Кітап оқу – зерделі жұмыс

1197
0
Бөлісу:

А.Чехов атындағы орталық қалалық кітапханасында «Кітапхана кеңістігі: #Медиа#Мәдениет#Оқу» атты Алматы қаласы кітапханашыларының қалалық форумы өтті. Қалалық Мәдениет және архивтер басқармасы, Орталықтандырылған кітапхана жүйесі, «Нұр Отан» партиясы Алмалы аудандық филиалының ұйымдастыруымен өткен шара барысында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, кітапхана­шылар имиджін нығайту жайында талқылаулар мен дәрістер өткізілді.

Жиынды құттықтау сөзбен ашқан Ал­маты қаласы Мәдениет және архивтер бас­қармасының өкілі Мөлдір Оңғарсынова бүгінгі таңда рухани құндылықтардың бастауы кітапхана екенін айта келіп, осы тұрғыда кітапханашыларға жүктелер мін­деттің зор екеніне баса тоқталды. Алматы қаласы «Рухани жаңғыру» жобалық офисі­нің өкілі Гүлсім Сапакова Елбасының «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының ұлттық құн­дылықтарымызды өскелең ұрпақ бойында қалыптастыруда маңызы зор екенін тілге тиек етіп, бағдарлама аясында жүзеге асы­рылып жатқан шараларды таныстырып өтті.
Алматы қалалық Орталықтандырыл­ған кітапхана жүйесінің директоры Роза Қабиева қызығы мен қиындығы мол кітап­ханашы мамандығы туралы бір-ақ ауыз сөзбен жеткізу мүмкін еместігін, жұрт көп біле бермейтін, көп елене бермейтін, бірақ дүйім оқырманның кітап жайлы бағыт-бағ­дар алуы үшін жан-тәнімен беріліп қызмет атқарып жатқан кітапханашылардың еңбегі ұшан-теңіз екенін баса айтты.
Расында, қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игі­лігіне жаратып жүрген кітапханашылар ең қажет, абыройлы мамандық иелері екені ақиқат. Осы орайда кітапхананың қала мә­дениетін қалыптастырудағы рөлі жайында Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің кітапхананы дамыту жөніндегі орынбасары Алма Қонарова кеңінен әңгімелеп берді. «Бүгінгі ақпараттық технологиялар за­ма­нында кітапхана барлық заман талаптары­-на сай болуы шарт. Осыны ескере отырып, жастарды тарту мақсатында түрлі мәдени-рухани шараларды өткізуді дәстүрге айнал­дырдық. Кітапханалық флешмобтар, көше көрмелері, байқаулар, концерттер өткізіп тұрамыз. ОКЖ-ның кітапханалары Кітап­fest кітап фестиваліне, «Алматы – оқырман қаласы», «Жастар таңдауы – кітап», «Ашық аспан астындағы кітапхана» секілді нау­қандарға, жәрмеңкелерге қатысады. «Кі­тап­хана түні», «Қаржылық сауаттылық» апталығы, «Мамандықтар күні» секілді қалалық шаралар үлкен сұранысқа ие. Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі Қазақстан Жазушылар одағы, Алматы Әдеби мектебі, АҚШ консулдығы секілді ұйымдармен, Қазақстан-Жапония мәдени орталығы, Француз альянсы, Алматы Гете институты сияқты шетелдік мәдени орта­лықтармен әріптестік қарым-қатынаста» деген А.Қонарова ендігі мақсат кітапхана­ны коммуникациялық алаң мен жастар ортасына айналдыруда екенін айтты.
Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Маралтай Райым­бекұлы жаңа ақпараттық кеңістіктегі қаламгерлердің рөлі хақында ойымен бөлісті. «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп кітап оқу мәдениетін қалыптастыруда басылымдардың әсері жайында ойын ортаға салды. «Жаңа шығып жатқан кітаптарды шалғайда жатқан елге насихаттау, жеткізу мәселесін ойластырған жөн. Кезінде «Жұлдыз» журналының тара­лымы 300 мың дана болды. Журнал еліміз­дің түкпір-түкпіріне таралып, кез келген шопан­ның үйінен де табылатын. Соның арқасында шалғайда жатқан ауыл халқы қазақ әдебиетінен, Совет әдебиетінен, әлем әдебиетінен хабардар болып отырды. Ауыл халқы рухани әлемнен қол үзген жоқ. Осы­лайша еңбек адамы өз баласын оқуға же­теледі. Кітап оқу – зерделі жұмыс. Жұмыс бабымен аудандарға, ауылдарға іссапар­­-мен барғанымда, кітапханасына бас сұғып, жастардың келуін, кітапхана қорын сұрап жүремін. Керек ақпаратын кітапханаға келіп іздеген жастар қатары сиреді. Жас­тарды қалай тартамыз, кітап оқуға қалай шақырамыз деген мәселе көкейімізде тұруы керек» дей келе, жарнаманы күшейту, баспа нарығын ретке келтіру мәселелерін қолға алуды алға тартты. Сонымен бірге, кітап оқу мәдениетіндегі шетелдің озық тәжіри­бе­лерін саралауды, мәселен, әуежай, вокзал­дарда кітап оқуға мүмкіндіктер ойластыруды ұсынды.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, про­­фессор, филология ғылымдарының док­торы Әлімхан Жүнісбек латын әліпбиін игеру, оны енгізуде төл заңдылықтарды сақтауға айрықша мән беру қажеттігі жөнінде сөйледі. «Қазақстандағы Лого­терапия» жобасының жетекшісі Юлианна Сагадиева жастарды адамгершілікке тәр­биелеудегі кітапхананың рөлі, рухани құн­дылықтарды дәріптеудегі логотерапия жайында баяндамасын таныстырды. «Қала мен дала» газетінің журналисі Нұрлан Жұмахан жарнамасы қатар жүретін заман­-да шығармаларды, әсіресе, балаларға ар­налған туындыларды киноға айналдыру мәселесін қаперге алуға мән берді.
Шара соңында кітапхананың қоғам­-дағы бейнесін қалыптастыру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарымен медиа-ресурстарды дамытуға бағытталған бір­лес­кен желілік іс-шараларды әзірлеу және жүзеге асыру, оқырмандардың ақпараттық сауаттылығын дамыту мақсатында кітап­хана жұмысын күшейту, ОКЖ қызметкер­лерін әлеуметтік медиа-технологияларға оқытуды күшейту, интернет пен медиа ре­сурстарын пайдалану жайында түрлі кі­тап­ханалармен тәжірибе алмасуды арттыру жайлы қорытындыға келді.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*