Мәртебеңіз қалай, мұғалім?

5160
1
Бөлісу:

Мұғалімнің жанайқайын түсінген жан бар ма? Осыған байланысты Парламент төрінде бір топ сенатор мәселе көтерді.
Сенаторлардың Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауалнама жолдауына негіз болған дүние – мұғалім беделінің төмендеуі. Мұғалім мен ата-ана, мұғалім мен оқушы: екеуінің арақатынасы қандай? Ұстаз оқушы алдындағы биік мәртебесінен неге айырылды?

Сенаторлар депутаттық сауалында: «Біздің депутаттық сауалымызға негіз болған жайт – соңғы кездердегі қоғам­дағы белең алып, арқамызға аяздай батқан ұстаздарға деген көзқарас, адами-моральды қатынас, бұқаралық ақпарат құралдарындағы және әлеу­меттік желілердегі ұстаздардың Пар­ламент депутаттарына өздерін оқу­шылар мен ата-аналардан қорғауын сұраған жанайқайы.
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Табысты бо­лудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін меже­лердің қатарында білім әрдайым бі­рінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрі­нен биік қоятын ұлт қана табысқа же­теді» деп атап айтты. «Сол жас ұрпақ­ты білім нәрімен сусындатар, шәкірт жүрегіне гүл егер, бала жаны­ның бағ­баны болар ұстаздар болса, онда оларға деген құрмет те ерекше болуы шарт» дейді.
Оқушыға білгенін үйрету үшін мұғалімге де шеберлік керек. Ұстаз болу – оңай кәсіп емес. «Мемлекет мұғалімдерді жан-жақты қолдау шара­ларын жүргізуде. Елбасы тапсыр­масына сәйкес Үкімет мұғалім мәр­тебесін арттыру мақсатымен білім бе­рудің жаңартылған мазмұнына көш­кен ұстаздардың лауазымдық жала­қысын 30 пайызға көбейту туралы ар­найы қаулы шығарды.

Солай болғанымен де, бүгінде қазақстандық ұстаздардың білім саласындағы шенеуніктерден басқа, ата-аналар мен өздері білім нәрімен сусындатып, тәрбие беріп жүрген оқушылары тарапынан көріп жүрген қысымдары әділетсіздік болып отыр десек, артық болмас. Бәріміз ұстаздарды балағаттау, тіпті қол жұмсау, балаларының тәрбиесіздігіне кінәлау, тағы сол сияқтыларды бұқаралық ақпарат құралдарынан, әлеуметтік желілерден көріп жүрміз.
Ұстаздарға деген сенімсіздік күннен-күнге ата-аналар тарапынан үдемесе бәсеңдеген жоқ, өйткені диктофон, фотоаппарат, мобильді телефон қолдану арқылы оқушылар мұғалімдерінің беделін түсіруі орын алуда» дейді сенатор қауым.
«Мұғалім мәртебесін көтеру үшін не қажет?» дегенге бірнеше факторды алға ұсынады. «Қазіргі таңда ресейліктер ұстаздар жиналысында биліктің ұстаздардың қорғалуына кепілдік берілуді заң арқылы реттелуін талқылап, ұсыныстар дайындағаны мәлім. Ол өзгерістер, педагогикалық қызметкерлерге жасалған зорлық-зомбылық, сонымен қатар оның ар-ожданына тию, билік өкілдеріне жасалған зорлық-зомбылықпен пара-пар болып есептеледі. Бұл тәжірибе де біздің ұстаздар қауымын қорғауға пайдаланылса, екіншіден мемлекеттік органдарда видеокамерасы бар және интернетке қосылған телефондарды пайдалануға тыйым салынғаны белгілі. Мектептердің де мемлекеттік мекеме екендігін ескере отырып, оқушыларға, ата-аналарға, мұғалімдерге оқу процесі кезінде мектепте интернет-модульдері мен фото-видеокамералары бар құрылғыларды пайдалануына шектеу қойылуы тиіс. Үшіншіден, қазіргі кезде орта білім беру мекемелерінде қызмет жасайтын ер азаматтардың үлес салмағы небәрі 18% болғандықтан, оқушы ер балаларымыз қыз мінезді болып барады деген пікірлер айтылып жүр. Осыған орай, ЖОО-ғы арнайы педагогикалық мамандықтарға ер азаматтардың қабылдануына арнайы жеңілдіктердің тетігі қарастырылса» деген талаптарды айтады.
Сенатор Динар Нүкетаева: «Ұс­таздың бала үшін ақылшы дос, ой-арманы болғаны сейіліп, көңілге селкеу түсіруде. Бүгін ата-аналардың тарапынан, балаларының көзінше мұғалімдерге әртүрлі балағат, дөрекі сөздерді қолдануы арқылы жас жеткіншектердің өз ұстаздарына жек-көрініш туғызып, оларға деген құрметтің төмендеуіне әкеліп соғуда. Мұғалім бейнесі – қауқарсыз, құқығы тапталған адамға айналды. Ұстаздарға деген сенімсіздік күннен-күнге ата-аналар тарапынан үдемесе, бәсеңдеген жоқ» деп қынжылады.
Сенаторлардың бұл сауалының жөні бөлек. Бұған дейін де мұғалім беделі туралы аз айтылған жоқ. Ұстаздық қызметтің қадірі кетіп бара жатқаны БАҚ беттерінде жиі көтеріліп жүр. Одан бөлек, соңғы жылдары пе­дагогикалық мамандықтарға сұра­ныстың аздығы да көпті жиі алаң­датады. «Алтын белгі» иегер­лерінің тек 5-7 пайызы ғана бұл мамандықты таңдайды екен. Әрі ұлттық бірыңғай тестілеуден төмен балл жинаған үміткерлер де мұғалім болуға дайын тұрады. Бұл ненің көрінісі? Демек, педагогикалық мамандық қоғамдық сұранысты қажет етпейді. Яғни, қоғамға қажет мамандық деп қарас­тырмайды. Сондықтан ҰБТ-да «жолы болмағандардың» дені осы салаға ұмтылатыны сөзсіз. Бұдан шығатын жол бар ма? Мұғалімнің мәртебесін қайтсек көтере аламыз? Ұстаз беделін арттыру мүмкін бе? Бізді алаңдататын дүние – осы.

 
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ, сенатор:

Басты себеп – төмен жалақы

– «Білім туралы» заңда мұғалім мәртебесіне қатысты баптар бар. Өкініштісі сол, бүгінгі қоғамда оның ешқайсысы орындалмайды. Өйткені мұғалімнің қоғамдағы рөлі төмендеп кеткен. Оның да себептері көп. Ең басты себеп – мұғалімдердің материалдық жағдайы, айлығының төмендігі. Ресей, Беларусь елдерімен салыстырғанда, біздегі мұғалімдердің жалақысы анағұрлым төмен. Екіншіден, соңғы 10 жылда оқу деңгейі орташадан төмен оқушылар мұғалімдікті таңдап жатыр. Олардың жақсы маман болатынына ешкім кепілдік бере алмайды. Үшіншіден, қазір мұғалімдердің 80 пайыздан астамы – әйел адамдар. Ер азаматтардың мұғалімдікке келуі азайған. Төмен жалақы да бұған себеп. Ал мұның өз кері әсері бар. Сарапшылардың «әйел мұғалімнен білім алған ер балалар қыз мінезді болып шығады» деген пікірінде жан бар сияқты.
Қытайдың білім беру жүйесін сөз етсек, мұғалімдерді даярлауға байланысты кешенді арнайы бағдарламалар құрылған. Бізге де мұғалімдерді даярлауға мемлекет тарапынан ерекше көзқарас керек. Білікті педагогтарды даярлаудың, ер балаларды бұл мамандыққа тартудың материалды-моральдық тетіктерін табу қажет-ақ. Өзектілігін жоғалтпай отырған келесі мәселе – қазір кез келген ата-ана барлық кінәні мұғалімнен іздейді. Жазықсыз жұмыстан шығып жатқан мұғалімдерді естіп жатамыз. Мұғалімдерді қорғау мәселесі кемшін түсіп жатыр. Меніңше, Білім және ғылым министрлігі оқушылар мен мектеп мұғалімдері арасында келісімшарт жасауы керек. Бұл құжатта оқушылардың мектептегі тәртібі, міндеттері мен құқығы, мұғалімдер мен оқушылардың қарым-қатынасы айқындалып, ата-аналардың мектептің ішкі жұмыстарына араласуына мүмкіндік берілмеуі қажет. Смартфондар, телефондар мен планшеттерді мектепте қолдану заңды түрде тыйым салынса игі. Әр мектепте ұялы телефондарды сақтайтын орын болса, тәртіп орнайтыны анық.


Ардақ ҚАЙРАҚБАЕВА,
Алматы қаласы №148 мектеп-гимназиясының мұғалімі:

Тәрбие негізі – ұлттық дәстүрде

– Мұғалімге деген құрмет төмендегені жасырын емес. Бүгінгі ұстаздың міндеті көп. Жиындарға қатысады, үй-үйді аралайды. Қазір министрлікте ата-ана мен мектеп арасында келісімшарт орнату мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл мәселе қолға алынса, құжатта ата-ана мен мұғалімнің құқығы нақты көрсетілуі керек. Сол кезде кез келген ата-ана мектепке баса көктеп кіріп, мұғалімге тіл тигізе алмайды. Ата-ана мектептің ішкі жұмысына араласа алмайды.
Мұғалім мәртебесінің төмендегені соншалық, балалар өздерін ұстаздан жоғары ұстайтынын аңғару қиын емес. Оқушылардың қарым-қатынас әдебінен, өз-өзін ұстауынан да байқалады. Бұл мәселені шешу үшін ұлттық тәрбиеге жүгінуіміз керек. Тәрбие негізі – ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымыз. Мәселен, Жапонияда бастауыш сыныптарда баланы ұлттық салт-дәстүр, ұлттық құндылықтарға сусындатып тәрбиелейді. Осылайша, бала бойында адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруға ерекше мән береді. Ұлттық тәрбиеміз – білімнің негізіне айналуы тиіс. Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ұлттық кодымызды сақтау жайында айрықша тоқталған болатын. Ұлттық код сол салт-дәстүр, әдет-ғұрыптан басталады. Осы мәселелерді ескеріп, арнайы бағдарлама жасалса, құба-құп.
Тағы бір айта кететіні, 9-сыныпты бітірген 137 бала ішінде болашақ мамандығы жөнінде сауалнама жүргізілді. Соның ішінде 4 бала ғана педагог болуды таңдады. Оның өзі – педагогикалық колледжге түсуді ойлағандар. Ал 11-сыныпты бітірген оқушының мұғалімдікке баруы екіталай. Оның өзінде төмен балл алған жағдайда, грантта тегін оқу үшін ғана оқитыны белгілі. Мұғалімдікті таңдамауының тағы бір себебі – жастар үлкен жауапкершіліктен қашады.


Аятжан АХМЕТЖАНҰЛЫ,
Республикалық KAZBILIM орталығының директоры:

Мұғалімдікті таңдағандарды жігерлендіру қажет

– Мұғалім мәртбесін көтеру мәселесі кешенді жұмыспен ғана шешіледі. Біріншіден, мұғалім мамандығын таңдаушылардың деңгейін жоғарылату керек. Яғни, басқа мамандықтармен салыстырғанда, мұғалімдікті таңдаған студенттерге шабыттандыру, қолдау қажет. Мысалы, мұғалімдікке баратындарға белгілі бір жеңілдіктер жасалса, болмаса шәкіртақысын көбейтсе, түлектерде мотивация пайда болады. Әсіресе, үздік оқыған оқушыларды тартуды ойлау қажет.
Ұстаздық жолына келген оқушылардың басым бөлігі басқа мамандыққа түсе алмай, мұғалімдікті кездейсоқ таңдағандар десек, жаңсақтық болмас. Соның әсерінен, мектеп мұғалімдерінің сапасы төмендеді. Ал сапа болмаған жерде, қоғамнан бедел сұрау қиын. Сондықтан мұғалім мамандығына оқуға түскен студенттерді қолдау жағын ойлаған абзал. Келесі мәселе – мұғалім мамандығын дайындайтын жоғары оқу орындарының деңгейін көтеру. Меніңше, мұғалім мамандығын даярлауды ұлттық университеттерге берген дұрыс. Себебі, сапалы білім техникалық, зертханалық, материалдық базаға тікелей байланысты. Мұғалім мамандығын жекеменшік университеттерде және сырттай оқытуға қарсымын. Қазір бізде кітапханашы болып жүріп, химияны оқып алып, химия мұғалімі атанғандар пайда болды. Ауылға барсақ, жекеменшік университеттерде сырттай оқып, мұғалім болып жатқандарды кездестіріп жатамыз. Менің айтпағым, мұғалімдердің жалақысын өсіру беделін арттырмайды. Сондықтан біріншіден, сапалы маман даярлауға көңіл бөлу қажет, екіншіден, мұғалімдерді даярлайтын оқу орындарының сапасын арттыру керек.
Қазір бізде «Бала құқығы туралы» заң қабылданды. «Бала құқығы туралы» заң қабылданған жерде оған қарсы мұғалім құқығы мен ата-ана құқығы жайында заң міндетті түрде болуы қажет. Яғни, мұғалімнің құқығы мен міндеті тарауы жаңадан қарастырылса, не болмаса мұғалімнің құқығын айқындайтын жаңа заң керек. Бұлай деп отырғаным, кейбір білікті мамандар ата-ананың не белгілі әкімшілік жүйенің, баланың ойыншығына айналып, жұмыстан шығып кету жағдайлары орын алуда. Мұғалім мен баланың құқығы заңда қайта қаралғаны жөн.
Келесі мәселе – мұғалімнің материалдық жағдайына қатысты. Мұғалімнің ешнәрсеге алаңдамай, ұрпақ тәрбиесі мен білімі хақында жұмыс істеуіне барлық жағдай жасайық. Осы аталған мәселелер дұрысталса, мұғалімнің беделін арттыра аламыз.


Айбек СИДИКОВ, психолог:

Ұстаз оқушыға дос болуы керек

– Бүгінгі заман жаңа технологиялар әсерінен қарыштап дамуда. 40-50 жыл бұрынғы жағдайды алсақ, мұғалім басты білім көзі болып саналатын. Мұғалім ең сыйлы әрі құрметті мамандықтардың бірі болатын. Мектеп – білім ордасы болса, мұғалім сол білімді халыққа жеткізуші, таратушы деген түсінік қалыптасқан еді. Мұғалімнің білікті әрі білімді болуына ерекше көңіл бөлінетін. Ал бүгінгі жағдай мүлдем бөлек. Қолында смартфоны бар кез келген оқушы интернетке кіріп, мұғалімнің айтқан ақпаратын қайта тексере алатын дәрежеге жетті. Егер бұрындары білім көзі мұғалімде болса, қазір – интернетте. Оқушы мұғалімнен де көп ақпарат білуі мүмкін. Осыған орай мұғалімнің әлеуметтік қызметі өзгеруде. Сондықтан бүгінгі ақпараттық заманда мұғалімнің басты міндеті – оқушыға қажетті ақпаратты ажырата білуді, оны іздеу жолын, оны дұрыс әрі ұтымды пайдалануды үйрету.
Заманға қарай, бала психологиясы да өзгерген. Балалардың мұғалімге деген көзқарасы да бөлек. Жаңа заманның балалары еліміздің басқа қалаларындағы, өзге елдердегі балалармен әлеуметтік желілер арқылы тілдеседі. Яғни, олардың қоғаммен қарым-қатынасының да өзгергенін ескеру қажет. Осы тұрғыда мұғалім бірінші кезекте оқушыға жол сілтейтін, дұрыс бағыт-бағдар беретін дос бола білгені жөн. Бала алдында мұғалімнің де, тіпті ата-анасының да беделі төмен екені белгілі жайт. Себебі, бүлдіршіндеріміз үшін шоу-бизнес жұлдыздары, youtube желісінде миллиондаған жазылушылары бар адамдардың беделі анағұрлым жоғары. Балалар интернет жұлдыздарын құрметтеп, пір тұтатыны да рас. Осындай жағдайда мектеп баланың алдынан шығып, мұғаліммен, ата-анамен байланыс орнатуға көмектесетін алғышарттар жасауы керек-ақ. Мұғалімнің міндеті – баланы ақ пен қараны ажырата білуге үйрету, өмірге дайындау. Мектептің мақсаты – баланы мектептің арғы жағындағы жаңа өмірге даярлау. Алайда мектептердің басым көпшілігі үшін мектеп рейтингі маңызды. Мектептер үнемі оқушылардың жоғары нәтиже көрсеткенін талап етеді. Мұның барлығы дұрыс. Бірақ білім беру форматын өзгертудің уақыты жетті. Бұрын мұғалімдер оқушының сабақта белсенділік танытуын талап етсе, қазіргі заманда екі жақ та белсенді болғаны абзал. Мұғалім заманға орай бейімделіп, әрбір сабағын интерактивті түрде өткізсе, сөзсіз, мұғалім оқушы үшін ең құрметті жанға айналады. Ақпараттық цифрландыру уақытында білім беру жүйесін де жаңа форматқа көшіру керек. Бұл формат бүгінгі заман талаптарына жауап бере білу керек. Өзге елдердің білім беру тәжірибелерін ескеріп, өзімізге ыңғайлы әрі тиімді жолын жасағанымыз құба-құп. Қазір бала мектепте 6-7 сағаттан да көп уақытын өткізеді. Түрлі үйірмелер, қосымша сабақтар, зертханалық жұмыстар нәтижесінде бала бос уақытын да мектепте өткізеді. Ол – дұрыс емес. Бала мектептен тыс уақытта демалып, ойнап, тынығуы керек. Осы мәселе де назардан тыс қалмағаны дұрыс.


Серік БЕЙСЕмбаев, әлеуметтанушы:

Ашықтықтың жақсы жағы да бар

– Мұғалімнің беделін көтеру – көп уақыттан бері айтылып келе жатқан мәселе. Оқушылардың мұғалімдерге қол көтеру бейнежазбалары кең тарап, әлеуметтік желіде талқыға түскен болатын. Сенат депутаттарының, қоғамның бұл мәселеге немқұрайлылық танытпай, назар аударуы орынды. Алайда оның шешу жолдары біз ойлағандай оңай емес. Арнайы заңдар енгізу арқылы реттей алмасымыз анық. Бұл – тікелей қоғамдағы адамдардың өзара араласу, тілдесу, сыйлау мәдениетіне келіп тіреледі. Мұны өзгерту қиын. Сондықтан бұл жерде арнайы әлеуметтік роликтермен интернет пен телеарналар арқылы ағартушылық жұмыстар жүргізген жөн. Мұғалімді сыйламаған не қол көтерген оқушыны жазалаудан ешнәрсе өзгерте алмаймыз. Әрбір ата-ана балаға мұғаліммен қарым-қатынас қалай болуы керектігі мәдениетін түсіндіріп, бала бойында ұстазға деген құрмет қалыптастыруы керек.
Мұғалімдердің қоғамдағы рөлі мен беделі табатын жалақысымен өлшенетіні жасырын емес. Үздік оқыған оқушылардың мұғалімдікке бармауының өзі де бұған дәлел. Сондықтан педагогтардың беделінен бұрын әлеуметтік жағдайын көтеру мәселесін алға шығарған жөн.
Қазір ақпараттық технологиялар қарыштап дамыған заманда әр баланың қолында камерасы бар. Яғни, мектепте болған жағдайды дереу біліп отыратын дәрежеге жеттік. Мұның бір жақсы жағы – өзекті мәселеге қоғам назарын аудартатын жедел құрал. Үкімет басындағы азаматтар мектептердегі жағдайдан бейхабар. Яғни, кері байланыс жоқ. Осы тұрғыда әлеуметтік желілерде мектептегі жағдайларға байланысты бейнежазбалардың таралуы кері байланысты орнатуға септігін тигізеді.


Біздің байлам:

Мәжіліс депутаты Наталья Жұмаділдаева: «Бүгінгі күні Қазақстанда педагогтың қоғамдағы мәртебесі туралы анық мәлімет жоқ. Халықаралық деңгейде мұғалімнің мәртебесін бағалауға мүмкіндік беретін әдіс-амалдар бар. Сондай-ақ бізде кадрлардың тұрақсыздығына қатысты статистика ұлттық деңгейде жүргізілмейді. Мұндай мәліметтердің жоқтығы мұғалімдердің кәсіптен кетуінің себебі мен оның ауқымын толыққанды анықтауға мүмкіндік бермей отыр» деді. Ең алдымен, мұғалімнің мәртебесін көтеру үшін оның себеп-салдарын анықтаған жөн. Қоғамда мұғалім беделін арттыру үшін арнайы заң қабылдау қажет дейтіндер де табылар. Дегенмен осы орайда атақты күрішші Ыбырай Жақаевтың: «Дихан – кетпеніне, шопан – таяғына, жазушы қаламына ие болсын» деген сөзі еске түседі. Мұғалім мәртебесін биіктету – ұстаз бен ата-ананың қолында! Ата-ана ұрпақ тәрбиесіне немқұрайлы қарамаса, мұғалім өзі қадір тұтқан мамандығын ерекше бағаласа, бәрі өз орнына келер еді. Әл-Фарабише айтқанда, «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Кез келген күрделі мәселенің өзегі – тәрбие. Тәрбие дұрысталса, білім де, мәдениет те түзеледі. Адамзат баласы өркениетке қол жеткізуі үшін білім қажет. Сондықтан әуелі – тәрбие, сосын – құрмет, содан соң білім ұштасқан кезде, мәртебе де биіктейді, бедел де артады.

 

Дайындаған Гүлзина БЕКТАС, Ақбота ИСЛӘМБЕК

Бөлісу:

1 пікір жазылған

  1. Даурен 28 Ақпан, 2018 at 15:14 Жауап

    Барі айтылған жерінде қалады. Ол мүмкін емес. Мысалға мен биыл мектептен катемін. Өзі саған қуаныштымын

Пікір жазу


*