МЕМЛЕКЕТ ЖАСТАРҒА ЖАҒДАЙ ЖАСАП ЖАТЫР

1087
0
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастамасы» көпшіліктің көңілін көтеріп, нақты жоспар құруға мүмкіндік берді. Бұл туралы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Жастар саясаты департаментінің директоры Асхат Оралов мәлімдеді.

ЖасTalks пікірталас алаңында жастар Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасын» талқылап, ойларын ортаға салды. Жиынға Мәжіліс депутаты Бақтияр Мәкен, «Жастар» ҒЗО директоры Талғат Қалиев, Астана қалалық мәслихатының депу­таттары Илья Мещеряков пен Саят Бат­пенов, жеке кәсіпкерлер және рес­публикалық жастар ұйымдары мүшелері, «Астана жастары» көшбасшылары қатысты.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастама­лары» көпшіліктің көңілін көтеріп отыр. Өйткені аталған 5 бағдарламада жастардың мәселесі жан-жақты қамтылған. Мысалы, Президент жас кәсіпкерлерді қолдау мақ­сатында 20 млрд теңге қаржы бөліп отыр. Демек, алдағы уақытта 14 мыңға жуық жас кәсіпкер өз жұмысын бастайтын болады. Егер бір кәсіпкердің қолында 4-5 немесе 10 адам жұмыс істесе, онда 100 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамтамассыз ете ала­тын боламыз. Сондай-ақ 2022 жыл­дың ая­ғына дейін студенттерге арнап 75 мың орын­дық жатахана салу жоспарланып отыр. Бұл – студенттерді сапалы білім алып, мықты маман болып шығуына бір­ден-бір әсер ететін фактор. Президенттің әлеуметтік бағдарламасында студенттерге ғана емес, сонымен қатар мектеп оқушы­ларына зор же­ңілдік жасалады. Айталық, биылғы мек­теп түлектеріне арнайы 20 мың грант бөлінбекші, – дейді ол.
– Мемлекет басшысының «Бес әлеу­меттік бастамасы» жастарға үлкен сер­піліс берді. Өйткені мектеп оқушы­лары­нан бастап, студент және жас отба­сы­лардың күр­делі мәселелері өз шеші­мін табады. Мы­салы, 7 пайызбен 25 жылға несие беру – жастар үшін өте өзекті мәселе. Себебі, елі­міздің ірі қалаларында жастардың көпшілігі баспанаға зәру болып жүр. Президенттің әлемуеттік бастамалары осы үй-күйсіз жүр­ген азамат­тардың нақты жоспар құруына мүмкіндік берді. Қазіргі таңда 253 мыңнан астам жас жоғары оқу орнында білім алуда. Өкінішке қарай, көптеген университеттер өз студент­терін жатақханамен қамтамасыз ете алмауда. Елбасы 2006-2007 жылдары еліміздегі жатақхана мәселесін шешу туралы тапсырма берген болатын. Алайда ол кезде дүниежүзілік қаржы дағдарысы бас­талып, игі іс аяқсыз қалды. Енді сол жұ­мыс қайтадан жанданайын деп жатыр. Елбасы білім алуға келген жастың міндетті түрде жататын жатақханасы болуы керек екенін міндеттеді. Тоқсан ауыз сөздің то­бық­тай түйіні, мемлекет жастарға барлық жағдайды жасауда. Енді сол мүмкіндікті жастар ұтымды пайдаланып, өзіне және қоғамға пайда келтіруі керек, – дейді ол.
ЖасTalks пікірталас алаңына жиналған жастар қажетті мағлұмат алып, сала ма­мандарына сұрақ қойды. Білікті ма­мандар өз кезегінде жастардың сұрақтарына ыж­дағаттылықпен жауап беріп, ақыл-кеңес­терімен бөлісті.

 

Серік ЖОЛДАСБАЙ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*