Мемлекеттік тілдің мәртебесі артады

1216
0
Бөлісу:

Үкімет үйінде Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті. Отырыста қазақ әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңмен көшіру бойынша іс-шаралар жоспары қаралды.

Бұдан бөлек, ұлттық комиссия жанынан құрыл­ған орфографиялық, әдіс­­темелік, термино­ло­­гиялық, техникалық және ақпараттық сүйе­мел­деу жөніндегі жұмыс топ­тарының атқар­ған қыз­меттерінің нәти­же­лері, сондай-ақ жаңа редак­циядағы әліпби негі­зінде ереже жобасын әзірлеп, бекіту мәселелері талқыланды.
– Елбасы «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көші­ру туралы» Жарлыққа өзге­ріс енгізді. Жаңа нұсқа көпшіліктің, қоғамның, тіл мамандарының қолдауына ие болды, сонымен қатар комиссия мүшелерінің пікірі де ескерілді. Енді Елбасы тапсырмасына сәйкес тіліміздің мәрте­бесін арттыру бағы­тын­да жұмыстарды жалғас­ты­руы­мыз қажет! – деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.
Латын графикасына көшу бойынша негізгі жұмыс бағыттары жө­нін­де Мәдениет және спорт министрі А.Мұхаме­ди­ұлы, Ақпарат және ком­му­никациялар министрі Д.Абаев, Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі инс­ти­тутының директоры Е.Қажыбек баяндама жасады. Сонымен қа­тар «Нұр Отан» пар­тия­­сы Төрағасының Бі­­­­рін­ші орынбасары М.Әшім­­баев, Премьер-ми­­нистрдің орынбасары Е.Досаев, Президент Әкім­­шілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі А.Балаева, «Қазақстан» республикалық теле­ра­дио­корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Е.Қа­рин және басқалар өз пі­кі­рмен бөлісті.
Ұлттық комиссия – Үкі­мет жанындағы консультативті-кеңесші ор­ган, оның негізгі мақ­са­тына қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша ұсыныстар әзір­леп, бекіту, жұмыс бары­сын үйлестіру және оның сапалы орындалуына бақы­лау жасау кіреді.
Комиссия құрамына төрағаның орынбасары – вице-премьер Е.Досаев, сонымен қатар Президент Әкімшілігінің, «Нұр Отан» партиясының өкіл­дері, Парламент депу­тат­тары, белгілі қоғам қай­рат­кер­лері мен тіл сала­сы­ның ма­мандары енді.
Қазақ тілі әліпбиін 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезе­ңі­мен көшіру бойын­ша іс-шаралар жоспарына сәй­кес, қазақ әліпбиін ла­тын графикасына 2025­ жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру көз­де­лу­де.
Бүгінде тіл білімі және ақпараттық техно­ло­гия саласындағы сарап­шыларды тарта оты­рып, орфографиялық, әдіс­темелік, термино­ло­гия­лық, техникалық және ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі жұмыс топтары құрылды. Жеке тоқталсақ, «Орфографиялық жұмыс тобы» қазақ тілінің латын графикасы негізіндегі орфография және орфо­эпия ережелерін дайын­дайды. «Әдістемелік жұмыс тобы» оқыту, зерттеу және оны кезең-кезеңімен білім беру жүйесіне енгізумен шұғылданады. «Терминологиялық жұмыс тобы» терминологиялық қорды жүйелеумен айна­лы­сады. «Техникалық және ақпараттық сүйе­мел­деу жөніндегі жұмыс тобы» IT технология және ақпараттық кеңіс­тік­ке бейімдеумен шұғыл­данады.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*