Несие алғанда нені ескеру қажет?

1341
0
Бөлісу:

Бірінші кредиттік бюроның мәліметтеріне сүйенсек, 2017 жылы банктер 1,5 трлн теңгеге кепілсіз жедел несие берген екен. Алдыңғы жылмен салыстырғанда бұл 400 млн теңгеге көп. Несиенің мұндай түрі банктердің кредиттік портфелін қамтамасыз етіп отырған драйвер деуге болады. Сарапшылар да соңғы кезде адамдардың санасын тұтынушылық көзқарас жаулап алғанын, соның әсерінен тұтынушылық несиенің халық арасында танымалдыққа ие болғанын айтуда. Мамандар мұндай тенденцияның мемлекет үшін де қауіпті екенін ескертіп келеді. Сондықтан Ұлттық банктің несие тұтынушыларына арналған кеңестерін ұсынбас бұрын, заңгердің займдар турасындағы пікірімен бөлісуді жөн санадық.

Абзал Құспанов,
заңгер:
– Несиені адамдар негізінен тұ­тыну­шылық мақсатта қолданады. Шын мәнісінде, кредитке алған қа­­ражат бизнес жасауға бағыт­талуы қажет деп есептеймін. Біз­де, керісінше, тұтынушылық си­па­ты басым. Мысалы, той жа­сау­ға, қонақ шақыруға, тіпті, соңғы кез­дері, киімді де несиеге алатын болып барамыз. Сол киімді ки­ме­сек те, ештеңе өзгере қоймасы анық. Бұл адамдардың жеке бюд­же­тін тиімді басқаруына кедергі бо­лады, бір сөзбен айтқанда, еш­қандай пайда әкелмейді. Әрі мұн­дай тенденция, яғни, адамдардың тұ­тынушылық несиені жаппай пай­далануы мемлекеттің саясаты мен дамуына да кедергі келтіреді. Өйт­кені мемлекетті адамдар құ­рай­ды. Өз басым шұғыл бір қа­жет­тілік туындап қалса немесе он­сыз «аспан айналып жерге түс­келі тұрса» ғана несиеге жү­гін­ген дұрыс деп есептеймін. Басқа жағ­дайда, күнделікті тұрмыс-тір­шілік үшін кредит алуды құп­та­май­мын.
***
Бірақ несие алуға тура келсе, біріншіден, банк ұсынған келі­-сім­нің шарттарын толық оқып шы­ғыңыз дер едім. Әдетте, клиент өзі сұраған қарызға келісім бер­ге­нін естігенде, қуанғанынан құ­жат­тарға мән берместен қол қоя бе­реді. Мұның өзі адамдардың пси­хикасына әсер ету үшін әдейі со­лай ұйымдастырылған. Сон­дықтан қандай көлемде қарыз алсаңыз да, шарттың жобасымен ал­дын ала танысу керек. Егер өзіңіз түсінбесеңіз, арнаулы ма­ман­дармен кеңесіп алған дұрыс. Мұ­ның барлығы – азаматтық ко­­­декстің талаптары. Шарт екі­жақ­ты келісіммен ғана жасалады. Еш­кім ешкімді мәжбүрлей ал­май­ды.
***
Кейде кредиттік менеджерлер клиентке келісімшартпен танысу­ға арнаулы уақыт бермейді. «Мі­не, мына жерлерге қол қоясыз» деп нұсқай салады. Мұндай әре­кет­тердің барлығы да заңсыз. Одан бөлек, банктер ұсынатын ке­лісімшарт тек бір жақтың мүд­десін көздейді. Бірақ іс сотқа жет­кенде, қаржылық ұйымдар «әркім өз мүддесіне сай келісімге кел­ді» деп дау айтуы мүмкін. Заң­ға сәйкес біз де банкке өз т­а­лап­тарымызды қоя аламыз. Егер ке­лісімшарттың кей тұстары көңі­ліңіз­ден шықпаса, мына жеріне мынадай өзгерту енгізсек деп өз ұсынысыңызды айта аласыз. Бі­рақ іс жүзінде бізде әлі мұндай тә­жірибе қалыптаспай жатыр.
***
Тағы бір айтарым, заңгерден бөлек, экономист мамандардың да кеңесін алу қажет. Себебі, қазір көптеген банктердің шарттарында жасырын комиссиялар бар. Мы­са­лы, жылдық пайыздық мөл­шер­­лемесі 14 пайыз деп көрсет­і­ле­ді, бірақ шындығында 30-35 пайыз­ға дейін барып қалатын кез­дер болады.

Мүмкіндігіңді бағала!
Қаржы секторын реттеуші де, ба­қылаушы да – Ұлттық банк. Сон­­дықтан бұл мекеме аза­мат­тар­дың қаржылық сауаттылығын жо­ғарылатып, тұтынушылардың құ­қығын қорғау үшін түрлі жо­ба­лар ұйымдастырып отырады. Тө­менде қаржылық реттеушінің «Не­сие алмастан бұрын не істеу ке­рек?» деген сауалға жауабын ұсы­­­­­намыз.
Кредит алмастан бұрын оның сіз үшін қаншалықты тиімді еке­­нін әбден саралап алыңыз.
Кредитке сатып алынатын тауар немесе мүлік қаншалықты шұ­ғыл қажет? Оның құнын толық жи­науға мүмкіндік болса, сауда­ны кейінге қалдырғаныңыз жөн.
Қаржылық мүмкіндігіңізді есептеңіз және кредит төлем­дері­не сәйкес алдағы уақытта шы­ғын­ның өсуін ескере отырып, өз бюд­­жетіңізді талдаңыз! Отба­сы­лық бюджеттің кіріс және шығыс бө­ліктерін анықтай отырып, өзіңіздің қаржылық жағдайыңыз­ды бағалаңыз: кредитті төлеуге қаржылық мүмкіндігіңіз қанша­лық­ты жетеді?

Несие туралы келісімшарт қан­­дай болуы тиіс?
Банк қарызы туралы келісім – несие толық өтелгенше банк пен сіздің қарым-қатынасыңызды анықтайтын негізгі құжат. Ең қа­ра­пайым әрі басты ереже – несие шар­тын толық және аса мұқият қа­рап шығу: алғашқы екі бетте банк қарыздың шектік сомасын, түрін, пайыздық сыйақы мөл­шер­лемесінің көлемін, жылдық тиім­ді сыйақы мөлшерлемесі мен мер­­зімін және валютасын міндет­ті түрде көрсетуі қажет. Осылай­ша, сіздің қарызды қандай жол­мен және қалай қайтаратыныңыз: ан­нуитетті ме, әлде дифферен­циал­­ды ма, қарызды қайтару уа­қы­ты кешіктірілгені үшін қандай өсі­мақы немесе айыппұл та­ғайын­далатыны анықталады.
Банк қарызы шартын жа­са­ған­­ға дейін клиентке мынадай мә­­­ліметтер туралы ақпарат беруі тиіс:
қарыз мерзімі;
қарыздың шектік сомасы және валютасы;
сыйақы мөлшерлемесінің түрі және мөлшері;
қарыз берумен және оған қызмет көрсетумен байланысты комиссиялар мен төлемдердің толық тізімі;
қарыз шартының талап­тарын біржақты тәртіпте өзгерту жағ­дайлары;
клиенттің, кепіл берушінің, ке­пілгердің және өзге тұлғалар­дың жауапкершілігі мен тәуекел­дері.
Туындаған кез келген сұрақ бойын­ша банк менеджерінен кеңес алыңыз.

Қарызды қай валютада алған дұрыс?
Қарыз валютасын таңдаған кез­де шетелдік валютадағы қа­рыз­­дар табысыңыз теңгемен өл­шен­се, сіз үшін аса тиімсіз бола­ты­нын есте сақтаңыз.
Сонымен қатар банктерге соң­ғы 6 ай бойы шетелдік валю­та­мен табыс алмаған азаматтарға ипотекалық қарыздарды шетелдік валютада беруге тыйым салынған.

Несие мен бөліп төлеудің қандай айырмасы бар?
Бөліп төлеу – сатып алған зат­тың құнын ешқандай артық тө­лем­сіз теңдей бөліп қайтару. Мы­­­салы, сіз бүгін дүкеннен мұздат­қыш сатып алдыңыз делік, оның құ­нын үш ай ішінде бөліп қай­та­ра­сыз. Ал қарызға берілген қара­жат­ты пайдаланғаны үшін бел­гіленген пайыздық мөлшерлемені төлеу сатушының мойнында. Кей­де, аздаған артық төлеммен қай­тарылатын несиелер де бөліп тө­леуге саналады. Мұны сіз төле­не­тін соманы қарыз мерзіміне кө­бейту арқылы анықтай аласыз.


Аннуитеттік төлемдерге сәйкес ай сайын теңдей сома төленеді. Ол негізгі қарыздың бір бөлігі мен есептелген сыйақыны қамтиды.
Дифференциалдық төлемге сай қарыздың негізгі сомасы теңдей үлестермен төленеді, ал сыйақы қарыздың қалдығына есептеледі. Бұл әдіске сәйкес, кредит бойынша алғашқы төлем – кредиттеудің бүкіл мерзімі ішінде ең ірі төлем болады, ал алғашқы жылдар қаржылық жүктеме тұрғысынан ең ауыр жылдар болады.


2017 жылы екінші деңгейлі банктер 2,1 трлн теңгеге бөлшектік несие берген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 40 пайызға көп. Ал микроқаржылық ұйымдар тарапынан берілген несие көлемі – 110 млрд теңге. МҚҰ ұсынған несие көлемі соңғы бір жылда 71 пайызға көбейген.


Несие – банк тарапынан тұрғын үй, автокөлік немесе тұтынушылық мақсатта берілетін ақшалай қарыз түрі. Оны қайтарарда үстіне сыйақы мөлшерлемесі қосылады.
Бұл – қарызға берілген қаражатты пайдаланғаныңыз үшін банкке қосымша төленетін үстеме пайыз.

 

Кәмила ДҮЙСЕН

Бөлісу:

Пікір жазу


*