Алматы – жастар қаласы

1056
0
Бөлісу:

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек халық алдында кезекті есеп беру шарасын өткізді. Халық көп жиналған жиын барысында өткен жылдың негізгі эко­но­микалық көрсеткіштеріне қорытынды жасалып, 2018 жылғы қаланың әлеуметтік- экономикалық даму жос­пары айтылды. Ел экономи­касының ¼ бөлігін құрайтын Алматыда тәуел­сіздік жылдары тұрғын үй қоры – 2 есе, жеке көліктер саны 10 есе артқан. 
Қала әкімі тұрғындардың азаматтық белсенділігі мен әкім­шіліктің әлеуметтік желі арқылы халықпен ашық қарым-қатынас орнатуының оң нәтиже берген­дігін де атап өтті. Мәселен, Игілік Қаңтарбаева, Алексей Щеглов, Асқар Төлеев жергілікті биліктің назарын заңсыз салынған ғимараттар, ағашты заңсыз отау, люктердің жоқтығы сияқты мә­селелерге аударса, Думан Қапасов есімді азаматтың көмегімен Бруси­ловский көшесіндегі жазғы дәмхананың орны босатылған. Елена Лысенко жерасты жолда­рындағы жарықтан­дыруды қалпына келтіруге үлес қосса, Сәкен Жүсіпбеков деген азамат 30 мә­селенің шешілуіне себепкер болған. Қала әкімі белсенді тұрғындардың игі бас­тамаларына алғысын білдіріп, «Мүмкін кейбір органдардағы жұмысын атқара алмайтын адамдардың орнына Сәкен Жүсіпбековті жұмысқа қабылдау керек шығар? Оның жұмысы нәтижелі екені көрініп тұр» деді.
Қала тұрғындарын жыл ба­сынан ма­залаған «жол жүру ба­ғасы қымбаттайды» деген қауесет те қала әкімінің назарынан тыс қалмады. Биыл жаңа автобус алған тасымалдаушыларға 15 млрд теңге көле­мінде қаржы бөлінетінін айтқан қала басшысы берілген мемлекеттік қаржы есебінен 255 мың адам жеңілдік­пен жүру мүмкіндігіне ие бола­тынын хабарлады. «Қазір Ал­матыда автобус паркі 30 пайыз­ға жа­ңарған. Бірақ кейбір тасымал­даушылар 80 теңгені аз көріп, 150 теңгеге көтеру керек деп жатыр. Олар жол ақысын көтермекші, бірақ тасымалдау сапасын артты­руға ниетті емес. Ондай тасымал­даушылармен жеке жұмыс жасаймыз. Сапаны көтермейінше, жолақы қымбаттамайды» деді әкім. Бауыр­жан Қыдырғалиұлы қоғамдық көлік тасымалдау­шыларының «шығынға жұмыс жасап жатырмыз» деген сөзін жоққа шығарды. Бауыржан Байбек биыл 300 жаңа автобус сатып алуға бюджеттен 11 млрд теңге қарастырылғанын, ескі трам­вайдың орнына жеңіл рельсті транспорт келетінін айтып, ха­лықты қуантты. «Метро жол­дары ұңғыланып жатыр. Халықтың 15 пайызы метромен қатынайды» деді ол. Алматыдағы кө­лік кептелісі мәселесін шешу мақса­тында салынатын Үлкен Алматы айналма автожолының құрылысы биыл баста­латыны белгілі болды. Әкімнің айтуын­ша, жаңа жол көше қозғалысы мәселесіне оң өзгеріс әкеліп қана қоймай, эко­логияға да пайдалы болады.
Алматы қаласы жастарының жұмыс­сыздығын ерекше атап өткен қала әкімі мәселенің ше­шілуі үшін қолға алынатын негізгі жұмыстарға кеңінен тоқталды.
– Қазір Алматы тұрғында­рының ша­мамен жартысы – жастар. Олардың орта жасы – 33,5 жас. 200 мыңға жуық студент білім алады. Мұның артықшы­лығымен қа­тар қиындығы да бар. Республика бойын­ша жастар жұмыссыздығының ең жоғары көрсеткіші – 6,5 пайыз. Бұл көр­сеткіш Алматыға тиесілі. Қаланың жұмыспен қамту базасында 235 мың адамның әлеуметтік статусы өзгерді. Пәтерін жалға берген, жекелей адам тасымалымен және бала оқытумен айналысып келген 22 мыңға жуық адам тіркеліп, салық төлей бастады. Бұрын ақшаны конверт арқылы алып келген 1,5 мыңға жуық жалдамалы жұмысшылар еңбек шартына отырып, әлеуметтік қамсыздан­дыру бағдарламасына енді. Сонымен қатар уақытша жұмыс­сыз 14500 тұрғын анықталып, тір­кеуге алын­ды. Оларды жұ­мысқа орналастыруды қамта­масыз ету керек.
Биыл Алматыда жылжымай­тын мү­лік арзандайтынын атап өткен Бауыржан Қадырғалиұлы мемлекеттік бағдарлама аясында төмендетілген пайызбен тұрғын үй несиелерін тіркеу жалғаса­тынын жеткізді.
– «Алматы жастарын қол­дау – 2020» жол картасы қа­былданды. Былтыр 4 млрд теңге бөлінді. «Алматы жастары» бағдарламасы аясында алдын ала үй құнының 5 пайызын ғана төлеп, несие алуға мүмкіндік берілді. 6 мың адам өті­ніш білдірді. Балдық жүйемен 100 өтініш қабылданды. Сұра­ныстың көптігіне байланысты биыл да бұл бағдарлама жалғасын табады. Былтыр 1 млрд теңге бөлінсе, биыл 2 млрд теңге қарас­ты­рылған. Тегін баспана беру деген бол­майды. Егер сізге пәтер керек болса, кезекке тұрыңыз, төмен жалақы алаты­ныңызды немесе мүгедектігіңізді дәлел­дейтін құжат көрсетіңіз. Мәселен, «Нұрлы жер» бағдарламасы ар­қылы 15 жылға пайызсыз несие­мен былтыр 5 мың отбасы пәтер алды, 175 жетімге пәтер берілді, – деді әкім.

 

Динара ТІЛЕУБЕК

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*