Жұмыспен қамту қамқорлықпен ұштасуы тиіс

1356
0
Бөлісу:

Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыстарында депутаттар халықты жұмыспен қамтуға, көші-қонға және жер қатынастарын реттеу мәсе­лелеріне арналған жаңа заң жобаларын қарады. Соның ішінде бірінші оқылымда мақұлданған «Кейбір заңнамалық акті­леріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көші-қон мәселелері бойынша өз­герістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жо­басы жайлы депутаттарда сұрақтар туындады.

Құжатты талқылау барысында Мәжіліс депутаттары жекеменшік жұмыспен қамту агенттіктерін қаржы­ландыру тетіктеріне және олардың бюджеттен бөлінген қаражаттарды игеруінің тиімділігін бақылауға қатысты мәселе көтерді. Атап айтқанда, жоба бойынша халықты жұмыспен қамту қызметтерін аутсорсингке, яғни жеке­меншік жұмысқа тұрғызу агенттіктеріне беру жоспарланып отыр.
Мәжіліс төрағасының байламынша, аутсорсинг келісімдері нақты көрсеткіш-индикаторлардан тұруға, ал жеке агент­тіктер олардың орындалуын қам­тамасыз етуге және тиісінше, орын­дамағаны үшін жауапкершілік арқалауға тиіс. Бұл ретте осыны қарастыратын норма заң жоба­сының өзінде жазылуы керек. Осыған байланысты уәкілетті органға аутсор­сингтің үлгілі келісімін әзірлеу және бекіту бойынша құзыр берілгені жөн.
– Бюджеттік қаржылар – тиімді жұмсалып, халыққа пайда келтіруі, адамдар нақты нәтижені сезінуі үшін бөлінеді. Ал ақша жай ғана бағыттала салынса, оларды жұмсап жіберіп, игерілгені жөнінде есеп берсе, бірақ ешкім де нақты көмек алмаса, бұл дұрыс болмайды, – деді Нұрлан Зайроллаұлы.
Мұның сыртында жұмыспен қамту орталықтарының «ұсынылған жұмыс орындарынан екі рет бас тартқан» немесе «жергілікті атқарушы органдарды өзінің бас тартқаны туралы құлағдар етпеген» жұмыссызды жұмыссыздар есебінен шығарып тастауын бекітетін нормаға да депутаттар алаңдаушылық білдірді.
Осы тақырыпта өз ойын білдірген Н.Нығматулин шенеуніктер арасынан адал емес адамдар табылып, еңбекпен қамтылмаған азаматтарға олардың бас тартатынын біле тұра, жұмыстың қолай­сыз, әрі ақылға қонымсыз нұс­қаларын әдейі ұсынуы мүмкіндігін жоққа шы­ғармады. Олар азаматты осылайша, бас тартуға мәжбүрлеп, жұмыссыздар есе­бінен шығарып тастайды да, халықтың жұмыспен «жүз пайызға» қамтылғаны туралы есеп тапсыратын болады.
– Мұндай «мүмкіндікті» жою қажет! – деді жаңа Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министріне қайырылған Мәжіліс төрағасы. – Адамдар шенеу­ніктердің әлгіндей әрекеттерінен зардап шекпеулері тиіс. Заң нормалары шынында да жұмысқа орналасқысы келетін адамға нақты бір жұмысқа тұруына көмектесетін болуы керек. Халықтың жұмыспен қамтылғаны туралы қолдан көркейтілген есептіліктің мемлекетке түк те қажеті жоқ, – деген спикер екінші оқылымға дейін заң жобасының осы нормасын пысықтауды жүктеді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасы­мованың айтуынша, заң жобасы біріншіден, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу құралдарын жетілдіруді көздейді. Осыған орай жұмыспен қамтуға жүгіну рәсімдері жеңілдетіледі. Жұмыс іздеушілер енді жұмыспен қамту орталықтарына «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы да, сондай-ақ халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы да жүгіне алады. Жұмысқа орналасу рәсімін тездету үшін жұмыссыз азамат өзіне ұсынылған жұмысқа келі­сетіні не келіспейтіні туралы мәліметті ұялы телефонмен немесе электронды поштамен үш жұмыс күні ішінде хабарлай алады.
Студенттер мен жоғары сынып оқушыларының жазғы демалыс кезінде ғана емес, сондай-ақ оқудан бос уақытта да қоғамдық жұмыстарға қатысу мүм­кіндігі кеңейтіледі. Бұған Еңбек кодек­сінде шектеу жоқ.
Жұмыс берушілерді артық есептер мен құжат тапсырудан босату көзделуде: кәсіптік және қайта даярлықтан, өндiрiсте оқытудан өткен адамдардың саны туралы мәлiмет беру міндеті алып тасталады. Сәйкесінше, осы талапты орындамағаны үшін жұмыс берушілерді жазалау да жойылады. Қазір ол үшін 10 АЕК және қайта орындамағаны үшін 20 АЕК айыппұл салынады.
Екіншіден, «халықты жұмыспен қамту саласындағы қызметтердің аутсорсингі» ұғымы енгізілуде. Яғни, жұмыссыздарды кәсiптiк бағдарлау және жұмысқа орналастыру бойынша қызметтерге алда жеке агенттіктер тартылады.
Үшіншіден, заң жобасында Президент жарлығына сәйкес көші-қон саласындағы функцияларды бөлу көзделеді. Нақтырақ айтсақ, көші-қон саласындағы мем­лекеттік саясатты қалыптастыру функ­циялары Ұлттық экономика министр­лігінен алынып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне беріледі. Ал көші-қон саласындағы мемлекеттік саясатты ведомствоаралық үйлестіру және іске асыру функциялары Ішкі істер министрлігіне тапсырылады.
Бұған қоса, құжатта «ұжымдық шарт­тардың мерзімін жаңа ұжымдық шарт қабылдағанша бір жылға дейін ұзарту», «медицина қызметкерлерінің қоса жұмыс атқаруына» және «оралман мәртебесінің мерзімін тағы үш айға ұзартуға» рұқсат беру секілді маңызды нормалар бар.
Сондай-ақ жалпы отырыста де­путаттар «Кейбір заңнамалық актілерге жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлдап, Сенатқа жолдады.
Жиын соңында И.Аронова, Б.Дүй­сенбинов, Ш.Хахазов, Р.Ким, В.Косарев, Д.Еспаева, А.Қоңыров, Ж.Омарбекова, А.Платонов және басқалары депутатық сауал жолдады.
Мәселен, нұротандық депутат К.Мұсырман вице-премьер Е.Досаевқа жүгініп, колледждерге берілетін «Нәти­желі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» қаражатының жеткіліксіздігін айтты. Себебі, бір студентке ай сайын бөлінетін 32 831 теңгеден міндетті ыстық тамаққа жұмсалатын 13 450 теңгені алып таста­ғанда, оқыту шығындары үшін небары 19 381 теңге қалады.
«Нұр Отан» фракциясының депутаты З.Аманжолова гемофилияға қарсы дәрі-дәрмектердің уақытылы жеткізілмеуі мәселесін көтерді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда гемофи­лиямен 1523 сырқат ауырады, оның 432-сі – балалар.
Нұротандық депутат Б.Кесебаева қызылордалықтардың «өңірдегі уақытты есептеу тәртібі мен сағаттық белдеу шекарасын өзгертуге қатысты мәселені шешу» туралы өтінішін жеткізді.
АШМ басшысы Ө.Шөкеевке жүгінген А.Ералиевтің айтуынша, «материалдық-техникалық және тех­нологиялық базаның ескіруі, се­лек­цияның кадрлармен қам­тамасыз етілуі, сортсынау және тұқым шаруа­шылығы базаларының ескіруі селекциялық процесті тиімді жүзеге асыруға және жоғары сапалы тұқымдарды өндіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік бермей келеді».

 

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*