ХАЛЫҚТЫҢ МЕРЕКЕСІ НАУРЫЗ ДЕГЕН…

2309
0
Бөлісу:

Наурыз айы да келіп қалды. Осы Наурыз мерекесінің шынайы мән-мағынасын ұғындық па? Бұл – жаппай наурызкөже ішу үшін ғана жиналатын мереке ме? Жіберілген ағаттыққа өкініп, өзара кешірім сұрасып, жан сарайымызды тазарту жағы неге ұмыт қалды?
Наурыз – жаңару, тазару, арылу, кешірім мен мейірім тәрізді ұғымдарды біріктіретін мереке екенін естен неге шығардық?

Әлеуметтік желіде Наурызды ме­ре­келеудің бірсарынды сипатын сын тезіне алғандар да баршылық. Белгілі блогер Серік Абас-Шах былай деп жазады: – «Новый год» ме­рекесін бүкіл әлем халқы той­лайды. Әдетте, желтоқсан айының орта тұсынан басталатын «шырша­лық ша­ралар» қаңтардың алғашқы декада­сынан асып, «әрең дегенде жығылады». Ал әз-Наурыз ше? Мәң­гілік Ел үшін «Наурыз мейра­мы» қаншалықты маңыз­ды? Бұл ме­рекенің салмағы неге «Новый годтан» кем түсе береді? Наурыз мей­рамын өткізу шаралары неге жасанды? Наурыз мейрамы неге «шапан киіп, көже ішумен» шектеле береді? Наурыз мейра­мын тойлау­дың басты алғы шарты – ата-баба­мыз­дың салт-ғұрпы жайлы «ағарту­шы­лық» жазбалар жариялап, дәс­түрлі телевизиялық роликтер көр­сету ғана. 21-22 наурыз күндері мей­рамдау үшін емес, телерепор­тажға түсіп қалу үшін ғана көшеге шы­ғатындаймыз. Жыл сайын «баяғы» көрініс… Жыл сайын «сол жар­тас…» Мейрам неге мейрам сияқты мей-рамдалмайды? Дәл неге осы күні көсемсіп, ақыл айту­дан аса алмаймыз? 22-наурыз – жыл басы ма, жоқ әлде «қазақ­тың дәстүрі туралы ашық лекция оқу күні» ме? Наурыз мерекесі – жыл басы болса, оны неге түнде (немесе таң алдында) думандатып, шеру­летіп қарсы алмаймыз? Мысалы, 31 желтоқсаннан 1-қаңтарға ауған түні үлкеніміз де, кішіміз де бала болып кетеміз ғой. Ал 21 нау­рыз­дан 22-сіне ауған түні неге алаңсыз ұйық­тап жататынымыз түсініксіз (Ертеңіне «қи­сық қалпақ, жылтыр шапан» киіп, елмен бірге көшеге шығып, наурыз көже ішу үшін бе?).

Осы пікірге Шапағат Көптілеуов де­ген азамат үн қатыпты: «Батыс өңірлері­мізде, сонау кеңестік кез­дердің өзінде көрісіп, амал оң бол­сын, наурыз құтты болсын – деп, ел іші абыр-сабыр болып, мерекелі көңіл-күйде жүретінбіз. Қазір де сол үрдіс жалғасын табуда. Әрине, өкі­нішті, еліміздің көптеген аймағын­да, нау­­рыз мерекесін қарсы алу көңіл тол­тыр­­майды. Наурыз – мә­де­ниетіміз бен ата дәстүрі­міздің бір бөлігі. Ұлтты, ұрпақ­ты тәр­биелеуде алар орны бір бөлек, ерекше, зор. Елде сапасы жоқ, ғұмыры қысқа ре­формалар пайда болды. Космо­полит ұр­пақ тәрбиелеу жоспарлары іске қосылуда. Мұғалім мен дәрі­гер­дің қадірін түсірдік, күштік құрам қызметкерлерін халықтың қам­қор­шы-қорғаушысы емес, қорлау­шы­сы кейпіне түсірдік. Не үшін? Түсі­неміз өркениеттен қалуға болмайды. Ба­тыс елдеріне еліктеудің не керегі бар? Өзімізді өзіміз алдап отырмыз. Еліктеу мен елдігімізге қажеттіліктің ара жігін ажырата білуіміз керек. Бұл – бүгінгі күннің қажеттілігі. Өзіміздің ұлттық бол­мысымыз бен дәстүрімізге қиянат жа­са­майтындай, астарласып жататын ре­фор­малар керек. Наурыз – Қазақ елі үшін қас­терлі мерекелер қатарында болуы керек. Жоғалмауымыз керек, жоғалтқа­нымызды жинақтауымыз керек. Мәде­ниет пен Білім ми­нистр­ліктеріне ел ішін­де көптеген сын айтылуда. Өкініштісі, қоры­тынды жоқ. Елбасы мен Үкіметбасы тікелей араласуы керек. Кімнің қа­лай ойлайтынын білмеймін, өз ба­сым басқа жолын көрмей тұрмын».
Ал Баян Нұғман болса, «Наурыз мей­рамы 21 емес пе? Менің есімде қалғаны – елімізде алғаш тойлана бас­тағанда жыл сайын 22-інде той­ланатын да, кейіннен 2010 жылы ғой деймін 21-іне ауысты­рыл­ды. Себебін түсінбедім. Бірақ Наурызды тойлайтын Шығыс елдерінің бәрі 21-інде тойлай бастайды. Олай болса, 21-інен
22-іне емес, 20-ынан 21-іне қарағанда қарсы алу керек қой?» деп алаңдаушылық біл­діреді.
Төл мерекемізді өзіміз тойла­масақ, өз­гелер тойлап бере ме? Был­тырғы 1 нау­рыз­дан 31 наурызға дейін «Айқын» газетінің ұжымы ұлттық киім кию үрдісін бастады. Осыған ілесіп, іліп алып кеткендер де табылды. Бұл, әрине сыртқы жағы. Жақында бір топ бас редактор бас қосып, Мәдениет және спорт министрі Арыстан­бек Мұхаме­диұлы­ның наурыз мерекесін өткі­зуге қатысты ұсыныстарын талқыға салды. Сонда бірқатар нақты ұсы­ныс ай­тыл­ды. «Қазақ газеттері» ЖШС-нің төрағасы Шәмші Пат­теев мырза алдымен республикалық те­леар­­­­­налар қызметін дұрыстауды ұсынды. Осы уақытқа дейін бір-біріне теріс қабақ көрсетіп келе жат­қан Баян Мақсатқызы мен Ме­руерт Түсіп­баева ел алдында тату­ласа ма? Сол сияқты біраз ел аға­лары бір-бірі­нен кеші­рім сұ­рап, ел-жұрттың ал­дында бір-бірін бауыр­ға басып жатса, ұлтымыз ұтпай ма, мереке жаңа­ша мәнге ие болмай ма? – деген ой­ларын ортаға салды. Қыдыр ата бейнесін жаң­ғырту, Қазақстанның елдімекен­деріне «Наурыз» деген ар­найы пойыз жүргізу, балабақшаларда Нау­рыздың мәнін ұғындыру, қала қа­зақтарының наурызды тойлау үрдісін қалыптастыру төңірегінде нақты ұсыныстар жасалды.
«Көппен көрген – ұлы той» деп­ті дана халқымыз. Осылайша, көп болып кеңе­сіп, ақылдассақ, Нау­рыз­ды мерекелеудің жаңа әдіс­тері табылмай қалмас!

Нұртөре ЖҮСІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*