Кендір өндірісі керек пе?

1845
0
Бөлісу:

Қарасора өсімдігін Ресей, Өзбекстан елдері медициналық шикізат ретінде заңдастыруды қарастырып жатыр. Қарасора өсімдігі 1961 жылдан бастап есірткі санатына жатқызылуына байланысты қолданыстан мүлде алынып тасталған. Қазіргі медицинаның мәлімдеуінше, одан бүкіл ауруға ем болатын «панацея» жасауға болады екен.

Қарасораны техникалық және меди­ци­налық тұрғыда пайдалану тәжірибесі бая­ғыдан бар. Техникалық қарасораны өсіру шаруашылығын қайта көтеру туралы мә­селені Ресейдің заңгерлері біраз жылдан бері қозғап жүр. Бұдан бұрын Ресейде құ­рыл­­ған тәуелсіз комиссия бұл өсімдіктің адам ағзасына келтіретін зиянды әсерін жан-жақты тексере келе, оны медицина­лық мақ­сатта қолдануға болады деген ұй­ға­рымға кел­ді. Есірткіні бақылау федерал­дық қыз­ме­тінің директоры былтыр «Ре­­­сейде 2018 жы­лы марихуананы заңдас­тыру мәселесі ше­шілуі мүмкін» деп мәлім­де­ген. Ресей Ду­ма­сының депутаттары өн­діріске және ауыл шаруашылығына өте қа­­жетті мәдени өсім­дік ретінде есірткісіз қарасораны егіс ал­қап­тарында өсіру идея­сына қарсы емес. Олар­ды бірқатар эко­но­ми­калық сарап­шы­лар да жақтады. Н.Ва­вилов атындағы инс­титуттың ға­лым­дары былтыр құрамында есірткі зат­тары жоқ қарасораның жаңа түрін шы­ғарыпты. Құрамында тетрагидрокан­на­бинолдың 1 пайызы ғана болса, ол психикаға әсер ете­тін өсімдікке жатады. Селекция­лық жол­мен жаңадан алынған қарасораның бұл түрі каннабиноид санатына жатпайды екен. Демек, қарасораның бұл түрін қол­дан өсіру есірткінің таралуына, нашақор­лық­тың өсуіне себеп болмайды. Оның үс­тіне бұл өсімдік жіп иіру өндірісіне пай­­­­­дала­ны­лады.Оның майы адам ағ­за­сы­на өте пай­далы. Сондай-ақ қарасора та­би­ғатты пай­да­лануда эко­логиялық тепе-тең­дікті са­қ­­тауға тиімді әсер ететін көрінеді. Қа­расора өсім­дігін мә­дени дақылдар қата­рына жатқызып, оның адам денсаулы­ғына, өн­діріске және ауыл шаруашылы­ғы­на пай­даланудың маңы­зы зор екенін ес­керген Ресей Дума­сы­ның де­пу­таттары бұл баста­маны қолдап отыр.

1961 жылы БҰҰ-ның «Есірткі заттары туралы» конвенциясында каннабис өсімдігі героин сияқты аса ауыр есірт­кілердің қатарына жатқызылды. Бұл конвенцияға қол қойған мемлекеттерде содан бері бұл шөп ешқандай мақсатқа пайдаланылмайтын болды. Бірақ ол кездегі Кеңес Одағы қазір жоқ, оның ор­нында пайда болған жаңа республикаларға бұл халықаралық заң жүрмейді. Қаңтар айында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Ташкент облысына шыққан сапарында техникалық қарасораны өсіру жоспарымен танысты. Алдағы уақытта Өзбекстан қарасораны ауыл шаруашылық өнімдерінің бірі ретінде өсіріп, кеңінен жолға қоймақшы. Батыс Еуропа мен АҚШ-та техникалық қарасорыны ав­токөлік жасау, жеңіл өнеркәсіп салаларына соңғы жылдары пайдаланатын болды. Президент Ричард Никсонның кезінде АҚШ-та 1971 жылдан бастап каннабисті қолдануға, сақтауға және таратуға толықтай тыйым салынған болатын. Оның күші жойылды, қазір АҚШ-та қарама-қайшы екі заң бар. Федералдық деңгейде «шөпті» сатуға қатаң тыйым салынған. Бірақ бұрынғы президент Барак Обама есірткінің бұл түрін медициналық тұрғыдан заңдастыру мәселесін әр штаттың өзі шешеді деп мәлімдеді. Федералдық биліктің жергілікті билікке бұл жағынан ешқандай қарсылық айтуға құқысы жоқ. Бүгінде Колорадо штаты қарасора өсіретін орталыққа айналды. Егер бұл тәжірибе оң нәтиже берсе каннабис бүкіл елге та­ралатын болады. АҚШ-та 1991 жылдан бастап марихуана сатып алушылар клубы заңды түрде жұмыс істейді. Олардың медициналық салаға пайдалану үшін «қара базардағы» бағадан арзанырық сатып алуға құқы бар.
Қарасораны емдікке пайдалану бұдан елу ғасыр бұрын басталған. Ең алғаш бұл туралы б.д.д III ғасырда Үндістан және ацтек халықтарының тарихында айтылған. Қазіргі ғылыми тілде Cannabis sativa subsp. Sativa – «егістік қарасора» және Cannabis sativa subsp. Indica – «үнді қарасорасы» деп екіге бөледі. Үндістанда каннабис кеңінен таралған. Онда көбінесе медицина сала­сына пайдаланады. Ал «чуллым» ретінде шегетіндер қатаң жазаланады, бірнеше рет ұсталса өлім жазасына кесіледі. Өсімдіктің бұл түрі алғаш рет Қытайда б.д.д. 2800 жылдары пайда болған, біздің жері­мізге де сол кездерде келген болуы керек. Сақтардың есірткіге елітуін тарихшы Геродот жазып қалдырған. Қарасораның емдік қасиеті көп: Ежелгі Үндістан мен Таяу Шығыс халықтары талма, жүрек айну ауруларына, ауырғанды басатын дәрі ретінде қолданған екен. Еуропалықтар­дың ішінде қарасораны емге жиі пай­далана­тын – ағылшындар. Бристольдық ғалымдар марихуананың алкоголь мен темекіден зияны аз деген пікірде. The Lancet журналына жарияланған қатерлі
20 есірткінің ішінде марихуана 11-орында тұр. Темекі никотині 9-орында болса, алкоголь 5-орында. Алайда бұл екеуі бар­лық елдерде де есірткіге жатқызылмайды.
ХІХ ғасырдың ортасында Үндістанды отарлаған ағылшын хирургтері каннабисті ауырғанды сездірмейтін дәрі ретінде, бұлшық еттердің тартылуына, ревматизмге, эпилепсияға қарсы қолданған. Қазіргі кезде оның басқа да емдеу қасиеттері табылған. Мысалы, қарасорадан жасалған дәрілер қатерлі ісік аурулары мен СПИД ауруларын емдеуге пайдаланылады. Одан қатерлі ісікке қарсы дәрі жасалады. Бұл дәрілердің барлығы америкалық тамақтану және медикаменттер әкімшілігімен бекітілгендіктен барлық елдерде дәстүрлі медицинада қолданылады. Жақында Мадрид зерттеу орталығының ғалымдары қарасораны альцгеймер ауруына қарсы дәрі ретінде пайдалануға болатынын дәлелдеген. Зерттеу мәліметтеріне қара­ғанда, ми нейрондарының зақымдануы кезінде клеткалар қызметінің тежелмеуіне әсер ететін көрінеді. Оның сүті – жүрек пен ми үшін таптырмайтын Омега-3 май қышқылының көзі. Жүрек, қан тамырлары ауруларының алдын алатын Омега-6 қышқылы да осында, одан басқа амин қышқылдарының барлық түріне бай екен.
Қазақстанның оңтүстігінде, әсіресе, Жамбыл облысында қаулап өсетін қарасора шөбіне бүгінде тек марихуана, гашиш сияқты есірткі заттарын алатын улы өсімдік ретінде қарайды. Ал оның пайдасы шаш етектен екені ескерілмейді. Бұрынғы кезде қарасорадан жасалатын кендір жіп, кенеп қаптар, кемелердің желкендері үлкен сұранысқа ие болатын және оның 70-80 пайызы Қазақстанда жасалатын. Қазір олардың барлығы химиялық әдіспен, синтетикалық талшықтардан жасалатын болғандықтан, кендір жіптен тоқылған сапалы желкен­дерге теңізшілердің қолы жете алмай жүр. КСРО кезінде әскери теңізшілер қара­сорадан жасалған матадан тігілген көйлек, шалбар киетін, ол теңізде суды да желді де өткізбейтін өте ыңғайлы киім болды.
1961 жылғы конвенцияға дейін ауыл шаруашылығына қажетті мәдени өсімдік ретінде қарасораны өсіруге қатты көңіл бөлінді. КСРО Халық комиссариаты кеңесі мен Бүкілодақтық компартия Орталық комитетінің 1934 жылдың нау­рызындағы қаулысымен диқан-шаруалар бақшаларына, егістіктерге кендір егетін болса, оларға жеңілдіктер мен артық­шы­лықтар берілген. Өйткені одан орасан мол пайда алатын болды. Қарасора КСРО ке­зінде негізгі ауыл­ша­руашылық салалардың бірі болды. Оның жапырағы бидай, күнбағыс сабақтарымен қатар Мәскеудегі Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіндегі «Халықтар достығы» атты бас фонтанның ортасында тұрды. Ресейдің Тула облы­сындағы Ким ауданының гербі мен туында қарасораның суреті салынған. Тіпті рекордтық табысқа жеткен «Красная конопля» колхозының стахановшыларына «Үздік конопля орушы» деген медаль берген.
Егістік қарасора туралы орыс тілінде жиырма томдық кітап жазылған. Онда бұл өсімдік жіп есуге болатын, асқа пай­даланылатын азық және емдік қасиеті бар өсімдік ретінде қарастырылады. Қарасораның дәні малдың іші қатқанда емдейтін дәрі, оның шырыны құлақ ауруы отитті емдеу, ал тамыры буын ауруларына, күйген жерді емдеуге пайдаланылады. Дәнін тағамға қосады. Өсімдіктің сабағынан қағаз, киім, аяқ киім, арқан, жіп, трос, канат жасалады. Мұны дамыған мемлекеттер жақсы игерген. Көптеген елдерде қарасора өсірушілерді көтермелеу науқандары болды. Мысалы, Англияның королі Генрих VIII 1533 жылы «Әрбір фермер белгілі мөлшерде қарасора егуі тиіс» деген жарлық шығарған. Ресейдің еуропалық бөлігінде XIX ғасырдың аяғында 140 мың тонна кендір өндірілетін болған. Ұлыбритания XVII ғасырдың аяғынан бастап арзан кендірді, флотқа қажет канат пен желкендерді Ресейден сатып ала бастады. Қазіргі кезде Британия аралының оңтүстік шығысында ас мәзіріне, парфюмерия өндірісіне және медицинаға қолдану үшін қарасора егіледі. АҚШ Конституциясының алғашқы даналары кендірден жасалған қағазға басылып шыққан.
1990 жылдары Германияда қарасора егуге рұқсат берілді. Қазір фермерлер Еуропалық экология қорынан жылына әр гектарға 600 доллар көлемінде дотация алады. Берлинде каннабис өсімдігіне арналған музей жұмыс істеп тұр. Демек, қарасораны өндіріске пайдалану мол пайда әкеледі деген сөз. Егер құрамында есірткі жоқ түрін ресейліктер егіп жатса оны бізге де игеру керек шығар. Қарасораның қалың өсетін жері – Қазақстан. Оны екпесе де, қаулап шыға береді. Тек оны өңдейтін фабрикалар мен дәрі жасайтын медициналық комбинаттар салу керек. Кендірден тоқылатын маталарды теңіз жағалауларындағы елдер желкен жасауға таба алмай отыр. Егер кендір мен кенепті экспортқа шығаратын болсақ, қарасора өсіруге шыққан шығынды молынан ақтары сөзсіз. Ертең Ресей қарасораны өңдеуді шындап қолға алса, біз шикізатты солай өткізіп, кендір майын, жапырағынан жасалған дәріні солардан сатып алатын боламыз. Сон­дықтан қарасораға табиғи байлықтары­мыздың бірі ретінде қарап, қолда бар дүниені ұқсатқанымыз жөн болар.

Қайыржан ТӨРЕЖАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*