Үлбідегі үлкен жоба

610
0
Бөлісу:

«Қазақстанда 2017 жылдың 29 тамызында Атом қуаты жөніндегі Халықаралық агенттіктің Төмен байытылған уран банкі ашылды».


Былтыр тамыз айында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық төмен байытылған уран банкін ашқан болатын. Сөйтіп Қазақстан бейбіт атом энергиясына жауапты БҰҰ-ның жалғыз құрылымы – МАГАТЭ-нің (Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігі) сенімді серіктесіне айналды. Бұл туралы Президенттің «Тәуелсіздік дәуірі» кітабындағы тәуелсіз еліміздің 33 басты нәтижесінің 33-тармақшасында көрсетілген.
Банк МАГАТЭ халықаралық атом энергиясы агенттігінің қолдауымен құрылды. Бұдан былай әлемнің атом электр стансаларына арналған уран қоры Өскеменнің Үлбі металлургиялық зауы­тында жиналады. Бұл тұрғыда Елбасы «МАГАТЭ-ге Төмен байы­тылған уран банкін орналастыру мүмкіндігін ұсынған Қазақ елі ядролық қаруды таратпау режимін нығайтуға үлесін қосты» деген еді.
Қазақстан – алғашқылардың бірі болып ядролық қарудан бас тартқан ел. Ядролық отынды өндіріп, сақтауда біздің елдің тәжірибесі айтарлықтай мол. Сондай-ақ Қазақстаннан өзге мемлекеттер өз территориясына уран банкін орналастыруға өтініш білдірген жоқ.
Үлбі металлургиялық зауыты аумағында орналасқан ядролық отын банкі бар-жоғы бір жыл ішінде ел Үкіметі мен МАГАТЭ арасындағы келісім аясында салынып шыққан. Банктің аумағы 900 шаршы метрге жуық және ол – МАГАТЭ-нің сейсмика және физикалық жағынан қорғау бойынша талаптарына сай жеңіл жиналатын қойма. Мамандардың айтуынша, 8 балдық жер сілкінісіне төтеп бере алады. Шығыс Қазақстанда іске қосылған ғимаратты МАГАТЭ техникалық талаптарын ескере отырып, жергілікті құрылысшылар салған. Банкті тұрғызуға 700 миллион теңге жұмсалыпты, қаржының жартысынан көбін Атом энергиясы жөніндегі агенттік төлеген.
Төмен байытылған уран банкінің ашылуында МАГАТЭ бас директоры Юкия Амано: «Қазақстан көп жылдардан бері МАГАТЭ-нің ядролық қаруды таратпау мен атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану тұрғысында қуатты серіктесі болып келеді. МАГАТЭ аясындағы аталған банк – қиын жоба, ол келіссөздер процесі мен бірқатар келісімдерді, агенттік пен Қазақстан арасында жұмыс бабындағы қарым-қатынастарды камтиды. Атап айтқанда, осы жобаға басынан бастап Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке үлесі тың серпін берді» деген болатын.
Қазақстан – әлемде өз территориясы­на уран банкін орналастыруға өтініш білдірген жалғыз ел. Қазіргі таңда әлемде бұл банктің баламасы жоқ. Төмен байы­тылған уранды алу, жеткізу, ұстап тұру, импорттау және экспорттау шығындарын МАГАТЭ өтемек. Қазақстан, келісім бойынша төмен байытылған уранды сақтау, оның ішінде электр қуаты, жылу, қажетті қызметтік нысан мен қызмет­керлерге кететін шығындарды және банк елімізден тыс жерге көшірілген жағдай­дағы шығынды төлейді.
Ондағы төмен байытылған уран қа­лың­дығы 13 миллиметрлік берік болат цилин­дрлерде сақталады. Қазақстан Үкі­метінің мәлімдеуінше, уран резер­ві – дербес қор. МАГАТЭ бас директоры Юкия Аманоның айтуынша, Қытай мен Ресей артық уранды тасымалдауға көмектеседі.
Банк – уран гексафторидін сақтайтын қойма. Уран гексафториді – ядролық отынды дайындауда қолданылатын бастапқы шикізат. Уран гексафторидінен уран диоксиді ұнтағы алынады. Ұнтақтан отын таблеткалары дайындалады. Бұл таблеткалар атом электр стансасының реакторына енгізіледі. Банкте 90 тонна уран сақталады. Қоймадағы қор МАГАТЭ-ге мүше елдердегі уран тапшы болған жағдайда ғана пайдаланылады. Уран Қазақстанға арнайы контейнерлермен тасымалданады.
«Жаһандық экономикалық өмір түбегейлі өзгеруде, алайда ең алдыңғы қатарлы цифрлы экономикаға да энергия қажет, яғни көп энергия керек болады. Дәстүрлі энергия көздеріне қарағанда, уранда миллиондаған энергияның үлкен концентрациясы бар екенін еске салған жөн. Сондықтан да ядролық энергетика балама әрі басқаларына қарағанда тиімдірек» деген болатын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ Президент қазіргі кезде әлемде 51-ден астам атом электр стансасы салынып жатқанын, ал 2030 жылға қарай 500-ге тарта АЭС салынуы жоспарланып отырғанын атап өтті. «Болашақта ядролық энергетиканың жаңғыртылуы елеулі пайда әкелмек. Сондықтан төмен байы­тылған уран банкін орналастыру үшін Қазақстанның таңдалуы біздің елдің атом саласындағы сапасын білдіреді. Есте­ріңізге сала кетейін, түрлі есептеулерге қарағанда, Қазақстанда әлем бойынша уран қорының 30 пайызға дейінгі үлесі шоғырланған. Бүгінде біз уран өндіруші ірі елдердің біріміз және әлемдік энер­ге­тикада маңызды рөл атқаруға дайынбыз» деді Елбасы.
Төмен байытылған уран банкінің ашылуын бірден құптағандар да, қарсы пікір айтқандар да болды. Дегенмен «Біткен іске сыншы көп» демекші олардың қайсысының сөзі орынды екендігіне уақыт қана төреші.

 

Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*