Дүниежүзілік банк Қазақстанды мақтан тұтады

1296
0
Бөлісу:

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Ато Браунмен және Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Лилия Бурунчукпен кездесті. Кездесу барысында Нұрлан Нығматулин еліміздің аталған жаһандық қаржылық институтпен ынтымақтастығының 25 жылы ішінде үлкен жұмыс атқарылғанын атап өтті. 

Мәжіліс спикері осы уақыт ішінде Қазақстанда 46 жоба қаржыландырыл­ға­нын, жоспарда тағы да 48 маңызды жоба барлығын хабарлады. 2002 жылдан бері Бірлескен экономикалық зерттеулер бағ­дар­ламасы жүзеге асырылуда. Өткен жылы Қазақстан мен Дүниежүзілік банк арасында 2012-2017 жылдарға арналған Әріптестік стратегиясы табысты орындал­ды.
Мемлекетіміздің даму бағыты жайлы сөз ете келе, Нұрлан Нығматулин қазіргі уақытта Қазақстан Президентінің бастама­сымен жүзеге асырылып жатқан «Нұрлы жол» бағдарламасының маңыздылығына тоқталды. Ол бағдарлама көліктік, әлеу­меттік және энергетикалық инфра­құры­лым­дарды тұрғызуға, шағын және орта биз­несті дамытуға арналған ірі жобалардан тұрады.
Дүниежүзілік банктің тұрақты өкілі болса, біздің еліміздің тәуелсіздік жыл­дарын­да жеткен жетістіктеріне жоғары баға берді. Ато Браунның айтуынша, Дүниежүзілік банк Қазақстанмен бірлескен жұмысын мақтан тұтады.
Өз кезегінде Лилия Бурунчук Қазақ­стан – Дүниежүзілік банктің Орта­лық Азиядағы ең маңызды әріп­тесі екенін және біздің елмен бірге жұмыс жасау қаржылық ұйым­ның ең ма­ңызды бағыттарының бірі болып табы­латынын атап өтті. Себебі, біздің рес­­пуб­ликада ірі ауқымды жобалар іске асырылуда.
Кездесу барысында парламент­шілермен ықпал­дастық мәселелері де назардын тыс қалған жоқ. Мәжіліс төрағасының бай­ла­мын­ша, депутаттық корпустың заңнамалық жұмысында аталған жаһандық банк сарапшыларының тәжірибесі мен білімі құнды, әрі пайдалы болады. Атап айтқанда, ауыл шаруа­шылығын мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру, саланы цифрлан­дыру, сондай-ақ инновациялық қар­жы­лық тетіктерді енгізу мүм­кін­діктерін зерттеу секілді мәселе­лерді талқылаудың маңызды­лы­ғы айтылды.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*