АҚЫНЫН ІЗДЕЙТІН ӘКІМ

2179
0
Бөлісу:

Нұрлан Ноғаев – білек сыбана жұмыс істей білетін мемлекеттік деңгейдегі басшы. Бұл – мықты адамға тән қасиет. Республикалық деңгейдегі жауапты қызметтерде болып, біраз тәжірибе жинақтаған ол, Бақтықожа Ізмұхамбетовпен бірге Ақ Жайық өңіріне келді. Батысқазақстандықтардың игілігі үшін көп тер төкті. Нұрлан Асқарұлы өзінің іскерлік қабілеті, адамгершілік қасиеті арқылы Елбасы қойған міндет-мақсаттарды орындап, Батыс Қазақстан облысының дамуына соны серпін бере білді.

Бұл – белгілі ақын Қайрат Жұмағалиевтің осыдан бес жыл бұрын, яғни өзінің мәң­гілік мекеніне аттанар жылы айтқан сөзі еді. Осыдан екі-үш ай турасында Оралда Қай­рат ағамызға ескерткіш тақта ашылған болатын. Сол шара кезінде де бұл сөздер еске алынбай қалған жоқ. Жалпы, ақжайықтық ақын-жазушылардың да, мәдениет саласының қызметкерлерінің де Бақтықожа Салахатдинұлына да, Нұрлан Асқарұлына да алғыстан басқа айтары жоқ. Жергілікті қаламгерлердің кі­таптары шығарылды, шы­ғар­машылық кештері ұйым­дастырылды, оларды әлеуметтік тұрғыдан қолдау шаралары алынды. Жазушы Сәбит Досанов айтпақшы, ақындары әкімдерін іздесе, ондай елдің маңдай соры бес елі, әкімдері ақындарын іздесе, бақыт нұрын кешеді. Ақынды да, әншіні де іздейтін әкімнің бірі – осы Нұрлан Ноғаев.
Өткенде Атырауда болған айтыс кезінде Жүрсін Ерманның «республикада айтыс өнеріне қолдау танытып отырған төрт әкім болса, солардың бірі – Нұрлан Ноғаев» деуінің өзі осынау сөзімізге дәлел бола­тын сияқты. 2015 жылы Оралда белгілі әнші, актер, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Нұрлан Өнербаевтің шығармашылық кеші өтті. Сыр-сұхбат бағытында болған концертте әнші араға он жыл салып Ақ Жайыққа табан тіреп отырғанын, ба­тыс­қазақстандықтармен сағына қауышқанына шексіз риза екенін жеткізді. Осы кешті өткізу үшін облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтан арнайы шақырту алғанына да қуанышты еке­нін айтты. Қазақтың небір ақын­дары мен батырларын, жақ­сысы мен жайсаңын берген киелі де қасиетті Ақ Жайық өңірінің ауыл-аймақтарында мәдени ошақтар ашылып, жаңарып жатқаны облыс тізгінін ұстап отырған азаматтардың іскерлігімен, өнерге, ұлтқа деген жанашырлығымен байланысты екенін тілге тиек етті. Кеш соңын­да әкім әншінің жұмыс жос­парының, уақытының тығыз­дығына қарамай, солар­дың арасынан сыналап мүмкін­шілік тауып, облысқа келіп, батысқазақстандықтарға әдемі кеш сыйлағаны үшін риза­шылығын білдірді.
– Жаңа «енді бес жыл, не он жылдан соң ба, бұйырған күні кездесерміз» дедіңіз. Осы­ған орай, біз сізді әрқашан да күтетінімізді айтқым келеді. Бабаларымыз «айтылмаса сөз жетім, тыңдалмаса ән жетім» дейді ғой, сіздің сөзіңіз де, әніңізде өз тыңдармандарын тауып келеді. Ақ Жайық жұртшылығының өнерді қалайша сүйіп, қошеметтейтінін мына зал толы халыққа қарап білуге болады. Кейбіреулер «ән­шілер сахнаға шығады да ән салады, болды ғой» деп ойлайды. Мұның жаңсақ пікір екенін сіз дәлелдеп тұрсыз. Айтылған сөздеріңіз әркімнің жүрегіне жеткені сөзсіз. Әлгінде марқұм Қайрат Жұмағалиев ағамыздың сөзіне жазылған «Анашым» әнін орындау арқылы ол тек анаға емес, Жер-Анаға, туған топыраққа, Отанға деген махаббат екенін әдемі түрде айтып, бәрімізге ой салдыңыз, – деген Нұрлан Ноғаевтың сөзінің өзі оның жан-дүниесінің тереңдігін көрсетсе керек.
Былтыр Атырауда Қазақ­станның xалық артисі Роза Рым­баеваның саxнада жүргеніне 40 жыл толуына орай өткен кеште Нұрлан Асқарұлы оған облыс жұртшылығының атынан домбыра сыйлап «Кезінде теле­дидардан «Әлияны» тыңдап, сол кезден бастап сізге ұқсағысы келген замандастырыңыз көп болды. Сол үрдіс әлі күнге дейін жалғасып келе жатыр. «Қазақтың өнер майталманы кім» дегенде «Роза Рымбаева» деп айтатын жандар әлі көп. Құрманғазы мен Динаның елінен сізге қазақтың киелі домбыраны сыйға тартуға рұқсат етіңіз» деп айтуында да үндестік бар сияқты.
Өткен жылы Атырауда белгілі ақын, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Тұрғынбекұлының 70 жыл­дық мерейтойына арналған «Өмірге өлең керек» атты ән-жыр кеші болғанынан көзі қарақты оқырман хабардар екені анық. Шарада сөз алған Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өлеңнің адам өміріндегі рөлін ерекше бағалап, қаламгерлерді, азаматтарды тірісінде құрметтеуге шақырғаны есімізде. Оның айтуынша, адам­ның бесік жырынан бастап, мәңгілік мекеніне шығарып салып жатқандағы жоқтауының екі ортасында – қызығы да, шыжығы да мол, қамшының сабындай қысқа өмірде өлең әр­қашан қасыңда жүреді. Табиғат берген дарынның арқасында елдің жазушылары, ақындары қоғамның қуанышын да, қайғысында өлең арқылы жеткізуге тырысады. Сол себепті, азаматтар ертең ара­мыздан кеткесін «қап, әттеген-ай, құрмет көрсете алмадық қой» деп санымызды соққанша, бар кезінде оларды құрметтеп, қолпаштаған дұрыс…

Ұлтжанды азамат
Батыс Қазақстан облысына жетекшілік жасаған кезде Нұрлан Асқарұлы Қаратөбеге барып, аудан әкімінің жыл бойы атқарған есебін тыңдап, тұрғындарымен кездескен кездегі айтқан сөзі әлі де көкейден кетпейді. Яғни, жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне оң баға берген кейіпкеріміз Мұхитты, Ғарифолланы, Ескен­дірді дүниеге келтірген бұл ау­данда қазір өнердің кенжелеп тұрғаны жанына бататыны ту­ралы айтқанда көпшілік оның өнер жанашыры екенін ұққандай болды. Нұрекеңнің тағы бір қасиеті, ол әкім ретінде орын алған бір мәселенің шет шығарып, айтып қана қоймайды, оны шешу жолдарын да ұсы­нады. «Елімізде Қаратөбені көпшілік біледі. Аудан өнерлі тұлғаларымен танымал. Ескендір ағамыздың «Атамекеніне» барлық қазақстандық тік тұрады. Неге сол үрдіс төмендеп кетті? Мемлекет тарапынан қажет жағдайлар жа­салуда. Саз мектептері, мәдениет үйлері салынып, қажет құрал-жабдықтар алынуда. Енді осы салаға жауапты мамандардың ізденісі жетіспейтін сияқты. Түрлі әдістемелік құралдар, біліктілікті арттыру курстары бар. Аудан әкімі, не осы салаға жауапты оның орынбасары, мәдениет бөлімінің басшысы не айтады екен деп қарап отырмауы керек. Сала қызметкерлерінің өздері де әрекет етулері керек қой. Қазір өз-өзін қамшылайтын кез» деген сөзі осыған дәлел.
Ақ Жайық өңірі Ресейдің бес бірдей губерниясымен шектесетіні белгілі. Нұрлан Ноғаев бір айдың ішінде осы губернияның бәрін аралап шыққан, губернаторлармен мәдени-экономикалық қарым-қа­тынасты дамыту туралы бес бір­дей меморандумға қол қой­ған әкім ретінде де тарихта қала­тын шығар. Ол бұл жерлерге ша­ғын ғана топ­пен емес, шығар­машылық, өнер адамдарын да ерте баратын.
– Осы сапарларымызда тек шаруашылық бағытындағы шара­ларды жүзеге асырып қой­май, елді аңсап, ұлттық өнерімізге сусап отырған Ресейдегі қан­дас­тарымызды рухани тұрғы­дан да бір серпілтейік деп облы­сы­мыздағы Дәулеткерей атындағы ұлт-аспаптар оркестрін арнайы әкеліп отырмыз. Концерттік бағ­дарламаларды дайындағанда да бұрынғы және қазіргі әуендерді, бар­лық жанрды қамтуға тырыстық. Елбасымыздың сындарлы сая­сатының арқасында тәуелсіз еліміз қарқынды дамуда. Осы сәтті пайдаланып, қандастарымызды елге келіп, бүгінгі жағдайымызды өз көздерімен көріп кетуге шақы­рамын. Жалпы, екі мемлекеттің басшылары достықты нығайту тұрғысында не нәрсені қолға алса да, әуелгі кезекте қарапайым халықтың қамын ойлайды. Көңілдерің алаңсыз, қазіргі заманға сай іс жүргізуге барлық жағдай тудырылса, ата-бабадан қалған салт-дәстүр, әдет-ғұр­пыңды сақтап отырсаң, тілің мен дінің жоғалмаса, бұдан артық қандай бақыт керек?! – деген сөзді шетте жүрген қандастарымызға жаны ашитын азамат қана айта алса керек.
Өткен Ұлыстың ұлы күнінде атыраулық сәбилердің тұсауын кескен өңір басшысы Нұрлан Ноғаев бұл шарада ала жіпті қолданудың мәні ешкімнің ала жібін аттамасын, еліне адал қызмет қылсын деген ниет болса, ал тоқ ішек – елі, халқы тоқ бол­сын, Отанынан ырыс кетпесін деген ниет екенін айтты.
Бұл әкімді тіл жанашыры деп те айтуға негіз бар. Өзі көптеген жиында, шара атаулысында қазақша сөйлеп қана қоймай, өзгелерді, соның ішінде жастарды мемлекеттік тілде сөйлеуге ша­қырудан сырт қалған емес. Орал өңіріне жетекшілік жасағанда алыс шетелден келген елшілер мен кәсіпкерлер делегациясымен ағылшын және мемлекеттік тілдерде сөйлескен еді. Өткен жылдың соңында Атырауға келген Нидерланд корольдігінің Қазақстандағы, Тәжікстандағы және Қырғызстандағы төтенше және өкілетті елшісі Дирк Ян Коппен кездесу басында елші облыс әкіміне орыс тілінде сұхбаттасуды ұсынды. Нұрлан Ноғаев бұл ұсынысты қабыл алған жоқ. Елшіге Қазақстанда қазақ тілінде сөйлесу қажеттігін есіне салды. Ал ауылдағы жаңа мектептің ашылу салтанатынан соң, білім ұясын аралаған кезде қазақ тілі мен әдебиеті кабинетінде ілінген көрнекі жазудағы, көпшіліктің көзіне іліне бермейтін қателікті өзге емес, облыс әкімінің көруі шынымен таңданарлық жағдай.
Жастармен өткен кездесудің бірінде Н.Ноғаев қоғамда ті­лін, дәстүрін, мәдениетін ұмы­тып бара жатқан азамат­тар­дың барына жүрегі ауыра­тынын да айтқаны бар. Оның пайымдауынша, бірінші кезекте ата-ана мен ұстаздар ұл-қыз­дарды ұлтсызданудан қор­ғау­лары керек. Бұл процеске төтеп беретін бірден-бір нәрсе – рухтың биіктігі. Сол себепті, жастар рухқа азық болатын халық мұраларынан үнемі нәр алып отырулары қажет.

Батыс Қазақстанның Құрметті азаматы
Нұрлан Асқарұлының іскер, алға қойған мақсатына жетпей тыным таппайтын жан екенін батысқазақстандықтар оның БҚО әкімінің бірінші орынбасары болып қызметін бастаған кезден-ақ аңғарды. Ол Бақтықожа Ізмұхамбетов бастап қолға алған істерді, яғни облысты толық газдандыру, мектепке дейінгі мекемелердің қатарын көбейту, ауылды көркейту бағытындағы жұмыстарды жалғастырды. Сон­дай-ақ апатты жағдайдағы білім ұяларын және мектептердегі үш ауысымды жою, жергілікті
өн­діріс орындарын дамыту сын­ды мәселелерге жете мән берді. Нәтижесінде, Батыс Қазақстан облысы балабақшамен қамту жөнінен республикада бірінші орынға шықты. Апатты мектептер мен оқу орындарындағы үш ауысым күнтәртібінен түсті. Көгілдір отын өңірдің ең шалғай ауылдарына жетті. Аудандарда тұрғындарды таза ауызсумен қамту, әлеуметтік нысандар салу жұмыстары жүйелі түрде жүрді. Индустриялдандыру картасы аясында жергілікті өндіріс орындары бәсекеге қабілетті өнімдер шығара бастады. Тұрғын үй салу қарқын алып, әлеуметтік жағынан осал топтарға, кезекте тұрған жандарға пәтер беріле бастады. Оның ұйытқы болуымен Оралда екі тұрғын үй құрылысы комбинаты салынды. Бұл өңірде көп қабатты үйлердің жедел әрі өзіндік құны арзандау бағамен салынып, сап түзеуіне мүмкіндік берді.
Бүгінде Орал шаһарының сәулетін айшықтап, рухани-мәдени өмірінің жандануына үлес қосып тұрған Достық үйі, Оқушылар мен жастар са­райы, Қадыр Мырза Әли атын­дағы мәдениет және өнер орталығы сынды нысандардың са­лынуында да Нұрлан Асқар­ұлының қолтаңбасы бар. Осы ғимараттардың қасынан орын теуіп, сән-салтанатымен көпшілікті өзіне қаратқан Салтанат сарайының бойкөтеруіне ол кісі айрықша еңбек сіңірді. Елбасының бұқаралық спортты дамыту, тұрғындардың 30 пайы­зын осынау спортқа тарту бағы­тындағы тапсырмасын айтып қана қоймай, өзі де ұстанатын Н.Ноғаев батысқазақстандықтар үшін спорт залдардың қолжетімді болуына мән берді. Қаратөбе мен Сырым аудандарында және Орал қаласының Зашаған кентінде денешынықтыру және спорт кешендерінің, ал облыс орталығынан әлемдік стандартқа сай теннис орталығының ашы­луына, спорт мектептерінің жөндеуден өтуіне, құрал-жаб­дықтармен қамтылуына ұйытқы болуы сөзімізге дәлел.
Ақ Жайық өңіріндегі ең өзекті мәселенің бірі – жол, әсіресе, аудан-ауылдардың облыс орталығымен байланысы қиын. Облысқа келген әкім-қаралардың «бас ауруы» да осы еді. Өзгелермен салыстырғанда Н.Ноғаевтың бұл бағытта төккен тері ақталған секілді. Оның кезінде Жаңақала, Қаратөбе, Шыңғырлау аудандарының орталықтары қатқыл табанды жол арқылы Оралмен байланысты.
Елбасымыз экономиканың драйвері деп атаған аграр­лық сек­тор бүгінде батыс­қа­зақ­стандықтарды өз өндірісі есебінен нан, ет өнімдерімен, картоп, көкөніс, жұ­мыртқамен толықтай қам­тамасыз етуде. Б.Ізмұхамбетов те, Н.Ноғаев та жергілікті агроөнеркәсіп кешенінің қай­та өңдеу өнеркәсібінде өн­ді­ріл­ген өнімдердің облыс нары­ғында көп болуын жіті назарда ұстаған еді. Соған сәйкес Орал өңірінде өсірілген егіннің бидайынан «Желаев нан өнімдері комбинаты», «Белес-Агро», «Аққайнар» кәсіпорындары ұн өндіріп, жарма ботқасы, макарон өнімдерін дайындауды қолға алды. Ал «Береке», «Жастық» ЖШС, «Ақас» агрофирмасы сүт өңдеумен айналысса, Бөрлі ауданындағы «Нұр» ШҚ, Зеленов ауданындағы «Баян», «Валентина» ШҚ, «Сары Бел» ЖШС, Бөкей ордасы ауданындағы «Жұмағұлова» ЖК сүт өңдеу цехтарын ашты. Етті қайта өңдеуді «Кублей», «Жайық-ет», «Батыс Марқа Ламб», «Ибрагим» ЖШС-лар жүзеге асыра бастады. Қазір олардың қатары көбейіп, кейбіреулерінің өнімдері алыс шетелге шы­ғарылуда. «Стекло-Сервис» ЖШС, Орал трансформатор зауыты да әлемдік нарықтан өз тұтынушыларын тапты. Зеленов ауданының Белес ауылында бойкөтерген қуаты 100 Мвт болатын газтурбиналы электр станса облыстың электр қуатына деген сұранысын толығымен қамтып отыр.
Жұмыс сапарымен аудандарға барған кезде бірінші кезекте әлеуметтік нысандарға бас сұғып, ондағы ахуалды көзбен көріп, қызметкерлермен тілдесу – ол кісінің қалыптасқан дағдысы. Тіпті мектептің интернатындағы балалардың қандай тамақты, қанша мөлшерде ішіп жүргеніне дейін қарап, білмесе анықтап сұрап алатын. Бірде оған аудан орталығындағы ауруханадағы дәрігерлердің көбінің біліктілігі төмендігі деп ауыл тұрғыны шағым айтты. Бұл пікірімен келіспейтінін әкім нақты мысал арқылы бейнелеп айтуы – екінінің бірінің қолынан келмейтін іс. «Зеленов ауданы орталығындағы дәрігерлер бір азаматшаның бас сүйегін ашып, миына операция жасады, – деді Нұрлан Асқарұлы. – Дегенмен ол кісінің ұл-қыздары ауыл дәрігерлерінің білімі мен біліктілігіне күмәнданып, анасын Мәскеуге апарды. Ресейлік дәрігерлер науқасты толық тексерістен өткізіп, жағдайының қалыпты екенін айтып, басына жасалған операцияға жоғары баға беріпті, ал отаның ауылдық жерде жасалғанына олар да сенбепті. Міне, ауыл дәрігерінің біліктілігі.»
Теректі ауданында болған кезде мектептің спорт залына кірген бойда әктің иісін сезіп «Мен келеді деп спорт залды өздеріңізше жаңалап қойғансыздар ғой. Бас­шылар келердің алдында емес, тұрақты түрде, яғни жөндеуден өткенше осындай жағдайда болуы керек» деп айтқаны да есте. Енді бірде ауылдың мәдениет үйінде балалар өздерінің өнерлерін көрсетпесі бар ма?! Сонда әкім оқушылар сабақ мезгілінде не істеп жүргенін сұрайды. Басшы-қосшының бірі олар түсқайта оқитынын айтып жатты. Оған мән бермеген ол оқушылардың бірінен сұраған еді. «Балалы үйдің ұрлығы жатпайтыны» рас қой, оқушы шынын айтты. Яғни, мектеп басшылығы бұларды сабақтан босатып, осында концерт қоюға жіберген.
– Жасандылыққа, көзбояу­шылыққа жаным қас. Мына балаларды сабақтан босатып, оқу бағдарламасынан қал­дырдыңыздар. Яғни, олар бүгінгі сабақтардың тақырыптарын білмейді деген сөз. Мұның ер­тең, үлкен өмірде олардың ал­­дынан шықпасына кім ке­піл?! Сондықтан алдағы уақыт­та осындай олқылықтың қайталан­бауын қалаймын. Кон­церт қой­ғыларыңыз келсе, ауылда ересек өнерпаздар бар емес пе?! Соларды неге тартпайсыздар?! – дегенде аудан, ауыл, мектеп, мәдениет үйінің басшылары кірер тесік таппай қиналғаны түсінікті шығар.
БҚО Қазақстан халқы ассам­блеясы мемлекеттік орган­дар мен азаматтық қоғам инс­титуттарының біріккен әрі тиімді институты ретінде өзін танытуына Н.Ноғаевтың да қосқан үлесі көп. Міне, осындай еңбектері үшін былтыр БҚО мәслихатының кезектен тыс XIII сессиясында оған «Батыс Қазақстан облы­сының Құрметті азаматы» атағы берілді.

Елінің туы болар ұл
Ноғаев кабинетте отырмайтын әкім. Мұны біреулер жаңсақ түсініп, «сонда қайда отырады» деп ойлап қалуы кәдік. Бірден айтайық, Асқардың Нұрланы креслода отырып, үстел соға­тын­дардың қатарынан емес. Батыс Қазақстанда 12 аудандағы барлық дерлік ауылда болған ол, Атырауға барғанда да облыстағы 7 аудан мен 52 ауылдық округтің бәрін аралап шыққан еді. Жаздың уақытында мұндай ауқымдағы іссапарды көрмеген кейбір тілшілер шыдай алмай қатардан шыққаны турасында әлеуметтік желіден оқығанымыз бар. Осынау сапарын қорытындылаған әкім ауылдағы ауызсу мәселесіне ерекше тоқ­талған еді. Оның айтуынша, Құрманғазы ауданындағы Азғыр елдімекенінің халқы әлі күнге дейін суды көлікпен тасып ішіп отыр. Ол аздай жаңадан салынғанына қарамастан су сақтайтын екі резервуардың біреуі тесілген. «Егер салынған нысан дұрыс жобаланбаған болса немесе құрылыс жұмыстары дұрыс жүргізілмесе, оны жауапты мекеме басшылары қалай қабылдап алды? Ен­ді оған қайтадан жөндеу жұ­мыстарын жүргізу керек бо­лады. Бұл – салғырттықтың белгісі. Мәселені тездетіп шешіп, нәтижесін маған хабарлауыңызды сұраймын» деген сөзі азғырлықтарды қуантып тастады.
Тәртіпке, жауапкершілікке жіті мән беретін біздің кейіп­­керіміз биылғы жыл ба­сында Атырау облыстық мәс­лихатының кезектен тыс сес­сиясында депутаттардың жұмысын сынға алғаны белгілі. Аймақ басшысының пікірінше, халық қалаулылары қызметтік міндеттерін толық орындамай жүр.
– Сіздерді облыс халқы сайлады. Сайлаушылар аудан­дарының әл-ауқатын жақсарту бағытында бел­сенді жұмыс жүргізіп, ұсы­ныс айтуларыңызды күтеді. Президенттің тапсыр­ма­ларын, халықты толғандырған мәселелердің шешімін та­бу үшін еңбектену керек. Өкінішке қарай, Жылыой, Мақат аудандары әкім­де­рінің жылдық есеп беру жиын­­дарында болғанымда облыс­тық, аудандық мәслихат депу­тат­тарының жұмыстарын көр­­медім. 27 облыстық депу­тат­­тардың 15-і аудандардан сай­­ланған, соның біреуі ғана ау­­данда тұрады, қалғандары – қалада. Сайлаушыларын жы­лына бір-екі рет қана көреді. Халықпен сөйлеспесеңіздер, ортасында болмасаңыздар жағдайды қайдан білесіздер?! Елдің жағдайын білмесеңіздер, шешім қабылдап, проблема­ларды шешу бойынша нақты шараларды қалай ұсынасыздар?! Мәслихаттардың қызметіне күн сайын араласа алмаймыз, тыс қалуға да құқығымыз жоқ. 27 депутаттың 25-і «Нұр Отан» партиясынан ұсынылған. Менің, партияның облыстық филиалының төрағасы ре­тінде депутаттардың жұмыс­та­рына, міндеттеріне деген көз­­қарастарына көңілім тол­­­­майды. Сайлаушылар да қана­ғат­танбайтынына сенімдімін, –
деді Н.Ноғаев.
Байсалдылығымен, іс­керлігімен, қойылған мақсатына жетпей тыным таппайтынын қайсарлығымен ерекшеленетін Нұрлан Асқарұлының әділдікті айтар, жұмысты талап ететін жерде әріптестерінің бет-жүзіне қарамайтын тура мінезі мен өрлігіне риза боламын. Оның бұл қасиеттерін бұрынғы батыр бабаларымыздан қалған сарқыт ретінде бағалаймын. «Атадан жақсы ұл туса, елінің туы болар» деген сөз осындай азаматтарға қарап айтылса керек.

Темір ЕРЖАНОВ 

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*