ҰЛТ ПЕН ҰРПАҚ ҰСТЫНЫ

1597
0
Бөлісу:

Қазақта тәлім-тәрбиенің өзегі – ата мен ана жолы. «Ата көрген – оқ жонар, ана көрген – тон пішер» деген сөзді айтқанда, тура сол қалпында айта салмаған; мұның астарында өнеге, үлгі, тәрбие негіздері жатыр. Ал тұтас ұлтты ұйытатын – Аналар екені рас. Ұлт пен ұрпақ тәрбиесінің ұстыны – қазақ аналарының қолында. Ғасырлар бойы осылай қалыптасты.

– Қазақта «Ұл туса – ұрпағым өседі, қыз туса – ұлтым өседі» деген ұлағатты сөз бар. Кең байтақ Ұлы даламызда есім­дері ел мақтанышына айналған ардақты аруларымыз аз емес. Әйел әсем­дік пен әдеміліктің, көрегендік пен көркемдіктің, береке мен бірліктің символы болып та­былады, – деді Елбасы.
Қашанда қарасөзге келгенде ағып тұратын Мемлекет басшысы: «Дана­лардың өзі аналардан туады», «Еркектің қайламен бұза алмағанын, әйелдер айламенен бұза алады», «Әйел – ырысың, қыз – өрісің, келінің – ты­нысың», «Әйел­дерді сөйлетудің амалы көп, бірақ сөйлетпеудің ешқандай тәсілі жоқ» деген халқымыздың бал­таласаң да бұза ал­майтын жақсы сөздерін мысалға келтірді. Астанадағы «Қазақстан» концерт залында өткен «Көктем шуағы» атты концертте «Пре­зиденттің бес әлеуметтік бастамасы» атты бағдарлама ең алдымен сіздерге арналған, құрметті ханымдар», – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Осы­лайша, Елбасы әйелдің жағдайы жақсы болса, әлеуметтің жағдайы да жақсы бо­лады деген ойға қазық қақты. «Арулардың ақыл-ойының күш-жігері өз шаңырағын да, қоғамды да өрге сүйрей алады. «Әйел­дерсіз күн көруге болады, бірақ көрген күнің күн болмайды» деген Қадыр ақын. Сіздер әрдайым ер-азаматтарға қолғанат болып, оларды үнемі қолдап келесіздер» деді Президент.
Қазақ әйелдері нәзік сияқты болғаны­мен, ұлт пен ұрпақ тағдыры таразы ба­сына түскенде ер-азаматтардан бетер қайрат қылғаны тарихтан белгілі. Сонау сақ заманындағы Тұмар ханымнан кешегі Айғаным, Ұлпандарға шейінгі ел билеген аналардың бір парасын айтпағанда, ақындық, өнерпаздық, сұлулық жағынан есімдері қалың қазақтың жүрегінде жатталып қалған қаншама ару бар. Аңыз-дастандардағы, лиро-эпостық жырлар­дағы қазақ қыздарының бейнесі талай полот­ноның сәнін келтірер еді.
Қазақстанда 337 000 автомобильдің иесі – әйелдер екен. Олардың арасында таза көлік айдайтындар – 96 000 адам. Он сегіз миллион қазақстандық тұрғынның 1 525 818-і зейнеткер әйелдер болса, 236 000 көп балалы ана бар екен. Қазақ әйел­дері қазір қоғамдық өмірдің барлық сала­сында жүр. Еркектерден қалыспай, Ота­ны­мыздың гүлденуіне атсалысып жүргені қаншама?! Ұтымды әзіл, қазақы қалжың айту жағынан ешкімнен қалыс­пайтын Елбасы «Жұрт «Әйел қаласа, еркектен бәрін алады, тіпті фамилиясын да алады» деп жиналғандарды бір күлдірді. «Қазіргі көзі ашық, көкірегі ояу әрбір қыз-келіншек, аяулы жар, асыл ана білікті маман болуды қалайды. Бұл өте дұрыс» деп артынан қоғамдағы әйел­дердің ала­тын орнын нықтап, сөзін салмақтады.
Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербететін қазақ әйелдерінің, әсіресе жас қыздарымыздың ата жолы, ана дәстүрімен жүруі айрықша маңызды. Қазақ қызына тән иба мен ұяңдық әсте жоғалмауы тиіс. Жаһан жалаңаштанды екен деп қыздарымыз ұят пен аяттан айрылмағаны, ұрпақ тәрбиесінде ғасыр­лар бойы қалыптасқан тәрбие бесігін тербеуі қажет-ақ. Осы тұрғыдан алғанда, «Қазіргі жаһандану заманында қазақ қыздарына тән асыл қасиеттерді сақтап қалуымыз керек. Интернет дәуірінде сырттан ағылған ақпарат тасқынына біржола шектеу қойып жату мүмкін емес. Оның арасында жан дүниесіне жат сан түрлі мағлұматтар бар. Әрбір қазақтың қызында дәуірдің жақсысын бойына сіңіріп, жаманына ішкі сүзгі болуы керек» деген Президент сөзінің жаны бар. Мемлекет басшысы «бүгінгі бойжет­кен – ертеңгі ана, ұрпақ тәрбиелеушісі екенін қыздарымыз ұмытпаса екен» деген тұрғыда аталы сөз айтты.
– Қазіргі қазақтың қыздары қандай болса, ертең тұтас ұрпақ сондай болады. Сондықтан ар-намыс, адалдық пенен адамгершілік, ізгілік пен қайырымдылық, әдептілік секілді асыл қасиеттер қазақ ару­ла­рының бойындағы ұлттық иммуни­тет іспетті. Біз – аруларды ардақтап, оларды киелі шаңырақтың алтын діңгегіне ай­налдырған елміз. Бір заманда бабала­рымыз «Әйел – ырысың, қыз – өрісің, келінің – тынысың» деген. Бүгін Сіздер ұлыстың ұйытқысына, ұлттың ұятына, берекенің бастауына айналдыңыздар. Себебі, біз Тәуелсіз елде тұрып жатырмыз. Саясат­тың бәрін өзіміз шешіп жатырмыз. Тату­лық пен тұрақтылықтың бағасын ақ жаулықты аналардан артық ешкім біл­мейді, – деді.
Ұлттың ұяты! Ұлыстың ұйытқысы! Берекенің бастауы! Қазақ әйелдері мен аруларына арнап айтылған сөздің ең шырайлысы осы болды. Осының бәрін қамтамасыз ететін нәрсе – қазақы қалып. Ата салтынан, қазақтық қалпымыздан айырылмасақ, ұлт пен ұрпақ ұстыны мәңгі тұра бермек! Мереке құтты болсын, аяулы да асыл жандар!

 

Нұртөре ЖҮСІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*