Ана – мәңгілік символы

646
0
Бөлісу:

Ел басына түскен ауыртпалықты бір отбасының тағдырымен суреттеген Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер – Ана» трагедиясы алғаш рет қуыршақ бейнесінде көрерменге жол тартты. Алматыдағы Мемлекеттік қуыршақ театрының сахнасында қойылған қойылым – заңғар жазушының 90 жылдық меретойына арналды.

«Құс жолы» повесінің желісі бойынша сахналанған бұл тра­гедия қанша жыл өтсе де, өзек­тілігін жоғалтпаған. Классикалық шығарма еліміздің бірнеше драма театрында сахналанып, әйгілі Әзірбайжан Мәмбетовтің ре­жиссерлік қолтаңбасындағы нұс­қасы Мемлекеттік сыйлыққа ие болғаны баршамызға мәлім. Қойы­лым режиссері – Дина Жұмабаева, спектакльдің су­ретшісі – Юлия Чернова, хор­мейстері – Ғалымжан Берекешов, балет­мейстері Гүлжан Дәулет­құловалар шығармаға екінші тыныс сый­лады. Жаңаша фор­матта актерлік шешімін таба отырып, жазу­шы­ның суреткерлік қырын өнер­сүйер жанға өзгеше тұрғыдан сипаттайды.
– 1941-1945 жылдардағы соғыс уақытын және одан кейінгі халық трагедиясын қуыршақтар арқылы жеткізу қажырлы еңбекті талап етеді. Сан ғасыр бұрын болған тарихи оқиғаны бүгінгі ұрпақтың жүрегіне жеткізу, көз алдына келтіру – үлкен өнер. Актерлерге алғысым шексіз, рөлдерін жоғары деңгейде алып шықты. Мақса­тымыз – халықты бірлікке ша­қыру, тарихтан тере­ңірек сыр шерту. «Ана» деген құді­ретті ұғымды түйсіну – әр пер­зенттің парызы екенін және отбасы құндылықтарын насихат­тау. Өз ұлтының мәдениетін, әдебиетін, тарихын жан-тәнімен ұққан ұрпақ қана өзге халықтың салт-дәстүрін, тілін, әдет-ғұ­рыпын ерекше ілтипатпен қабыл­дайтыны заңды құбылыс, – деді дарынды ре­жиссер Дина Жұма­баева.
Олар сұм соғыстың жолында жастығын, асқақ арманын, тула­ған қызуы мен балауса ажарын берді. Құлаған қайың қайта көк­теп, тапталған егін қайта жай­қалып, жер жазасы жазылса да, сол жолда құрбан болғандар қай­тып келмеді… Төрт бірдей аза­матын Жер – Ананың қойнауына тапсырған Толғанай бейнесі қойылым барысында көрерменді төзімділікке, сабырлық пен қай­сарлыққа шақырады.
Қойылымда қазақ халық әні «Сары бидай», қырғыз халық әні «Эсимде» және М.Мақатаевтың «Бесік жыры» өлеңі әдемі үйлесім тапқан.
Ерке ЖАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*