Нұрлан НЫҒМАТУЛИН, Мәжіліс Төрағасы: Жаңғырту жолындағы батыл қадам

2420
6
Бөлісу:

– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Парламент мінберінен жариялаған бес президенттік әлеуметтік бастамасы – шын мәнінде елімізді әлеуметтік жаңғырту жолындағы батыл тарихи қадам екені сөзсіз.
Президентіміз тәуелсіздік алған күннен бастап халықтың әл-ауқаты мен игілігін көтеруді бірінші кезектегі маңызды мәсе­леге қойып, осы жолда барлық жағдайды жасап келеді.
Ал қазіргідей бүкіл әлем экономикалық дағдарыстан әлі толық арыла алмай тұрған кезде, ауқымды әлеуметтік бастамаларға жол ашу – Елбасымыздың көреген, дана саясатының, болашаққа нық бастай білетін ерен ерлігінің жемісі.
Егемендік алған жылдар ішінде біз Президентіміздің сындарлы саясатының арқасында әлем таныған абыройлы ел атанып, толағай табыстарға жеттік.
Қазіргі уақытта Қазақстанымыз Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеу­меттік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне аяқ басты.
Дәл осы уақытта жарияланған әлеуметтік бастамалар – Елбасымыз айтқандай, есеп-қисабы мұқият жасалған, «әлеуметтік мемлекет» жолында жігерімізді жанып, нақты іске жұмылдыратын елдің игілігіне арналған ұтымды, сонымен қатар оптимистік жоба.
Онда еліміздің әрбір отбасын бас­панамен қамтамасыз етудің, жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайтудың, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақхана жағдайын жақсартудың, өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстардың аясында жеңілдетілген шағын несие берудің, елді газбен қамтамасыз етудің тиімді тетіктері ұсынылып отыр.
Осының барлығы – еліміздегі миллиондаған азаматтардың мүддесін қорғайтын, өмір сапасын жақсартатын, жарқын болашаққа деген үміт-сенімдерін нығайтатын іргелі істер.
Сонымен бірге, барша қазақстан­дықтарды ортақ мақсат жолында бірік­тіретін ынтымақтың, ырыс пен берекенің қайнар көзі.
Нақты айтқанда, бес әлеуметтік
баста­ма – халқымыздың игілігін арттыра отырып, мемлекетіміздің тұрақты дамуы жолындағы ұлы мақсаттарды қамтамасыз ететін теңдесі жоқ, ерекше серпінді жоба.
Оны табысты жүзеге асыру жолында, Парламентке де зор жауапкершілік жүктеліп отыр.
Сондықтан еліміздің әлеуметтік мемлекет пен ұлттық өркендеудің шынайы, әрі сындарлы қазақстандық моделін жасауға жол ашатын әлеуетті бастамаларды өте жоғары деңгейде, сапалы заңдармен қамтамасыз ету – Парламент депутат­тарының ең негізгі, ең жауапты, ең абыройлы міндеті.


Қасым-Жомарт Тоқаев,  Сенат Төрағасы:

– Елбасының әлеуметтік негізгі 5 мә­селені шешу жөніндегі Жолдауы Қа­зақстан мемлекеттігін дамыту жолындағы ерекше тарихи кезең. Жолдау халқымыздың мүддесімен үндес келеді. Н.Назарбаев: «Ұлттық бірлік – әлеуметтік бірлік» деді.


Әли БЕКТАЕВ, Сенат депутаты:

Бастамаларды халық қолдайды
– Елбасының бұған дейінгі барлық Жол­даулары да халық өмірінің әлеуметтік мәселелері мен қырларын қамтитын. Бірақ Мемлекет басшысының бүгінгі «бес әлеуметтік баста­масын» шын мәнінде тарихи қадам деп бағалауы­мызға болады. Өйткені олар қа­зақстандықтарды толғантып отырған басты-басты әрі көкейтесті проблемалардың шешімін ұсынады.
Бұл бастамаларды халқымыз толық қол­дайды. Себебі, олар елдің тұрмыс-тіршілігін, әлеуетін, әлеуметтік жағдайын жақсартуды көздейді.
Әсіресе, ауыл тұрғындарын шағын несие­лен­діру маңызды болып табылады. Егер енді жыл сайын 14 мың адам микрокредит алар болса, елде кем дегенде осынша жаңа жұмыс орындары қосымша ашылады деген сөз. Егер сол азамат­тардың біразы ісін кеңейтіп, ең кемі 2-3 адамға жұмыс берсе, 30-40 мың жұмыс орны құрылмақ.
Бұл бастаманың үлкен маңызы бар. Себебі, кез келген қазақстандыққа өз ісін ашуға мүм­кіндік жасалып отыр.
Менің ойымша, Елбасы тек ауылдықтар немесе жастар үшін ғана емес, барша қазақ­стан­дықтар үшін үлкен әлеуметтік тарту жасады.

Серік Бектұрғанов, Сенат депутаты:

Азаматтардың әл-ауқатын арттыру жолы
– Парламент палаталарының бірлескен оты­рысында айтылған Президенттің бес бастамасы миллиондаған азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға теңдесіз әсер ететіні сөзсіз.
Осы орайда, барлық қазақстандықтар Президент ұсынған бастамаларды бірауыздан қолдайтынына сенімдімін.
Елбасымыз әлеуметтік-экономикалық даму міндеттерін шешу жолдарын ұсына отырып, олардың нақты есептеулерге негізделгенін және қаржылай қамтамасыз етілетінін айтты.
Бұдан басқа, олар мультипликативті нәтижеге ие болады. Атап айтқанда, құрылыс саласын дамытуда тұрғын үй несиесінің қолжетімділігі бастамасы, шағын және орта бизнесті дамытуда азаматтарға берілетін микронесиелеуге бөлінетін соманы арттыру, жастарды жұмыспен қамтамасыз ету мен жоғары білім алуға бөлінетін гранттар көлемі мен қаржыны ұлғайту, жаңа газ құбыры салы­натын өңірлерде экологияны жақсарту және тұрғындардың тұрмыстық мәселелерін шешу.
Елбасы ұсынған көлемді идеялар бір күнде туындамаған. Олар туралы сөз қозғау бір бөлек те, оларды нақты шешу үшін Президентіміз негіз қалыптастыратын маңызды бастамаларды ұсынып отыр. Қоғамдағы тұрақтылықты сақтай отыра экономиканы жоспарлы түрде дамыту арқылы Елбасы аталған күрмеуі қиын мәсе­лелерді шешудің негізін нық қалыптастыра білді.
Қазақстанның ұстанып отырған жолы – аза­маттарымыздың әл-ауқатын жоспарлы арттырудың, тұрақты қоғам қалыптастырудың, ортақ мақсаттарға қол жеткізуде күш-жігерді біріктірудің жолы.

Азат ПЕРУАШЕВ,
Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» фракциясының жетекшісі:

Кәсіпкерлікті дамыту өрістетіледі
– «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» арасынан мен салық жүктемесін азайту арқылы жалақысы төмен жұмысшылардың еңбек­ақысын көбейтуді атап өткім келеді. Бұл ретте алдағы 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың салық жүктемесі 10 есеге азайтылады, яғни 1% ғана салық ұстала бастайды. Бұл екі миллиондай адамды қамтымақ. Осыдан-ақ аталған бастамалардың әлеуметтік мағынасы айқындалады.
Сондай-ақ алда ауыл бизнесін қолдау, өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындар арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту өрістетіледі. Ол үшін Үкіметке биыл қосымша 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізу жүктелді. Нәтижесінде, микрокредит алатындардың саны былтырғы жылмен салыстырғанда, 2 есеге артып, 14 мың адамды құ­рауға тиіс. Сөйтіп, ауылда да қоғам мен экономи­каның тірегі болар орта топты құру көзделеді.
Елбасы барлығын анық айтты, тапсырмалар жүктеді. Оларды тиімді жүзеге асыру міндеті енді Үкіметтің мойнында. Мемлекет басшысы баста­маларды табысты ілгерілету үшін қажетті мүмкін­діктердің және ресурстардың барлығын, есептемелері жасалғанын ескертті.

Владислав КОСАРЕВ,
Мәжіліс депутаты, «Халықтық коммунистер» фракциясының жетекшісі:

Бұдан бүкіл қоғам ұтады
– Мемлекет басшысының бүгінгі Үндеуі тек аға ұрпаққа ғана емес, жастарға да қызықты болса керек. Бұл – жастарды қолдауға бағытталған үлкен бағдарлама. Мәселен, Президент жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлуді жүктеді. Осылайша, грант бойынша ғылым мен мамандықты тегін меңгеретін қазақстандықтар саны бір жарым еседей өскелі отыр.
Бұл ретте Нұрсұлтан Назарбаев жаңа гранттардың 11 мыңы тек техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге бағытталуға тиістігін нықтады. Себебі, бізде әлі күнге заңгерлік, экономикалық және қаржыгерлік мамандықтардың басымдығы сақталуда. Ал техникалық-технология­лық өрлеуге екпін беретін мамандар аз.
Бұл бастама арқасында қанат қағар жаңа мамандар ел экономикасын көтеруге, техникалық жаңғыруға сүбелі үлестерін қосатын болады. Ертең жаңа жұмыс орындарын түзетін, жаңа өнімдерді жасайтын, озық технологияларды ойлап табатын да солар болады. Бұл өз кезегінде халықтың әл-ауқатының көтерілуіне ықпал етеді. Яғни, бұдан бүкіл қоғам ұтады.

Омархан Өксікбаев, Мәжіліс депутаты:

Баспана мәселесі шешіледі
– Президенттің бес бастамасы қазақстан­дықтардың біраз мәселесін шешуге бағытталған. Егер азаматтар өз мүмкіндіктерін дұрыс жүзеге асыра білсе, әлеуметтік және экономикалық жағдайларын түзетуге бар жағдай жасалуда.
Шыны керек, қазіргі уақытта қазақстандық­тардың, әсіресе, жастардың үлкен мәселе­лерінің бірі әрі бірегейі – баспана түйткілдері. Басында баспанасы болмаса, ол адамның істеген ісінің берекесі де болмайды. Сондықтан Мемлекет басшысы осы түйінді тарқатуға баса мән беріп отыр.
Елбасының «7–20–25» бағдарламасындағы 7 пайыздық мөлшерлеме жұртшылық үшін өте қолжетімді меже. Бұған дейін де «Тұрғынүй құры­лысжинақбанкі» 5-8 пайызбен ипотека беріп келген, әрине, оған қол жеткізу үшін біраз уақыт жинақтау талап етілетін. Оның үстіне қазір банктер бастапқы жарнаға пәтер-үй құнының – 30, кейде тіпті 50 пайызын бірден салуды талап етсе, бұл бағдарлама бойынша ол 20 пайыздан аспауға тиіс. Бұл орта табысты отандастарымыз алдына ипотека алу мүмкіндігін ашады. Бұл біраз қазақстандықтың баспа­насыздық мәселесін шешуге ықпал жасауға тиіс.
Ерлан САҒАДИЕВ, Білім және ғылым министрі:

Жобаларды іске асыруға кірісеміз
– «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» аясында біздің саламызға қатысты да өте жақсы жаңалықтар жария етілді. Осы өзекті мәселелерді көтеріп қана қоймай, шешімін айтқаны үшін Елбасыға ри­зашылығымызды білдіргіміз келеді. Енді біз нақты жобаларды дайындап, іске асыруға кірісеміз.
Елбасы студенттердің білім алуына және тұратын жеріне жағдай жасауға лайықты назар аударуды тапсырды. Бұл ретте жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі көкейкесті болып отыр. Сондықтан Президент 2022 жыл аяқталғанша, студенттер үшін кемінде 75 мың орынды жаңа жатақханалар салу міндетін қойды.
Жатақханаларды университеттердің өздері де, сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктері бойынша бизнес те сала алады. Жергілікті әкімдіктер де бұл іске тартылса, жол ашық. Ал біз жатақханалардағы әрбір орын үшін жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізетін боламыз. Бұл тетік осы саланы банктер және девелопер-компаниялар үшін қызықты етуге тиіс.
Менің ойымша, 75 мың орынды жа­тақханаларды үш-төрт жыл ішінде тұрғызып шығуға болады.
Елбасы тапсырмасы бойынша қосымша бөлінгелі отырған 20 мың грант жайына келсек, министрлік оларды мемлекеттік немесе жеке ЖОО-ларға өз бетінше бөлмейді. Ондай тәжірибе тиылған. Мемлекеттік білім гранттары ҰБТ қорытындысы бойынша бөлінеді. Ары қарай грантты жеңіп алған талапкерлер қандай ЖОО-ға – ұлттық әлде жеке университетке баратынын өзі таңдайды. Демек, жаңа гранттар да осы қағида негізінде өз бағытын табады.
Тек магистратура, докторантура бойынша гранттар ғана нақты ЖОО-ларға үлестіріледі.

Икрам ХАШИМЖАНОВ,
Қазақстан өзбектерінің «Достық» қауымдастығының төрағасы:

Жаңа белестерді бағындырамыз
– Жалпы, Қазақстан Президентінің әрбір Жолдауы экономикалық ахуал сыртында, қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын да жақсартатын кезекті қадам болып саналатыны мәлім. Ал бүгінгі жаңа бес бастама нақты әлеуметтік мазмұнымен дараланып отыр.
Президенттік бастамаларды жүзеге асыруға Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері де белсене атсалысатын болады. Өйткені біздің ассамблея Елбасы айтқан бірлікті нығайту үрдісінің басынан табылуы шарт. Этносаралық татулық пен елдегі тыныштық арқасында еліміз осындай үлкен экономикалық, әлеуметтік серпіліс жасай алып отыр. Ынтымақты ары қарай да ырысқа ұластыру арқылы біз енді жаңа белестерді бағындыра аламыз.
Біз үшін «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» тарихи және саяси маңызы бар. Қазақстандағы барлық этнос өкілдері оны бірауыздан қолдап, шапағатының көктем шуағындай кең таралуына үлестерін қосарына сенімдімін.

Бөлісу:

6 пікір жазылған

  1. дос 6 Наурыз, 2018 at 16:11 Жауап

    Кешегі елбасымыздың үндеген 5 бастамасы еліміздің тұрақты дамып келе жатқанының көрінісі

  2. асел 6 Наурыз, 2018 at 16:23 Жауап

    Айтқан 5 бастамасы да әлеуметтік мәселелердің шешімі. Халықтың өзінше шеше алмай келе жатқан проблемалары еді

  3. асем 6 Наурыз, 2018 at 16:28 Жауап

    Бағдарламалардың қашан орындалатынын асыға күтеміз. Естігеннен бері өте қуаныштымыз.

  4. Гарри 6 Наурыз, 2018 at 16:43 Жауап

    Дұрыс, Президент түрлі бағдарламалармен қатар, енді үндеу жолдап, бес бастаманы жүзеге асырып жатыр. Бұл деген, шенеуніктердің мойынына тағы да жүк артылды деген сөз.

Пікір жазу


*