Әскердегі 100 жаңа есімді табуды ұсынды

649
0
Бөлісу:

Мәжілістің жалпы отырысында бірқатар депутаттар Үкімет мүше­леріне сауал жолдады. Атап айтқан­да, «Нұр Отан» фракциясының мү­ше­сі Б.Смағұл Премьер-министр Б.Са­ғынтаевқа қайырылып, Елба­сының биылғы Жолдауында «жаңғы­ру негі­зі» деп бағаланған адами ка­питалды дамыту қорғаныс саласына да тікелей қатысты екеніне назар аудартты.

Барлық озық елде жауынгерлердің сапасына, жеке құрамның моральдық-психологиялық жағдайына деген қамқорлық мемлекеттік саясат деңгейіне шығарылған. Өйткені әскерилердің биік рухы, Қарулы күштердегі қызметін мақ­таныш тұтуы сайып келгенде, жауынгерлік даярлықты және елдің қорғаныс қабілетін жоғарғы деңгейде қамтамасыз етуге ықпал етеді. Қазіргі заманғы армияға жүктелген міндеттер әскери қызмет­керлерді әскери тәрбиелеуді ұйымдас­тыруға, олардың бойында кәсіби және адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру ісіне жоғары талаптар қояды.
– 1993 жылғы 19 қаңтарда қабылданған «Қазақстан Қарулы күштерiнде коман­дирлердiң (бастықтардың) тәрбие және әлеуметтiк-құқықтық жұмыс жөнiндегi орынбасарларының инсти­тутын құру туралы» Президент Жарлығына сәйкес, «тәрбие және әлеуметтiк-құқықтық жұмыс (ТӘҚЖ) бойынша орынбасарлар институты» Қорғаныс министрлігінің орталық аппаратынан бастап, роталарға дейiнгi буындарда тегіс енгізілді. Алайда кейін бұл сала өзгеріске ұшырап, Қарулы күштерде осы жұмыс Бас штабқа жүктелді. Нәтижесінде, қазіргі кезде министрліктің орталық аппаратында ТӘҚЖ-ның дербес басқару органы жоқ. Бұл ТӘҚЖ орган­дары мәртебесіне жауап бермейді, – дей келе, Бақытбек Смағұл Қорғаныс ми­нистрінің тәрбие және әлеуметтiк-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары лауазымын қайта қалпына келтіруді ұсынды. Бұл – дамыған елдер тәжірибесі.
Сондай-ақ ол Қарулы күштердегі тәрбие және әлеуметтiк-құқықтық жұмыс бағыттары қайта қаралып, Елбасы жа­риялаған рухани және технологиялық жаңғыру міндеттерімен ұштастырылуға тиістігін нықтады. Бұдан бөлек Б.Смағұл Президенттің «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасындағы бастаманы үлгі ете отырып, тәуелсіз Қазақстанның Отан қорғаушыларының қаһармандығы мен жетістіктерін көрсетіп, қоғам арасында насихаттайтын «Әскердегі 100 жаңа есім» жобасын өткізу туралы ұсыныс айтты.
Ал нұротандық депутат С.Қаныбеков вице-премьер – Ауыл шаруашылығы министрі Ө.Шөкеевке жүгініп, «2016 жыл­дың қазанында мақта саласына қатысты сауал жолдағанын, өзектілігі мен шешілмеген мәселелерге байланысты осы тақырыпқа қайтадан оралып отырғанын» жеткізді.
«Мақта шаруашылығы Қазақстан экономикасында ерекше орын алады. ОҚО-да 500 мыңға жуық ауыл тұрғыны осы салада жұмыс істейді. Бұл халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен әл-ауқаты көбінесе, мақта шаруашы­лығының тиімділігіне байланысты. Мақта өндіру бүгінде нарықтық емес, әлеуметтік мәселеге айналды» деді депутат.
Оның дерегінше, қазіргі уақытта егістік алаңдары жартысына дейін қыс­қарып, тұқымдық материалдың сапасыз болуы салдарынан мақтаның сапасы нашарлап кетті. Бұл «бірінші кезекте, 2007 жылы мақта қолхаттары жүйесінің енгізілуіне байланысты», ол тиімсіз болып, қаржыландырудың қолданыстағы жүйесін бұзды, саланың құлдырауына әкеп соқты.
Сондықтан депутат жағдайды түзеу үшін «шұғыл шараларды қабылдайтын кез келді» деп есептейді. Мәселен, «заем негізде ұзақмерзімді қаржыландырудың банктерден басқа баламалы тетіктерін қарастыруды» сұрады.
Ерік ЕРДЕНОВ

Бөлісу:

Пікір жазу


*