Big data бизнеске не береді?

1822
0
Бөлісу:

Соңғы жылдары іскер ортаның сөздік қорынан Big data деген тіркес өз орнын тапты десек қателеспеспіз. Өйткені ойы заманынан озық жүретін азаматтар сәт сайын артып келе жатқан ақпарат ағынын өз дегеніне бағындырып жатыр. Бизнесті экономиканың драйверіне айналдыруды көздеген біздің ел де бұл тенденциядан тыс қалған жоқ. Президенттің өзі Жолдауда «Үлкен деректерді» (Big data) пайдалану сапалы талдауды қамтамасыз етуге, өсімнің резервін анықтауға және артық шығынды азайтуға жағдай туғызады» деп жөн сілтеді. Бірақ Big data деген не? Батыс оны әлпештеп, арнаулы ғылым ретінде дамыту арқылы нені көздеп отыр? Біз одан не ұтамыз?

Мамандардың айтуынша, дұ­рыс өңдей алсаңыз, үлкен деректер жасырын заңдылықтарды анық­тауға және бизнестің тиімділігін арттыруға көмектеседі. Анализ алгоритмінен өткен ақпарат кез келген компания үшін құнды. Оны сарапшы немесе сол салаға жауап­ты маман талқыдан өткізуі қажет. Әрі қарай бұл ақпаратты табыс табу мақ­сатындағы бизнес-процес­терді өз­гертуге пайдалануға болады. Әрине, дәстүрлі технологиялар да ауқымды ақпарттарды өңдеуге қауқарлы, бірақ олар мәлімет кө­бейген сайын жай жұмыс жасайды. Екеуіне де кететін шығын бірдей болғанымен, дәстүрлі алгоритм­дердің тиімділігі төмен. Мысалы, ақпарат көлемі екі есе ұлғайса, өң­деуге кететін уақыт төрт есеге ұзарады екен.


Әлемде үлкен ақпараттардың тиім­ді жұмыс істеуге оң әсер ет­кендігі туралы оқиға көп. Мыса­лы, Microsoft компаниясы Siemens-пен бірге «ақылды» рентген аппа­ратын жасап шыға­рады. Ол түсі­ріл­ген кескінді бір мезетте дәрігерге де, бұлтқа (де­рек­терді сақтайтын онлайн-қойма) да жібереді. Бұлтта жа­санды интеллект негізінде жұмыс істейтін жүйе кескіндерді талдай­ды. Ол кескіндерді өңдеп қана қоймай, үнемі өздігінен оқып, үйреніп оты­рады (machine learning). Нәти­же­сінде, дәрігер де, жүйе де пациент­ке диагноз қояды. Егер екеуінің ара­сында алшақтық пайда болса, дә­рігерге диагнозды қайта қарау ту­ралы хабарландыру барады.
Бірақ Big data тек қана ірі кор­порацияларға пайда әкеледі деу – қате ұғым. Қазіргі таңда шағын және орта бизнестің өкілдері де үлкен ақпараттарды пайдалану арқылы қызметтерін жетілдіріп, кәсіптерін көркейтуде. Солардың ішінде бөл­шектік сауда көш бастап тұр. Prime Source компаниясы ұсынған ақпа­рат­тарға сәйкес Big data бұл сала­дағы өнімділікті 49 пайызға арт­тырған. Екінші кезекте консалтинг секторының сатылы­мы Big data көмегімен 5 млрд АҚШ долларына көбейген. Әуе тасы­малы да әлемдік тенденциядан тыс қалмай, ақпарат­тар ағынын өз пайдасына бұра ал­ған. Өйткені клиенттермен жұмыс барысында ауқымды мәліметтерді пайдалану бұл саладағы сауда көлемін 4,3 млрд АҚШ долларына, өнімділігін 21 пайызға арттыруға әсер еткен.

Big data – технологиялық инновациялар нәтижесінде пайда болған үлкен деректер ауқымы. Оған ұзақ жылдар бойы сақталған ұялы байланыс абоненттерінің мәліметтері, іздеу жүйелеріндегі сауалдар тізбегі, әлеуметтік желілердегі белсенділік, тіпті қоғамдық орындардағы бейнебақылау камераларына жазылған материалдар және т.б. ақпараттар кіреді.

– Біз әлі де CRM жүйесінің ар­тық­шылықтарын толық пайда­ла­нуды меңгерген жоқпыз. Мысалы, Батыста сіз барған шаштараз үш аптадан соң, сізге «Тағы да ша­шыңызды қидырғыңыз келмейді ме?» деп хабарласуы мүмкін. Тағам жеткізіп беру индустриясында да солай. Яғни, олар сатылымды арт­ты­румен белсенді түрде жұмыс істейді. Сәйкесінше, бәсекелестік те жоғары. Біз де түбінде осыған жетеміз. Әзірге бәсекеге қабілетті болу үшін шығындарды азайтуға, ішкі процестерімен және сатылым­мен жұмыс істеудің заманауи жол­дарын игеруге, сараптама жасауға тура келеді, – дейді Prime Source компаниясының директоры Евге­ний Щербинин.
Оның айтуынша, бизнес жеке процестерді автоматтандырудан бастап Big data артықшылықтарын пайдалануға жеткенге дейін төрт кезеңді бастан кешіреді.
– Бірінші кезекте – опера­циялар. Яғни, барлық есеп-қисап деректері бизнесті дамытуда үлкен рөл ойнайды. Екінші кезекте мәліметтерді өзгерту және соның негізінде жылдам аналитиканың көмегімен болжам жасау. Көптеген бизнес құрылымдар бұған да жете алмай, жарты жолда қалып жа­тады. Кейде фактілерді көр­сет­кенімен, болжамдарды назар­дан тыс қал­дырады. Үшінші кезең – аналитика. Мұнда ақпараттарға қарап өз сұрақ­тарымызға жауап таба аламыз. Мы­салы, неліктен белгілі бір пробле­маға ұрындық? Қоймада қандай тауарларды сақтау қажет? Қай құрал немесе техника қашан істен шығуы мүмкін? Бұл өнімділікті арттырады. Сонымен қатар мұнда клиенттермен жұмыс істеу авто­маттандырылған. Егер сараптама жасап, барлық клиент­­терге қоңырау шалып шық­саңыз, конверсия 0,01% болуы мүмкін. Яғни, бір ғана адамды тарту үшін 1000 адамға хабараласуыңызға тура келеді. Ал нақты ақпаратпен қа­­ныққан аналитика конверсия деңгейін 30 пайызға дейін арттыруға көмектеседі. Ең соңғы кезеңде биз­нес аналитиканың арқасында қар­қын ала бастайды. Бұл аралық­та компания өз клиентіне қандай өнім қажет екенін алдын ала біліп оты­рады. Мұнда барлық опера­ция чат-боттар арқылы басқа­рылады. Яғни, клиенттерден келіп түскен сауал­дың 90 пайызға жуығы авто­матты түрде өңделіп отырады, – дейді маман.
Евгений Щербинин үлкен де­ректер кез келген салада төңкеріс жасай алатынына сендіреді. Мы­салы, ауыл шаруашылығында ауа райы, топырақтың құнарлылығы немесе малдың мойнына тағы­латын құрылғылар, сиырлардың саны мен сүт өндірісінің көлемі, тіпті валюта курсының мәлімет­терін де пайда­лана отырып, шаруа­шылыққа кері әсер ететін сыни факторларды анық­тауға болады. Одан бөлек, өнім­ділікті артты­рудың басым бағыт­тарын бағамдай аласыз.


Назарбаев университетінің профессоры Анатолий Количев бір сұхбатында Қазақстанда өңдеуге келетін мәліметтердің үлкен көлемі қалыптасып үлгер­генін айтқан болатын. Ендігі мә­селе оның сұрыпталып, сарала­нуында болып тұр. Бірақ сарап­шының айтуынша, әлі күнге дейін ақпараттардың 90 пайызға жуығы тиімсіз пайдала­нылады. Әрине, оған бірінші ке­зекте мамандардың жетіспеушілігі себеп. Дегенмен бірнеше Терабайт болатын дерек­терді өз дегеніне көн­діретін адам­дар бізде де жоқ емес. Әрі олардың еңбегі АҚШ пен Еуро­паға қарағанда бірнеше есеге арзан бағаланады. Тек қазақстандық кәсіп­кер үшін Big data қай салада және қалай көбірек пайда әкеледі? «Ритейлге келер болсақ, мұнда са­тып алушылардың әдеттеріне назар салу арқылы өтімді тауарды анық­тауға болады. Осылайша, сол тауар­ға жеңілдіктер ұсынып немесе сөрелерде тиімді орындарда орна­ласуын қадағалап сатылымды арттыруға болады. Банк секторында үлкен деректер арқылы клиенттің өз қарызын уақытылы өтей алаты­нын немесе алмайтынын болжауға бола­ды. Мысалы, несие алуға өті­ніш тол­тыру барысында кез келген адам өзі туралы жеке мәліметтерді ұсы­­нады. Жүйе осы секілді мың­даған клиенттердің несие тарихын салыс­тыра отырып, өтініш берген аза­маттың төлем қабілетін сипаттап береді» дейді А.Количев.
IDC Халықаралық консалтинг компаниясы 2020 жылға қарай адам­зат баласы туындатқан контент­тің көлемі 40 зетабайтқа жететінін болжап отыр. Салыстыру үшін мына дерекке көз жүгіртіңіз: осыдан бес жыл бұрын бүкіл әлемдегі ақпа­рат көлемі 2,8 зетабайт болатын. Технологиялық құрылғылардан, сауда, көлік тасымалы, құрылыс, қаржы секторы және өндірістегі жүйе­лерден келіп түсетін дерек­тердің көлемі күн санап, сәт санап арта бермек. Міне, түптеп келгенде үлкен деректердің анализі – экономикалық тұрғыдан тиімді шешімдер қабылдай алу үшін қол­данатын ақпараттарды басқарудың әдісі. Оған деген сұраныс та ұлғая түсетін болады. Тек оны «ерт­теп міну» – өз қолымызда.

Кәмила ДҮЙСЕН

Бөлісу:

Пікір жазу


*