Блокчейн технологиясы біртіндеп енгізіледі

1529
0
Бөлісу:

Сыбайлас жемқорлықпен күресте «жегіқұрттан» кеден органдарын тазарту үлкен маңызға ие. Осыған байланысты Елбасы кеден саласына жауап беретін Қаржы министрлігіне бұл бағытта бірқатар міндеттер қойған болатын. Олардың жүзеге асырылуы ел Үкіметінің ерекше бақылауына алынды.   
Мемлекет басшысының тапсыр­ма­ла­рының бір тобы «АСТАНА – 1» ақ­па­раттық жүйесін іске қосуға қатысты. Бұл жүйенің атауы «Автома­ти­зи­ро­ван­ная система тамо­женного и налогового ад­министрирования» деген сөздердің бас­қы әріптерінен құрал­ғанын айта кет­кен жөн.
– Біз оны осы жылдың басынан іс­ке қосу­ға тиіс болғанбыз. Біздің бар­лық уағ­да­ластықтарымызға қарамастан ЮНКТАД ұйы­мы қажетті көлемде ма­мандарды бер­меді де, бұл бұрын бе­кі­тілген мерзімдерден ке­­шігудің негізгі се­бебіне айналды. ЮНКТАД басшы­лы­ғымен бірнеше рет кез­­­дестім, соңғы рет екі апта бұрын бас хат­­шысы Китуи­мен жүздестім. Нәти­же­сінде, 2018 жыл­ғы 28 ақпанда «АСТАНА – 1»-ді тес­тілік режимде іске қосамыз. Сәуір­де то­лық­қанды әрі кең ауқымды қол­да­ныс­қа беру жоспарланып отыр, – дейді Қар­жы ми­нистрі Бақыт Сұл­танов.
Сонда Қазақстан шекарасын кесіп өте­тін экспортшылар мен импорт­шы­ларға ке­­ден «бір терезе» қағидатымен қыз­­мет көр­сетеді. Осы мақсатта «АСТАНА – 1» ақ­па­раттық жүйесі ая­сын­­да электронды декларациялаудың то­­лық циклы жұмыс жа­самақ. Бағ­дар­лама қазір сынақтан өт­кізілуде.
Электронды декларациялау жүйе­сін да­мыту және экспорт пен импорт­тан талап еті­летін құжаттар тізімін қыс­қарту Ұлт жос­парының 38-қадамында қа­растырылған. Әзірше кедендік рә­сім­деу орталықтарында сырт­қы сауда-сат­тыққа қатысушы кәсіп­кер­лер бар­лық қажетті құжаттарын сағат­тап күтуі мүм­кін. Жаңа жүйе кең ауқымда ен­ді­рі­лі­сімен, ведомствоның сендіруінше, бұл рәсім жеңілдейді. Өйткені бизнес­мен «бір терезеден» бірнеше қызмет алып, бір­не­ше шаруасын бір жерден бі­тіріп, кете бе­реді.
Ол – ол ма, декларант үйден не кеңсе­сі­нен шықпай-ақ, өз құжаттарын бро­кер­лік ком­панияның электронды ме­кен­жайына жі­бере салуына да болады. Он­дай жағдайда дек­ларация мәсе­ле­лері­мен сол брокерлер айналысады жә­не ішкі желі арқылы инс­пектордың ком­пьютеріне түсіреді. Бұл не­бәрі 1-2 ми­нуттық шаруа көрінеді. Сон­да инс­пектор әр тауардың елге кіруі не шы­ғуы кезіндегі барлық транзиттік дек­лара­циясын, бүкіл рұқсат беруші құ­жат­тарын күнібұрын көріп отырады. Осы­лай­ша, декларант не оның өкілі тауар кеденді кесіп өткенше, оның құ­жаттарын ұсына ала­ды және тиісінше, декларация шыға­ры­лады.
Қаржы министрінің айтуынша, «бірың­ғай терезе» принципін енгізу үшін кедендік рәсімдерден өту және электрондық өзара іс-қимылды жал­ғастыру кезінде ASYСER платфор­ма­сында 9 рұқсат беру құжатын (ауыл шаруа­шылығы, санитариялық-эпи­демиологиялық әл-ауқат салаларында) автоматтандыру жүргізіледі.

«Осы рұқсат беру құжаттары бойынша тиісті модульдерді 2018 жылдың 1 қа­занына дейін пайдалануға енгізу жос­парланып отыр. Бұл үшін біз мамыр айында тестілік режимді іске қосамыз. Ке­дендік тазарту үшін қажетті қалған 42 рұқсат беру құжаты бойынша «АСТАНА – 1» ақпараттық жүйесін «Е-ли­цензиялау» мемлекеттік дерекқорымен ин­теграциялау жүзеге асырылатын болады» дейді Б.Сұлтанов.
Қазақстан ДСҰ-ға кіргенде, Еура­зиялық одақ елдері алдында кеден Баж­дарының төмендетілген мөлшерлемесі қолданылатын тауарлардың қозғалысын бақылау жүйесін құру міндеттемесін мойнына алған еді. Соның аясында қолданыстағы «Электрондық шот-фактуралар» ақпараттық жүйесі базасында дүниежүзілік банк жобасы шеңберінде «Виртуалды қойма» модулі іске асы­рылуда. Модуль онлайн режимде салық төлеу­шінің қоймасындағы тауар қалдық­тарын автомат­тандырылған түрде есеп­теуге, сондай-ақ Қазақстанға әкелуден бастап, түпкілікті тұтынушыға өткізуге дейінгі тізбегін қадағалауға мүмкіндік береді.
«Виртуалды қойма» жұмысының механизмі тауарларды кіріске алмай өткізу мүмкін болмайтындай етіп құрыл­ған. Сөйтіп, алақол кәсіпкерлердің тауарсыз операция жасау тәуекелдерін азайтады. 1 сәуірден бастап модульді таңбалауға жататын тері өнімдері бойынша сынақтан өткізу жоспарланған. Келесі жылдың 1 сәуірінен бастап, «Виртуалды қойманы» барлық тауарлар бойынша толық іске қосу көзделуде.
Сонымен қатар «Электрондық шот-фактуралар» ақпараттық жүйесін пай­даланушылар санын көбейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2018 жылдың басынан бері шот-фактураларды электрондық нысанда жазып беру міндеті мониторингке жататын ірі салық төлеушілерге, сондай-ақ халықаралық тасымалдауды жүзеге асыратындарға қол­данылады. Алдағы жылдан бастап элек­трондық шот-фактура жазып беруді барлық қосылған құн салығын төлеушілер бүкіл импорт тізбегі бойынша жүзеге асыруға міндетті болады.
Тауарлардың қозғалысын қамтамасыз ету үшін «Электрондық шот-фактура» мен «Вир­туалды қойма» модулі және «АСТАНА – 1» ақпараттық жүйесінен басқа, «Таңбалау» ақпараттық жүйесі мен блокчейн тартылады.
– Блокчейн технологиясын пайдалану бойынша біз «Ақпараттық технологиялар паркі» дербес кластерлік қорымен, ІВМ-мен және PricewaterhouseCoopers-пен ынты­мақтаса отырып, «Блокчейн» технологиясын қолданып, қосылған құн салығын әкім­ші­лен­дірудің жаңа әдістерін енгізу жұмыстарын жасаймыз. Барлық жұмыстар кесте бойынша жүргізілуде. Биылғы тамызда жаңа ақпараттық жүйенің баламасын іске қосуды жоспарлап отырмыз, – дейді Бақыт Сұлтанов.
Ведомство өзінің бақылау-қадағалау функцияларын қысқартуда. Қаржы ми­нистрлігі 2017 жылы салықтық және кедендік тексерулердің санын 45%-ға азайтқан. Енді министрлік Елбасының таяуда қойған жаңа міндеттерін есепке ала отырып, штат санын оңтайландыруға кірісетін болады. Атап айтқанда, Мем­ле­кет басшысының тапсыр­масына сәйкес, бақылау-қадағалау фун­к­цияларын жүзеге асырған шамамен 600 штат бірлігі қыс­қартылады. Ол мамандар қайда барады? Бақыт Сұлтанов білікті мамандардың жерде қалмайтынын, басқа жұмыс учаскесіне ауыстырылатынын жеткізді.
Соның ішінде біріншіден, қазақ-өзбек шекарасында тауар ағымының артуына және Өзбекстанмен үкіметаралық келісім бойынша міндеттемелерді орындауға байланысты кеден қызметі үш бекетте тәулік бойы жұмыс режиміне ауысады. Бұдан басқа, «Сырдария» және «Целинный» атты 2 жаңа бақылау өткізу пункті құрылады. Бұл шамамен қосымша 124 қызметкерді қажет етеді.
Екіншіден, «Құрық» өткізу пунктін толық жасақтау, «24/7» жұмыс режимін енгізу үшін жаңа теңіз порты аумағында шамамен 77 адам керек болатын көрінеді. Үшіншіден, сыбайлас жемқорлықты төмендету мақсатында кеден бекеттерін вахта әдісіне көшіру жұмысы ұсынылады. Бұл да қосымша штат ашады. Төртіншіден, «Экспорттық бақылау туралы» заңына сәйкес, Еуразиялық одақтың ішкі шекарасындағы экспорттық бақылау функциялары мемлекеттік кірістер ор­гандарына бекітілді. Бұл ретте қызмет­керлер қосарланған мақсаттағы тауарлардың қозғалысын бақылайды. Ресей және Қырғызстанмен арадағы шекарада барлығы 37 автомобиль өткізу пункті бар.
Тағы бір жаңалық: Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкін­діктері» Жолдауын іске асыруды қаржылық қамтамасыз ету үшін алдағы көктемде республикалық бюджет нақтыланатын болды.

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*