Заңнамада өтемақы қарастырылады

980
0
Бөлісу:

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен палатаның бюро отырысы өтті. Онда Мәжілістің келесі жалпы отырысы күн тәртібінің жобасы қалыптастырылды. Алдағы сәрсенбіде депутаттар сақтандыру мәселелеріне қатысты, сондай-ақ меншік құқығын қорғауды күшейту және төрелік мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді бірінші оқылымда қарайтын болады. 

Ұлттық банк әзірлеген сақтандыру қызметіне қатысты жаңа заң жобасы сақтандыру қызметтерін ұсынушыларға деген жеке тұлғалардың сенімін арттыруға ықпал етіп, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құ­қық­тарын қорғаудың тиімді тетігін құруға бағытталған.
Қалаулылар бұдан бөлек, төрелік-арбитраж­ды және жекеменшікті қорғауды күшейтуді қарас­тыратын жаңа заң жобасын да бірінші оқылымда талқыға салмақ. Жоба несиелік келі­сімшартар бойынша кредитор мен қарыз алу­шы мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз етуге, мемлекет мұқтаждықтары үшін алынатын мүлік құнына теңбе-тең көлемде өтемақы төлеудің негіздерін бірегейлендіруге бағытталған. Сонымен бірге, мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету сияқты меншік құқықтарын қорғауды күшейту, дауды реттеудің балама тәсілі ретінде төрелік саласын реттей­тін заңнаманы жетілдіру сияқты басқа да мақсаттарды көздейді.
Алдағы жалпы отырыстарында палата депутаттары 1992 жылғы 6 шілдедегі ТМД Экономикалық сотының мәртебесі туралы келі­сімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялауға байланысты заң жобасы бойынша бейінді комитеттің қорытынды әзірлеу мерзімін тағайындайды деп күтілуде.

 

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*

Оқуға кеңес береміз