Халықтың денсаулығын кім қорғайды?

879
0
Бөлісу:

Естеріңізде болар, ертеректе бір жұқпалы дерт анықталатын болса, елде санитарлық төтенше жағдай жарияланып, бұндай жұқпалы аурудың алдын алуға байланысты көлемді іс-шаралар ұйымдас­ты­рылып, карантиндер жарияла­натын еді. Қазір бұл үрдіс мүлде ұмыт қалдырылды. Неге?

2017 жылдың қазан айынан бастап бүгінгі таңға дейін оншақты рет Алматыда Үндістанда демалып келген отандас­тарымыздың «таратуымен» «холера» жұқпалы дертінің нышандары анықта­лып, іс-шаралар ішінара жасалған болды. Бұл шаралардың барлығы демалыстан оралған жолаушы денсаулығының күрт төмендеген кезінде немесе бірнеше күн өткеннен кейін жасалатындығы жасырын емес. Байтақ еліміздің басқа қалаларында демалыстан оралып жатқан жерлестеріміз бен транзиттік жолаушылар арнайы мемлекеттік мекемелердің назарынан тыс қалуда.
Үндістанға қатынайтын ұшақтар Алматыдағы Халықаралық әуежайда бұрын қалай ұшып-қонып жатса, қазір де солай. Алматы қалалық санитарлық қызметтің мәліметіне қарағанда, осы уақытта әуежай қызметін оның ішінде басқа мемлекеттердің азаматтары да бар, 17 мың жолаушы пайдаланған екен. Егер Үндістан холера жұқпалы дертінің ошағы болса, Алматы қалалық Халықаралық әуежай сол дертті таратушы болып отыр. Көршілес мемлекеттер Алматыға келетін жұқпалы дерт туралы, оның транзиттік жолаушылар арқылы таратылатындығы туралы мүлдем хабарсыз.
ЕАЭС-ке мүше мемлекеттер Үкіметінің басшылары ақпан айының басында Алматыға келу мезетінен сәл-ақ бұрын Алматы қалалық санитарлық қызметтің арнайы киім киген қызмет­керлерінің әуежайды зарарсыздандыру үшін жүгіріп жүргендерін көрген жоқ.
Алматы тұрғындарының салдары ауыр жұқпалы дерттің қармағына ілінбесіне кім кепіл?! Алматы қалалық санитарлық қызметі қолдан келгенше тиісті іс-шараларды жасап жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі мен Қоғамдық ден­саулық сақтау комитеті бұл жағдайларды елемейтін сияқты. Қазіргі таңда орын алып отырған бұл жай мүмкін бұл азаматтар үшін күнделікті шаралардың бірі болар. Бәлкім, еліміздегі санитарлық қызметті басқарып отырса да ол аза­маттарды қарапайым халықтың ден­саулығы толғандырмайтын шығар?
Бес ай бойы Үндістан арқылы тарап жатқан холера дертінің алдын алуға қатысты республикалық тұрғыдағы санитарлық-эпидемиялық іс-шаралар неліктен басталмайды? Неге сол елге кіріп-шығатын жолаушыларға шектеу қойылмайды? Денсаулық сақтау министрлігі мен Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті не күтіп отыр? Біздің денсаулығымызды кім қорғайды?
Үндістаннан келген жұқпалы дертті жұқтыруы мүмкін азаматтар 2-5 тәуліктен кейін ғана анықталып, зарарсыздандыру үшін оларды іздестіру шараларының жүргізілгендігі туралы ақпаратты Комитет төрағасының өзі айтып отыр.
Сонымен қатар Алматыдағы сани­тарлық қызметке қарасты мекеменің бірінде тағы бір қызық жай болған секілді. Жұқпалы дерттермен күресетін «Са­нитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» шаруашылық жүргізу құқы­ғындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның байырғы бір қызмет­керінің көп жылдардан бері құрт ауруымен (туберкулез) ауыратындығы анықталып, қазір дереу емдеу шаралары жүргізілуде. Нақты айтсақ, 200-ге тарта кәсіпорын қызметкері сауықтыру шара­ларына тартылып отыр. Олар араласатын тұрғындар немесе кәсіпорынға келіп-кететін келушілер қаншама?! Олар ештеңеден хабарсыз. Себебі, бұл іске байланысты әдетте жарияланатын карантин болған жоқ. Алматы тұрғындары қала ішінде жүріп-ақ жұқпалы ауруды жұқтыруы мүмкін. Санитарлық қызметке қатысты мекемелер арасында ашық туберкулез сияқты жұқпалы аурудың таралуына жол беруші ретінде медицина ғылымының кандидаты, Семей медицина академиясы мен АҚШ-тағы Висконьск университетінің құрметті профессоры, Санитарлық-эпидемио­логиялық қорғау комитетінің бұрынғы төрағасы, Алматы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық қорғау департамен­тінің бұрынғы директоры Е.Дүрімбе­товтың аты аталуда. Дереккөздерге сенсек, бұл азамат енді штатында 500-ге тарта қыз­меткері бар бұрынғы сани­тарлық-эпидемио­логиялық сараптама орта­лығын басқаруға талаптанып жатқан көрінеді. Өз қарамағындағы хатшының бойынан қауіпті дерттің белгілерін байқамаған «білікті» маманның кәсіби біліктілігінің қаңдай деңгейде екендігі түсінікті болар.
Осы жайларды ескеріп, қажетті іс-шаралар легін ұлғайтудың орнына, мемлекеттік бас санитарлық дәрігер 2018 жылға арналған жұқпалы және парази­тарлық сауықтыру шараларының жос­парын азайтуда. Мемлекеттік шенеунік, бәлкім, біздің денсаулығымызды қор­ғауды артық көретін шығар.
Сонда, қарапайым халықтың денсаулығын кім қорғайды?

Ернұр ӘБДІСАМАТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*