Бейбітшіліктің бағасын сезіну қанша тұрады?

1752
0
Бөлісу:

Телефон желісінің ар жағынан «Сәлеметсіз бе?!» деген жас келіншектің жарқын үні естілді. Өзімді таныстырып, жұмыс істейтін басылымның атын айта бергенімде «А, сіз біздің үйге газет әкелейін дедіңіз бе?» деді жаңағы үн балалық бір қызығушылық араласқан ырғақпен. «Жоқ, мен журналиспін» дедім, әлгі әйелдің әсерлі, көңілді қалпын бұзғым келмесе де, әңгіменің барысына бірден көшуді жөн көріп. Жаңағы дауыс қатқылдана түсті. Әлгінде ғана болған жылылықтан із де жоқ. «Қазір ауруханада едім, кейін хабарласыңыз» деп тұтқаны тастай салды. «Сізге қазір сөйлесу ыңғайлы ма?» деген «әдепті» сұрақты қойғаныма өкіндім. Өйткені ол телефонын жарты сағаттан кейін де, тіпті араға бірнеше тәулік салып та, қайта көтермеді…
Сириядан келген азаматтармен сөй­ле­­судің жолын іздегендерге кездесетін қиын­дықтың бірі – осы. Олар басынан өткенді белгісіз жанға баяндағанды құп көрмейді. «Ақ ниет» ақпараттық наси­хаттау және оңалту орталығы қоғамдық қорының басшысы Әлім Шауметов бір әйелдің өзіне Сирия туралы сұрақ қойған сайын, бар көрген сұмдығы мен бала­сы­ның қазасы ойға түсетінін айтып, жы­лағанын мысалға келтірді. Ол «сұрағы көп» журналистерге Сириядан келгендер үшін «ауыр естеліктерге қайта оралудың қиын» екенін ескертеді.
Біз байланысқа шыққан Дана (есімі өзгертілді) есімді келіншек 2017 жылы қыр­күйекте үш баласымен бірге Сирия­дан оралған. Жолдасы көші-қон заңна­масын бұзғаны үшін Түркиядағы арнаулы депар­таменттің бақылауында қалған. Қазір оңалту шарасынан өтіп жүрген азамат 2013 жылы Сирияға жолдасының үгіттеуі­мен кеткен. Соғыс өрті шарпыған аймақта екі жылын өткізіп, Қазақстанға келгенге дейін, Түркияны паналаған отбасы ту­ралы қолда бар дерек – осы ғана. Ал кейіпкердің әңгімесін тыңдау бұйыр­мағанын жоғарыда айттым.
Бес баласымен қақтығыс алаңында қалған Анардың (есімі өзгертілді) туған жерге оралуына ата-енесі әсер етіпті. Күйеуі соғыста қаза тапқан әйелді оны­мен жұмыс істейтін мамандар «әңгімеге сараң, томаға тұйық» деп сипаттайды. Алғаш мектепке барғанда балалардың киім кию үлгісінде, басқа оқушылармен қарым-қатынасында, қазақ тілінде таза сөйлеуінде қиындықтар болыпты. Қазір отбасының соғыстан кейінгі өмірі бұ­рынғы қалыпқа түсіп келе жатқанға ұқсайды. Отанасы біздің қоңырауымызға жауап берген жоқ.
Өткен жылдың күзінде Дағыстан ар­қылы елге жеткізілген Орал өңірі тұрғы­нының Сириядағы өмірін бүкпесіз баян­даған сұхбаты желіде мың сан рет қа­ралды. Сириядағы қазақстандықтар деген сұрау интернетте қаншама бағдар­лама мен бейнежазбаны шығарып береді. Барлы­ғында егіліп жылаған ана, ұлын сарыла күтіп жүрген әке, бауырын тоқ­тата алма­ғанына налыған аға-әпке…
Сондай өкініш өзегін өртейтін жан­ның бірі – Ақерке (есімі өзгертілді). Студент қыз тұрмыстағы әпкесінің өзіне құпия етіп тапсырған Сирияға сапар шегу туралы жоспарын туған-туысына, әжесіне айтпағанына өкінеді. «Мүмкін оны тоқ­тата алар ма едік?» дейді жас қыз жанарын алысқа қадап. Тұрмысқа шыққаннан кейін, бір жарым жылдан соң, намаз оқуды бастаған күйеуіне еріп, ислам шарттарын орындауға бекінген әйел балаларын алып, бір күнде Сирияға кетіп қаларын ешкім болжай алмаған. Қазір ара-тұра белгісіз номерлерден байланысқа шығып тұратын ол «Бізде бәрі жақсы. Күйеуім соғыста» дегеннен басқа ештеңе айтпайды екен.

Сирияға кеткендер – саяси үгіттің құрбаны


Саясаттанушы Жұмабек Сарабеков «Сирияға кеткендер саяси үгіттің құр­баны» деп есептейді.
– Сирия мен Ирак аумағындағы ДАИШ ұйымының «PR стратегиясы» өте жақсы жасалған. Олар әлем мұсылман­дарын шариғат заңдарын толық ұста­натын, әділеттілік қағидасына сүйенген мемлекетке шақырып, үндеу жолдады. Бірақ аталған өңірде жүргізілген әлемдік зерттеулер ол жерде адам саудасы кең та­ралғанын, азаматтарды сотсыз өлім жа­засына кесу сияқты жағдайлардың қа­лыпты құбылыс екенін дәлелдеді. Ресей Сириядағы терроризмге қарсы күрес жеңіспен аяқталғанын хабарлады. Бұл жерде АҚШ бастаған антитеррорлық коалицияның да үлесін атап өту керек. Қазір ДАИШ күштері өзінің әскери-саяси әлеуетін толықтай жоғалтты. Территориясының басым бөлігінен айырылған лаңкестік ұйым сарбаздары Таяу Шығыстағы саяси тұрақсыз елдерге, Африка мемлекеттеріне, Ауғанстанға бет түзеуі мүмкін. Бірақ мұнымен Таяу Шығыстағы халықаралық терроризм қаупі жойылды деп айта алмаймыз. Ол құбылыс ретінде қалып отыр және көлемі өсіп келе жатыр. Мұны Еуропа мемле­кеттерінде болған лаңкестік оқиғалардан көруге болады. Терроризмде байқалатын бір тренд – жалғызбасты лаңкестер феноменінің пайда болуы. Олар ойға алған қылмысын белгілі бір топ көмегін­сіз, жалғыз жүріп жүзеге асырады. «Ор­талық Азия аумағына соңғы уақытта 500-ден астам лаңкестік ұйым содырлары оралған» деген дерек бар. Әскери іс-қимылдарға қатысқан азаматтар еліне қайтқан соң, өзінің тәжірибесін жат мақсатта пайдаланып, терроризм қаупін күшейтуі мүмкін. Сондықтан бұл тұста оларға оңалту шараларын дұрыс жүргізу өте маңызды.

Радикалды идеология – әбден ойластырылған қару


Сирияға кеткен Қырғызстан аза­маттары туралы деректі фильмді қарап отырып, екі отбасыны соғыс алаңына қоныс аударуға көндірген, қазір абақтыда отырған кейіпкерге журналистің «Дәл қазір мені Сирияға баруға үгіттеп көрі­ңізші» деген өтінішіне қылмыскер «Сені көндіре алмаймын. Себебі, журналист Сирияда болып жатқан оқиғаның бәрінен хабардар» деп жауап қайтарғанын көрдім. Қазақстаннан қақтығыс ошақтарына кеткендердің оқиғаларын ақтарып қарағанда да, көбі жоғары білім алған азаматтар екенін байқауға болады. Кей әйелдердің мамандығы – психолог, енді бірінің тіпті қос бірдей жоғары білімі бар. «Ақ ниет» ақпараттық насихаттау және оңалту орталығы қоғамдық қорының басшысы Әлім Шауметовтың айтуынша, жоғары білімді, көзі ашық азаматтардың радикалды идеяға бет бұрғанына таңдануға болмайды. Өйткені радикалды идеология – саясаттанушы, психолог, дінтанушы, тағы бірнеше сала маманы бірлесіп дайындаған, әбден ойласты­рылған қару. Олар адамды аманатпен байлап тастайды. Берген аманатын бұзса, «Алла аямайды» деп қорқытады.

Экстремистер әр адамның әлсіз тұсын пайдаланады

Медициналық және психологиялық мәселелер орталығының басшысы, профессор Владимир Стеблянко жат ағымдар жетегінде кетудің басты себебін азаматтардың «балалық шағынан» із­дейді.
– Басты себеп – құндылықтардың деформацияға ұшырауы. Көбіне дес­труктивті ағымның соңынан еретіндерде махаббат, отбасы, қарым-қатынас сияқты құндылықтар бала кезінде дұрыс қа­лыптаспайды. Бұл көбіне ата-анасының қауырт жұмысынан қолы босамай, ба­лаларына жеткілікті көңіл бөле алма­уынан болады. Балалар өскенде, осы қалыптаспаған бастапқы құндылықтарды басқа жақтан іздей бастайды. Экстре­мистер адамның осы әлсіздігін пайдаланады. Мұнда негізінен әр адамға әсер етудің жеке жолы қарастырылады. Жал­пы алғанда, деструктивті ағым өкілдері нысанаға іліккен адамға кезінде ата-анасы бермеген бастапқы құнды­лық­тар туралы сөз қозғай бастайды. Ортақ сенім, махаббат, қолдау мұның бәрі адамға иллюзия сыйлайды.


Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, 800-ге жуық қазақстандық Сирия мен Ирактағы қақтығыс алаңдарына аттанып, террористік ұйымдардың қатарына қосылған. Бүгінде олардың 106-сы (63 ер, 43 әйел) туған жеріне оралса, соғыста қаза тапқан Қазақстан азаматтарының
саны – 260. Лаңкестік ұйымдардың қатарында қарулы кақтығыстарға қатысу фактілері әшкереленген жағдайда елге оралған азаматтар Қылмыстық кодекстің 170-бабы және 255-260-баптарымен көзделген террористік және басқа да қылмыстарды жасағаны үшін сот үкімінің негізінде қылмыстық жазаға тартылады. Діни адасушылық пен радикалды көзқарастардың ықпалында болған тұлғалар оңалту шараларынан өткізіледі.



Олар өздерін қылмыскер санамайды

«Шапағат» деструктивті діни ағым­дардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығы қоғамдық қорының қызметкері, дінтанушы Назерке Жетпісбайқызы оңалту шарасының қиындығын былай сипаттайды.
– Қазір біздің жетекшілігімізбен оңалту шараларынан өтіп жатқан әйелдер кезінде мешіттерде дәстүрлі емес діни ағым өкілдерінен ілім жинап адасқан күйеулерінің насихатына еріп, Сирияға жол тартқан. Өмірлік жары абақтыда жазасын өтеп жатқан әйелдер оларды «қылмыскер» деп санамайды. Өздері қателескенін де бірден мойындамайды. Мәселен, мен экстремизмді насихат­тағаны үшін түрмеде отырған азамат­тармен әңгіме жүргіземін. Осындай сұхбаттарға қатысқан төрт әйелдің тек біреуі ғана көзқарасын өзгерткенін мә­лімдеді. Қалғандары әуелде «ұстаздары» санасына құйған ілімнен бас тартқысы келмейді. Бір қиыны, деструктивті ағымдардың ықпалына түскен адамдар ойын ашық айтпайды. Сондықтан оңалту процесінің сәтті аяқталғанын анықтау да қиын. Бірақ адамның сенімі өзгерген кезде, мінезі, өзін-өзі ұстауы ерекшеленіп, қателігін мойындай бастайды. Бір әйел «Ислам қағидаларын қатаң ұстанбайтын адамды «кәпір» деп, Құран аяттарын ғалымдардың тәпсіріне сүйенбей, тура қалпында қабылдаппын. Дәстүрді жоққа шығарып, сәлем салудың адамға құлшылық ету емес, құрмет көрсетудің белгісі екенін кеш түсіндім» деп ағынан жарылған.

Ислам – бейбітшілік діні

Назерке Жетпісбайқызы «Ислам – бейбітшілік діні. Бұл дінде өзгелерге тіліңмен де, қолыңмен де зиян келтіруге тыйым салынады» дейді.
– «Джиһад» сөзі Құранда 35 жерде айтылған. Оның төртеуі соғыс мағы­насында қолданылған. Бірақ ислам дінінде адам өлтіру ең ауыр күнәға жататынын ескеруіміз керек. Осы тұста өзге мемлекеттердегі соғыс алаңдарына мұсылмандар үшін күресуге аттанған қауымның қай тұстан адасатынын діни тұрғыдан түсіндірейін. Ең бірінші, олар ислам амалдарын толық не мүлде орын­дамайтын адамды «кәпір» деп есептейді. Алланың бұйырған парыздарын орын­дамаған жанды тыңдамауға, мал-мүлкін тонауға не басқа кез келген зиян келтіруге болады деп сенеді. Мемлекеттің шариғат заңдарымен емес, Конституциямен басқарылатынына наразылық білдіреді. Ондай елді «тағұт» (кәпірлер мемлекеті) деп атайды. Мұсылмандар билігіндегі, шариғат заңдарына бағынатын «Дарул ислам» мемлекеттері «Дарул харб», яғни дінсіз билеушілер басқаратын елдерге қарсы үнемі күрес жүргізуі керек дегенді алға тартады. Біздің Әбу Ханифа мазхабы бойынша, парыз амалдарды орында­майтын адамды «кәпір» деп атап, одан теріс айналуға болмайды. Өйткені ол адамның сенімі болашақта қалай өзгеретінін білмейміз. Бүгін намаз оқып жүрген адам ертең бәрін тастап, керісінше діннен тыс жүрген азамат құлшылыққа келуі әбден мүмкін. Ал исламда өзгелерді кәпір деп тілдеген адамның өзі жауапқа тартылатыны айтылған.

Оларды қабылдауымыз керек

Сириядан елге оралған әйелдер мен балалардың қалыпты өмірге бейімделуін Әлім Шауметов былайша әңгімелеп берді.
– Сириядан келген азаматтармен теолог, психолог мамандар жұмыс істейді. Оңалту шарасының ұзақтығы әр азамат­тың жағдайына байланысты әртүрлі. Балалармен жұмыс істеу кезінде оған ықпал ететін ата-анасының көзқарасын өзгерту маңызды. Өйткені кішкентай баланың қатаң ұстанатын қағидасы, айнымас сенімі жоқ. Оларға ата-анасы қандай киім ки десе, соны киеді, қандай әрекетке бағыттаса, соны орындайды. Сондықтан ересек азаматтарды қоғамдық өмірге барынша бейімдеп, олардың өмірден өз орнын табуына көмектесеміз. Көбіне күйеуі соғыста қаза тапқан әйел­дер оның «жолын» жалғауға тырысады. Үш баласын елдегі ата-анасына қал­дырып, өзі қайта Сирияға жол жүрмек болған бір әйелді райынан қайтарып, алып қалғанымыз бар. Мен оларды біздің қоғамдық қорға жұмысқа аламын. Оңалту шарасынан өтіп, қателескенін толық түсінгеннен кейін, олар теріс пиғылды діни түсінік құрбандарымен сұхбат жүргізіп, тәжірибесімен бөліседі. Өзінің күйін кешкен басқа азаматтарға қолдау көрсетеді. Бірақ біздің қоғамдық қорда бәріне бірдей жұмыс табыла бермейтіні түсінікті жайт. Сондықтан жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, қолда бар дип­ломы бойынша жұмысқа орналасты­руға, не жаңа кәсіп түрін игеру курстарына қатыстырып, дайындауға тырысамыз. Көбіне жұмыс берушілер оларды қыз­метке қабылдауға қорқады. Біз әйелдердің оңалту шарасынан толық өткенін айтып, кепілдеме хат жазып, басшылардың сені­мін оятуға атсалысамыз. Өз азаматтары­мызды өзекке тебе алмаймыз. Өмірде қателікке ұрынғаны рас. Бірақ біз оларды қабылдауымыз керек.

«Елімізден кетіңдер!» дейді

Әлім Шауметов бізге Жезқазған өңі­рінің тумасы, жергілікті әйелдер жа­мағатының басшысы болған Майраның (аты-жөні өзгертілді) Сириядан жолдаған үндеуін тапсырды. «Ислам халифатын­дағы» бақытты өмірге ұмтылып, қазір туған жеріндегі бейбітшілік арманына айналған әйелдің жерлестеріне жіберген аудиохабарламасының мәтіні мынадай:
– Жезқазғандағы бауырларым, сен­дерге Сириядан өз аузымнан естісін деген мақсатпен хабарлама жолдап отырмын. Бұл жер – халифат емес. Дәуләнің (ДАИШ ) ақидасы дұрыс емес. Мұнда көп қантөгіске куә болдық. Үстімізден бом­былаған кезде, қаншама адам үйіндінің астында қалды. Олардың қатарында қазақ бауырларымыз да бар. Балалары жарылыс кезінде терезелерден ұшып, жан тапсырды. Өліктер ит-мысыққа жем болғанда, ешқандай халифат мүшесі көмектескен жоқ. Оларды қираған ғимарат астынан алып шыққандар – жер­гілікті бейбіт тұрғындар ғана. Жергілікті тұрғындар «Сендер неге келдіңдер? Елімізден кетіңдер! Тұрып жатқан жері­мізді қантөгіс алаңына айналдырдыңдар, кетіңдер!» деп сөкті. Халифаттың өз ішінде бір-біріне жала жауып, өлтіртіп жатқандар, ақша ұрлап, екіжүзді болып жүргендер бар. Қанша әйелдің күйеуі із-түссіз жоғалып кетті. Оларды адам саудасына салып жібереді. Келмеңдер бұл жаққа! Өз үйлеріңде тыныш қана Құран­мен, Пайғамбар сүннетімен жүріңдер! Пайғамбардың кезінде мұндай қантөгіс болған жоқ. Ол кезде келісімге келу сияқты бейбіт тәсілдер болған. Қазір мен тұтқында жатырмын. Жанымдағылар темекі тартады, жеңіл жүріске салынған. Исламда осы дұрыс деп ойлайсыңдар ма? Менің ақылыма құлық ассаңдар, Сирияға келмеңдер!
Мамандар терроризм мен экстре­мизмге қатысты әрекеттері үшін соттал­ған 300 азаматтың арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде қазақстандық террористің портретін жасаған. Олардың басым көпшілігі 26-35 жас аралығындағы азаматтар екені анықталды. Елінің дамуына айтарлықтай үлес қосатын нағыз ер азамат жасында білегіне жиған күші мен санасына тоқыған білімін жат жердің соғысына салып жүрген отандаста­рымыздың тағдырын қайталайтындар табылмас үшін мамандар ата-аналарға балаларына жіті көңіл бөлуге кеңес береді. Бостандық пен бейбітшіліктің құны тым қымбат тұратынына елге оралған тірі тағдырлар дәлел.

 

Динара ТІЛЕУБЕК

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*