Бастама қызу қолдау тапты

1195
0
Бөлісу:

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында халыққа жолдаған бес әлеуметтік бастамасы қазақстандықтар тарапынан қызу қолдауға әрі үлкен қызығушылыққа ие болды. Қазіргі кезде барша облыс басшылығы осы бес басымдылықты негізге алып, экономикалық мүмкіндіктерді еңсеруге белсене кіріскен.
Елбасының бес әлеуметтік бастамасы – баспана алуға, салық жүктемесін азайтуға, студенттердің жатақханасын жақсартуға, шағын несиені көбейтуге және газдандыру мәселесіне бағытталғаны белгілі. Осы орайда Қызылорда облысы қарқынды жұмыс атқаруда. Мемлекет басшысының Үндеуінен кейін облыс активі­нің жиынын өткізген облыс әкімі Қырымбек Көшер­баев аталған бес бастама төңірегіндегі шаруалардың атқарылу жайын баяндады. Әкімнің айтуынша, жедел түрде бастапқы жарна ретінде 20 пайыз қаржысы бар салымшыларға талдау жасалмақ. Сонымен қатар өңір басшысы шағын несиелендіруді арттыру мақсатында аймаққа қосымша қаржы тартуды көздейтіндерін жеткізді. Қазір осы салаға 3 млрд теңге қаражат бөлу жоспарланып отыр. Осының арқасында кемі 500 жоба қаржыландырылады.

– Енді әрбір қазақстандық жаңар­тылған ипотекалық шарттар бойынша несиелер ала алады. Осы орайда облыста көптеген тиімді бастамалар көтеріліп, олар жылдам қарқын­мен жүзеге асырылады. Сонымен бірге, біз 2017 жылы әзір­ленген «Орда» «Жол картасы» арқылы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамтамасыз еткіміз келеді, – деді Қырымбек Елеуұлы.
Әкім сөзіне сүйенсек, Елбасы айтқан «жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру» мәселесі де назардан тыс қалмай, іске асатын болады. Бұған қызы­лордалық мектеп бітірушілердің Ресей Үкі­метінің гранты есебінен білім алып жатқаны да дәлел болады. Облыс басшылығы бака­лавр және магистратура бағдарламасы бойынша К.Тимириязев атындағы Мәскеу ауылшаруашылық академиясына 28 та­лапкерді оқуға қабылдау туралы келісімге келген. Сондай-ақ жыл сайын ауылдан шыққан 100 шақты дарынды бала облыс әкімінің грантымен еліміздегі іргелі жоғары оқу орындарына жіберіліп жатыр.
Елбасының Астананы газдандыру мәселесі бойынша да Қызылорданың ше­шуші рөлге ие екендігін атап өткені бел­гілі. Енді Қараөзектен шыққан газ Орталық Қа­зақстанды көктей өтіп, Астанаға жеткі­зіледі. Әкімнің пікірінше, 370 млрд теңге болатын бұл ірі жоба 200 қызылор­далықты жұмыспен қамтиды.
Президенттің Үндеуін естіп, іске білек сыбана кіріскен облыстың бірі – Қостанай. Кеңейтілген жиын барысында облыс басшысы Архимед Мұхамбетов Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасын айтып, студенттік жатақханалар құрылысы туралы жағымды хабарды жеткізді.
– Бізде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университеті жа­нындағы жатақхана құрылысының жоба­лық-сметалық құжаты дайын тұр. Бұл үлкен пайда әкеледі. Біріншіден, студенттердің білім алуына жағдай жасаса, екіншіден қылмысты азайтады. Қазір біз басқа да жоғары оқу орындарымен жұмыс істеп, мемлекеттік-жеке серіктестік аясындағы шаруаларды реттеу қажет. Бірақ жатақханаға арналған жер университет ғимаратының қасынан берілуі тиіс, – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар облыс басшысы сту­дент­терге арналған жатақхана тек Қоста­найда ғана емес, басқа қалаларда да қарас­ты­рылып отырғанын айтты. Ол атап өт­кен­дей, Рудный мен Арқалықта да жөн­деп, жатақханаға айналдыруға болатын бір­қатар нысандар баршылық. Жиын соңында Архимед Мұхамбетов Елбасы бастамасы елдің әлеуметтік-экономикалық саласына жаңаша тыныс, серпін беретінін, сол үшін облыс басшылығы тиімді ұсыныстар жол­дайтынын хабарлады.

 

Абай АЙМАҒАМБЕТ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*