ШЫРАҒДАН

1045
0
Бөлісу:

***

Өмірі шын атын Бибігүл Мәтенова деп айтпай үлкен де, кіші де Би апа деп кеткен ғажайып адам 70-ке толды дегенге ешкім сен­бейді. Кеше ғана болған сияқты, кіш­кен­тай ғана 16, 17 жасар балалар ауылдан келіп оқуға түскенбіз. Сонда Би апаны алғаш көргенбіз. Ол кісі бізден жоғары курс­та оқыды. Темірхан Момбек, Байбота Серікбаев, Алпысбай Шымырбаев – бәрі­міз 41-бөлмеде тұрдық. Қарсы бетте Би апа, Ғалия Қайдауылова, Майра, Маң­дайлы, Жаңылсын, Рая деген қыздар тұрды. Біз олардың бәрін әпке дей­тінбіз. Сөйтсек, қамқор болып жүрген қыз­дар бізден сәл ғана үлкен екен. Сонда Би апа­ны біз үлкен кісі деп қабылдаппыз.
Ашқұрсақ жүресің, бөлмеге кіргізіп, та­мақ беретін бізге. Сонда тауықтың бала­пандары құсап, тамақ жеп отырғанда: «Жең­дер, жеңдер, студентсіңдер ғой» деп сөйлейтін еді. Мен таң қалатынмын: «Бұл кісі мұғалім бе екен?» деп. Сөйтсем, педучи­лищені бітіріп, Қызылордадан келген екен… Ол кісіні Сәбира Майқановаға ұқ­сатам. «Ана – Жер-Ана» спектакліндегі Майқанованың балаларына қамқор бо­ла­тын, Жер – Анамен сырласатын жерлері бар. Сонда ол кісі ұлттың анасы құсап кететін. Би апа тұла бойы жақсылықтан жаратылған адам еді. «Айналайыны» қал­тасына толы адам еді.
Адам өсіп, жетіліп қалыптасқан соң, іші, жан дүниесі сыртына сай болмай қа­-луы мүмкін екен. Халықтық мінез бен тұр­мыстық мінез адам бойында арпалысады екен.
Халықтық мінездің адамы болған Би апа жастар былғанбасын дейтін жаны таза адам еді. Болашақты жастың бойынан көре білген кісі – абзал адам. Ал абзал, алтын қасиетті адамды тот-топырақ көме ал­май­ды, өлім жеңе алмайды. Ұлы көне грек философтарының айтуына қарағанда, адам­ның белгілі бір ұлтқа, халыққа тән екендігін айқын сезінуі үшін бес түрлі шартқа толық жауап беруі тиіс екен. Сол ұлттың тілін жақсы білуі тиіс. Сол ұлттың дінін жақсы меңгергені жөн. Сол ұлттың дәс­түрін толық бойына сіңіруі тиіс. Сол ұлттың тарихын бес саусақтай білгені аб­-зал. Сол ұлт мекендеген жердің ой-шұң­қырын жақсы білуі парыз.
Осының бәрі бір бойында қабысқан кең адам еді Би апа.

***

Есіме түсіп отыр. КазГУ корпусына қа­рай Би апамен 66-автобуста келе жатыр­мыз.
– Бар біздің астанамыз,
Жоқ біздің баспанамыз.
Өз жер, өз елімізде,
Шығып жүр масқарамыз, – деп кір­мелердің Алматыда көптігін айтып келе жатыр ем, мұртты қазақ жігіт орысша тіл қатты…
– Қазақша сөйлесең бірдеңең кете ме? – дедім бірден.
– Қайдан көбі орысша жауап беретін болған соң – деп күмілжіп қалды. Сол ың­ғайсыз үнсіздікті жойғысы келді де, іле-шала:
– Біз онсыз да азбыз, – деді.
– Керісінше, анағұрлым көбейіп келе жатырмыз, інім, – деп Би апа бөліп тас­тады. Ойлаған ойыма, күйінген көңіліме мына жігіттің сөзі қамшы болуын қарашы?!
Сонда Би апам да мен сияқты қалада қандастарымыздың көбеюін ойлап, осылай қиналып жүр екен ғой деп әбден еңсеріл­-дім.
– Көбірек квартира берсе ғой, – деп армандай бастады мұртты жігіт. Пәтердің зары өтіп жүрген адам сықылды. Өйтіп қорлық көрмеген, көріп жүрмеген қазақ ол кезде қалада жоқ еді.
– Қазақ – алтын халық қой. Бұл авто­буста айтатын әңгіме емес, – деді тағы да
Би апа.
– Иә, – деді құлшына бас изеді, сөзі таусылған жігіт. Көңілім әлем-жәлем бо­лып кетті. Алдыңғы орындықта отырған әдемі қыз мырс етті. «Әлдекімнің кетерсің тыр­нағында…» деп ойладым іштей. Қанша қа­рағым келсе де әсем мойнын бір бұрмады. Шын сұлу желкесінен қарасаң да сұлу кө­рінеді. Мана автобусқа мінерде көргем. Ол жас еді. Өзінің әдемілігіне өзі қысылған сыңайда еді. Менің бойжеткенге көңілім ауып кеткенін көрген Би апам әдемі жы­миды.
Көп жылдар өткенмен апамның сол сабырлылығы әлі ойландырады. Ең бас­тысы – адам тануға ұмтылысы, мінездерді саралауға талпынысы, ақ пен қараны айыру­ға деген ой-талабы, өте мықты, се­зімтал жан еді. «Өмір мектебі» деген ға­-
жап әрі қарапайым сөз көп сырды аң­ғартады. Ол мектептен әркім өтеді, әркім әрқилы өтеді. Би апа жан-дүниесін кір­летпей өтті.

***

Еңбекқорлықтың, мейірімділіктің, да­на­лықтың нағыз үлгісіндей, қазақтың ға­жайып аналарының заңды жалғасындай, сарқытындай еді Бибігүл апа. Қайы­рым­дылыққа толы ғажайып бейнесін еске алсам, Алатаудың етегіндегі Көктөбе ауылында құрқылтайдың ұясындай жы­пырлаған пәтерлерде, орыстың тауық кәтектерінде жайғасқан жас жанұяларға жасаған жақсылықтарын айтқым келеді. Дәл сол кезде ол кісі шын мәніндегі Би апа болды. Жас отбасылардың шаң-шұңына шаңын шығармай сабыр суын себетін.
Адам өміріндегі ең маңызды ұмытыл­-мас кезеңнің бірі – үйленіп, өз алдына отау тігуі ғой. Көктөбедегі жалдамалы пәтер­лерде отбасын құрып, «үйлену оңай, үй болу қиын» екенін сезіп жүрген жастарға Би апа қамқор болды. Ата – бабаларымыз қазақ­тың кең байтақ даласында дүлей дауыл соқ­қанда киелі түйені шөктіріп, паналаған. Тор­ғайдың көлеңкесінде де тоңатын жарты құрсақ жас жанұяларға, қалт-құлт еткен отбасыларға пана болған – Ару ана болған Би апаның дәл өзі еді. Өмір дегеніміз – көшпелі заман. Бүгін бар дүние ертең жоқ. Кейде ойыңда жүрген бір сырыңды, әңгі­меңді есітер құлақ, түсінер сана таба алмай қиналасың. Сонда іштегі шерді шығарар ұжымдық отбасылар одағының анасы Би апа еді.
Кенжебек ағамыз екеуінің есігінің алдында тапшан болатын. Кенжебек ән салушы еді. Інісі Өлмесхан, ақын Серік Әбіл­жан, Фатихолла Маштақов, Мақсат Тәжі­мұрат, Серік Рәсілов, Сәбит пен Әнипа, Мүсілім мен Назира, Болатбек пен Мақпал айлы кештерде апасының үйіне келген интернаттың балалары құсап, ән салып, сұхбат құрып, өлеңдер оқылушы еді. Інілеріне сол жерден шағын үй алып берген Жұмабек Кенжалин мен оның Меккеден әкелінген бойтұмардай Әлимасы ду-дудың қызу ортасына кіріп, Жұмабек те қызынып, шаршауын ұмытып, домбырамен «Бір бала» және «Тау ішінде» әндерін шырқап, Би апаның жоғарыда аты аталған және атал­маған келіндері әзірлеген дәмді тамаққа толы дастарқанды тастап кете ал­май қона жастанып қалатын қайран күн­дер-ай.

***

«Өзіңе қарсы келуге батылы жететін адам­ға сенуге болады» депті II Екатерина. Аты аңызға айналған, сыбырлап айтайын, Грозный патшадай қорқынышты темір декан Қожакеевті Би апам бауырындай қолтықтап алып, жағдайы қиын студент­тердің кемшілігін жөндетіп, толмасын толтырып, болмасын болдырып жүретін еді. Ондай қайырымды Би апамнан көр­гендердің санына саусақ жетпейді. Ғажайып жігіт, әдебиет сыншысы Әуез Бей­се­байұлы біз атын сыбырлап айтып отырған адамнан теперіштің талайын көрді. Сонда Әуездің жел жағына пана болған апамның жақсы­лығын тірі болғанда Әукең майын тамызып айтар еді-ау. Осындайда Танабай Нарманов еске түседі. Поэзия көгіне өз өрнегімен, өз айшығымен келген Танабай Нарманов көк­сеген көкжиекке жете алмай, арманда кетті. Боздақ жасында, жиырмадан енді асқан шағында, бозала таң, бозбаланы, боздала мен бозінгенді өлең өрнегіне түсі­ріп, артына аз болса да мұра қалдырған, қазақ поэзиясының бір мөлдір бұлағы, та­лантты ақын Танабай Нарманов еді. Бұл бізге аракідік қонаққа келіп тұратын Жа­расқан Әбдірашевтың «Ақ бұлақтар» өлеңін әр студент дәлізде жатқа айтып жүр­ген кезі болатын. Шарап ішкенін көріп:
– Танабай сияқты бұлақтардың бір-бірлеп көзі бітеле берсе, онда әрине шалқар дарияның да деңгейі төмендей түседі. Ендеше, шапқылаған ақ бұлақтар көбейе берсін, суалмасын, – деуші еді апам. Ақын­дықтың буымен шалқып жүрген Тана­бай, тіпті Ұлықбек пен Артығали, Байбота мен Тілеуқабыл, Ғабиден мен Бекен, Қуаныш пен Арайлар апаның тыйым сөздерін құл­ғына іліп, аяқтарын тартатын еді.
1974 жылы, 17 маусым күні студенттік күнделігіме былай деп жазыппын.
Жатақхана дәлізінде Танабай жүр. Қай­ран, Танабай. Түнгі сағат 11. Қызу. Мағжан Жұмабаевтың өлеңін оқыды. Мен таң­қа­лып:
– Қайдан білесің? – деп едім.
– Жігіттер бар ғой, – деді.
– Неге кітабы шықпайды екен? – дедім тағы да мен.
– Шығады! Тыңда, – деді.
– Жанымды мынау жылатып,
Қаңбақ боп қондым жылғаға.
Ұмытар мені уақыт,
Ұмытпас бірақ, бұл дала…
Әрі қарай айта алмады. «Бұл – «Түрік» деген өлеңі, – дейді. 30-жылдары Мағжанды Абайдан жоғары қойған ғой. Сол кезде Сәбит Мұқанов: «Абай – ақылдың ақыны, Мағжан – ақындардың ақыны» деген.
– Сен оның өлеңдерін қайдан алдың, қалай естідің? Ол жігіттерің қалай есті­-
ген? – деп сұрадым.
– КИЗ-де әйелі тұрады. 75-терде. Мағ­жан өлеңдерін 3 том етіп түптеп бастырған. Осы Алматыда «Жазушы» баспасынан бір-екі жыл бұрын шығартпақшы болған. Рұқ­сат бермепті. Қолжазбасын қасиеттеп сақ­тап отыр деседі.
– Әйеліне өкімет қалай қарайды екен?
– Бір сорлыдай қарайтын шығар, әйтеуір күні өтіп жатыр ғой, – деп Танабай мұңайып тұрды да, сонсоң:
– Мағжанды 10 жылға, 1924-1934 жылға түрмеге кескен ғой, 1932 жылы Горькийдің дәуірлеп тұрған кезі, жолығыпты. Сонда Мағжан оған өз өлеңдерін орысша оқып­-ты. Горький таңырқап:
– Ты же, Пушкин! – депті дейді. Сонсоң үкіметке қағаз жазып, босатыпты. 2 жыл қалғанда шыққан. Бірақ арада 3 жыл өт­-пей-ақ қайта ұстады. Сонда Мағжан түр­меге қайта кетіп бара жатып, әйеліне: «Мен қызмет еттім, отырып шықтым. Совет заңы­­на қарсы ештеңе де жасаған жоқпын. Мен ораламын. Егер оралмасам есіңде сақтарсың: бөлтірік бөріні жеп қойды» де­ген екен. Өз арамыздағы біреу ұстап берді деген сөз ғой. Мынадай бір өлеңі бар:
– Жетпестен Ресейің, тағы мыжып,
Келдің бе сар далаға сары мұжық…
Аржағы есімде жоқ, осындай тағы да өлеңдері бар. Мас емес кезімде айтып бе­рермін:
– Келші, сәулем, өбейін де өлейін,
Өлейін де, неге өлейін демейін, – деген жолдарды айтып, Танабай баспалдақпен жоғары көтеріліп бара жатты. Сосын қай­тадан түсіп жаныма келіп, «ана жаққа ба­рамын, мен оны сүйемін ғой» деп қалта­сынан қағаз алып өзінің «Махаббат» деген өлеңін оқыды. Сөйтті де қағазын умаждап маған бере салды. (Танабайдың бұл өлеңі менде, еш жерде жарияланбаған).
Би апаның бөлмесіне барып, Мағжан өлеңдерін оқыттық, өлең оқыдық. Рая гитарамен ән салды. Танабайдан Ғалия біраз өлең көшіріп алды.

***

ҚазГУ-де «Жеті муза» деп аталатын эстетикалық клуб бар еді. Оны Бақтажар Мекішев басқаратын. Көптеген өнер адамдарымен кездесулер университеттің Киров көшесі №136 үйдегі корпусының акт залында өтіп жататын. Бақтажар ағамыз Ленинград Эрмитажындағы жәдігерлер мен Третьяков галереясындағы картиналарды өз мүлкіндей көріп қорғайтын, өнерге қат­ты берілген фанатик адам еді. Орыс­шыл­дығы да бар еді. Мәдениет қайраткерлерін кездесуге шақырып, ертіп әкелуде және ауылдан шыққан қазақ балаларының кө­бірек эстетикалық тәлім-тәрбие алуына Бақтажар ағаға білек сыбана көмектесіп кететін Би апаның мерейі үстем еді. Мұрты­нан шоқ шашыраған Бауыржан Мо­мышұлын да, атағынан ат үркетін Бибігүл Төлегенованы да аға-әпкесіндей қолтықтап, жұмсақ жымиып, біздің Би апа арқалықты орындыққа отырғызғанда аудиторияда ардақтыларымызды аңсай күткен біз дүр көтеріліп, ду қол шапа­лақтайтын едік.
– А.Пушкин: Өз елімді, ұлтымды жер­-ден алып, жерге салуым мүмкін, бірақ өзге ұлттың даттауына келісе алмаймын, – деп­ті. Демек, бізді кім болса сол басын­-бауы керек. Ұлт болу үшін ұлық болуымыз керек. Ол – бізге парыз, міндет. Кез келгені бізді басынса, кім болдық? Ұяң, үркек, можан­топай ел боламыз, Құдай сақтасын. Ең бі­рінші рухты ойлау керек, – деп сол за­манда Би апа батыл пікірлер айта беруші еді. Бой­жеткен сіңлілеріне, студент қыз­дарға:
– Отбасы гигиенасы, тазалығына қатты мән беріңдер. Әйелдердің шашын кесуі, ора­мал тартпай, үйде жалаңбас жүруі – ги­гиена талаптарын барынша бұзу. Қазақтың мәдениетке жетуі емес – қайта құлдырауы. Ас тазалығы ауруды қуады. Бас жалаңбас болса, шаш, қайызғақ түседі. Басты қасып тамақ істей беретін қыздар бар. Қазақ мә­дениетке жеттім деп ойлағанмен, тамақ таза болмаса, бұл мәдениетке жету емес – кері кету. Қазір көптеген қыздар осыны тү­сінбейді және болашақ келіндерім (сәл жы­миып қойып) сендерге айтамын, – деу­ші еді.
Адамды тану – мен ойлағандай оп-оңай емес. Кейде жаман дегенің жақсы болып, жақсы дегенің жаман болып шығады. Адам­ның өмірі – адал не арам өткізген жылдар бет-бейнесінің айнасы. Адамның өмірі – қиындықпен күрес. Баланың жаманы жоқ, тәрбиенің жаманы бар, – деген ұлағат сөз­дерді Би ападан естіп едім.
Кеше ғана курстасы Ғалия Қай­дауы­-лова теледидарға Би апа туралы естелік айтып беріңіз дегенде қазақтың бұлбұлы Б.Төлегенованың оны еске ала отырып, қатты толқып, көзіне жас ал­ғанын айтып еді. «Аппақ сазандай болып, жарқылдап, аң­қылдап жүрген адам, аяқастынан кетті
де қалды. Ұшып жүріп, ұшты да кетті. Тыным таппай жүгіріп жүргенде: «Бір уақыт жаның­­ды күтсейші» десем, отырсам ойлап уайымдай бастаймын», қимылдай берсем тірлікке айналып, ауруым­ды ұмытқандай боламын,– дегеніне де аса мән бермеппін. Төсек тартып жат­қаны есімде жоқ. Ең үл­кен қасиеті – ешкім туралы бір ауыз жаман сөз айтпайтын. Жақсы адам арада қанша жыл өтсе де ұмы­тылмайды екен. Сондай жақсының бірі аяулы сіңлім, сырласым Бибігүл еді ғой» дейді КСРО халық артисі, Еңбек Ері Бибі­гүл Төле­генова. Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мі­незден (Әлихан Бөкей­хан). Жүректілер жүректіні бастаса, Жүрек бітер бәріне де басқаша (Жүсіп Баласағұн). Су өзінің өрт сөндіре алатынын білмейді (Халық дана­лығы). Өзің жақсы көретін халқыңның осы дана сөздерінің бәріне де лайық едің, апа!

***

Қос ат мініп іздесем таптырмас жаққа кеткен Би апа – менің бала күнім­де өмірде адаспауыма себеп болған ар­дақтым. Бетім­нен сипаған туған жер са­малындай, жел лебіндей, сенің жақсылық туралы аяулы, жылы сөздерің менің жү­ре­гімді әлі си­пайды, аялайды.
Сен барлық жерге нұрын аямай төгетін күн сәулесі сияқты едің. Барлық жерге нұр жеткізу саған оңай тимегенін енді анық се­зетін сияқтымын. Басқаның қамын ойлап шаршадың, өмірден жас кеттің.
Мен – бала едім ғой, сен жұбатушы ана сияқтандың. Ана баланың бақытын ғана ойлайды екен ғой.
Бала жылағанын ұмытар, ертең-ақ есейіп жігіт болар, содан соң мәңгі сүйе білер жүректің иесі болған сені, сені, сені,
о құ­дыретті Би апа тек өзіңді, ешкімге тең кел­мес махаббатпен сүйер! Сағынышпен еске алар.
Бала жүрегім сенгіш. Әркім ренжіткен, былғауға тырысқан жүрегім әлі сенгіш! Сол сенімді сөндірмеген Би апа, сенің ал­дыңда басымды иемін!
Күрделі нәрсені оңай, оңай нәрсені үйреншікті, үйреншікті нәрсені жағымды ете білетін, басың қатып тұрған, ауыр кө­рінген жағдайды жеңілдетіп жіберетін құ­дыретің мол еді.
Өмір додасы қазақты өзгертті. Ал қазір… Ей, қазіргінің несін айтайын?! Бұрынғыдан әфсана айтайын.
…Отырарға жіберілген Қожа Ахмет Яссауидің алдыңғы қатарлы шәкірті Суфи Мұхаммед Данишменд Зарнуқи болған. Ол көмілген жер «Сопы Данышпан төбесі» деп аталады. Сонда археологиялық қазба жұ­мыстары жүргізілді. Қазба барысында әр­түрлі үлгідегі керамика табылған. Осы алып құмыралар ортасынан қолдан құйылған, тот басып, көк түске айналған шырағдан да табылған. Мұндай қола шырағдандар бай адамдардың мүлкі болған деседі. Би апа, тот баспайтын шырағдансыз. Әттең… шамның жарығы түбіне түспейтіні жаман. Қы­зылор­дада атыңызда көше бары ұмытылмайды-ау деген үмітті оятып, дәтке қуат болады.

Мылтықбай ЕРІМБЕТОВ,
Жазушылар одағының мүшесі

Бөлісу:

Пікір жазу


*