Маман сай ма? қоғамда мамандыққа…

Әлемде 75 миллионға жуық жас – жұмыссыз. Олардың басым бөлігі – 15-26 жас аралығындағы жеткіншектер. Елімізде де бұл көрсеткіштің мәні мәз емес. Тауық жылының соңғы тоқсанындағы дерекке сүйенсек, республикада 15 және одан жоғары жастағы жұмысқа жарамды тұрғындардың саны – 9 миллион. Олардың 66,4 пайызы жұмыспен қамтылыпты. Яғни, 34,5 пайыз – жұмыссыз. Былтырғы жылдың басқа тоқсандарының көрсеткіші де осымен шамалас. Статистика комитетінің ресми мәліметі осылай сөйлейді.
Ол – ол ма, жұмыссыздардың 70 пайызы – мамандық таңдаудан қателескендер екен. HeadHunter.kz рекрутингтік агенттігінің мәліметіне сүйенсек, мемлекетіміздегі жоғары оқу орнын аяқтаған түлектердің 50 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Не істемек керек?
Білім беру, педагогика және психология саласының мамандары мектеп бітірушілерді мамандықты дұрыс таңдауға бейімдеу керектігін алға тартуда. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауындағы жетінші қадам да – адами капитал мәселесіне арналды. Мұнда Елбасы жастар арасындағы жұмыссыздықты төмендету және өнімді жұмыспен қамтуды дамыту ісіне тыңғылықты ден қоюды тапсырды. Ол үшін барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажеттігі де басты назарға алынды. «Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс» деді Президент. Тиісті құзыретті органдар Елбасы бастап берген осы мәселелердің оңтайлы шешімін табу үшін түрлі шараларды атқаруды бастап та кетті. Яғни, білім беру бағдарламаларын заманға сай бірізділендіру үшін әртүрлі жобалар ұсынылып, әрқандай зерттеулер жүргізілуде. Алайда мамандық таңдауға бейімдеу ісіне көңіл бөлінбей, көлеңкеде қалып отырған жайы бар. «Атамекен» ҰҚП мәліметі бойынша еліміздегі жыл сайынғы мектеп бітірушілер саны – 354 мың. Мектеп бітіргеннен соң, арнайы орта білім беретін және жоғары оқу орнына оқуға бармайтын жастардың саны 21 мыңды құрайды екен. Қалған 333 мың оқушы өзі қалаған оқуын оқып жатыр ма? Жаңағы HeadHunter-дің мәліметіне қайта зер салсақ, осының 150 мыңнан көбі бітірген мамандығы бойынша я кәсіп қыла алмайды, я қызмет ете алмай жүр. Жалақысы күнкөрістің қамынан артылмайтын ата-аналар балаларына қаласын, қаламасын мемлекеттік грантқа балы жетіп тұрған мамандықты таңдауға мәжбүрлейтіні тағы бар.
Күні кеше осы олқылықтың орнын толтыруға ниетті бір орталық – EDTECH Халықаралық білім беру орталығы Алматы қаласының Білім басқармасымен бірге «Мамандық таңдау форумы» атты инновациялық әлеуметтік жобаны жүзеге асыруды бастады. Ұйымдастырушылардың сөзіне сенсек, 11-сынып оқушыларына арналған бұл форум Алматыда алғаш рет өткізіліп отыр. Әлеуметтік шараға қала мектептерінен сегіз мыңға жуық оқушы мен ұстаз қатысты. Жобаның мақсаты – мектеп пен жоғары оқу орындарының күшін біріктіре отырып, 11-сынып оқушыларының мамандықты саналы түрде таңдауына бағдар беру. Айта кетейік, бұл жоба бірнеше кезеңнен тұрады. Алғашқысы – қараша айында 300-ге жуық психолог кәсіптік бағдар берудің жаңа түрлері мен нәтижелі тәсілдері туралы курстан өткен. Желтоқсанда «Цифрлы Қазақстан» кешенді бағдарламасының шеңберінде 4500-ден астам 11 сынып оқушысы online түрде кәсіби диагностикадан өтіп, нәтижесінде әр оқушының тұлғалық ерекшеліктері, кәсіби қызығушылықтары, икемділіктері және қандай да бір мамандықты игеруге қабілеттіліктері анықталыпты. Екінші кезеңі – осы. Үшінші бөлім – күні кеше өткізілген «Мамандық таңдау форумы».
Мамандар жетпейтін кәсіби салалар
Механик
Слесарь
Дәнекерлеуші
Жүк және арнайы
транспорт жүргізуші
Құрылғылар операторы
Электр монтаждаушы
ІТ мамандары
Нано және биотехнология маманы
Қызмет көрсету саласы
Форумға қаламыздағы ірі жоғары оқу орындары – Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Алматы энергетика және байланыс университеті, «Нархоз» университеті қатысты. Форум барысында аталған жоғары оқу орындарының ұстаздары оқушыларға мамандық туралы өзекті ақпараттар, еліміздің нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар туралы және оқытудың ірі бейімдік бағыттары жайлы презентациялар жасады. Әзірге мұндай әлеуметтік марафонға қолдау көрсеткен алып шаһардың әкімдігі ғана екен. Форумға қатысқан Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Мамай Ахетов мұндай әлеуметке пайдасы зор жобаларға әкімдік тарапынан үнемі қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Мамандық таңдаудың кілті
Жастарға мамандығын таңдауға бағытталған алғашқы көмекші құрал осылай аталады. Екі тілде үш мың данамен жарық көрген нұсқаулық форум аясында журналистерге таныстырылды. Кітап авторы Ғани Бейсембаев «Мамандық таңдау – бұл шын мәнісінде тағдырыңды таңдау. Өйткені адамның өмір сүру салты мен бағыты, стилі мамандығына байланысты қалыптасады. Бүкіл өміріңе әсер етіп, тағдырыңды белгілі арнаға бұратын мамандықты біз таңдаймыз дейміз, алайда мамандық та өз кезегінде бізді таңдайтынын білгеніміз дұрыс. Бұл тренинг-кітап – оқырманды өзін-өзі тануына, өмірлік мамандығын табуына жол сілтейтін алғашқы құрал. Яғни, мамандық танудың бірінші қадамы» дейді.
Бұл кітап 9-11 сынып оқушылары, мектеп психологтары, сынып жетекшілері, ата-аналар мен өмірдегі жолын табуға ұмтылған жалпы көпшілік қауымға арналып отыр. Көмекші құралдың мазмұны мамандық таңдауға бағдарлайтын бес маңызды қадамды қамтиды. Әрбір қадамның орындалу тәртібі оқушыға түсінікті етіп жазылған. Мәселен, алғашқы баспалдақ – ізденушінің қарым-қабілетін, қолынан келетін іс-шаруаларын анықтауға арналған. Мұнда оқырман осы тақырыпқа сәйкес төрт бағанаға бөлінген тізбектерді толтыруы тиіс. Түрлі-түсті тізбекке қолданушы қолынан келетін және үйренуді қалайтын істерінің және соған сәйкес мамандықтардың тізімін түзуі керек. Егер оқушы сәйкес мамандықтар туралы білмеген болса, кітапшада психолог маманның көмегіне жүгінуді ескертеді. «Ұнайтын» және «ұнамайтын» мамандықты анықта», «Мамандықтар типіне сәйкестігіңді біліп ал», «Өзіңе ыңғайлы мамандықты байқап көр» және «Табысқа жетудегі шешуші сәт, мамандық таңдау» деп аталатын өзге төрт қадамның да орындалу тәртібі әртүрлі көрнекі құралдармен бедерленіп, безендіріліп берілген. Бұған қоса, мамандық таңдаудың маңызын түсіндіретін тәмсілдер мен ертегілерден мысалдар келтіріліпті. Кітапшаның «Қосымша қызықты ақпарат» деп аталатын бөлімінде болашақта сұранысы артатын және болашағы жоқ 10 мамандықтың тізімі ұсынылыпты. Оған қоса, еңбек нарығындағы жалақы көлеміне шолу жасалып, жұмыс берушілердің жас қызметкерлерге қойылатын талаптары да зерттелген. Сондай-ақ еліміздегі мамандар жетіспейтін кәсіби салалардың рейтингі де жазылған. Балаларға оңай болуы үшін кітапта кездесетін сөздер мен терминдердің глосарийі де ұғынықты тілмен түсіндіріліпті. «Ата-аналарға кеңес» те автордың назарынан тыс қалмапты.
Айта кетейік, бұл тренинг-кітап та форумға қолдау көрсеткен ірі университтердің қаржыландыруымен басылған. Алматы мектептерінің 11-сынып оқушыларына тегін таратылды. Түсіндіру жұмыстарымен кәсіптік бағдар берудің жаңа түрлері мен нәтижелі тәсілдері туралы курстан өткен 300-ге жуық психолог айналысуда. Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің өкілі Ғазиза Құдайбергенова да түсіндіру және насихаттау шараларына өз үлесін қосатынын айтты. Кітап республиканың барлық кітапханаларына жеткізілетін болады. Бұл жауапкершілікті Qazyna кітап сауда үйінің директоры Алмаз Шәйкен өз мойнына алды.
Айдана НҰРМҰХАН