«7–20–25» нарыққа қалай әсер етеді?

1663
0
Бөлісу:

Қазір көп адамның бас ауруы – баспана мәселесі. Мәселені ши шығармай шешу өте қиын. Әлдекімдер айтатындай «өзі аз халыққа тегін баспана үлестіре салу да» мемлекеттің ойына келмейді емес. Қазақтың баспаналы болуы – биліктің жомарттығына ғана емес, нарықтың талабына, теңгенің бағамына, жылжымайтын мүлік нарығындағы компаниялардың мүддесіне тікелей тәуелді. Сондықтан мемлекет үнемі мейлінше қолайлы бағ­дар­ламалар ұсынып келеді. «Нұрлы жер» мен «Нұрлы жол» – бұған айқын мысал. Жақында ғана Пре­зидент ұсынған «7 – 20 – 25» бағдар­лама­сы – «пәтер жалдау» ұғы­мын жоюға жа­сал­ған кезекті қадам.

– Жұмыс істейтін әрбір қазақ­стан­дық төмендегідей шарттар бойынша тең­гемен несие алу мүмкіндігіне ие бо­­лады. Несие өсімінің мөлшерлемесі қа­зіргідей 14-16 емес, жылына  7 пайыз­дан аспайтын болады. Қазір банктер бастапқы жарнаға баспана құнының 30 пайызына дейін, кейде тіпті 50 пайызын салуды талап етсе, бұл бағдарлама бойынша ол 20 пайыз­дан аспауға тиіс. Несие алушының ай сайын­ғы төлемін азайту үшін оның мер­зімі 10-15 емес, 25 жылға дейін бо­лады. Ол үшін Ұлттық банктің, екінші дең­гейлі банктер мен қор нарығының мүм­кіндіктерін іске қосу керек, – де­ген еді Президент елге жолдаған Үн­деуін­де.
Президент шешімінен кейін Ұлт­тық банк 1 триллион қаржы тартуға қауқарлы арнайы компания құрып, ол қаражат Елбасы айтқан шарттарды орындауға жұм­салады. Осы орайда «7–20–25» бағдарламасы жылжымай­тын мүлік нарығына, жалпы қазақ­стан­­дық­тарға қалай әсер етеді деген сауал­­ға жауап іздеген едік. Экономист Мақ­сат Халық бұл жобаны өте батыл қа­­дам деп есептейді.
– Өйткені қазіргі таңда 7 пайыз де­ген еш жерде жоқ. Оның үстіне Ұлттық банк­тің базалық пайыз­дық мөл­шер­ле­месі бар. Ол бүкіл екінші дең­гейлі банк­­­тердің пайыз­дық мөл­­шер­ле­ме­сіне әсер етеді. Мұ­ның өзі қазір 9,5 пайыз бо­лып тұр. Бұл жер­де «Екін­ші дең­­гей­лі банктердің өзі 9,5 пайызбен ақ­ша алып отыр­ғанда одан төмен пайыз­бен қалай несие беруі мүмкін?» деген сұрақ туындайды. Шындап келгенде біздің банктер ондай пайыз­бен төлеуге дайын емес. Келе­шекте бірте-бірте жүзеге асады деп ойлай­мын. Ұлттық банктің жүргізіп отырған ин­фляциялық таргеттеу саясаты ин­фляция деңгейін 2020 жылға қарай 4 пайызға дейін түсіруге бағытталған. Егер ол мақсат іске асатын болса, онда бірінші кезекте Ұлттық банктің база­лық пайызы түседі, сосын екінші дең­гейлі банктердің пайыздық мөл­шер­лемелері төмендейтін болады, – дейді сарапшы.
Жылжымайтын мүлік фе­дера­ция­сы­ның президенті Ермек Мү­сіре­пов те жаңа бағ­дарламаның на­рық­қа ерек­ше серпін беретініне се­­­німді.
– Мұндай пайыздық мөлшерлемені қазақстандықтар көп күтті. Егер бағ­дар­лама іске асса, онда экономика үшін де, тұрғын үй нарығы үшін де өте пай­далы болмақ. Жылжымайтын мү­лік нарығының барлық қатысушы-лары мұны қолдайды. Бұл ретте әрбір адам банк­ке келіп, ипотека рәсімдей алады, – дейді ол.
Бағдарлама сәтті атқарылуы үшін Ұлттық банк ал­дымен жобаны қаржы сек­то­рының өкіл­д­е­рімен тал­қы­лайды, заңдық мәселелерін анық­тайды. Бас бан­кирдің айтуынша, бағдарлама тура Президент айт­қандай жұмыс істемек. Яғни, адам­дар ипотеканы 7 пайыз жыл­­дық мөлшер­лемемен алады, ал­ғаш­­қы төлем 20 пайыздан аспайды жә­­не қарызды өтеу уақыты 25 жылға дейін бекітіледі.
– Бұл – шын мәнінде, өте күрделі тап­­сырма. Дегенмен біз нарықтық ұста­­нымдарға сүйене отырып жүзеге асыруға ниеттіміз. Қазір ипотекалық порт­феліміздің салмағы 1 триллион тең­геден сәл асады. Бұл – 2001 жылдан 2016 жылға дейін берілген несиелер. Жоба тұрғын үй нары­ғына серпін бе­ріп, экономикалық өсімді де ын­талан­дыра түседі. Құрылыс – бұл экономи­ка­ның көптеген саласына сер­піліс сый­лайтын бірден-бір мультипли­ка­тивті әсер. Сондықтан біз алда тек жа­ғымды өзгерістер күтеміз, – деді Да­нияр Ақышев.
Сарапшылардың айтуынша, бағ­дар­лама ел азаматтарының қызығу­шы­лығын тудырады.
– Арнайы ипотекалық ұйым ар­қы­лы тұтынушыларға 7 пайыздық не­сие беру қамтамасыз етіледі. Яғни, 7 пайы­зын ғана тұтынушы төлейді, қал­ған пайызы мем­лекет тара­пы­нан суб­си­дия­ла­на­ды. Бұл жоба «Даму» кә­сіп­керлікті дамыту қоры арқылы кә­­сіп­­керлерге қазір 7 пайызбен бері­ліп отырған несиенің мысалында жүзеге асады. Бірақ бір мәселе бар – бұл жоба қан­шалықты ауқымды болады және халық оған қаншалықты қатыса алады деген. Бағдарламаға қатысып көруге көп азаматтардың ынтасы бар. Ипо­тека­лық мерзімнің 25 жыл болып отыр­ғаны айлық төлемді төменірек тө­леу үшін жасалып отыр. Бір жағынан қолжетімді баспана болады. Айына 55-60 мың теңге көлемінде төлеп тұру – азаматтарға тиімді. Ипотекалық үй­лер­ді рәсімдеуге қатысты арнайы қа­рас­тырылған заң жоқ – 25 жыл бойы төлеп тұру керексіз деген сияқ­ты. Адам­ның мүмкіндігі болса 10-15 жыл­дан кейін негізгі қарызды жауып тас­тауға болады, – дейді экономист.
Әрине, ипотекалық несиенің қол­же­тімділігі өз кезегінде сұраныс ин­фля­циясына жол ашуы мүмкін. Де­генмен мамандар бағаның мемлекет тарапынан бақыланатынына сенімді. Қайткен күнде де жоба тұрғын үй ба­ғасының шарықтап кетуіне әкеліп соқ­тырмауы тиіс.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*