ҚАМДАНҒАН ҚАПЫ ҚАЛМАЙДЫ

1337
0
Бөлісу:

Өткен жылы көктемгі қар суы халықты қатты әбігерге салды. Облыстық әкімдіктер өз күштерімен табиғи апаттың зардаптарын жоя алмайтын болғандықтан, Үкімет қорынан 5,8 млрд теңге бөлінді. Осындай жағдай биыл да қайталанбас үшін Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев өткен аптадағы Үкімет отырысында көктемгі қар суының зардаптарын жоюға бөлінген қаржыны тиімді пайдалануға бағытталған дұрыс бағдарлама қабылдау қажеттігін айтты. 

Көктемгі су тасқынының алдын алу ша­ралары еліміздің оңтүстігінде ақпан­ның ортасынан басталды. Бұдан бір апта бұрын күннің күрт жылынуы мен жауын-шашынның көп болуына байланысты Оңтүстік Қазақстан облысының таулы жерлеріндегі кейбір өзендерде су тас­қыны қаупі туындады. Оның алдында қорғаныс бөгеті жеті жерден жырып кетіп, екі мың гектардан астам жерді су басты. Оның 500 гектары – күріш алқа­бы. Қызылорда облысының Сырдария ауданында төтенше жағдай жарияланды. Жылда осындай уақытта Сыр өзенінің қатқан мұздың бетімен аққан су ар­насынан асып, елдімекендерге жайы­латын. «Облыс бойынша 1274 шақырым Сырдария өзені бойында орналасқан, соның 1111 шақырымында қазір

20-60 сан­тимерге дейін мұз қатып тұр. Мұз жылжып кептеліс тудыртқан кезде су көтеріліп, елдімекендерге су жайылуы мүмкін» деп мәлімдеді Қызылорда облыс­тық жұмылдыру дайындығы бас­қармасы басшысының орынбасары Ғабит Жаңабаев.
Қазіргі кезде Жамбыл облысында Шу өзені арнасынан асып, жайылу қаупі бар. ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы Омар Такеевтің мәлімдеуінше, күннің жылынуына және жауын-шашынның мол болуына бай­ланысты Шу, Талас, Асы өзендерінде су тасуы мүмкін. Сондай-ақ Қарақұндыз, Ырғайты, Аспара, Мерке, Қарақыстақ, Қайыңды, Ақсай және Көксай өзендері­нің арнасымен сел жүруі мүмкін. Сон­дықтан тау бөктерлерінде орналасқан Жуалы, Мерке, Рысқұлов, Қордай, Талас аудандарында су тасқынының алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр. Облыс тұрғындарын төтенше жағдайдан қорғау үшін 2 мыңнан астам адам, 600 техника жасақталып, дайын тұр. Су жайылған аумақтардан тұрғындарды уақытша эвакуация жасайтын 40 қабылдау пункті, 30-ға тарта шатыр, 2 мыңдай төсек-орын дайындалған.
Халық тығыз орналасқан Алматы облысындағы таулы аймақтардағы өзен­дерде сел жүру қаупі сақталуда. Алматы облысында су тасу қаупіне байланысты ТЖК күшейтілген жұмыс режиміне көшті. «Бүгін және жақын арадағы тәу­лікте температураның жоғарылауына және қардың еруіне байланысты Алматы облы­сының аласа таулы аймақтарында су басуы күтіледі» деп хабарлады «Қаз­гидромет» РМК. Оған таулы аудандарда күннің күрт жылынып, қардың еруі себеп болды. Оның үстіне арық жүйелерінің кей жерлерде бітеліп қалуы да жағдайды біраз ушықтырып тұр. Қазірдің өзінде құрылыс талапта­рының сақталмауынан 20 шақты жеке тұрғын үй маңы мен 66 аула аумағын су басқан.
– Алматы облысының аумағында ауа температурасының көтерілуіне байла­нысты қар жамылғысының қарқынды еруі басталды. Жердің терең қатуына және арықтардың бітелуінен, кейбір жерлерде оның болмауына байланысты, сондай-ақ құрылыс нормаларын бұзу салдарынан жеке үйлердің аулаларын су басуда. Су басқан аулалардың ең көп саны Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Жамбыл аудандарында және Тал­ды­қорған қаласында байқалады. Со­нымен қатар, қазіргі уақытта жергілік­ті ат­қарушы органдардың және Алматы облысы Төтенше жағдайлар департамен­тінің күштерімен арық жүйелерін, арна­ларды тазартып, суды бұрып, аулалар­дан су сорып алынды. Сонымен қатар 25 ақпаннан бастап Алматы облысы Тө­тенше жағдайлар де­партаментінің бар­лық гарнизоны жұ­мыстың күшейтілген түріне ауысты­рылды.

ТЖД құрылымдық және ведомстволық бағынышты бөлімшелерінен 17 адамнан тұратын 3 шұғыл топтар облыстың жоғары­да аталған аудандарында табиғи апаттың зардап­тарын жою жұмыстарын ұйымдас­тыру және жүргізу үшін жіберілді. Су бас­қан жерлерден 407,5 текше метр су соры­лып алынды. Мұндай жағдайлар әсіресе Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Жам­был аудандары мен Талдықорған қала­сында байқалады. Жергілікті атқару­шы органдардан – 213 адам, облыс­тық төтенше жағдайлар департа­мен­тінен – 71 адам, 93 бірлік өртке қарсы және инженерлік техника жергілікті жерлерде жұмыстар атқаруда, – дейді Алматы облыстық төтен­ше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Серікхан Тұраров.
Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың зардаптарын жоюға Алматы әкімдігі 7,5 млрд теңге дайын­дап отыр. Бұл өткен жылға қарағанда 1,4 есе көп. Көктемгі су тасқыны қауіпсіз­ді­гін қамтамасыз ететін 5,5 мың жеке құрамның адамдары және 1716 әртүрлі техникалар дайын тұр. Алматы қаласының Құтқару қызметі қыс басталғаннан бері қала өзендері арналарынан мұз бен қар аралас бір жарым мыңнан астам қоқыс шығарды. Бұл қоқыстар су арналарына тікелей тұрғындар тастайтын тұрмыстық техника, жиһаз, автомобиль шиналары мен басқа да ірі заттардан тұрады. Осы заттар судың жолын бөгеп, жеке тұрғын үйлер, аулалар, қала көшелеріне су жайылуына әкеледі. Күз айларында жүзеге асырылған жағаларды бекіту жұмыстары, арналар түбін ауыр инженерлік техника арқылы тереңдету және оларды жиналған батпақ пен қоқыстан тазарту жоспарлы іс-шаралары өзендердің ластануын, қала аумақтарын су басу қаупін бірталай азайт­ты. Құтқару іс-шаралары бары­сын­да Наурыз­бай ауданындағы Қарғалы өзені арна­сы бойында, оның Райымбек даңғы­лы­мен қиылысында, Қалқаман және Ақжардың ішімен ағатын Ақсай өзені маңын­да, сондай-ақ Тастыбұлақ өзенінде болып тұратын су басу қаупі жойылды.
– Өткен жылғы тәжірибелерді есепке ала отырып, су басып қалу қаупі бар аумақ­тарға сарап­тама жүргіздік. Алматы аума­ғын­да мұн­дай 67 учаске бар, оның 70 пайызы – қала­ға кейіннен қосылған аудан­дар. Қазіргі кезде қауіпті 30 учаскені қайта жасап, қауіп­сіз­ден­дірдік. Азаматтардан табиғи құбылыстарға түсіністікпен қарап, су басуды болдырмау үшін өз учаске­лері­ңіздегі арықтарды тазарту­ла­­рыңызды сұрай­мыз және сел жүру кезінде қауіпсіздік шараларын сақтаңыздар, – деп ескертеді Алматы қалалық ТЖД басшысы, өрт сөндіру қызметінің генерал-майоры Серік Әубәкіров.
Көктемгі табиғи құбылыстар бірінші келе­тін еліміздің оңтүстігіндегі жағдай осын­дай. Бірен-саран аулаларды су басқаны болмаса жалпы жағдай қалыпты. Тек таудан ағатын өзендердің арнасымен сел жүру қаупі әлі сейілген жоқ. Ал қысы суық, қар қалың түсетін солтүстік өңірлер көктемгі қар суы енді келеді деп алаңдап отыр. Астана әкімі тасқынға қарсы кешенді іс-шаралар жоспа­рын бекітіп, тиісті құрылым­дар­ды табиғи апаттан қорғауға дайын­дап қойды. Жоспар 202 тармақтан тұра­ды, оған жауапты атқару­шы ретінде қала әкімдігінің 22 құрылымдық бөлім­ше­лері, 8 аумақтық министрлік органы мен бөлім­шелері, 2 коммуналдық кәсіпорын кіреді.
Былтыр тасқыннан қатты зардап шек­кен Қара­ғанды облысында биылғы жылы су ша­йып кету қаупі бар елдіме­кен­дер анық­та­лып, апаттың алдын алу жұмыс­тарын жүргі­зу­де. «Біз қай елдімекендерде су шайып кету қаупі жоғары екенін білеміз. Олардың саны – 31. Барлығы бойынша нақты жұмыстар атқарыл­ды. Аталған елді­мекендер жанында 42 шақы­рым қорға­ныс құрылғылары қойылды. Бөгет­тердің 11 шақырымына жөндеу жұмыс­тары жасалды, тасқын су қаупі бар өзендер арнасының 7 шақырымнан астамы тазар­тылды. Біз бәріміз, жергілікті басшылық, жедел қыз­мет­тер көктемгі су тасқыны ауыр зардап­тар­сыз өтуі үшін жұмыс істеп жатыр­мыз» деп мәлімдеді облыс басшысы Ерлан Қоша­­нов халық алдындағы есеп беру кездесуінде.
Елімізде қар ең көп түсетін жер – Шығыс Қазақстан облысының таулы аймақ­тары. Сондықтан бұл өлкеде көктемгі су тасқынының алдын алуға ертерек кірі­седі. Егер бұл өңірді су басу қаупі күшейіп бара жатса Павлодар, Алматы, Қарағанды облыс­­та­рынан күш-құралдарды тарту жоспар­лан­ған. Ақпанның ортасында Күр­шім және Глубокое ауданындағы кейбір өзендердің мұз қатқан арналарын тазарту жұмыстары жүр­гі­зіл­ді. Сел жүру қаупі бар өзендер бойын­дағы су жайылуы мүмкін елдімекен­дер­ді табиғи апаттан қорғау жоспары жасалған, әкімшілік және құтқару қызметі көктемгі су тасқы­ны­ның алдын алу жұмыстарымен айналысуда.
Көктемгі су тасқынының алдын алу шара­лары туралы Үкімет отырысында бір­қатар министрлер мен облыс әкімдері баян­­дама жасады. Табиғи апаттардың ал­дын алу, зардаптарын жою жұмыстары негізінен, ІІМ Төтенше жағдайлар жөнін­дегі комитетіне жүктелген. Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымовтың айтуынша, су тасқынына қатысты өзендер­дің су деңгейінің негізгі болжамын Қазгидромет әзірлейді, 1 наурыз­дан бастап апта сайын әрбір үш күн сайын оны нақ­тылап отырады. Қыс қарса­ңын­да көк­тем­гі тасқынсудың алдын алуға қатысты 204 шара іске асырылыпты. Инженерлік қорғау нысандарына – 12,56 млрд теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 6,16 млрд теңге жұмсалған. Республика бойынша 108 қорған бөгеті салынып, бекітілген 71 гидротехникалық құрылыс, 8 көпір, 12 авто­көлік жолы жөндеуден өткізілген. Қазақстан аумағында 1 665 гидротехникалық құрылыс бар екен. Бірақ солардың тек 72-і жергілікті құлақтандыру жүйелерімен жарақ­тан­ды­рыл­ған. Биыл көктемгі су тасқынының ықтимал күр­де­ленуіне жедел ден қою мақсатында ІІМ жалпы саны 14 мыңнан аса адам және 2 мыңнан астам бірлік техника құралдарын жарақтады. Ұлттық ұлан зардап шеккен халық­қа, әрбір мың адамға үш лагерь деген есеппен дайындық жасап жатыр. «Қазавиа­құт­қару» тікұшақтары ұдайы әзірлікте тұрады.

Қайыржан ТӨРЕЖАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*