Ұлттық киноны қалай өркендетеміз?

1151
0
Бөлісу:

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында Мемлекет басшысының алтыншы сайланған Парламенттің үшінші сессиясының ашылуында берген тапсырмасын орындау шеңберінде «Кинематография туралы» және «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары бойынша Әлеуметтік мәдени даму комитетінің көшпелі отырысы өтті. Отырыс жұмысына Мәжіліс депутаттары, комитеттің және жұмыс тобының мүшелері, Мәдениет және спорт министрлігі мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Ұлттық киноны өркендетуге арналған жиынды жүргізіп отырған Әлеуметтік-мәдени даму комитеті төрайымы Гүлнар Иксанова ашып, жаңа заң жобасының артықшылықтары мен кемшін тұстарын талқылауда отырыстың маңызы зор екеніне мән берді. Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов отандық кинематография бұған дейін де сапалы өнім түсіретінін алға тартып, арнайы заң қабылданса, сапа жақсара түсетініне сенім білдірді. Комитет хатшысы, жұмыс тобының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Бейбіт Мамраев киноиндустрияның туризмді дамытудағы әсеріне назар аударып, заң жобасының мәніне тоқталды. «Елбасы тапсырмасы­мен қазақ кинематографиясы жөніндегі заң жобасы өткен жылдың қараша айында Мәжіліске енгізілді. 26 желтоқсанда заңға енгізілетін толықтырулар мен өзгерістердің таныстырылымы өтті. Күн тәртібіне ұлттық фильмдердің сапасын бүгінгі заман талабына сай арттыру мәселесі шықты. Біздің кинематография саласын әлем мойындау үшін жеке заң қажеттігі анық. «Мәдениет жөніндегі» қолданыстағы заңда кинематографияға 6 бап қана арналған. Жаңа заң жобасына сәйкес, ұлттық киноны қолдауға бағыт­тал­ған мемлекеттік қор ашу қарастырылған. Мұнда қазақ киносына салықтық жеңілдіктер қамтылып, прокаттағы фильмдердің біртұтас тіркеу жүйесін енгізу де бар» деген Б.Мамраев әлеуметтік маңызы зор фильмдерге ерекше қамқорлық керек екенін жасырмады. Расында, шығарылып жатқан фильм­дер­дің біртұтас дерекқорының жоқтығынан кино­про­каттағы фильмдер жайында нақты ақпарат алу, сеанстар санын білу қиын. Бұл өз кезегінде отан­дық киноиндустрияның даму қарқынын сарап­тауға кедергі. Сонымен қоса, Б.Мамраев заң жоба­сын­да міндетті дубляж да сырт қалмағанын, ұлттық фильм­дердің кинотеатрлардағы прокаты, прайм-тайм, дистрибьютор мәселелері енгізілгенін алға тартты.


Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан бүкіл көрілімдегі ұлттық киноның мөлшері – 4 пайыз, ал сырттан келген өнім көлемі 96 пайыз екеніне баса назар аударды. «Францияда сырттан келетін кино билетінің бағасына 10-11 пайыз қосылады. Бұл қаржы арнайы қорға жиналады. Сол сияқты, заң жобасында шетел тәжірибесіне сүйеніп отырмыз. Бізге қорға неғұрлым қаржы көп түссе, ұлттық кино­мыз соғұрлым дамиды. Францияда соның арқасында бір жылда 1,5 млрд евро қаржы түскен. Оның 143 миллион евросы француз киносын дамыту қорына жиналған. Келесі ұсынысымыз – екі айда бір ұлттық киноларға 10 күндік квота беру. Мұның өзі ұлттық киноны дәріптеуге зор мүмкіндік беретіні анық» деген Б.Тілеухан заң жүзінде сырттан келетін киноның көрсетілімі 30 пайыздан аспау керектігін ұсынды. Осылайша, киноның үлес мөлшерін әділетті шешуді, прайм-таймды да сөз етті. Режиссер, продюсер Ахат Ыбыраев заң жобасында продюсер ұғымы қаншалықты қажет екенін талдай отырып, идеологиялық және экономикалық тұрғыда кино қорын құрудың маңызы жоғары екеніне тоқталды. Бұл ретте Г.Иксанова продюсер мен продюсерлік орталық түсініктерін ажыратып, қарым-қатынас жүйесін анықтауды атап өтті.
Жазушы, драматург Дулат Исабеков өз кезегінде шетелдік фильмдерге қосымша салық салу арқылы ұлттық қорға қаржы жинауға қарсылығын білдірді. «Заң жобасына сәйкес, сағат 22.00-ден 6.00-ге дейін қазақ киносы көрсетілетін секілді. Қазақ киносының жағдайы өте мүшкіл. Сондықтан ұлттық кино түсі­ні­гін ажыратып алған жөн. Ұлттық кино деген анық­таманы кім береді? Шетелден келген киноға қосым­ша салық, түптеп келгенде көрермен қалта­сына сал­мақ түсіреді. Сонда, қорды сақтап қалу үшін көрер­мен ақша төлейді» дей келе, Д.Исабеков тари­хи фильмдерге қойылатын тариф кино құнды­лы­ғына орай бекітілсе деген ниетін жеткізді.
Режиссер Сатыбалды Нарымбетов ұлттық қор жанында қазаққа қандай фильм керектігін айтатын нағыз мамандардан жиналған сарапшы комиссия­сын құру керектігін, продюсер институты әлі қа­лып­­таспағанын айтып, ұлттық бірегейлікті сақтау­ға ұмтылуға үндеді. Жазушы Смағұл Елубаев прокатта ұлттық кино мен шетел киносы қалай жүретіні заңда нақты айтылу қажеттігін назарға алды. «Қазір прокатта жүретін фильмдердің 95 пайызы – шетел киносы. Ұрпағымыз шетел идеологиясымен тәрбиеленуде. Болашақта қазаққа емес, шетелге табы­натын антипатриоттар өсіруіміз мүмкін. Сондық­тан француздар сияқты ұлттық киноны қорғау қажет. Ұлттық киноға салық салмау керек. Ресей киносының гонорары – бізден 20 есе артық. Сценарийдің ең төменгі тарифы 150 мың АҚШ доллары болса, бізде 10-15 мың АҚШ долларының шамасында. Біз өзіміздің шығармашылық тұлғала­ры­мызды бағаламаймыз» дей келе, гонорар мәсе­ле­сін 2-3 есе көбейтуді, жоғалған дубляж цехын қайта қалпына келтіруді ұсынды. Кино сапасын көтеру мақсатында сарапшылар комиссиясының рөлін күшейту жайында Қазақстан авторлар қоғамының бас директоры Байғали Есенәлиев қозғады. Мәжіліс депутаты Бақтияр Мәкен продюсердің алатын орны жайында пікірін ортаға салды. «Продюсер әр фильмді таратуға, шығаруға жауапкершілік алады. Сондықтан заңда продюсер ұғымы айтылуы керек. Ұрпағымыз шетел киносын көреді. Сондықтан қазақ тіліне дубляж жасау мәселесін қолға алған жөн. Мемлекеттік тілдің дәрежесін көтеру, өскелең ұрпаққа жеткізу де дубляжға байланысты. Ата-аналардың 60 пайызы шетелдік мультфильмдерді қазақша дубляжбен көруді қолдауда» деген ол дубляжға мемлекет тарапынан қолдау қажет екенін айтты. Режиссер Рүстем Жарасқан заңның негізгі қағидаларын белгілеп, қазақ киносының архи­те­к­то­ни­­касын жасасақ, болашаққа үлкен жол ашы­ла­ты­нына сенім білдірді. ЖОО қауымдастығының президенті Рахман Алшанов «Қазақ киносы соңғы жылдары төменгі орыннан үшінші орынға шықты. Деректерге көз жүгіртсек, елімізде 78 кинотеатр, 218 кинозал бар. Бұл – біздің ел үшін өте аз. Көпшілік кинотеатрлар ескірген. Заманауи киноны көрсете алмайды. Сондықтан мемлекет қолдаса, кейіннен компаниялар ол қаржыны қайтарып берсе деген ой. Кино мамандарына бөлінетін грант саны өте аз. Магистратура мен докторантурада тіпті аз. Сонда, кино әлеуетін кім көтереді? Заңда кадрларды даярлауға да мән берілсе игі. Заңда ешқандай мәселе сырт қалмауы керек» деді. Бауыржан Шүкенов кинотеатр, дистрибьютордың заңдық нормаларын анықтап алуды атап айтты. «Дубляжды дистрибью­тор­лар ғана жасайды. Бұл сұраққа экономикалық тұрғыда қарау керек. Қазақ тілін көтеру қажет. Бірақ біздегі 300 кинозалдың 80 пайызы – Астана мен Алматыда. Мұнда орыстілді фильмдер өтімдірек екені жасырын емес. Заң жобасын дайындағанда француздық жүйе бойынша жүрмекші болдық. Алай­да біздің заң оған дайын емес. 2014 жылы ұлт­тық кино 4 пайыз болса, қазір – 13 пайыз. Бұл – өсі­мнің бар екенін, көрермен қазақ киносын таң­дай­­тынын аңғартады. Бірақ мұндағы басты мәселе – сол 13 пайыздың 2 пайызы ғана – қазақ тіліндегі фильмдерге тиесілі. Бұл – ойлантарлық жайт» деп заман талабына лайық отандық киноны қалыптас­ты­руды тілге тиек етті. Бұған қоса, дубляж, кадр сыр­тындағы мәтін не субтитрді ойластыруды, аудан ор­та­лықтарында кинотеатр ашу мәселесін де көтерді.
Жиын барысында бәсекеге қабілетті, сапалы ұлттық кино қалыптастыру жолында жаңа заң кино саласында кенжелеп тұрған барлық мәселені қамту керектігі, заңдық нормалар реттелуі қажеттігі басты назарда болды.

 

Ақбота ИСЛӘМБЕК

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*