Елбасы салтанатты концертке қатысты

1043
0
Бөлісу:

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында өткен «Көктем шуағы» салтанатты концертіне қатысып, еліміздің барлық әйелдер қауымын 8 наурыз мерекесімен құттықтады.
Нұрсұлтан Назарбаев ел өмірінде әйелдердің ерек­ше рөл атқаратынына тоқталып, Қазақстандағы өскелең жас ұрпақтың санасына адамгершілік құндылықтарды сіңірудің қажеттілігін айтты.

– Жаһандану жағдайында қыздарымызға тән асыл қасиеттерді сақтауымыз керек. Интернет зама­нында қаптаған ақпараттар легін біржола тоқтату мүмкін емес. Әрбір бойжеткеннің жақсы мен жа­манды ажырата білетін ішкі сүзгісі болуы қажет, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы қабылданған бес әлеуметтік бастама, ең алдымен әйелдер қауымына арналғанын айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан әйелдерінің бойында еліміздегі бейбітшілік пен бірлікті нығайтуға септігін тигізетін мейірімділік пен жасампаздық энергиясының сарқылмайтын көзі бар екенін атап өтті.
– Бүгінде жас ұрпақтың тәрбиесі мен олардың білім алуына байланысты бүкіл салмақ сіздерге түсіп отыр. Бала қамқорлығына қатысты негізгі міндетті өздеріңізге алып, олардың дүниетанымын қалып­тастырасыздар, өзіне деген сенімін жетілдіресіздер. Сіздер өз сенімдеріңізбен, үміттеріңізбен және ма­хаб­баттарыңызбен еліміздің жарқын болашағының берік негізін қалап келесіздер, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы бүгінде елімізде 250 мыңға жуық ананың «Алтын алқамен» және «Күміс ал­қамен» марапатталғанына назар аударып, мемле­кетіміздің қарқынды дамуына қазақстандық әйелдердің зор үлес қосқанын атап өтті.
– Жаңа ұрпақтың дүниеге келуі және халқы­мыздың көбеюі – мемлекетіміздің басты страте­гиялық мақсаты. Әйелдер жетістікке жете алмайтын ешқандай сала жоқ. Сіздер кәсібилік пен спорттың, ғылым мен саясаттың шыңдарын бағындыра аласыз­дар. Қазіргі таңда үш мыңға жуық докторанттың 60 пайызы – әйелдер. Мәжіліс депутаттарының үштен біріне жуығы – қыз-келіншектер. Жалпы, мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлес салмағы елу пайыздан асады. Мұны мемлекетті басқару ісінің тиімділігін арттыруға септігін тигізетін дұрыс үрдіс деп санаймын, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі барлық ер-азаматтар атынан әйелдер қауымын тағы да ме­ре­келерімен құттықтап, оларға бақыт, махаббат пен бақ-береке тіледі.
Соңында Мемлекет басшысы Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны, көп балалы ана А.Түзелбаеваны «Алтын алқамен» және Астана тұрғыны Р.Аяғанованы «Күміс алқамен» марапаттады.

Бөлісу:

Пікір жазу


*