EXPO ЕЛ ЕСІНДЕ ҚАЛДЫ

1302
0
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында Қазақ елінің ең басты 33 нәтижесінің 32-тармақшасы EXPO – 2017  көрмесіне арналған. Аталған еңбекте халықаралық мамандандырылған көрмені елімізде ұйымдастыру жұмыстарының қалай жүргізілгені жан-жақты жазылған. Қазіргі таңда тұмса табиғаттан балама қуат алу әлем елдері үшін ең өзекті мәселе болып отыр.

Күні кеше Астанада өткен EXPO – 2017 халықаралық көрмесін әлі көп жұрт ұмыта қойған жоқ. Үш ай бойы отандастарымызбен шет елдік азаматтардың көзайымына айнал­ған көрме көпшіліктің көңілінен шықты. Шын мәнісінде елімізде EXPO – 2017 көрме­сін өткізу оңайлықпен бұйырған жоқ. Бұл туралы Елбасы «Қазақстанда көрме өткізу құқығын жеңіп алу оңай болған жоқ. Ал­ғаш рет Астанада халықаралық көрме өткізу идеясын EXPO – 2008 көрмесіне, Испанияның Сарагоса қаласына барған сапарымда, біздің ел қола жүлдеге ие болған кезде ұсынғанмын. Қазақстанның EXPO халықаралық көрме қозғалысына қатысу тарихы еліміздің 1997 жылы Халық­аралық көрмелер бюросына мүше бол­ған кезінен басталды. Енді міне, бұл күт­пеген жерден Қазақстан үшін, жалпы тех­­нология үшін сондай күшті шараға айна­­­­лып шыға келді. Қысқа уақыт ішінде, бар­лығы үш жылда, біз Астана қаласының алып жаңа ауданын салып шықтық. Ол астаналықтардың өздері үшін де, бүкіл қазақстандықтар үшін де жиі келетін ең сүйікті орындарына айналуда. Туризм әуежайдан, вокзалдан басталмақ. Біз жаңа әуежай және жаңа теміржол вокзалын салып, пайдалануға бердік. Егер бұрын Астана 3 миллион әуе жолаушысын қабылдаса, енді қазіргі жолаушылар тасқыны 8 миллионға дейін жетеді. Астананың логистикалық нысандары ең заманауи технологиямен жаб­дықталған. Барлық келушілер мұны көздерімен көреді және Қазақстанның турис­тер­ді қабылдай алатынын түсінеді. Мұнда қонақ­тарды жақсы қарсы алады, түнде жақсы ты­ны­ғуға болады, көретін жер де көп» деп жазады.

Қазақстан бұрынғы кеңес елдерінің ішінде алғашқы болып өз аумағында ғаламдық ауқымдағы EXPO – 2017 көрмесін өткізді. Еліміз тұңғыш рет әлемнің 115 мемлекеті мен 22 халықаралық ұйымның өкілдерін қабылдады.

Елбасының жазуынша, EXPO – 2017 халықаралық көрмесі елімізді жаңғыртуға қосым­ша дем берді. Сондай-ақ Президент халық­аралық көрменің Қазақстан эконо­ми­касына мультипликативті әсер еткеніне тоқталады. Себебі, көрменің арқасында мыңдаған жұмыс орны ашылып, ішкі және сыртқы туризм айтарлықтай табысқа жетті. Ең бастысы жастар қауымы жаңа технологияны өз көздерімен көріп, ғылымға қызығушылығы артты. Сондай-ақ Елбасы көр­меден кейін босаған ғимараттардың қан­дай мақсатта қызмет көрсететін баян­да­ған. Бұл туралы Президент «Барынша при­ципті мәселе ретінде мен: «Астана EXPO» кешенін жасақтай отырып, бұл қаламыздың барлық тұрғындары мен қо­нақтарына қалай қызмет көрсетеді деген тө­ңіректе көп ойландым. Келешекті көз­де­гендіктен, бірнеше озық жобаларды – «Астана» халықаралық қаржы орталығын, «Жасыл технология» мен инвестицияны дамыту бойынша Халықаралық орталығын, Халықаралық ІТ-стартаптар технопаркін – қоса жүзеге асыруды жоспарладым. Шын мәнісінде, Астанада іскер орталық дүниеге келді. Бұл қаржының шаруақорлықпен, «ақыл­мен» бөлінгенін аңғартады. «Инвести­ция­лар қантамыры» ретінде EXPO еліміздің, өңірлер мен барша әлемнің дамуына қызмет ете беретін болады» деп жазады.
Үкімет EXPO – 2017 халықаралық көрмесін ұйымдастарамыз дегенде қоғамда әртүрлі сын пікірлер болды. Мәселен, кейбір азаматтар «көрмеден кейін ғимараттар қаңы­рап бос қалады» деп сын садағына ал­ған болатын. Алайда Елбасы айтқандай, көрме аумағында «Астана» халықаралық қаржы орталығы және «Жасыл технология» мен инвес­тицияны дамыту бойынша халық­ара­лық орталығы сынды көптеген маңызды жобалар жүзеге асып жатыр.
Жалпы отандық және шет елдік сарапшылар EXPO – 2017 көрмесінің тиімді тұс­тары туралы жиі айтып жатады. Солар­дың бірі – «Дамуға арналған минералды ресурстар» бағдарламасының атқарушы жетек­шісі, Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі герман қоғамының мүшесі Гретц Райнер. Оның айтуынша, көрмеге жұмсалған қаржы болашаққа салынған инвестиция.
– EXPO – 2017 халықаралық көрмесін өткізу үшін қомақты қаражат кеткенін білеміз. Бірақ мұның тиімді тұстары бар. Көрменің арқасында Қазақстан халқы энергия тиімділік туралы білді. Сондай-ақ көрменің ағартушылық сипаты да болды. Сондықтан да көрмені ұйымдастыруға көп ақша жұмсалды деп алаңдаудың қажеті жоқ. Бұл – болашаққа салынған инвестиция. Халықаралық көрме кезінде жиналған тәжі­ри­бені тиімді пайдалану керек. Бұл жерде 2 шешім бар. Біріншісі, көрме бары­сында энергия тиімділік бойынша ұсынылған технологияларды Қазақстан өз өндірісіне бейімдеп, енгізуі қажет. Екіншісі, жоғары технологияларды қолдану үшін білік­ті кадр­лар, жұмыс күші қажет. Сон­дық­тан осындай талаптарға жауап бере­тін мамандар дайындау керек. Бұл Қазақстан экономикасына пайдасын тигізіп, болашақта қаржыны үнем­деу­ге мүмкіндік береді, – дейді Гретц Райнер.
Иә, EXPO – 2017 халықаралық маман­дан­дырылған көрмесі – еліміздің болашағы үшін маңызды. Сондықтан да көрме үш аймен шектеліп қалмай, бүгінде келушілерге есігін айқара ашып жатыр. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, EXPO – 2017 халықаралық көрмесі ел есінде ерекше әсермен қалды.

Серік ЖОЛДАСБАЙ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*