Жетімханаларды жабу: жетістіктер қандай?

1303
0
Бөлісу:

Қазақта «жетімхана» атауы болмағаны анық. Дәстүрлі қазақ қоғамы жетімін тен­тіретуге жол бермеген. Ата-анасыз қалған ба­ланы не туысы, не ауылдағы ауқатты бір адам асырап, жағдай жасаған. Бүгінде еліміз отаршылдық кезеңінен қалған кесір бір құбылыстан арылуға, «балалар үйле­рінсіз» мемлекет атануға ден қойды. Бұл бағытта қандай жетістіктерге қол жеткені мәлім болды.

Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, Қазақстанда балалар үйлерінің желісі қысқарып, ондағы тәрбиеленуші балалар саны да жылдан жылға азайып келеді.
«БҰҰ Балалар құқықтары жөніндегі комитетінің балалар үйлері санының өсуіне жол бермеу және балаларды онда тек соңғы немесе уақытша шара ретінде орналастыруға байланысты ұсыным­дарына сәйкес, Қазақстанда әлеуметтік жетімдіктің алдын алу және балалар үйлерін қайта институттандыру бойынша бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылды» деп хабарлайды БҒМ. Елбасының тапсырмасына сәйкес, отбасылық орналастыру формасын қолдануды кеңейту бойынша құқықтық механизм­дерді қалыптастыру – жетім балалардың құқықтарын қорғау сала­сындағы басым бағыттардың бірі.
Нәтижесінде, егер осыдан сегіз жыл бұрын, 2009 жыл қорытындысында еліміздегі балалар үйлері тәрбиелену­шілерінің саны 15 мың 116 адам болса, қазір оның қатары 6 мың 223 адамға дейін, яғни 60%-ға қысқарды. Біраз балалар үйлері де жабылып қалды: бұл мекемелер желісі 213-тен 137-ге дейін, яғни 35%-ға азайды. Олардың 49-ы отбасы үлгісі бойынша жұмыс істейді.
2016 жылы Қазақстанда «Кейбір заңнамалық актілерге баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң қабылданды. Бір қызығы, бесінші шақырылымдағы Парламенттің 29 әйел депутаты жазып шыққан бұл құжат «қонақ отбасы» деп аталатын отбасылық орна­ластырудың жаңа нысанын да енгізді. Ондай отбасы балалар үйінің тәрбиелену­шілерін оқу демалысында, демалыс және мереке күндері ғана алып кетіп, олармен уақыт өткізе алады. Бұл «қонақ отбасы» және сол балаларды тәрбиелеуші ұйымдар әкімшілігі арасында жасалатын шарт негізінде жүзеге асырылады.
Министрліктің хабарлауынша, жалпы алғанда, республикада отбасы құрылы­мының 4 формасы – асырап алу, патронат, қорғаншылық, баланы қабылдаушы отбасы заң жүзінде бекітілді және оларды мемлекет қаржылай ынталандырады. 2017 жылдың басынан бастап, 22 «бала қабылдаушы отбасы» құрылыпты.
Жалпы, өткен жыл ата-аналарының қамқорынсыз қалған балаларды орна­ластырудың отбасылық формаларын дамытуда өзгерісті кезең болды. Балаларды өз отбасыларына қабылдағысы келетін азаматтар үшін бюрократиялық кедергісіз, қысқа уақытта балаларды таңдап алу мүмкіндігі жасалды. «Респуб­ликалық жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың банкі» (реестр) жұмыс жасай бастады. Тек 2017 жылдың басынан бастап, банк арқылы 394 бала асырап алынды және отбасыларын тапты, 2437 бала қорғаншылыққа, 219 бала патронат­тық тәрбиеге берілді. Тиімділігін көрсеткен бұл тетік болашақта қандай да бір себептер бойынша ата-аналарымен тұра алмайтын балалардың барлығын дерлік отбасыларға уақытша немесе кәмелеттік жасқа толғанша ұзақ мерзімге орналастыруға мүмкіндік береді.
Бұл іс балаларға қайырымдылық жасау сыртында, ел бюджетін де біраз жүктемеден арылтады. Мәселен, сенатор­лардың дерегінше, әрбір тәрбиеленуші балаға мемлекет тарапынан жылына шамамен 1 миллион 700 мың теңге жұмсалады екен. Қаржының қо­мақты болуына қарамастан, балалар үйлеріндегі қолайсыз жағдайлар орын алуда. Мысалы, ЮНИСЕФ балалар қоры жүргізген әлеуметтік зерттеу қорытын­дысы көрсеткендей, еліміздегі балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің жартысынан астамы жүйелі түрде зорлық-зомбылықты бастан кешетінін айтқан. Зерттеулерге сүйенсек, жетімхана түлек­терінің тек 30 пайызы өмірден өз орнын табатын көрінеді.
Бұл ретте тағы да бір жағымды жаңа­лық бар. Өткен жылы ұйымның жаңа үлгісі – қиын өмір жағдайындағы балаларды қолдау орталығы енгізілді. Оның «детдомнан» басты ерекшелігі – мәселен, қиын, әлеуметтік осал, қолайсыз отбасы­лардағы балалар кез келген жағдайда оған келіп, жан-жақты әлеу­меттік қызметтер кешенін ала алады. Орталық басты күшті ол баланы ата-анасынан тартып алуға емес, керісінше, өзі туған биологиялық отбасында сақтауға жұмсайды. Балаларды ата-аналарына қайтару мүмкін болмаған жағдайда ғана бала үшін жаңа отбасыны таңдау жұмыстарын жүргізеді.
Білім және ғылым министрлігінің мәлімдеуінше, бүгінде облыс орталық­тарынан алыс орналасқан елдімекен­дердегі ірі интернат үлгісіндегі балалар үйлері, пана үйлері базасында да осындай орталықтар ашуға мүмкіндік бар. Ол ба­лаға қандас туысқандарымен байла­нысты сақтау құқығын және кәмелеттік жасқа толған соң ары қарай өз бетінше өмір сүру, жұмысқа тұру мәселелерін шешуге, тұр­ғылықты жері бойынша үймен қамта­масыз етілуіне мүмкіндік береді.
Болашақта балалар үйлерін жауып, трансформациялап, оларды «Отбасы­ларды қолдау орталықтарына» айналдыру көзделуде. Бұл үрдіс тасталып та кетті. БҒМ осы үрдіске және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастырудың отбасылық формаларын жетілдіру процесіне үкіметтік емес ұйымдарды, қоғамдық бірлестіктерді тартуда. 2016 жылдан бастап, министр­ліктің «Отбасы академиясы», «Жанұя», «Ана үйі» қоғамдық қорларымен бір­лескен меморандумдары аясында Алматы және Астана қалаларында «Отбасыларды қолдау орталықтары» құрылды, олардың екеуі балалар үйлерінің базасында жұмыс істейді.
Пилоттық жобаның мақсаты – бала­лардың құқықтарын қорғау саласындағы қызметтер сапасын арттыру, ерте кезеңде отбасылық сәтсіздіктің алдын алуға мүмкіндік беретін, қиын өмір жағдайын­дағы отбасылар мен балаларға кәсіби психологиялық, әлеуметтік және заңды көмек көрсету бойынша бағдар­ламаларды әзірлеу.
Пилоттық жобалар аясында қиын өмір жағдайындағы отбасылар мен балаларға психологиялық, заңгерлік және әлеуметтік қолдау бойынша қызметтер, интернаттық мекемелердің әлеуметтік педагогтарын, психологтарын жұмыстың жаңа формалары мен әдістеріне оқыту жүзеге асырылады. Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды өз отбасыларына қабылдауға тілек білдіруші тұлғаларды дайындайтын Балаларды қабылдаушы ата-аналар мектебі құрылды.
Қолданыстағы тұрғын үй заңнамасына 2013 жылы енгізілген түзетулерге сәйкес, жетім балалар мен ата-аналарының қамқорынсыз қалған балалар мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алуда, әкімдіктегі кезекте тұруда Ұлы Отан соғысы ардагер­лерімен тең құқыққа ие болды. Бұл 2014-2017 жылдардың өзінде осы санаттағы 4459 балаға өз үйінің иесі болуға мүмкіндік берді.

 

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*