Елбасы ректорды қабылдады

1087
0
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтановты қабылдады.

Кездесу барысында университеттің ғылыми әлеуетін дамыту мәселелері және «Төртінші өнеркәсіптік революция жағ­дайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдаудың басым бағыттарына сәйкес кадрлар даярлаудың барысы талқыланды.
Мемлекет басшысы университет та­рапынан атқарылып жатқан жұмыстар­дың нәтижелерін атап өтіп, жаһандық эконо­микалық және технологиялық өзгерістер жағдайына бейімделген жас мамандарды оқыту ісіндегі жоғары оқу орындарының рөліне баса назар аударды.
– Сіз көп жылдан бері еліміздегі ең ірі және басты университеттердің бірін бас­қарып келесіз. Мұнда шетелден келіп оқи­тын студенттер бар. Университет елі­міздің жоғары оқу орындары арасында жоғары рейтингке ие болып отыр, – деді Қазақстан Президенті.
Ғалымқайыр Мұтанов Нұрсұлтан Назарбаевқа университетті трансфор­мациялау және оқу үдерісін заманауи талаптарға бейімдеу нәтижелері жөнінде баяндады.
– Біздің негізгі мақсатымыз – оқу орнын әлемдік деңгейдегі зерттеу уни­верситетіне айналдыру. Соған орай жетекші мамандар даярланып қана қоймай, ғылым мен инновацияны дамыту мәселесі де қамтылатын болады. Жалпы, универ­ситеттер инновациялық экономи­каның драйвері болуға тиіс, – деді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситетінің ректоры.
Ғ.Мұтанов Мемлекет басшысына ІТ және жаңа технологиялар саласындағы жобалардың іске асырылу барысы жө­нінде мәлімдеп, оқу орнының базасында құрылған IT технопаркі аясында уни­верситетаралық өзара ықпалдастықтың орнағанын айтты. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ректорының мәліметіне сәйкес, бүгінде осы оқу орнын­дағы студенттердің 60 пайыздан астамы жаратылыстану ғылымдары бойын­ша білім алуда.
Кездесу соңында Қазақстан Прези­денті бірқатар нақты тапсырма берді.

Бөлісу:

Пікір жазу


*