Жүк тасымалының жүгі ауыр

1476
0
Бөлісу:

Бірақ болашағы бар. Өйткені өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда, көлік, байланыс – ел экономикасының алып алтылығы. Үкімет өткен жылы дәл осы салалар ЖІӨ-нің 4 пайызға өсуіне тірек болды деп есеп берген. Демек, мемлекеттің ауыл шаруашылығы мен көлік қатынасы секілді секторларға көбірек көңіл бөле бастауы нәтижесіз емес. Соның ішінде көлік тасымалының көрсеткіштері көңілден шығып отыр. Мысалы, былтыр көлік қызметі – 4,8 пайызға, жүк тасымалы 5,2 пайызға артқан. Жүк тасымалы демекші, бұл – болашақтағы басты бағытымыз болар саланың бірі және Президенттің биылғы Жолдауда көрсетіп берген он басымдығының қатарынан табылады. Мемлекет басшысы көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыруды мақсат ете отырып, сол арқылы 2020 жылы транзиттен түсетін жыл сайынғы табысты 5 млрд долларға жеткізуді тапсырды: «Бұл инфрақұрылымға жұмсалған мемлекет қаражатын тезірек қайтаруға мүмкіндік береді» деді ол.
Н.Назарбаев еліміз арқылы бірнеше транс­құрлықтық дәліз өтетінін жиі тілге тиек етеді. Елбасының айтуынша, 2017 жы­лы Қазақстан арқылы өткен жүк тран­зиті 17 млн тоннаға жуықтаған. «Алматы» ай­мақтық қаржы орталығы» рейтинг агент­тігі сипаттағандай, 2016 жылы елдің жүк та­сымалы айналымының 46,1 пайызы – те­міржол көлігіне, 31,5 пайызы – авто­кө­лік­ке, 22,1 пайызы – құбыларға, қалған 0,4 пайы­зы көлік тасымалының басқа да түр­леріне (әуе, ішкі су жолдары, теңіз) тиесілі. Әуе, ішкі су жолдары, теңіз тасымалы көр­сеткіштерінің төмен болуына, бірін­ші­ден, тарифтің жоғарылығы, екіншіден, ел­дің географиялық сипаты әсер етеді. Сон­дық­тан тұрақтайтынымыз да автокөлік және теміржол тасымалы болмақ.
Finprom сараптама қызметі теміржол жүк тасымалы өткен жылы 378,8 млн тон­на­ға жеткенін хабарлады. Бұл – алдыңғы жыл­мен салыстырғанда 14 пайызға жоғары. Бірақ 2016 жылға дейін кері тенденция бай­қалған. Мысалы, жүк тасымалының кө­лемі 2015 жылы – 12,6 пайызға, 2016 жы­лы 0,7 пайызға азая түскен.
Өткен жылы барлығы қайта қалпына кел­генін көреміз. Өйткені жүк айналымы бір­ден 10,6 пайызға, яғни 262,1 млрд тонна ша­қырымға өскен. Мысалы, «ҚТЖ – Жүк та­сымалы» АҚ жетекшісі Оралхан Құ­лақов­тың айтуынша, 2017 жылы тиелген ұн мен бидай көлемі біршама көбейгенін бай­қауға болады. «Қазақстан теміржо­лы­ның» мәліметтеріне сүйенсек, өткен жы­лы 8,9 млн тонна астық және 3,2 млн тонна ұн жүктелген. Оның ішінде ішкі бағыттарға астық­тың 3,1 млн тоннасы, ұнның 0,8 млн тон­насы, экспортқа астықтың 5,8 млн тон­насы, ұнның 2,4 млн тоннасы жөнелтілген. Биыл ақпанның алғашқы онкүндігінде ұлт­тық компанияның жүк айналымы өткен жыл­дың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2,5 пайызға өскен. Жүк тиеу көлемі 1,8 пайыз­ға көтерілген.
Өткен жылмен салыстырғанда бұл – 11 пайыз­ға жоғары көрсеткіш. Оның ішінде елі­шілік бағдарға 50,5 мың тонна болса, 139,7 мың тонна сыртқа шығарылған. Ұн өнім­дерін тасымалдау – өткен жылмен са­лыс­тырғанда 97%. Нарықта ұн өнімдеріне де­ген сұраныстың бәсеңдеуі мен Ауған­станда ұн бағасының төмендеуі әсерінен бұл көрсеткіш төмендеген. Керісінше, әлеу­меттік-тұрмыстық мақсаттағы көмір тиеу көлемі өткен жылғы жылу беру маусы­мына қарағанда сегіз пайызға өскен.
Импорттық бағдардағы жүк тасымалы да аз да болса алға жылжығанын байқаймыз. Өйткені бұл бағыттағы тасымал 16 мың тоннаға жоғарылап, 1,5 миллион тоннаға жет­кен. Экспорттық бағдардағы жүк кө­лемі – 8,3 миллион тонна. Қытаймен ше­ка­ра өткеліндегі жүк тасымалының ауқы-мы – 26 пайызға, Өзбекстанға шығарылған жүк көлемі – 58 пайызға, Ақтау порты ар­қылы шығарылған жүк 27 пайызға өсті.
Жыл басынан бері Қазақстан аумағы ар­қылы 361 контейнерлік пойыз өткен. Оның ішінде Қытай – Еуропа бағдарына – 135 пойыз, кері қарай Еуропа – Қытай бағ­­­­дарына 109 пойыз өтті. Ченду – Достық – Лодзь бағдарында да өсім байқалады. Қы­тай мен Еуропаны сөз қылғанда қайта жаң­ғырған Жаңа Жібек жолының ел эко­номикасына қосқан сүбелі үлесін сөз етпеу мүм­кін емес. Қазақстанның Халықаралық ав­токөлік тасымалы одағы (ҚазХАТО) Қы­тайда өндірілген тауарларды тасы­мал­даудың еліміз үшін қандай мүмкіндіктерге жол ашатынын зерттей келе, Ұлы Жаңа Жі­бек жолы болашақта Батыс пен Шығыс арасындағы үзілген жіпті қайта жалғайтын жаңа бағыт болуы мүмкін екенін айтады. «Қазіргі таңда Қытайдың Оңтүстік-Шығыс жа­ғалауынан теңіз көлігі арқылы Еуроодақ ел­деріне жыл сайын 300 млн тоннаға жуық әр­түрлі тауар тасымалданады. Дәл осы кө­лемнің ең болмағанда 5 пайызы құрлық ар­қылы тасымалданса, ҚХР-дан Қазақ­стан­ға және ел аумағы арқылы өтетін тран­зиттік жүк тасымалы төрт есе ұлғаяр еді» де­лінген баяндамада.

Сарапшылардың айтуынша, осыған дейін біз арқылы экспортталатын Қытай өнімдері көбіне Шыңжаң-Ұйғыр авто­номиялық ауданында өндірілгендіктен сапасыз еді. Сондықтан батыс им­порт­шылары Қытайдың Оңтүстік – Шығыс жаға­­ла­уын­да өндірілген «сапалы» тауарла­рын теңіз арқылы тасымалдағанды жөн сана­ған. Ендігі кезекте ҚХР билігі елдің батыс өңір­лерін де өндірістің жаңа биігіне көтеруді мақсат етіп отыр. Бұл әлеуметтік тұрмысы жоғары саналатын елдердің, яғни Батыс – Еуропа инвесторлары мен импорт­шы­­ларының импорттық тауар тасыма­лын­дағы «талғамдарын да» өзгеруі бек мүмкін.
ҚазХАТО мәліметтеріне сүйенсек, жүк айналымы жағынан теміржол алғашқы орында болса, еліміздегі жүк тасымалының 84 пайызы автокөлік арқылы тасымал­данатын көрінеді. Мысалы, еліміздегі 86 мың шақырым автожолдың 13 мың шақырымы еуропалық және азиялық жолдармен түйісетін халықаралық маңызы бар. Көлік жүйелерінің инфрақұрылымын дамыту мен интеграциялауға бағытталған мемлекеттік бағдарлама сол жолдардағы кедергілерді азайту арқылы 2020 жылға дейін транзиттік жүк тасымалын 2 есеге арттыруды көздейді. «Күріштің арқасында күрмек су ішер» демекші, бағдарламаның шапағаты 30 мың шақырым автожол, 8 мың 200 шақырым теміржол жөнделіп, жүк айналымы 1,6 есеге артуы мүмкін. Одақ ұсынған мәліметтер Қазақстан арқылы тасымалданатын Қытай тауарларының артуы қосымша 15 мың автокөлік құралын қажет етеді. Әрі біздегі жолдардың сапасы да халықаралық стандарттарға сай деп айта алмаймыз. Мысалы, біздегі республикалық маңызы бар жолдардың 4 пайызы ғана 1-санатқа сай, ал барлық жолдың 10 пайызы тіптен тас төселмеген қара жол екен. Егер автокөлік төмен сапалы жол­дармен жүрер болса, жанармай шығыны 30 пайызға арта түсетіні дәлелденген. Өзіңіз білетіндей, бұл – қоршаған ортаға бөлінетін зиянды қалдықтар көлемі де осынша ұлғаяды деген сөз.
ҚазХАТО сарапшылары Қазақстанның халықаралық тасымалдаушылары ЕАЭО әріптестерімен салыстырғанда тең дәрежеде емес екендігін тілге тиек еткен. Сондықтан да олармен бәсекелесе алмайды. Одан бөлек мамандар бізде де Еуропадағыдай автокөлік және теміржол арқылы аралас тасымал түрін дамытуды қолға алу керек деп есептейді. Мұның өзі батыс елдерінде жылдам әрі тез таралып келе жатқан тенденция екен.
Дегенмен елдегі көлік тасымалының проб­лемалары биліктің назарынан тыс қа­лып жатыр деген сөз емес. Мысалы, «Нұр­лы жол» бағдарламасының аясында хаб қалалар арасындағы бір бағытта жүріп өтуге кететін уақытты 2014 жылғы 115 сағат­тан 72 сағатқа дейін қысқарту жоспар­ланған.
Бағдарлама 2019 жылға дейін жал­ғасатынын ескерсек, алдымызда «Нұрлы жолдың» есебінен ЖІӨ-ді 15,7 пайызға (2014 жылмен салыстырғанда) ұлғайту мақсаты тұр. Оған дейін көлік атқарылған жұмыс­тардың нәтижесінде, ел экономи­касындағы көлік қатынасының үлесі де артуы мүмкін.
Дегенмен соңғы кезде сала субъектілері шетелден келетін инвестиция көлемі тарылғандықтан, өз қамдарын өздері ойлауға мәжбүр. Өйткені шетелдік банктер мен кредиторлар қазақстандық көлік-логистикасына қолдау көрсетуді азайтқан. Сырттан келетін қаражаттың орнын толық­тыратын да балама болмай тұрғаны. Себебі, екінші жыл қатарынан саланы дамытуға және қорларды жаңғыртуға республикалық және жергілікті бюджеттен бөлініп жатқан ақша қысқарып келеді. Мысалы, 2016 жылмен салыстырғанда былтырғы қаражат 6,2 пайызға аз, яғни 332 млрд теңге бөлінген. Бұл – Finprom сараптама қызметінің мәліметтері. 2017 жылдың 11 айында құйылған инвестиция 81,1 млрд теңге болса, алдыңғы жылмен салыстырғанда ол 2,4 есеге кем. Бірақ секторға деген инвес­торлардың селсоқ қарағанымен, саладағы қызмет көлемінің артуы байқалады дейді сараптама қызметі. 2017 жылдың алғашқы үш тоқсанында көлік-логистикалық компаниялардың қызметі 4,7 пайызға ұлғайған. Еске сала кетейік, дәл осы мерзім ішінде ел экономи­касы жалпы алғанда 4,3 пайызға өскен. Мұның барлығы 2014-2016 жылдары жалпы сектордағы баяулау немесе тіпті кері кету тен­ден­циясымен салыс­тырғанда көңілге қонымды.
Жалпы, қойма және көлік секторы Қазақстан экономикасының 7,7 пайызын қалыптастырып отыр.

 

Кәмила ДҮЙСЕН

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*