СЕНІМ МЕН СЕРТ

1169
0
Бөлісу:

«Өз күшіне сенбеген халық та, адам да ешқашан өмір бәйгесін ала алмайды». Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың сөзі. «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп серт беріп, сол жолда соңғы демі біткенше арпалысып, елге қызмет етудің үлкен үлгісін көрсетіп кеткен кісінің сөзі әрдайым санамызда жаңғырып тұруы тиіс.

«Қазақтың әрбір тасы қазақтың өңі­ріне түйме болып тағылуы тиіс» деген Әлекеңнің аманаты осы күнгі ат үстіндегі азаматтарымыздың қа­пе­рінен шықпаса дейсің.
Кейде біз біраз нәрсені еңсеріп тас­тасақ, «іс біттіге» санайтын бо­лып жүреміз. Тәуелсіздіктің ширек ға­сырдан сәл асатын тарихында ба­ғ­ыт пен бағдарды жедел анықтап бер­ген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ше­шімтал іс-қимылының жетегімен бір­қатар реформа жүзеге асты: ел-жұрт өкіметке алақан жаюдан арыл­ды, жеке тірлігін өрістетіп жатқан аза­маттар қатары артты, өзінің ғана емес, өзгелердің де арбасын сүйреп жүр­ген сол азаматтардың көбісі өз ісі­нің дұрыстығына сенді.
Халықтың ішкі қуатына көп нәр­се байланысты. «Өз күшіне сен­бе­ген халық та, адам да ешқашан өмір бәйгесін ала алмайды!» деген сөз­дің түп-төркініне қайта бір үңіліп кө­релікші. Ұлт ұстазы Абай жарық­тық та «Өзіңе сен!» деп ұлағат еткен жоқ па?!
Елдік мәселелер ешқашан күн тәр­тібінен түспек емес. Тілге, жерге, ділге келгенде табандап отыратын жайы­мыз болуы керек еді, сынаптай сыр­ғып, ортекедей ырғып, тіпті «қой­шы, бәрібір ештеңе өзгермейді» де­ген сарыуайымды серік етіп те ал­ған­даймыз.
Қазір жаппай жаңарудың уақыты келді. Сенім келді ме? Бұрынғыдай тың серпін, сергек қимыл неге жоқ? Бәл­кім, тоқмейілсу дегенге тап бол­дық па?
– Қазіргі таңда «Нұр Отан» пар­тия­сы көз алдымызға үлкен бір спорт сайысында жеңіске жетіп, кейін жаттығуды ұмытқан, өз-өзі­мен жұмыс істеуді мүлдем тоқтатқан, ал­дағы мақсат-мүдделерін ысырып қойып, күнделікті күйбең тірліктен арыла алмай өмірдің ағысымен ғана жылжып келе жатқан спортшыны елестетеді. Сондықтан баршамыз ол спорт­шының қайтадан ес жиып, қарқынды жаттығуына, мақсат­та­рын айқындап, физикалық қана емес, интеллектуалды тұрғыда да өз-өзін қолға алуына және нағыз чем­пион болуына күш жұмсауымыз ке­рек. Бұл – біздің алдағы уақыттағы бас­ты міндетіміз. Осы жолда бәріміз жұ­дырықтай жұмылуға тиіспіз, – де­ген еді партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев.
Өмір бәйгесі тоқтамайды! Мақ­сат – әлемдегі озық 30 елдің қата­ры­на қосылу. Қазақы қамсыздықпен, мың­дарды билеп алған масыл­дық­пен, ынсапсыз ысырапшылдықпен алға түсіп кеткен елдерді қалай қуып жетпекпіз? Бірлі-жарым адам өмір бәй­гесінде жүлдегер болса, бұл ұлт­тың жетістігіне жата ма?!
Оңтүстік Кореяның бұрынғы пре­зиденттерінің бірі айтты деген әң­гіме бар: «Ей, кәрісім! Мен жет­кен жетістікке, сен де жетесің, ол жет­­кен жетістікке бұл да жетеді. Бә­рі­міз бір-біріміздің аяғымыздан шал­май, қатар жетілуге жегілсек қай­теді!»… Тығырыққа тіреліп, дағ­да­рыс­қа ұшыраған сол Корей елі қа­зір қайда? Біз қайдамыз?!
Қазақтың өзін зор ететін қалыбы бар. Ол – жаңаға ұмтылудан, біл­мес­ті білуге, әр нәрсеге әуес болуынан көрі­неді. Мұны Шоқан Уәлиханов та жазып кеткен. «Қазақ – жаңа нәр­сеге бейімделгіш» деп…
Қазақтың өзін қор ететін де қа­лы­бы бар. Жалқаулық, керенаулық, қараулық, көреалмастық, қысастық, қастық, қамсыздық, қырсыздық… са­насаңыз – саусағыңыз жетпей қалуы мүмкін…
Ал айтыстық, тартыстық. Арпа­лыс­тық. Атыстық. Сонда не таптық? Не табамыз?!
Жұрт жұлысудан озатын болса, қа­зақ баяғыда әлем халықтарының ал­дына түсіп кетер еді…
Ұлт ұғысу арқылы ғана озады. Бұл үшін не қажет? Сенім! Өзара се­нім! Өзіңе сенім! Сенімің бар екен, сертің қайда? Осы күнгі бай-бағ­ландар мен ойлы оғландардың қай­сысы «Қа­зақ­қа қызмет қылмай қой­маймын!» деп өзіне серт бере ала­ды?

Нұртөре ЖҮСІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*