Президенттің перзенттік сыйы

1138
0
Бөлісу:

Бес әлеуметтік бастама – Елбасының халқына ерекше қамқорлығы мен жанашырлығының айқын көрінісі. Кеше Үкімет отырысын ашқан Премьер Бақытжан Сағынтаев осыны атап өте келе, Елбасы жариялаған 5 бастама бойынша министрлер мен әкімдерге тиісті тапсырмалар жүктеді.

– Мемлекет басшысының өз бастамаларын арнайы Үндеу арқылы жариялап, онда қазақстандықтарға шынайы алғысын білдіруі – оның маңыздылығын арттыра түседі. Бұл – Елбасының халқына ұсынған президенттік әрі перзенттік сыйы. Ол бастамалардың әрқайсысы бүгінде халықтың көкейінде жүрген ең маңызды мәселелерді қамтиды, – деді Үкімет басшысы.
Ол Президенттің халықты қолжетімді баспанамен қамту, салық жүктемесін азайту, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру, шағын несиені көбейту және елді газбен қамтамасыз етуді ұсынғанын еске салды.
Бұл ретте әрбір отбасыға баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін ұсыну мақсатында Ұлттық банк арнайы ұйым құратыны мәлім болды. Жаңа компания «7-20-25 жаңа ипотекалық бағдарламасын» жүзеге асырады. Оның негізгі шартына сәйкес, ипотека ставкасы жылына 7 пайыз, ал бастапқы жарнасы 20 пайыздан аспауға тиіс. Несиелендіру мерзімі – 25 жылға дейін.
Жалақысы төмен жұмысшылардың салық жүк­те­ме­сін азайту үшін Ұлттық экономика министр­лі­гіне 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, 25 айлық есептік көрсет­кіш­тен аз жалақы алатын жұмыскерлерге салына­тын жеке табыс салығының мөлшерін қазіргі 10 пайыздан 1 пайызға дейін түсіру тапсырылды. 2018 жылы 1 АЕК 2 405 теңгені құрайды. Оны 25-ке көбейткенде, 60 мың теңгедей сома шығады. Бірақ АЕК көлемі келесі жылы өсуі ықтимал, былтыр мысалы, 2 269 теңге болған.
Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту мәселесі де – Елбасы назарында. Осы орайда, Білім және ғылым министрлігіне жаңа экономикада қандай мамандардың сұранысқа ие екенін талдау негізінде «2018-2021 оқу жылдарға арналған жоғары және жоғары білімнен кейінгі кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын бекіту туралы Үкімет қаулысы» жобасын дайындау жүктелді. Сонымен қатар жоғары білім саласына қосымша 20 мың грант бөліп, 2020 жылдың соңына дейін студенттер үшін ең кемі 75 мың орындық жатақхана салу көзделіп отыр.
Сондай-ақ Елбасы шағын және орта бизнеске берілер несие көлемін 20 миллиард теңгеге дейін артты­ру бастамасын көтерді.
– Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ұлттық эко­номика, Ауыл шаруашылығы, Қаржы министр­лік­те­ріне және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына біріншіден, биылғы республикалық бюджетті нақтылау кезінде қосымша 20 миллиард теңге бөлуді ескеруді, екіншіден, әсіресе, ауылда шағын несие беру үшін қаражатты қайта бөлу бойынша ұсыныстар енгізуді жүктеймін! – деді Б.Сағынтаев.
Президенттің «елді газбен қамтамасыз етуді жалғас­ты­руды» қарастыратын бесінші бастамасы бойын­ша Үкімет жетекшісі Энергетика, Қаржы, Ұлт­тық эконо­мика, Инвестициялар және даму министр­ліктері, тиісті өңір әкімдіктері алдына «Самұрық – Қазына» қорымен және «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, бір апта ішінде жұмыс тобын құру міндетін қойды.
– «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана» бағытында тартылар жаңа «Сарыарқа» газ құбы­рын қаржыландыру мәселесін халықаралық қаржы институттарынан қажетті қарыз қаржыны тарту арқылы да пысықтауды тапсырамын, – деді ол.
Жалпы алғанда, халықтың әлеуметтік өміріне түбе­гейлі өзгерістер алып келетін барлық жаңа қадамдар бойынша алда бірыңғай «Жол картасы» әзірленетін болады.
«Қашанда халқының жан-дүниесіне терең бойлап, елінің жүрегіндегі арманын тамырын тапқандай дөп басатын Елбасының бастамаларын мүлтіксіз жүзеге асырып, тиянақты орындау – бәрімізге сын! Сондықтан біз барлық күш-жігерімізді жұмылдырып, Елбасы жүкте­ген, ел күткен үдеден шыға білуге тиіспіз», – деп нақтады Премьер-министр.
Үкімет отырысынан кейін ұйымдастырылған брифингте журналистерге осы тақырыпта түсініктеме берген Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек өздеріне Ұлттық банкпен бірлесіп, прези­дент­тік жаңа ипотека бағдарламасын жүзеге асыру тетіктерін Министрлер кабинетінің келесі отырысына дейін әзірлеуге міндеттелгендерін мәлім етті.
– Ұлттық банк арнайы ұйымды құра отырып, «7-20-25» жаңа ипотекалық бағдарламасын әзірлейді. Ол бағдарлама азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамта­масыз етуге зор ықпал етеді. Бұдан өзге, ол құры­лыс саласына, ипотекалық несиелендіру нарығына жаңа серпін береді. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарла­масы аясында тұрғын үй құрылысындағы қазақстандық маз­мұн 84%-ды құрады. Ал Мемлекет басшысының жаңа бастамалары бұл көрсеткішті одан әрі арттыруға жол ашады, – деді Ж.Қасымбек.
Ол жаңа компания құрудың не үшін қажет болып отырғанын да түсіндіре кетті: себебі, мемлекет жекемен­шік банктерді инфляция деңгейіндегі немесе тіпті одан да төмен пайызбен несие беруге мәжбүрлей алмайды. Рас, 5-8 пайыз көлемінде қазір «Тұрғынүйқұрылыс жинақбанкі» (ТҚЖБ) ипотека ұсынады, бірақ оның сұрайтын бастапқы жарнасы көп.
– Жаңа компания болса, кеше Президент тапсыр­ған­дай, ипотеканы 25 жылға 7 пайызбен бере отырып, баспана құнының небары 20 пайызы көлемінде ғана бастапқы жарна талап етуі қажет. Ал ТҚЖБ-ның өзі 30-дан 50 пайызға дейін бастапқы жарна сұратады. Оның үстіне, 7 пайыздық мөлшерлеме басқа банктердің ұсыныс­тарынан екі еседей төмен. Ендеше, бұл бастама қазақстандықтарды баспанамен қамту жолындағы үлкен маңызды қадам, – деді министр.
Журналистер «бұл бағдарлама жұртшылық арасында ипотека алуға асығуға қатысты дүрбелең туғызбай ма?» деген алаңдаушылық білдірді. Министр ондай дүрлігіс тумасына сенімді.
– ТҚЖБ елімізде берілетін ипотеканың үштен екісінен астамын бір өзі қамтамасыз етуде. Осы нарықта жаңа ойыншының пайда болуы бәсекелестікті арттырады, бәлкім, тіпті тұрғын үй несиесі бойынша ең қолжетімді құрал пайда болғалы тұр. Біз, әрине, жаңа ұйым алдында кезектер пайда болатынын түсінеміз. Кеше Елбасы нақты айтқандай, мемлекет бұл ипотекаға триллион теңгеге дейінгі қаражат тартуға тиіс. Менің ойымша, осы сома аталған бағдарламаны еш дүрлігіссіз жүзеге асыруға жеткілікті, – деді Жеңіс Қасымбек.
Ол мүдделі меморгандармен және Ұлттық банкпен бірлесіп, бір апта ішінде «Жол картасын» және Прези­дент тапсырмасын іске асырудың нақты тетіктерін әзірлейтіндерін, яғни алдағы аптада «25 жылға арналған 7 пайыздық ипотеканың егжей-тегжейі жайында нақты айтып беруге дайын болатындарын» айтты.
Осы күнгі отырыстарында Үкімет мүшелері инфрақұрылымды дамытудың 2015–2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысын қарады. Еліміздің бас экономисінің дерегінше, «Нұрлы жол» арқасында былтыр 98 мыңнан астам жұмыс орны құрылыпты. Жоспар – 75,3 мың болған еді.
Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов 2017 жылы мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға 472,8 млрд теңге арна тартқанын жеткізді. Рас, оның 470,8 млрд теңгесі немесе 99,5 пайызы игеріліпті.
– «Нұрлы жолдың» бірінші бағыты – автожол саласын дамыту аясында 2017 жылы 4,4 мың шақырым автомобиль жолдары қайта жаңғырту жұмыстарымен қам­тылды. Өткен жылдары бұл көрсеткіш 2 мың шақы­рым­нан аспайтын. Демек, бұл рекордтық көрсеткіш! – деді министр.
Екіншіден, «логистикалық жобаларды жүзеге асыру» бағытында еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру үшін Құрық портының теміржолдық паром терминалы іске қосылды. Осы терминал арқылы жүкті теміржол вагон­дарынан кемеге ауыстырып тиеудің жоспарлы көр­сеткіші 50 пайызға артығымен орындалып, 1,5 мил­лион тоннаны құрады. Түсіндіре кетсек, Каспий арқылы Әзірбайжан мен Грузияға жол тартатын бұл бағыт Ресейді айналып өтеді және тиісінше, экспорт ісінде еліміздің солтүстік көршісіне тәуелділігін төмендетуде.
Бұған қоса, 2017 жылдың желтоқсан айында Құрық теңіз айлағында автокөлік паромының терминалы да тестілік режимде іске қосылды. Бұл жаңа терминалдың құрылысын толық аяқтау 2018 жылға белгіленген. Оның жобалық қуаттылығы жылына 2 млн тонна жүкті қамтиды. Осылайша, Каспийде бұрынғы «Ақтау» портына қосымша құрылған жаңа «Құрық» портының қуаттылығы жылына 6 млн тоннаға жетті.
«Нұрлы жолдың» тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лығын жаңғыртуды көздейтін үшінші бағыты аясында 2017 жылы жоспарланған 700 шақырым орны­на, инженерлік жүйенің 765 шақырымы жаңғыр­тыл­ды. Мемлекеттік бағдарлама бойынша ТКШ жаңғырту ісін қаржы­ландыру арқасында елімізде инженерлік желілердің тозу деңгейі 67 пайыздан 60 пайызға дейін төмендепті. Биыл шамамен 800 шақырым инженерлік желілерді салу және қайта жаңғырту жоспарлануда. Бұл аталған көрсеткішті тағы 3 пайызға азайтады.
–Төртінші бағыт аясында, «апатты мектептерді және үш ауысымдық оқытуды жою» үшін 2017 жылы жоспарланған 76 мектептің 73-і салынды. Білім және ғылым министрлігінің ақпаратына сәйкес, қалған білім беру объектілері биылғы наурыз аяқталғанша, пайда­лануға беріледі. «Нұрлы жолды» іске асыру жылдарында Қазақстанда 108 мектеп салынды, – деді Т.Сүлейменов.
Бесінші міндет – «шағын және орта бизнесті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету» аясында 2017 жылы 20 шағын және орта бизнес жобасы, оның ішінде Қостанай және Алматы облыстарындағы 2 индустриал­дық аймақ қажетті инфақұрылыммен қамтамасыз етілді.
Өткен жылы өндіріс орындарына инфрақұрылым жеткізуге шығындалған әрбір 1 теңге бюджет қаражаты кейіннен жеке сектордан 28 теңге инвестиция тартуға мүмкіндік беріпті. Инвестицияның жалпы көлемі 410 млрд теңгені құрады. Қолдауға ие болған жобалар тамақ өнеркәсібіне (3 жоба), ауыл шаруашылығына (7 жоба), жеңіл өнеркәсіпке (1 жоба), құрылыс материалдары өнеркәсібіне және фармацевтикалық өнімдер өндірісіне (5 жоба) жатады.
«Нұрлы жол» Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің қосымша 0,75 пайыздық өсімін қамтамасыз еткен екен.
Өз кезегінде қаржы министрі Бақыт Сұлтанов 2018 жылы осы мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға 488,5 млрд теңге қарастырылғанын хабарлады. Соның ішінде биылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша орталық меморгандар 208,3 млрд теңге сомасына міндеттемелер қабылдады, бұл – жылдық жоспардың 49,6 пайызы.
Үкімет мүшелері жиында «2018–2022 жылдарға арналған Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның» жобасын мақұлдады және бұрынғы осындай бағдарламаның орындалу барысын қарады.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орын­басары, генерал-майор Нұрғали Білісбеков ведомствоаралық өзара әрекеттестікті және контрбарлау қызметін жетілдіру арқасында бес жыл ішінде Қазақстанда 38 террористік актінің алдын алғандарын мәлімдеді. Осы жылдарда терроризмнен қорғалу талаптарына жауап беретін объектілердің үлесі де 40 пайызға артыпты. Терактілерді азайтуға (минимизация) және салдарларын жоюға жауапты бөлімшелердің материалдық-техникалық жарақтандырылуы нығайтылған.
ҰҚК мәліметінше, 2013 жылдан бері елімізде діни экстремизм мен терроризм идеологиясын таратудың себептері мен шарттарын жою, сондай-ақ нысаналы түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру бағытында 202 комиссия жұмыс істейді. Осы бағытта жалпы саны 8,1 миллионнан астам адамды қамтыған 96,6 мыңнан астам шара өткізіліпті.
Жүргізілген жұмыс нәтижесінде 755 «жихадшы» ұстамды жолға көшірілгені жария етілді. Дайындық жұмыстарының бастапқы кезеңінде 38 террористік сипаттағы зорлық-зомбылық, экстремистік науқандарының іске асырылуына жол берілмеді. Шетелде күдікті діни білім беру мекемелерінен 384 студент елге қайтарылған.
Нұрғали Білісбеков Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес дайындалған 2018–2022 жылдарға арналған жаңа бағдарламаның мақсаты – діни экстремизм көріністерінің жолын кесу және терроризм қаупін болдырмау арқылы адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылатынын атап өтті.
Жобаны әзірлеу кезінде алдыңғы бағдарламаны іске асыру нәтижелерін талдаудың деректері, экстремизм мен терроризм қаупін тудыратын жағдайлар мен факторларды талдау, халықаралық озық тәжірибе, меморгандардың, ҮЕҰ-лардың және қоғамдық бірлестіктердің ұсыныстары ескерілді.

Бөлісу:

Пікір жазу


*