Криптовалюта — кіріс көзі емес

1424
0
Бөлісу:

Қазақстан аумағында теңге жалғыз төлем құралы, демек криптовалюталар ел аумағында төлем құралы ретінде пайдаланыла алмайды. Бұл туралы Қазақстан ұлттық банкінің өкілдері «Криптовалюталар: керек пе, жоқ па?» деген тақырыптық пікірталас барысында айтты.

– Қаржы ұйымдарына да заңнамада тікелей көзделмеген операцияларды жүр­гізуге тыйым салынады. Тікелей реттеудің жоқтығына қарамастан, бүгінгі күні қаржы секторында меншікті немесе клиенттік операциялар бойынша, сон­дай-ақ есеп айырысу бірлігі ретінде крип­товалюталарды пайдалану заң­намаға қайшы келеді, – деп түсініктеме берді Ұлттық банктің төлем жүйелері департаменті басқармасының бастығы Алина Иманғазина. Маман соңғы кездері халықтың криптовалюталарға деген сұранысы тез әрі жоғары кіріс алу мақ­сатында инвестицияларға арналған нысана ретінде байқалатынын атап өтті. А.Иманғазинаның айтуынша, крипто­валюталардың ешқандай құндылығы, құны жоқ екендігін түсіну қажет. Крип­товалюталардың бағасы алыпсатарлық болжаулар әсерінен өрши түсетін сұ­раныс арқылы ғана пайда болады. Соңғы екі айдың өзінде ең танымал крипто­валюта – биткоиннің бағасы 2,5 есе құлдырады. Бұл – нарықтың бұдан кейін қалай өзгеретінін болжау мүмкін емес деген сөз. Әрі халық салған қаражаттың күйіп кету қаупі жоғары.
– Криптовалюталардың таны­мал­дығы әсерінен қаржылық пирамидалар секілді алаяқтық схемалар туындайды. Сонымен бірге, криптовалюталар ар­қылы жаңа жобаларға қаражат тарту (ICO) да соңғы кездері белсенді түрде жар­­намаланып жатыр. ICO инвести­ция­лау қағидаттары IPO-ға ұқсас. Де­генмен мұнда ешкім эмитенттерді тексер­мейді және инвесторлардың құ­қықтарын қор­ғауға кепілдік бермейді. Криптовалюталар арқылы жасалатын барлық операциялар­да халық пен заңды тұлғалар тәуекелге бел буады, – деді А.Иманғазина.
Ұлттық банк сарапшылары теріс сал­дарды азайту үшін криптовалюталық қаржылық пирамидалардың пайда бо­луына тосқауыл болу, халықтың цифрлық және қаржылық сауаттылығын арттыру, осы саладағы заңнаманы қатаңдату жө­ніндегі жұмыстарды күшейту қажет деген пікірлерімен бөлісті.

Бегім СҰЛТАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*