, мәдени-гуманитарлық және пар­ла­ментаралық өзара іс-қимыл салаларында оң өзгерістер көрініс тауып отыр.
Қасым-Жомарт Кемелұлы іске қосылатын жаңа көлік-логистика бағ­дар­ларының келешегіне, бірінші кезекте Қазақстанның «Нұрлы жол» бағдар­ла­масы мен ҚХР-дың «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бас­та­масын ұштастыру жоспарына бай­ланысты жаңа мүмкіндіктерге тоқтал­ды. Атап айтқанда, «Қазақстан – Ляньюнь­ган порты (ҚХР) – Азия-Тынық мұхиты аймағындағы теңіз порттары» көлік дәлі­зінің мүмкіндіктері сауда-эконо­ми­калық ынтымақтастығын тереңдетуге ықпал ететін болады.
Исламдық қаржыландыру саласын­дағы Индонезияның мол тәжірибесін ескере отырып, Қазақстан тарапы «Астана» халықаралық қаржы орта­лығы аясында индонезиялық қаржы инс­ти­тутт­арын жұмысқа тартуға ықы­лас білді­руде. Мемлекет басшысы «Астана» қаржы орталығы қызметінің басым бағыт­тарының бірі ретінде ис­лам қаржы­лан­дыруын атаған болатын.
Джоко Видодо өз кезегінде Қазақ­станға шақыруына орай Президент Н.Назарбаевқа алғыс айтты және саяси, эко­номикалық, мәдени екіжақты бай­ла­ныс­тарды арттыру мақсатында барлық шараларды қабылдау жөніндегі ниетін жеткізді.
Қазақстан Сенатының төрағасы мен Индонезия Халық кеңесшілері кон­гре­сі­нің төрағасы Зулкифли Хасан­мен әңгімесінің тақырыбы парла­мен­таралық байланыстарды нығайту­дың келешегіне қатысты болды. Қ.Тоқаев Қазақстанның саяси жүйесінің ерекшеліктері туралы хабардар етіп, Парламент жоғарғы палатасының конституциялық өкілет­тік­­тері жайында әңгімелеп берді. Индо­не­зия тарапы Қазақстан Прези­дентінің бес әлеуметтік бастамасын іске асырудағы жоспары мен саяси және Рухани жаңғыру бағдарламасына ерекше ықылас білдірді.
Сенат спикері Индонезия Халық өкілдері кеңесінің төрағасы Бамбанг Сусатиомен кездесуінде заң шығару органдарының өзара диалогының мәсе­лелері әңгіме өзегіне айналды. Жүз­десу барысында Қазақстан мен Индонезияның өзара ынты­мақ­тасты­ғын нығайтудағы пар­ла­ментара­лық құрам­ның маңызды рөлі атап өтілді.
Қ.Тоқаев екі елдің заң шығару орган­да­рын­­да қыз­мет ететін депутаттық достық топ­­тарының жұмысын өрістету­ге шақыр­ды.

 Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*