Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Парламент пен Үкіметтің қызметі мемлекеттік тілде жүргізілуі тиіс

1066
0
Бөлісу:

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевты қабылдады.

Кездесу барысында Елбасы қазақ тілін ла­тын қарпіне көшіру мәселесіне тоқ­та­лып, мемлекеттік тілдің мәртебесін арт­тыруға бағытталған шаралар қабылдаудың маңыздылығын айтты.
– Халқымыз үшін латын қарпіне көшу үдерісінің тарихи мәні зор. Сонымен бір­ге, қазақ тілінің мәртебесін арттыру жө­нін­дегі жұмыстарды жалғастыру қажет. Пар­ламент пен Үкіметтің қызметі мем­ле­кет­тік тілде жүргізілуі тиіс. Сондай-ақ бұл мәселе бойынша азаматтардың құқы­ғын шектеуге болмайды. Бұл ретте ілеспе аударма жасау мүмкіндігі бар, – деді Қа­зақстан Президенті.
Мемлекет басшысы латын қарпіне ке­­зең-кезеңмен көшудің маңыздылығын ай­тып, қазақ тілін үйрету әдістемелерін же­тілдіру мәселелерін жан-жақты зерт­теу­ді тапсырды. Инновациялар мен жаңа технологияларды енгізу жө­нін­дегі жұ­мыс­тарды жалғастыру, сондай-ақ бұл үр­діс­ке «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жо­басына қатысушылардың креа­тив­ті әлеуетін пайдалану қажет екенін атап өтті.
Бұдан бөлек, Елбасы кибер­қауіп­сіз­дік­ті қамтамасыз ету және отандық бұ­қара­лық ақпарат құралдарының бәсекеге қа­білеттігін арттыру мәселелеріне назар аударды.
Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің телеар­на­ларындағы сериялық өнімдердің са­па­сын арттыру қажеттігіне тоқталып, масс-медиа жастарға патриоттық тәрбие беру ісінде маңызды рөл атқаратынын атап өт­ті.
Кездесу барысында Дәурен Абаев Мем­­лекет басшысына «Төртінші өнеркә­сіп­тік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдау аясында қойылған міндеттердің іске асырылу ба­рысы жөнінде мәлімдеді. Қазақстан Пре­зидентіне «Цифрлы Қазақстан» бағ­дар­ла­масын іске асыру жоспары туралы баян­­дап, оның басым бағыттарын түсін­діру­ге байланысты шаралар жөнінде мә­лімет берді.
– Біз «Цифрлы Қазақстан» мемле­кет­тік бағдарламасын жүзеге асыру жұ­мыс­тарын жалғастырудамыз. Жалпы, бағ­дарлама аясында 120 бірлескен іс-ша­ра көзделген, оның жиырмасы биыл орын­далатын болады, – деді Ақпарат жә­не ком­муникациялар министрі.
Сондай-ақ Д.Абаев Нұрсұлтан Назарбаевқа «Астана EXPO–2017» көр­ме кешені инфрақұрылымының базасын­да құрылған Astana Hub халықаралық тех­нопаркі жұмысының басталғанын мә­лімдеді.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырма берді.

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*