ВИЗАСЫЗ САПАР ШЕГІҢІЗ

1781
0
Бөлісу:

Арнайы рұқсат алып, шетелге сапарлау оңайға түспейді. Консулдықтағы қызметкер виза алуға келген азаматтың басынан бақайшағына дейін тексеріп, барлық мәліметтерін сарапқа салады. 

Әр консулдықтағы талап-тәр­тіп сан түрлі. Виза алуға өтініш біл­дірген азаматтың қандай да бір қыл­мысқа қатысы жоқтығы, бара қал­ған күнде ол елде өзін қан­ш­а­лықты салауатты ұстай алатындығы ес­керіледі. Өзі жайлы, қызмет ор­ны, телефон нөмірі туралы жалған мә­лімет ұсынса – виза алу мүм­кін­ді­гі құлдырай түседі.
Кей мемлекеттер медициналық сақ­тандыруға да мән береді. «Са­пар­дың мақсаты не?» деген сұраққа да анық жауап берген абзал – ту­ризм, бизнес, білім алу, жұмыс іс­теу… Консул офицерінен қар­сы­лық­ты жауап алып, визасыз қалу – оның енді қайтіп шетелге сапар шеге алмауын аңғартпайды. Бірақ келесі жолы виза алу мейлінше күр­делене түседі. Осы ретте елдер ара­сында визасыз режимнің енгі­зілуі – өте маңызды. Мұндай жағ­дай­да азаматтар тек төс қалтасына төл­құжатын салып, әуежайға уа­қы­тында келсе де жетіп жатыр. Ви­засыз режим – кейде біржақты қа­тынас түрінде, кейде өзара ке­піл­дік тұрғысынан енгізіледі. Бұл рет­те тек төлқұжаттың типтері бойын­ша ғана шектеу болуы мүм­кін. Визалық шектеулер индексін есеп­теп бас қатыратын халықара­лық Henley & Partners консал­тинг­тік компаниясы ұсынған мәлімет бойынша, визасыз сапарға шығу құ­қығына көп ие болған мем­ле­кет­тер – Ұлыбритания, Германия, АҚШ, Финляндия, Швеция (174 елге шыға алады) екен. Одан кейін тұр­ған Дания мен Канада аза­мат­тары әлемнің 173 мемлекетіне ер­кін саяхаттай алады. Индекс – тек жал­пы азаматтық төлқұжатты есеп­­ке алған. 2017 жылдың соңын­да­ғы қорытынды бойынша Қа­зақ­стан азаматтары әлемнің 71 еліне визасыз шыға алады. Көш соңын Ауғанстан (24 ел) түйіндейді.
Қазақстан көптеген елдерге ви­засыз режим ашқан. Ішкі ту­ризмді дамытып, нарыққа қаржы құя­ды деп есептелінетін – Ресей, Қы­тай, Иран, Үндістан, АҚШ се­кіл­ді дамыған елдер азаматтары елі­мізге еркін келіп кетеді. Мә­се­лен, EXPO – 2017 халықаралық көр­месі кезінде ҚХР, Үндістан, Иран үшін 72 сағаттық визасыз тран­зиттік режим енгізген бола­тын.
Henley & Partners компаниялар то­бының төрағасы Кристиан Ке­лин­нің айтуынша, былтыр виза­сыз ре­жим мүмкіндігін жойған елдер са­ны көп емес.
– Бірқатар елдер шекаралық ба­қылауды күшейтіп жатса, біразы мей­лінше ашық. Өйткені олар ха­лықаралық сауда, миграция және туризмнен келетін экономикалық тиімділікті пайдаланып қалғысы ке­леді. Қазір адамдар қаржылық мүмкіндіктерге жол ашу үшін жер ша­рының қай тұсына да сапар ше­гуге әзір. Жаһандық мобильді жыл­дам­дық күшінде тұр. Біз мемле­кет­тер­дің оқшаулануын, елдер ара­сын­дағы антимиграциялық сая­сат­ты бақылап отырмыз. Ұлыбри­та­ния Брексит құрамынан шығып кетуі мүмкін болғандықтан, 2018 жыл­дың ауанын дәл қазір тап ба­сып айту қиын, – дейді ол.
Жуырда ғана Сыртқы істер ми­нистрлігі Біріккен Араб Әмірлік­теріне (БАӘ) сапарлау үшін виза­сыз режим енгізілгенін жария етті. Ереже 10 наурыздан бастап күшіне енбек. Алдағы уақытта Израиль, Ку­ба, Таиланд, Чили елдеріне са­пар­­лау сәтінде визаны алып тастау мә­селесі қарастырылып жатыр. Қаң­тар айында АҚШ-қа сапары ке­зін­де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та виза мәселесіне тоқталған. «Қазақстан Америка азаматтары үшін визасыз ре­жим енгізді, бұл мәселеге қарым­та жауап күтеміз» деген еді Дональд Трамппен кездесуде. Төменде СІМ ақпараты негізінде, Қазақ­стан­ның қай елдерге визасыз сапар ше­ге алатыны туралы дерек келті­ріл­­ген.


Бұдан бөлек:
• Өзі баратын елдегі туыстары туралы мәліметті анкетада көрсетпесе немесе ол туыстары виза тәртібін бұзса;
• Құжаттың беті жырылған, қандай да бір жағдайда бүлінген болса;
• Фотография консулдық талабына сай келмесе;
• Сапарға баратын азаматтың қаржылық жағдайы жеткіліксіз болса, виза иелену мүмкіндігі төмендей бермек.


Визаның да сан түрі бар.
Дипломатиялық виза (А1, А2) – саяси, үкіметтік тұлғаларға;
Қызметтік виза (А3, А4) – ресми іссапарға шығатын, шетелдік делегация құрамындағы азаматтарға;
Инвесторлық виза (А5) – инвестициялық қызметпен айналысатын заңды тұлғаларға;
Іскерлік виза (В1, В2, В3) – конференция, симпозиум, форум, көрме, концерт, мәдени, ғылыми шараларға қатысушыларға беріледі. Бұдан басқа, автомобиль тасымалын жүзеге асырушыларға, әуе, теңіз экипажының мүшелеріне, діни шараларға қатысушыларға, оқу тәжірибесінен өтушілерге, емделушілерге арнайы визалар жиынтығы қарастырылған.


Қазақстан азаматтары келесі мемлекеттерге сапар алдында визаны онлайн түрде рәсімдей алады: Зимбабве, Кения, Габон, Мьянма, Кот-д’Ивуар, Уганда, Сент-Китс және Невис, Сан-Томе және Принсипи, Руанда, Сингапур, Комор аралдары, Шри-Ланка.


Транзиттік виза – мемлекет аумағында үш тәулікке жетпейтін уақыт ішінде (72 сағат) билетпен немесе арнайы тоқтау (аялдау) құқығымен транзиттік сапар жасауға мүмкіндік береді.
Қазақстан транзиттік визасыз режим тұрғысынан мына елдерде өзін «суда жүзген балықтай» еркін сезіне алады: Гондурас, Гватемала, Босния және Герцеговина, Мексика, Белиз, Панама, Румыния, Сальвадор, Черногория.


Мойындалмаған /ішінара мойындалған/ даулы территорияларға сапарлау:

Абхазия:                                                             14 күнге дейін визасыз режим
Палестина:                                                       визасыз режим
Таулы Қарабақ Республикасы:               визасыз режим
Сомалилэнд:                                                   жеткеннен кейін виза алады  (30 күнге)
Солтүстік Кипр:                                             визасыз режим
Оңтүстік Осетия:                                            визасыз режим


Әзірбайжан   30 күнге дейін
Албания 90 күнге дейін (біржақты келісім – туристік мақсатта)
Аргентина 30 күнге дейін
Армения Визасыз режим
Барбадос 28 күнге дейін (біржақты келісім – туристік мақсатта)
Беларусь Визасыз режим
Бразилия 30 күнге дейін
Гонконг 14 күнге дейін
Грузия 90 күнге дейін
Израиль Визалық талаптан босату туралы құжат жобасы келісіліп жатыр
Индонезия 30 күнге дейін (біржақты келісім – туристік мақсатта)
Колумбия 90 күнге дейін (біржақты келісім – туристік мақсатта)
Оңтүстік Корея 30 күнге дейін
Коста-Рика 90 күнге дейін (біржақты келісім – туристік мақсатта)
Куба 30 күнге дейін (әлі күшіне енген жоқ)
Қырғызстан Визасыз режим
Макао Визалық талаптан босату туралы құжат жобасы келісіліп жатыр
Македония 90 күнге дейін (біржақты келісім – ұлттық төлқұжат иелерін визалық талаптан босату туралы құжат жобасы келісіліп жатыр)
Малайзия 30 күнге дейін (біржақты келісім – азаматтарды визалық талаптан босату туралы құжат жобасы келісіліп жатыр)
Молдова 90 күнге дейін
Моңғолия 90 күнге дейін
Намибия Визасыз режим (біржақты келісім – туристік мақсатта)
БАӘ 30 күнге дейін (2018 жылдың 10 наурызынан бастап күшіне енеді)
Ресей Визасыз режим
Сейшель аралдары Визасыз режим (біржақты келісім)
Сербия 30 күнге дейін
Тәжікстан Визасыз режим
Таиланд Азаматтарды визалық талаптан босату туралы құжат жобасы келісіліп жатыр
Түркия 30 күнге дейін
Өзбекстан Визасыз режим
Украина 90 күнге дейін
Филиппин 30 күнге дейін (біржақты келісім)
Эквадор 30 күнге дейін

 

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*