Сенім – ердің серігі

1456
0
Бөлісу:

Жаппай дүрмек, жабыла жүгірмек, ұланайғай ұран, қаптаған «план»… Осы күнгі тіршілік әрекетіміздің көбі осындай болып бара жатыр. Істің алға жылжуы үшін қоғамға не керек? Біз осы күні СЕНІМ деген сөзді естен шығарып алғандаймыз…

Жолдауды түсіндірмекке лектор ке­леді. Қызыл сөздің көбігін са­пы­рып, белгілі нәрселерді мың қай­та­лап, жөніне кетеді. Елдің алдына есеп беріп, әкім шығады. Қаптаған цифрды тізбелеп, болмағанды бол­ды ғып, ол да кетеді. Қаға­з­бас­ты­лық­­тан екі етегіне сүрініп, мұ­ға­лім­дер жүр. Барлық жиналыстың не­­гізгі қа­тысушылары да солар. Кез келген жиынның нәтижесі қай­да? Әлгі­лер­дің сөзіне ел сене ме? Ел сөзге сен­бе­се, қалай бел­се­не­ді?

Әкімқаралардың рейтингін жа­сау сәнге айналды. Сол рейтингте «Ел әкімге сене ме?» деген тармақ­тың жоқтығы өкінішті…
«Нұр Отан» партиясы төра­ға­сы­ның бірінші орынбасары Мәу­лен Әшімбаев елордалық филиал өкіл­дерімен кездесуінде партияны бю­рократия мен қағазбастылықтан арыл­тып, жаңа жұмыс жүйесін түзу ке­регін айтты. «Біз «Нұр Отан» пар­тиясын дебюрократи­зация­лауы­мыз керек және оны нақты прак­тикалық іс-шараларға жинақ­тау­ға тиіспіз. Мен орталық аппа­рат­қа «егер әр­түр­лі бағыттағы іс-ша­раларды тек фор­мальді түрде өт­кізетін болсақ, ен­де­ше өткізбей қояйық» деймін. Ақша үнемдейміз, адам­дарды түрткіле­мей­міз, қазір олар­дың бәрі бос емес, бә­рінің ба­сын­да мәселелері бар. Еш­қандай ша­ра ұйымдастырмай-ақ қояйық, өт­кізетін шараларымызға қа­ра­­ған­да осының пайдасы көп» деді.
Шынында, «әйтеуір, шара өт­кі­зу үшін» шара өткізудің қаншалық­ты қажеттілігі бар? Ешқандай нә­ти­же бермейтін жиыннан, дүр­мек­ке толы флешмобтан не пайда?
– Егер біз іс-шаралар өткізетін бол­сақ, адамдарды жинайтын бол­сақ онда іс-шараның мақсаты, прак­ти­калық қайтарымы, нақты нә­ти­желері болуы тиіс. Жүз, мың шара деп санына емес, нәтижелі болуы үшін, адамдарға көмектесу үшін, олар­дың қандай да бір мәселелерін, сұрақтарын шешу үшін сапалы іс-ша­ралар өткізейік. Біз қазіргі қоғам­да бар мәселелерді шешуге атсалы­са­мыз десек, нақты практикалық жұ­­мыстарға жұмылдыруымыз керек, – деген Мәулен Әшімбаевтың сөзін­де жан бар.
Жаттандылықтан, жағым­паз­дық­тан, жалпақтаудан құтылудың мүм­кіндігі бар ма? Ойланатын-ақ мә­селе.
Жалы күдірейген ұлттан – жүні жы­ғылған жұртқа көбірек ұқсап бара­мыз.
– Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­да­ры намысты, жігерлі еді қазақ. Қа­зір жігеріне құм құйғандай, жа­сық. Кейде ойлаймын, халық бә­рі­нен жалықты ғой деймін. Өтіріктен, жағымпаздықтан, парақорлықтан, бі­лімсіз әкім, бастықтардан – бәрі­нен шаршады ғой деп ойлаймын, – дейді Мемлекеттік сыйлықтың ие­­гері, жазушы Бексұлтан Нұрже­ке­ұлы. Зиялы қауымның көкейіндегі ой.
Мемлекет басшысы әлемдегі озық 30 елдің қатарына қосылуды Ұлт межесі етіп белгіледі. «Мақ­са­ты­­мыз айқын, бағытымыз бел­гілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 ел­дің қа­тарына қосылу. Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаң­ғы­рып отыруы тиіс. Бұл саяси және эко­но­микалық жаңғыруларды то­лық­тырып қана қоймай, олардың өзе­гі­не ай­на­лады», – деп атап көр­се­т­ті.
Сана озық болуы үшін СЕНІМ болуы шарт. Істейтін ісіміздің, ат­қа­ра­тын шаруамыздың нәтижесі қай кез­де болады, егер сенім болмаса?!. «Намысты, жігерлі қазаққа» не бол­ды?
Тәуелсіздіктің ширек ғасырдан асқан тұсында әу бастағы жігер мен қай­ратты жоғалта бастасақ, ұлт мұра­тына кім жеткізеді?
«Өтіріктен, жағымпаздықтан, па­рақорлықтан, білімсіз әкім, бас­тықтардан» жұрт шаршаса, оның ең бас­ты себебі не деп сұрақ қоя аламыз ба? Біліксіз маман, парақор адам қай­дан шығады? Бәрі де ертеңгі күн­ге деген сенімнің жоқтығынан шы­ғады. Ал сол сенімді қалыпқа келтіру үшін не істеу керек?
Жаңару деген – арылу. Қоғамға ме­рез мінезден, кердең төрешілдік­тен, жұмысбасты түр көрсетуден, осы­лардан туындайтын өтіріктен, жал­бақтау мен жалпаңдаудан арылу қажет. Бұл үшін қоғамның ашық­ты­ғы керек. Осы шарт болмаса, ака­де­мик Асқар Жұмаділдаев айтқандай, «Ру­хани жаңғыру» деп жүз рет айт­қан­нан, бірдеңе өзгере ме?».
Материалдық игілікті, дүниені, тіп­ті атақ-дәреже, марапатты сатып алу­ға болар-ау!?. Ал СЕНІМ деген нәр­сені ешкім де сатып ала алмайды. Осы­ны жаппай ұғынғанда ғана, ұлт жұ­мысына жұмылу жанданады!

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*