БАҚЫТТЫҢ КІЛТІ КІМНІҢ ҚОЛЫНДА?

1888
0
Бөлісу:

Тренинг – ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап ғана ұғымға сіңе бастады. Бұл терминді қолданысқа енгізген – Манфред Форверг. Ол тренингті оқытудың бір формасы ретінде пайдаланған. Яғни, ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынасты, бала мен ата-ана арасындағы байланысты реттеу үшін қолданған. 

Тренинг қандай жағдайда көмектеседі? Ол жеке адамның қоршаған ортаны та­нып-түсінуіне, өз ойын ашық айтуына, ішкі күйзелісін жеңуіне, қиындықтарын бө­лісуіне мүмкіндік береді әрі жеке тұл­ғаның өзін-өзі бақылауына жағдай жа­сайды.
Жақсы-ақ делік. Тренинг өткізу қажет. Бірақ оны өткізетін адам кім? Өз саласын толық меңгерген жан ба? Әлде жолдан қосылған «жолбике» ме? Соңғы жылдары түрлі салада кездесу өткізу сәнге айналды. Экономика, бизнес саласында әдіс-тәсіл үйретудің жөні бөлек, әлеуметтік салада да «үйретушілер» немесе «ақыл айту­шы­лар» жиілеп барады. Бұл ненің көрінісі? Біз қандай тренингтерге барып жүрміз? Қадағалап, бақылау жүргізіп отырған біреу бар ма? Бұл – бір.
Екіншіден, тренинг өткізу де бизнес жасаудың көзіне айналды. Отбасы бақытын, әйел бақытын, ата-ана мен бала қарым-қатынасын оқытатын «жиындар» көбейген сайын, оның да құны жоғарылады. Ақылы тренингтердің бағасы қандай?
Әлеуметтік желі қолданушыларының да бұл мәселе «бас ауруына» айналған. Желі қолданушылардың бірі өзінің жеке парақшасында: «Тренингке де байқап бармасаңыз, тура жолдан тайып кетуіңіз бек мүмкін. Сауатты, бір саланы толық меңгеріп, кемелденген адамның жөні бөлек. Ал өзін-өзі «жасап» шыққан, «бұрын үйде отырған әйел едім, бүгін міне» дейтін психологсымақтардан абайлаңыз. Жақында құрбым сондай тренердің біріне барып, шошып қайтты. Ол отбасындағы кикілжіңді шешудің қандай жолын ұсынды дерсіз? «Лимонға көп ине шаншып, төсегінің астына қой, шіріп кеткен соң лақтыр, сонда бәрі жақсы болады» деп үйретіп жатыр. Келіншектер соны жа­зып алып, үйіне барып істегенше асық» дейді.
Енді бірі «мұның бәрі – психологиялық кітаптарды оқып, сол оқығанымен ақша істегісі келіп жүргендердің ісі. Бірнеше психологиялық кітап оқыдым. Арасында бір-біріне қайшы келетін кітаптар жетеді. Со­ның ішінен саралап, өзіміздің жан-дүниемізге сай келетінін ғана көңілге тоқу керек. Осындай психологиялық тренингтерге баратындар – кітап оқуға ерінетіндер. Бәріміз де «алма піс, аузыма түс» деп жата бергіміз келеді» деп жазады.
Тағы бірі: «Тұрмысқа кеш шыққан келіншектің «күйеуге тиюдің сәтті жолдарын» айтуға құқы бар ма? Бір емес, бірнеше сәтсіз тұрмыс құрғандардың отбасындағы жарамдылық туралы айтулары жөн бе? Қазаққа шын жаның ашыса, қазақты ұшпаққа шығарғың келсе, неге тегін өткізбейсің? Батыстың пәлсапасы қазақ отбасына жүре ме?» деп ашынады.
Психологиялық тренингтер алуан түрлі. Интернетті шарлап көрсеңіз, орыс тілінде де, қазақ тілінде де өткізілетін мұндай «жиындардың» түр-түрін табасыз. Тренерлер де көп, тренингтер де аз емес. Демек, мұндай тренингтерге сұраныс мол деген сөз. Адамдардың бір-біріне қарым-қатынасын реттеуде, өз-өзін бақылауына ықпал ету үшін психологтың пікірі қажет те шығар. Бірақ тренингке қандай жағдайда барған дұрыс? Соны анықтай алмай отырған секілдіміз.
Журналист Айсәуле Әбілдаева өзінің фейсбуктағы парақшасында тренингтерге қатысты мынадай ой-пікір қалдырған екен. Онда: «Исламда «истихара» деген дұға бар. Бір істің дұрыс-бұрыстығын Алладан сұрау үшін оқылады. Сосын ол іс болмай қалса, «Е, қайырсыз болған екен ғой» деп қоя сала­сың, жүрегің ты­нышталады. Қазақша қы­с­қа мағынасы мынадай: «Алла Тағала іліміңе сеніп, мен Сенен ниеттенген ісімнің жақсылығының белгісін тілеймін. Сен бұл іс менің дінім, өмірім, ісімнің ақырын немесе дүние мен ақыретіме пайдалы болса, осыны маған нәсіп ет. Егер бұл іс менің дінім, өмірім, ісімнің ақырына және дүние мен ақырет әлеміме жаманат әкелетін болса, менен алыстат. Мені де одан алыстат». Қазір көп кісілер ислам мен басқа психологиялық ілімдерді қосып, қойыртпақ қылып жіберді. Жалпы, ешкімнің қай философияны таңдауында қарсылығым жоқ, алайда асыл сенімге аралас­тырмай-ақ қойса ғой деп ойлап жүретінім рас» деп жазыпты.
Тренердің көмегіне жүгіну – шарасыздық. Соңғы жылдары мұндай жағдайлар жиілеп барады. «Дегредацияға» ұшыраған жандар жанының қалауын тренингтен табады. Бұл психолоия тілінде – жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуы. Нағыз психологтардың жеке тұлғаны «қараңғыдан» «жарыққа» алып шыққысы келетін ниетін дұрыс деп қабылдалық, ал «аңқау елге арамза молда болғысы» келетіндерді ше?
Кейбіреулер «лимонға көп ине шаншып, төсектің астына қоюды» үйрететін тренингтерді «қара магияның» тәсілі емес пе деп алаңдайды. Қалай десек те, ХХІ ғасыр тренинг саласының өсіп-өркендеуіне жол ашып тұр. Қазір ақылы тренингтер саны көбеймесе, азаймайтын секілді. Бұл сала күннен-күнге «дәуірлеп» барады.
Осындай ақылы тренингке қатысқан Ерке есімді бойжеткен: «Аманжол Рысмендиевтің «Өзіңді оят!» семинар-шоуына қатыстым. Тренердің артықшылығы – қазақы менталитетке сай шетелдегі бизнес кітаптарын қарапайым тілмен жеткізуі. Күнделікті болып жатқан құбылысты дәл тапқандай, өзін тыңдаушыларға өктем сөйлеуі. Көзге көркем көрінетін әдемі реквизиттер, пысық ұйымдастырушылар, таза орын және ең бастысы, өзіне өте сенімді сымбатты оратор есте қалды. Екі күнгі семинарының билет құны – алдыңғы орындар 75 мың, артқы орындар 30 мың теңге. Төлеген бағаға лайықты ақпарат алдым дей алмаймын. Бірақ мотивация болды. Дегенмен, мықты жазушының бір кітабын оқып, өзіңді дамыту үшін уақытыңды басқа нәрсеге жұмсасаң, әлдеқайда тиімдірек болар еді. Бұл да бизнестің көзі екен ғой деген тұжырымға келдім. Себебі, бір семинар-шоуға 250-ден аса адам қатысты. Ары қарай өзіңіз бағамдай беріңіз. Бәрі өзгенің емес, адамның өзінің қолында екенін ұмытпағанымыз жөн» деген пікірін білдірді.
Психологтар сенім туралы жиі айтады. Адамды сөзбен емдеу де – керемет тәсіл. Тек сендіре білсеңіз болғаны. Ақылы тренинг өткізетін тренерлер осы әдіс-тәсілді тиімді меңгеріп алған секілді.
Дегенмен, «бес саусақ бірдей емес». Тренинг өткізушілердің бәріне күйе жағуға болмайды. Білімді, білікті, сауатты тренерлер де жетерлік. Сөзі нәрлі, мағыналы да мәнді ой айта алатын маман қашан да сұранысқа ие. Сөзбен адамды өлтіруге де, емдеуге де болатынын нағыз психолог жақсы түсінеді. Айнаның екі жағы бар: біз қай жағына үңіліп жүрміз? Мәселе – осында.

Жанар БАЙСЕМІЗОВА, тренер:

Әр адамның өз миссиясы болады

– Тренингтер өткізуді өткен жылы қолға алдым. Үш тренинг өткіздім. Алғашқысының тақырыбы – «Әйел энергетикасы не үшін керек немесе мидағы найзағайлар соғысын қалай тоқтатуға болады?» деп аталған. Одан кейінгісі – «Тұрмысқа шығу үшін қалай әрекет ету керек немесе экс-кәрі қыздан құнды кеңес». Қазір білімімді жетілдіріп, семинарларға қатысудамын. Менің мақсатым – өзімнің өмірлік тәжірибемнен жинағанды бөлісу. Бұл – адамның өзіне берілетін миссия іспеттес. Мәскеуден келген бір білікті психолог «Негізі өзін-өзі дамытуға ден қойғандар – ерекше адамдар» деген болатын. Өйткені адамның өзін-өзі тануы күрделі процесс. Біз өз эмоцияларымызды игере алмаймыз. Эмоциямызды басқара алмасақ, қоғаммен қарым-қатынас орната алмайтынымыз анық. Кішкентай кезден ата-анамыз бойға сіңірген бағдар, қағидалармен өмір сүру қиын болады. Өйткені ол кездегі заман басқа. Бүгінгі заман талабына сай бейімделуіміз керек. Бұрыннан қалыптасқан, өмірімізді қиындататын ережелерді бұзып, жаңа өмір сүру қағидаларын қоюымыз қажет. Өзім де көп дүниені ұзақ уақытқа дейін ұғына алмай жүрдім. «Жүректің көзі ашылса, хақтықтың түсер сәулесі» деп Абай айтқандай, жүректе сәуле жанып, көп уақыт түсінбеген дүниелерді түсінесің.
Қазір «мұндай тренингтер қажет емес, оған қатысатындар – ақымақтар» деген пікірлерді естіп жатамыз. Бұлай біржақты айту дұрыс емес. Бұл – менің субъективті пікірім. Кім қандай пікір, ой айтса да, өзінің дүниетанымынан алып жазады. Дұрысы осы, бұрысы мынау деп айтудан аулақпын. Дәл қазіргі уақытта тренингтер өткізіп жүрген жоқпын. Инстаграм парақшамда эфирлер жүргізіп, кеңестер беріп, марафондар өткіземін. Эфирімді тыңдап, айтқан техникаларымды орындап жүрген қыздар өз алғысын білдіріп жатыр. Бәлкім, оған себепкер болған шығармын. Мүмкін, осы жолда келе жатқандарға кішкентай ғана демеу берген шығармын. Бұл мені ерекше қуантады. Бір адам пайдалы ілім алып, оны өмірде қолданып, жақсы нәтиже шығарса, берген дүниеңнің қайтарымы бар деген сөз.
Қоғамда кәрі қыздар мәселесі көкейкестілігін жоғалтпай отыр. Екінші тренингімді өткізуімнің себебі де осыдан шықты. Бұл – бүкіл әлемдегі проблема. «Қыздарымыз уақытында неге тұрмыс құрмады?», «Қыздардың өз адамын табуына не кедергі?», «Қыздар біреудің көңілдесі болып, неге өмірін соған арнауда?» деген сауалдарға жауап іздеп, өз өмірлік тәжірибемнен ақыл-кеңес беремін. Қазір кейбір тренерлер өзі бизнес бастамай, бизнес тренер болып кетті деп сынайды. Мендегі жағдай бөлек. Тұрмысқа шықпай тұрып, басымнан өткен жағдайлар, қоғамда қандай дү­ниелер болды, қандай қағажу көрдім – ой-түйгенімнен бөліскім келді. Тұрмысқа шығу үшін не істеу керек? Осындай тех­никаларды үйретемін. Бірақ маған көмектескен дүние басқаға кө­мектеспеуі мүмкін. Оны да ескертемін. Түрлі тех­ни­­ка­ларды жа­­сау арқылы өз-өзіңді жақсы көріп, өмір қалпына келетінін үйретемін. Бұл – ақымақтарды жинап алып, ақыл айту емес. Тренингіме көзі ашық, білімді, қызметкер әйелдер қатысады. Сондықтан олар ақымақ емес. Бақыттың әр алуан формасы бар. «Тұрмысқа шықсам, бақытты болып кетем бе?» деп ойлайтындарға мәселе онда емес екенін айтуға тырысамын. Әр қазақ қызы әр күннен ләззат алып, эмоциясын игеруді үйреніп, өзін-өзі тануды үйренсе деймін. Осы бағытта іліміммен бөлісуге тырысамын. Алматы, Астана қалаларында тренингтер көбірек өткізілетін шығар. Бірақ аймақтарда өте аз. Мен – ақыл айтушы емеспін. Мақсатым – бағыт-бағдар көрсетіп, әлемдік психологтардың еңбектерімен бөлісу. Беретін дүниемді қазақтың дүниетанымынан алынған тәрбие, ұят, ар-ождан деген ұғымдарға сай бейімдеймін. Әр тренердің беру формасы әртүрлі. Менікі – адамгершілік ізгілік қасиеттерді насихаттау, әр адамға өз орнын табуға жәрдемдесу. Материалдық дүниеге көп көңіл бөлінетін бүгінгі қоғамда рухани құндылықтарды жаңғырту аса қажет. Адам рухани әлемін жаңғыртса, ойындағы дүниеге қол жеткізеді.
Маған тұрмыс құрмаған қыздар ғана емес, отбасылы келіншектер, тіпті зейнеттегі әжелер де хабарласады. Бүгінгі заманда аудиторияны күштеп жинау мүмкін емес. Адамдар өздері іздеп келеді. Сұраныс бар деген сөз. Елімізге семинарлар, тренингтер қажет. Батыс бұл кезеңнен өткен. Адамдар менмендікті, тәкаппарлықты тастап, ата-баба дәстүрінен келе жатқан дүниетанымымызды ұлықтау қажет. Осының барлығынан алыстап кеткеніміз рас. Елбасымыздың өзі «Рухани жаңғыру» бағдарламасында рухани жаңғыру қажеттігін баса айтқан жоқ па?
Жалпы, тренингтерге қатысты сын пікірлер де көп. Адам өзі бір нәрсені түсінбеген кезде сынайды. Әр адам өз деңгейінде сын, пікір айта алады. Егер біреу бұл қажет емес десе, оған керек деп дәлелдеу – бос әурешілік. Ол біраз уақыттан кейін өз пікірін өзгертуі ғажап емес. Сондықтан бүгінгі қоғамда түрлі пікірлер де қажет. Барлық пікірлерге объективті түрде қараймын. Ешкімді сынамаймын. Сынаудың өзі көңіл­толмаушылықтан туады. Тренингке 200-300 адам қатысып жатса, қалайша оларды ақымақ деуге болады? Сол адамдардың барлығын ақымақ санаған адамның өзі ақылдылықтың қандай деңгейіне жеткен? Оның бойында да тәкаппарлық бар.
Әр адамның өз миссиясы болады. Тарам-тарам жол арқылы қоғам қалып­тасады. Бәлкім, уақыт өте келе өткізіп жатқан тре­нингтер мен мастер-класстар іріктеліп, ең мықтысы қа­латын шығар. Оны да уақыт көрсетеді.

Құралай ОШАҚБАЕВА,
психолог-тренер:

Қазақ қоғамына өте қажет

– Сіздің тренингтеріңіздің негізгі мақсаты қандай?
– Менің негізгі мақсатым – қазақтың қыз-келіншектеріне әлем психологиясын, ұлттық құндылықтарымызды, әжелері­мізден келе жатқан қазақы тәрбиемізді дәріптеп, өзін-өзі тануға демеу болып, бағыт-бағдар беру. Өз басым 10-15 жыл осындай семинар-тренингтерге қатысып, өміріме бақыт, гармония, махаббат әкеле алдым. Менің жеткен жетістіктеріме қазақ қыз-келіншектері де жетсе екен деген ойда тренингтер өткізуді қолға алдым. Қа­зақстанның 15 қаласында семинар-тренинг өткіздім. Жақында Ақтөбеге барғалы жатырмын. Бүгінгі қазақ қыздары өзін-өзі тану, өзін-өзі дамытуға сусап отыр. Сондықтан бұл қажет дүние деп білемін. Ауылдан шықтық, 20 жыл ауылда тұрдым. Астанаға көшіп келдім. Маған көмектескен дүние қазақ қыздарына да көмектесе алады деп ойлаймын.
«Әйел заты бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» дейді. Интер­нетті ақтарсақ, «күйеуім араққұмар, ойынқұмар» деген секілді пікірлерді жиі оқып қаламын. Әйелдердің мақсаты – күйеуіне дұрыс бағыт-бағдар беру. Осы орайда көптеген психологиялық техни­калар, медитациялар, айтылатын әңгі­мелер, түрлі терапиялар бар. Соның барлығын қолдана отырып жасаған арнайы бағдарламам бар. Тренингіме қатысқан әйелдер қауымы әлеуметтік желілерде алғысын айтып, «өмірден өз орнымды таптым» деген пікір-лебіздерін білдіріп жатады. Мұны естіп, одан ары қанаттанып, қазақы менталитетке сай тренингтер өткізіп жүрмін.
Тренингтің бағасы өтетін қала мен орнына байланысты әртүрлі. Өзімнің материалдық қорым, әдістемелігім, ұйымдастырушылар мен көмекшім – барлығы есепке алынады.
– Тренингке кім қатыса алады? Қандай да бір шектеулер бар ма?
– Көбінесе өмірден соққы көріп, өз сауалына жауап таба алмай қиналып жүрген қыз-келіншектер қатысады. Статистикам бойынша, 25-35 жас аралығындағы қыз-келіншектер көп. Жаңадан келін болып түсіп, өзін жоғалтып, қиналып жүрген жастарға айтар кеңесім де бар. 20 жылдық отбасылық тәжірибем бір төбе, алты баланың анасымын.
– Тренингтеріңізге қатысты айтылып жатқан сын пікірлерге қалай қарайсыз?
– Сынға дұрыс қараймын. Бәріміз идеал емеспіз. «Көш жүре түзеледі» деген сөз бар. Айтылған дүниелерді ақырындап түзеп келе жатырмын. Әрине, тырнақ астынан кір іздейтіндер сын табады. Бірақ дәл қазір қазақ қоғамына бұл қажет деп ойлаймын. Ене мен келін, күйеу мен әйел арасындағы қарым-қатынастар, бала тәрбиесі жайында айтылатын әңгіме бар. 20 жаста болғанымда осындай ақыл-кеңес­терді орыс психологтарынан таптым. Содан көп дүние оқып, үйреніп, қарапайым тілде қазақ қыздарына жеткізуді мақсат еттім. Бар болғаны – осы. Менің сөз­дерімнен жанына жылу тауып жатса, ішкі күйзелісін жеңуіне мүмкіндік тауып жатса, соған қуанамын.

Айбек СИДИКОВ, психолог:

Тренинг өткізу – жаңа бизнес түрі

– Тренинг өткізу бизнесі ешқайда тіркелмейді, яғни заңды болып табыл­майды. Яғни, бірнеше тренингке қатысқан, біраз кітап оқыған кез келген адам өзін тренер санап жатады. Осылайша, «Адам­дарға өз-өзін дамыту жайында неге тре­нингтер өткізбеске?» деп кәсібін бастап кетеді. Мәселен, мектеп мұғалімі болу үшін арнайы диплом, білім, тәжірибе қажет болса, тренер болуға ешқандай талап қойылмайды. Тренинг өткізу саласы елі­мізде соңғы 5-10 жылда қарқынды дамуда. Әсіресе, Астана мен Алматы қалаларында үлкен сұранысқа ие. Мұнда әрине, батыс елдерінің әсерін жоққа шығара алмаймыз. Бірақ шетелдерде әрбір тренингтің мақ­саты, бағдарламасы мемлекет тарапынан тексеріледі, әрбір тренердің белгілі дәрежеде білімі болуы керек. Бізде мұндай талап жоқ. Тіпті бұл мәселелерді реттейтін мемлекеттік орган да жоқ. Алайда тренингті кәсіп еткен қаншама тренер бар. Бұл жұртшылық тарапынан сұраныстың бар екенін көрсетсе керек.
Тренинг өткізу – жаңа бизнес түрі. Себебі, әрбір тренинг бағасы кем дегенде 15 мың теңгеден басталады. Дегенмен, көп жағдайда айтары, берері құнды деп айта алмас едім. Бүгінгі таңда бұл ақша табудың жеңіл жолына айналды. Сондықтан көп­шілік алдында сөйлей білетіндер 1-2 кі­тапты оқып, тренинг бастап жатыр. Оның бәрі сіздің мәселеңізді шешпейтінін ұғынған жөн. Қаптаған тренингтен «өмірім түбегейлі өзгерді» дегендердің саны өте аз. Көп жағдайда кей адамдарға тренингтерге бару хоббиге айналып кеткен. Осылай бірте-бірте «әлеуметтік нашақорға» айнала бастайды. Осыдан 10-15 жыл бұрын желілік маркетинг қалай халық арасында тараса, дәл солай қазір тренингтердің дәуірі бас­талды. Желілік маркетинг жиындарына адамдар шоу көру үшін, еркін ортада бір-бірімен араласуы үшін, өмірде жетпеген дүниесін алуға баратын. Тренингтер де солай. Адамның жеке өмірінде бір нәрсе жетпесе, ол оны сондай «кездесулерден» іздейді.
Тренингтер қиратушылық және ақпараттық сипат болып екіге бөлінеді. Ақпараттық сипат алған тренингтер адам­дардың бір-бірімен танысуына, араласуына демеу болып, демалуға жәрдемдессе, сөзсіз бұл – қажетті дүние. Тренинг адам өмірін өзгерте алмайтынын түсінген абзал. Барлығы адамның қаншалықты сенетініне, өз-өзін сендіретініне байланысты. Гипнозға бейімі бар адамдар барлық ақпаратқа сеніп, тренингтерге қатысады. Тренингке баратын адам барлық ақпаратты жүрегіне жақын қабылдамауы керек. Шетелдерде белгілі мақсатпен пікірлесу, жаңа дүние алу үшін барады. Ал бізде қалай? Адамдар тренингке өмірінде туындаған мәселелерді шешуге көмектесетін соңғы үміт ретінде келеді. «Бақыттың кілтін тап», «Тұрмыс құрудың сыры», «Миллионер атан» секілді жарнамасы жер жарған ұранмен басталатын тренингтер бүгінгі қоғамды өзіне баурауда. Тіпті қарызға ақша алып, баратындар да жеткілікті. 1-2 күн қатысып, жетістікке жетемін немесе мәселемнің бәрін шешемін деп сену дұрыс емес. Мәселені тренер емес, адамның өзі шешуі керек екенін түсіну керек.
Тренинг өткізу бизнесін заңдастыру мүмкін емес. Бүгінгі қоғамның мәдениетін, рухани деңгейін көтеру қажет. Бүгінгі жұртшылық біреуге сенеді. Критикалық ойлау деңгейі өте төмен. Ал біреуге сену, инфантильділік деңгейі керісінше жоғары. Шын мәнінде, адам бәрін өзіне сенуден бастау керек. Осы жағы бізде кемшін түсіп отыр.

Дайындаған Айна  БЕКЗАТ, Ботагөз ҚАЙРАТҚЫЗЫ 

Бөлісу:

Пікір жазу


*